Палестина: «Иерусалим – біздің жанымыз»

Палестина: «Иерусалим – біздің жанымыз»

Палестина: «Иерусалим – біздің жанымыз»
ашық дереккөзі

Екі мемлекет – екі астана

Көпшілік Иерусалимнің Таяу Шығыс елдерінің бірінің астанасы екенін анық біледі. Негізі қай елдің астанасы? Талай жұрт Израиль астанасы – Тель-Авив, Палестина астанасы – Иерусалим деп оқыды. Алайда 1949 жылы Израиль қасиетті қаланың шығысын өз астанасы деп жариялағанын, ал 1967 жылы алты күнге созылған соғыста қаланың шығыс бөлігін жаулап алып, Иерусалимді өз астанасы деп жариялағанын екінің бірі біле бермейді. Дегенмен әлем мемлекеттері оны мойындаған жоқ. Таяуда Дональд Трамп Вашингтонның Иерусалимді Израиль астанасы деп ресми мойындағанын жариялады. Бұл мәлімдеме Парсы шығанағы елдерін ғана емес, бүткіл әлемді елең еткізді. Трамптың 6-желтоқсандағы мәлімдемесінен кейін Тель-Авивтегі АҚШ елшілігі Иерусалимге көшірілмек. Бұл шешім аяқасты қабылданған жоқ. Аталмыш шешім 1995 жылдан бері Ақ үй президенттерінің күн тәртібінен ысырылып келген өзекті мәселе еді. Дәп осы мәселені Трамп сайлауалды науқанында қолға алатынын ескерткен және бұны Таяу Шығыста тыныштық орнату үшін жасалды деп түсіндірді. АҚШ-тың Иерусалимді Израильдің астанасы деп мойындауы аймақтық қақтығысты қайтадан қоздыра түсті, тіпті соғыс өрті тұтанудың аз-ақ алдында тұр. Қаланың 800 мың халқы бар. Израилдіктер Батыс жағалаудың шекарасынан асып, қаланың шығыс бөлігіне шағын аудандар салып, ол жерге 200 мыңға жуық өз азаматтарын көшірген. Көпжылдық қақтығыс қала тұрғындарын әбден қажытқан. Соған қарамастан қала халқы көтеріліске шығып, Иерусалимнің Палестинаға тиесілі бөлігін қанымен, жанымен қорғап қалмақ. Көшеге шыққандар «Иерусалим – біздің жанымыз» деп ұрандатып жүр. Әлем көшбасшылары Трамптың бұл шешімін қайта қарауын талап етіп, қарсы пікір білдірді. Түркия, Сауд Арабиясы, Иран, Мысыр және өзге де араб елдерінде қарсылық акциялары бұрқ етті. Таяу Шығыс қана емес, Еуропаның өзінде Трамптың мәлімдемесіне қарсылық туындады. Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Таяу Шығыстағы шиеленіс бейбіт жолмен шешілуі тиіс екеніне бек сенімді. «Біз АҚШ-тың өз елшілігін Иерусалимге көшіріп, оны Израиль астанасы деп тану шешімімен келіспейміз. Бұл шешім аймақтағы шиеленісті бейбіт жолмен реттеуге кедергі келтіреді. Ұлыбританияның елшілігі Тель-Авивте орналасқан және оны көшіру жоспарымызда жоқ», – деді Тереза Мэй. Рим папасы Франциск Трампты мұндай мәлімдемеден бас тартуға шақырды. Ал БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Иерусалим мәртебесі Израиль мен Палестина арасында келіссөздер нәтижесінде шешілуі тиіс екенін айтып, Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Палестина басшысы Махмұд Аббас Иерусалимнің шығыс бөлігі Палестинаның мәңгілік астанасы болып қала беретінін айтуда. «Трамп шешімі халықаралық резолюцияларға қарама-қайшы. Аймақтағы бейбіт өмірді орнатуға кедергі келтіреді. Бұл шара Израильге марапат сияқты. АҚШ жаулап алушылық саясат пен апартеидті, этникалық кемсітуді қолдап отыр деген сөз», – деді ол. Қазақстан да БҰҰ ұстанымын қолдап отыр. «Иерусалимнің қазіргі мәртебесінің сақталуын жақтай отырып, Қазақстан халықаралық құқық пен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы және Қауіпсіздік Кеңесінің 181 (1947), 242 (1967), 338 (1973), 2334 (2016) қарарлары, сондай-ақ 2002 жылғы Араб бейбіт бастамасы негізінде палестиндік-израильдік реттеуге қолдауын растайды. Палестиндік-израильдік қақтығыстың шешімі 1967 жылғы шекараларда астанасы Шығыс Иерусалим болып табылатын Палестина мемлекетінің құрылуын көздейтін «екі халыққа екі мемлекет» қағидасына сәйкес іске асуы тиіс», – делінген Сыртқы істер мнистрлігінің