Даналық ойдың қазынасы – жан ілімі

Даналық ойдың қазынасы – жан ілімі

Даналық ойдың қазынасы – жан ілімі
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлтымыздың түп тамырына оралу мәселесіне назар аудара отырып, гуманитарлық ғылымдар арасында психология ғылымын айырықша атап көрсеткен болатын. Шын мәнінде, бүгінде психология ғылымы мен тәжірибесі адам өміріндегі келеңсіз әлеуметтік-психологиялық мәселелерді шешуде негізгі күшке айналды. Елбасы айтқандай, қазақ халқының психологиялық әлемі әлі жете зерттелмей, зерделенбей жатқан тылсым дүние. Ертеден бастау алған жан ілімі әуелде «психология» деп аталмағанымен, қазақ ғұламаларының ұлттық тәрбие мен тылсым дүниені тану бағытындағы даналық ойлары бүгінге дейін құндылығын жоймай келеді. Ата-бабаларымыздан бастау алған психология ғылымын дамытуды бүгінде «Қазақ психологиялық қоғамы» Республикалық қоғамдық бірлестігі қолға алған. 2015 жылы халқымыздың психологиялық сауаттылығын арттыру және психологиялық мәдениетін көтеру мақсатында іргесін қалаған бірлестік өткен аптада Қазақ психологиялық қоғамының алғашқы құрылтай съезін өткізді. Құрылтай съезі шеңберінде қазақ психологиясының 100 жылдығына арналған «Қазіргі психологиялық ғылым мен тәжірибенің даму үрдістері және болашағы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция ұйымдастырылды. Конференция мақсаты – қазіргі заманғы психологиясының теориялық, әдіснамалық, әдістемелік және ғылыми-практикалық проблемаларын талқылау және шешу жолдарын іздестіру, қазақстандық психологиялық қоғамдастықпен тәжірибе алмасу, кәсіби байланыстарды кеңейту, психологтар және сабақтас мамандық иелерін кәсіби тұрғыда насихаттау. Ғылыми-әдістемелік конференция бірнеше секция бойынша өтті: «Префессор Қ.Жарықбаев және оның Қазақстандағы ғылыми психологиясының құрылуы мен дамуындағы рөлі», «Этнопсихологиялық және этнопедагогиялық зерттеулер», «Жалпы психологияның өзекті сұрақтары», «Білім берудегі психология», «Ғылыми-психологиялық мамандар дайындауда психология аясындағы заманауи әдістері», «Қолданбалы психология зерттеулері». Съезд жұмысында қазақ психология ғылымының ұлтымыздың этногенезіне қосқан үлесіне көз жүгірте отырып, психология ғылымының дамуына үлес қосқан тұлғалардың еңбектері аталды. Сонымен бірге, алдағы уақытта атқарылатын ауқымды істер талқыланды. Съезде Қоғамның Орталық кеңесінің 2015-2017 жылдар арасында атқарған жұмыстары туралы есебі, тексеру (ревизиялық) комиссияның есебі, филиал директорлары мен аймақтық өкілдіктердің есептері тыңдалып, бекітілді. 2015 жылы Әділет Министрлігі бекіткен қоғам Жарнасына өзгерістер енгізу мәселесі талқыланып, Қазақ психологиясының дамуы мен қалыптасуына ерекше үлес қосқан, облыстық, республикалық психологтар конкурсының жеңімпаздары және қоғамның белсенділерін марапатталды. Қазіргі уақытта «Қазақ психологиялық қоғамы» бірлестігі елімізде псиохологияны ғылым ретінде дамытуға бар күш-жігерін салуда. Психология ғылымының әртүрлі салаларында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, салаға қатысты еңбектер жарыққа шығарды. Жалпы, еліміз тәуелсіздік алған 26 жыл ішінде психология ғылымының түрлі тақырыптары бойынша 1700-ден астам еңбек жарияланыпты. Олардың көбі оқулық пен оқу құралдары, әдістемелік жинақтар, монографиялар. Бір қуантарлығы, жарыққа шыққан еңбектердің басым бөлігі қазақ тілінде. