Сақтандыру – саулық кепілі
Сақтандыру – саулық кепілі
Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданына қарасты Талдықұдық ауылдық округінде «Нұр Отан» партиясының өкілдері «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» жүйесін түсіндіру мақсатында ауыл тұрғындарымен кездесті.
Жиында «Талдықұдық» бастауыш партия ұйымының төрайымы Жанна Баймағамбетова және Казталов аудандық ауруханасының дәрігері Гүлнар Қарсақова денсаулық сақтау саласы жүйесіндегі өзгерістердің тиімді жақтары, жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті, медициналық қызметтерді сатып алу мен төлеудің жаңа кестелері туралы, сондай-ақ, сақтандыруға қатысушы әрбір азамат төленген жарналарының көлеміне қарамастан Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы төленетін медициналық көмекті алуға құқылы екендерін түсіндірді.
Сонымен қатар ережеге сай, халыққа медициналық көмек жүйесімен ұсынылатын екі пакеттің бірі – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын базалық пакет. Ол – баршаға қолжетімді. Екіншісі – азаматтардың әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударған жарнасы арқылы жүзеге асатын медициналық көмек.
Азаматтардың қорға аударатын жарнасы жыл сайын өзгеріп отырады. Сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған дәрігеріне барып, емделуіне болады. Медициналық сақтандыру қорында ақшасы бар азаматтардың емдеу ақысы сол қордан бөлініп отырады.
– Мамандар сақтандыруды екіге бөліп қарастырады. Оның бірі – негізгі сақтандыру түрі. Оған мемлекеттік бюджеттен тегін көрсетілетін медициналық қызметтер кіреді. Бұл еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді болмақ. Мемлекет өз міндетіне медициналық қызметтердің бірнеше түрін алып отыр. Мәселен, жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиацияны, әлеуметтік маңызы бар ауруларға ем көрсетуді, төтенше жағдайда көмек көрсету және алдын алу шараларына қатысты екпелерді өз міндетіне алады. Екіншісі – міндетті медициналық сақтандыру. Бұл негізгі сақтандыруға кірмеген басқа да медициналық қызметтер түрін қамтитын болады. Оған амбулаторлық-емханалық көмектер, ауруханада жатып емделу, жоғары технологиялық көмектер кіреді. Бұл – міндетті сақтандыру жүйесіне тіркелген азаматтар үшін тиімді жоба, – деп түсіндірді Гүлнар Қарсақова.
Кездесу барысында медицина саласының мамандары тұрғындардың жекелеген сұрақтарына жауап берді. Қабылдауға келгендер өздері сақтандыру жүйесі бойынша түсінбеген жағдайларды білуге мүмкіндік алды.