Қазақ журналистері сириялық босқындар лагеріне барды
Қазақ журналистері сириялық босқындар лагеріне барды
Бүгінде Түркия 3 млн 400 мың сириялық босқынға пана болып отыр. Қайырымдылық бойынша екінші орында тұрған Түркия мемлекеті 2012 жылдың ақпанынан бері сириялық босқындарға 30 млрд АҚШ долларын жұмсапты.
Әрине, өз елінен безіп, жат елде бой тасалаған жандардың көзіне тіке қарай да алмайсың. Оған дәтің де бармайды. Әсіресе, балаларды көргенде жүрегім шымырлап қоя берді. "Келіңдер, суретке түсірем" деп едім, "О-о-о, понарома" деп жаныма топырлай кеткені. Жатырқап, қашып жүрген баланы кездестірмедік. Бала қайда да бала ғой. Бауырмал, көпшіл. Тіпті, бір бала жүгіріп келіп, әріптесіме кәмпит беріп жатыр. Қолындағыны бөліп беруге даяр. Бөгде елде, контейнерде не үшін тірлік кешіп жатқаны туралы қазір аса бас қатыра қоймауы мүмкін, бірақ ертең нағыз ұлтжанды азаматтар осылардың арасынан шығатынына сенемін. Өкініштісі сол, соғыс балалардың балалық шағын ұрлады... Жанары жәутеңдеген мына балалардың бәрінің басын сипап, махаббатымызды үйіп-төксек те, өз үйіне жетері жоқ. Туған Отанын аңсаған олар қырғиқабақ соғыстың тоқтаған күнін көруге асық. Алла мүсәпірлерді есіркесе екен. Құдай соғыстың бетін аулақ етсін...