Мақсатымыз анық, бағытымыз айқын

Мақсатымыз анық, бағытымыз айқын

Мақсатымыз анық, бағытымыз айқын
ашық дереккөзі
Ағымдағы жылғы халыққа арнаған Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев экономикалық жаңғыру мен саяси реформалардың нақты стратегияларын ұсынған болатын. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, кеше ғана тәуелсіздік алған, буыны қатпаған ел едік, ал бүгін етек-жеңін  жиған еңселі, зайырлы мемлекетпіз. Сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел болып қалыптасудың алғашқы кезеңінен сүрінбей өттік.  Әлемдік қауымдастықта ойып тұрып орын алып,  жаңа тарихи кезеңге аяқ басқалы тұрмыз. Ендігі кезекте Қазақстанды алдыңғы қатарлы елдермен терезесін теңестіруге атсалысу – әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті. Ең бастысы, мақсатымыз – анық, бағытымыз – айқын, әлемдегі 30 озық елдің қатарына кіру. Әлемдегі ең дамыған елдердің қатарынан көріну қажырлы еңбек пен үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Елбасымыз әр саланың нақты қадамдары мен міндеттерін айқындап, табысты жаңғырудың алғышарттарын көрсеткен болатын. Тек көздеген межеге жету үшін қадамымыз нық болуы қажет. Елбасымыз рухани жаңғыру үшін ұлттық сананы өзгертуден бастаған дұрыс дей келе, негізгі бірнеше бағытқа тоқталған болатын. Атап айтқанда, табысқа жетудің бір жолы – бәсекеге қабілеттілік. Жеке адамның ғана емес, тұтас халықтың сапалы білім, ғылым, компьютерлік сауаттылық, тіл, қызмет, материалдық өніммен аймақтық не әлемдік нарықта табан тіресе алуы бәсекеге қабілеттілікке алып келе алады. Бәсеке бар жерде жұмыс жүреді. Жұмыс бар жерде өнім болады. Бәсекеге сөз жүзінде емес, іс жүзінде кіріссек, дамудың көшіне ілесеміз. Рухани жаңғыруға тікелей себепші фактор прагматизм арқылы ата-бабамыздың қасиетті аманаты – Жер-анамыздың қазынасын ысырапшылдық пен астамшылықтың қол жаулығына айналдырмай, табиғи байлығымызды дұрыс жоспарлап, сауатты пайдалана білу деген сөз. Даңғойлыққа, көзсіз жомарттыққа салынбай, әр нәрсенің шегін білген дұрыс. Ұлан-байтақ жерімізді, оның асты-үстіндегі байлықты ақылмен салмақтап, тиімді пайдалана білу керек. Ұлттық жаңғыру – ұлттық бірегейлікті сақтаудан басталады. Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен дініміз, мәдениетіміз бен өркениетіміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгілікке сақталу керек, бірақ өркендеуге, өніп-өсуге тосқауыл болатын ескілік құрсауынан және жаһандық дамумен қабыспайтын кереғар әдеттер мен дағдылардан толықтай арылу керек. Табысқа жетудің негізігі бір жолы – білімнің салтанат құруы. Адамды да, қоғамды да алға жетелейтін құдіретті күш – білім. Ахмет Игүнекидің «Бақыт жолы – білімде» деген қанатты сөзі күн сайын емес, сәт сайын дәлелін тауып келеді. Білімді бірінші орынға қоятын ұлт қана көштің басынан көріне алады. Елбасы мақалада Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуының әлдеқайда тиімдірек екенін айтты. Еліміз небір қиын-қыстау заманды басынан өткерді. Соғысты да, аштықты да, түрлі төңкерістерді да көрді. Төңкерістер дәуірі біткен жоқ, тек қана оның формасы мен мазмұны түбегейлі өзгерді. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деп ата-бабамыз айтқандай, ақпараттандыру заманында білік пен білімді қару қылып, ел игілігі үшін жұмсай білейік. Сананың ашықтығы – рухани жаңғырудың негізгі бағыттарының бірі. «Ұлттың тілі – ұлттың ділі» демекші, қандай ұлт пен ұлыс болмасын, еліміздің ең басты байлығы – мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтынына көзіміз анық жетеді. Мемлекеттік тіл мәртебесі қашанда бірінші орында болары анық, бірақ кәсіби байланыс құралы ретінде ағылшын тілін меңгеру артықтық етпейді. Шет тілін меңгеру көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Біріншіден, жаһандық жаңалықтардан хабардар боласың. Екіншіден, жаңа технологиялардың екпінімен келетін түбегейлі өзгерістерге дайын боласың. Қатардан қалмай өмір сүру үшін заман ағымына бейім боласың. Үшіншіден, өзгелердің озық тәжірибесімен алмасып, жеке басың мен қалың бұқараның қажеттілігіне қолдануға мол мүмкіндік аласың. Қазақстандық патриоттық тәрбие ең алдымен нақты өз ұлтыңа, сонда тұрып жатқан халыққа берілген, адал еңбек ете алатын, жалпы халықтық, әлеуметтік мәдениетті түсіне білетін, соның нұсқаларын өз халқының қажетіне жарата алатын, басқаларды түсіне білетін нағыз адам сүйгіштік, қазақстандық патриоттық рухтағы белсенді адамдарды тәрбиелеу үшін керек. Қазақстандық патриоттық тәрбие бүгінгі өмірден оқшауланбайды, қайта жаңа өмірмен қауышып, ұлттық тәрбиеге жаңаша мән береді. Ұлттық тәрбие дегеніміз оқшаулану емес, керісінше ұлттық тәрбие үлгілерімен әлемдік идеяларды қабылдап, ненің тозық, ненің озық екенін тани білу, өрісі, дүнитанымы кең азаматтарды тәрбиелеуге мүмкіндік болады деп түсіну қажет. Заманға сай жаңғыру үшін осы бағыттарды жетік түсініп, ең алдымен санамызды өзгертуден бастауымыз керек. Үйреншікті жаман әдеттерден арылып, уақыттың талабына сай бейімделуіміз керек. Елдің аузы ала, сөзі мен ісі екі түрлі болса, бірлігі кетіп, берекесі тозады. Осыны жете түсініп, елді көркейтуге үлес қосамын, мемлекетті жетістікке жеткіземін деген әрбір жан өзінен бастап, қисынды қоғам құруға ат салысса, жетістіктің де ауылы алыс емес. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осындай жауапкершілікті әрбір қазақстандық жете сезінсе, міндетті түрде көздеген межемізге жететініміз анық. Ең бастысы, қызметімізге табыстың көзі ретінде ғана қарамай, еліміздің ертеңі, ұрпағымыздың болашағы үшін білек сыбана кіріскеніміз жөн.  

 Асқар Смайлов,

Қазақстан Республикасы

Жоғарғы Сотының судьясы