мәлімдемесінде. Трамп шешімін қатаң сынға алғандардың бірі Түркия болды. «Америка мен Израильден басқа әлемде ешбір мемлекет БҰҰ-ның 1980 жылы қабылдаған қарарын бұзған емес. Қазір осы мәселені ушықтырып, қайта күн тәртібіне шығарған Трамп мырзаның нені меңзеп тұрғанын әзірге түсіну қиын. Бірақ ол бұл әрекеті арқылы әлемді, оның ішінде осы өңірді қақтығыс ошағына айналдырады», – деді Түркия мемлекетінің президенті Режеп Тайып Ердоған. Парсы шығанағындағы қақтығыс жарты ғасырға созылса да, өзара келісім жасалған жоқ. Екі соғысты көрген халық үшінші соғыс өртінің тұтануынан қауіптеніп отыр. Ең сорақысы, Трамп жалғыз емес. Мәселен, Чехия президенті Милош Зиман бұл қадамды аймақтық қақтығыстарды шешудің ең сәтті шешімі деп біледі екен. «Қорқақ Еуроодақ палестиналық лаңкестердің жеңуі үшін бәріне дайын, ал мен Израильді қолдаймын», – деп ашық мәлімдеді. Ол Трампты қолдап отырған жалғыз еуропалық көшбасшы. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху қатты қуанды. «Президенттің шешімі өте әділ, бейбітшілік орнатуға бағытталған әділетті қадам, өйткені Иерусалим (Израиль мемлекетінің астанасы ретінде) болмаса, бейбітшілік те болмайды», – деді ол. Осы орайда «Рай аль-Юм» араб газетінің бас редакторы Абдель Бари Атван Euronews арнасына берген сұхбатында мұсылман қауымы үшін қаланың саяси-діни маңызына тоқталыпты. «Мұсылман қауымы жағдайды ушықтырмай, бейбіт жолмен Палестина мемлекеті құрылады деп сенді. Десе де, Ослодағы келісімге қол қойылғанына 23 жыл толыпты, бірақ өзгерген дәнеңе жоқ. Батыс жағалау мен шығыс Иерусалимде 800 мыңдай Израиль азаматтары тұрады. Бір таңқаларлығы, Трамптың шешімі жағдайды бейбіт жолмен шешпейді, керісінше бейбіт шешімге қарама-қайшы. Қазіргі таңда біз татуласуды аяқтауымыз керек еді. Трамптың бұл қылығын қалай түсінуге болады? Қайдағы бейбіт шешім? Бұл мүмкін емес екені бесенеден белгілі. Иерусалимнің болашағы оның іргетасында жатыр. Егер Иерусалимді изральдік деп мойындаса, бейбіт келісімде палестиналықтармен не туралы сөйлеспек», – деді сарапшы. Палестиналықтар АҚШ президентінің Иерусалимге қатысты шешіміне қарсылық білдіріп, Палестина билігі АҚШ вице-президенті Майкл Пенспен кездесуден бас тартты. «Біз АҚШ оккупациялаған Иерусалим қаласын Израиль астанасы ретінде тануына қарсы жауап ретінде аталған мемлекеттің вице-президентімен кездесуден бас тартамыз», – деп мәлімдеді палестиналық ФАТХ қозғалысының өкілі Джебриль Раджуб. Бұл мәлімдемеден кейін Араб елдері лигасының сыртқы істер министрлері Каирде бас қосты. Олар әлемдік қауымдастықты Палестина тәуелсіздігін мойындап, Шығыс Иерусалимді оның астанасы ретінде мойындауға шақырды. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, лига хатшысы Ахмет Абуль Гейт Дональд Трамптың бұл бастамасы Вашингтонның Таяу Шығыстың ғана емес, бүкіл әлемнің тыныштығына күмән келтіріп отырғанын атап айтты. Араб елдері «АҚШ-тан Иерусалим жөніндегі шешімін кері қайтаруын» талап етпек. Палестиналық ХАМАС қозғалысының саяси басшысы Исмаил Хания жаңа интифадтың, яғни көтерілістің басталғанын мәлімдеді. Ал ФАТХ қозғалысының көшбасшылары халқын әскер қатарына қосылып, израильдік оккупанттарға қарсылық көрсетуге шақыруда. күні кеше Еуроодақ елшіліктің Тель-Авивтен көшірілмейтінін қадап айтты. Еуропа сыртқы байланыстар қызметінің басшысы Федерика Могерини Иерусалимді Израиль астанасы ретінде мойындаудан бас тартып, 1967 жылы иудейлер басып алған аудандарды босатуға кеңес берді. «Біздің ойымызша, екі ел арасындағы шиеленісті шешудің дұрыс жолы – Иерусалим астанасы болатын екі мемлекет құру», – деді ол. Сарапшылардың пайымдауынша, Трамптың мәлімдемесі Палестинаның тәуелсіз мемлекет ретінде шаңырақ көтеруіне түрткі болуы ғажап емес.