11 жастағы қызды қаққан әйел оқиға орнынан із суытқан
11 жастағы қызды қаққан әйел оқиға орнынан із суытқан
Алматы полицейлері 11 жастағы қызды қаққан жүргізушінің кім екенін анықтады. Ол 1966 жылы туған әйел адам болып шықты, деп хабарлады қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
Жол апаты 8 желтоқсанда күндіз болған. 11 жастағы қыз Достық даңғылынан бағдаршамның жасыл жарығына өтіп бара жатқанда, белгісіз бір көлік қағып кеткен. Қыз бен құрбысы кішкентай болғасын, көліктің нөмірін еске сақтамапты.
"Жалғыз бағыттама болды: көлік қара түсті екен. Бөлімше қызметкерлері болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін бірқатар шара жүргізді. Негізінен бейнебақылау жүйелері пайдаланылған", — деді Алматы ІІД жергілікті полиция қызметі іздеу бөлімінің басшысы Ерік Насырбеков.
Кейінірек қызды қаққан Audi көлігі екені анықталып, иесі 1966 жылы туған Б. есімді азаматша екені белгілі болды. Әйел бастапқыда жасаған ісін теріске шығарғанымен, айғақтарды көрген соң қызды қағып кеткенін мойындады.
Зардап шеккен қыз қазір емделіп жатыр, дәрігерлер хәлін бір қалыпты дейді.