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда психология ғылымынан 40-тан астам докторлық, 150-ге жуық кандидаттық диссертациялар қорғалды. Қазақстанда психологиядан қорғалған докторлық диссертациялардың жалпы саны Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Әзірбайжан республикаларының ғалымдарының жалпы санынан асып отыр. Бұл қазақ елі үшін үлкен жетістік. Съезді ұйымдастырушы «Қазақ психологиялық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, психология ғылымдарының докторы, профессор Мұқан Перленбетов психология ғылымында ұлттық контент қалыптастыруға көшу қажеттігін алға тартады. Мұқан Перленбетов, «Қазақ психологиялық қоғамы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті: – Елімізде бұл съезд алғаш рет өтті. Сондықтан, съезге бүкіл республика аумағынан 500-ге жуық адам жиналды. Олардың қатарында ғалымдар, практик-психологтар, колледж, университетте қызмет атқаратын әдіскер мамандар бар. Белгілі ғалымдар сөз сөйлеп, практик-психологтар тәжірибе алмасты. Қазақ психология ғылымының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған съезд болғандықтан, қазақ психология ғылымындағы қордаланған мәселелердің шешімін іздедік. Ең бірінші мәселе – Қазақстандағы келеңсіз психологиялық-әлеуметтік жағдайлар (суицид, жастардың ажырасуы, жас­өспірімдер арасындағы жүктілік, педофилия, т.б.). Бұл жағдайлардың бәрінің психологиялық астары бар. Ол үшін біз халықтың психологиялық сауаттылығын арттырып, психологиялық мәдениетті көтеруге күш салуымыз керек. Сонымен бірге, елімізде «Психологиялық денсаулық туралы заң» қабылдау туралы бастама көтерілді. Қазақстан экономикалық ахуалы бойынша 30 дамыған мемлекеттің қатарына кіреді. Ал біздің әлеуметтік-психологиялық жағдайымыз қандай деңгейде? Мұны білмейміз. Сондықтан, елімізде әлеуметтік-психологиялық зерттеу жүргізіп, нақты көрсеткіштерін шығару қажет. Психолог мамандардың кәсіби деңгейін арттыру, қазақ тіліндегі оқулықтарды көбейту, мамандарды шетелдік конференцияларға жіберу, психология саласы үшін маңызды оқулықтарды қазақ тіліне аудару сынды қордаланып қалған мәселелерді шешу де күн тәртібіндегі басты мәселелер. Егер «Психологиялық денсаулық туралы заң» қабылданса, ең алдымен, Қазақстанның әлемдегі психологиялық рейтингі нақтыланып, психологиялық сауаттылық артар еді. Жалпы, біз біреуді қуып жетуге, біреудің басып озуға тырыспауымыз керек. Ең бастысы, өзіміздің психологиялық ұлттық контент болуы шарт. Өзіміздің қазақ ғалымдарының еңбектерін жарыққа шығаруға күш салу – басты міндет. Осы съезде қазақ психологиясының дамуына үлес қосқан азаматтардың есімдері мен олардың еңбектері аталды. – Съезд қорытындысы бойынша нақты қандай шешімдер қабылданды? – Съезд қорытындысы бойынша резолюция қабылданды. Онда халықтың психологиялық сауаттылығын арттыру, психология мамандарының мемлекеттік деңгейдегі статусын анықтау, психологтардың мәртебесін көтеру, жоғары оқу орындарындағы психология мамандығына бөлінетін гранттар санын көбейту, психологиялық сауаттылықты арттыратын курстар өткізу, кітаптардың санын көбейту, қазақ тілді психологиялық-тренингтер өткізетін мамандар дайындау мәселелері қарастырылды.