Қазақстаннан қанша қаражат ұрланған?
Қазақстаннан қанша қаражат ұрланған?
Соңғы он жылда елімізден миллиардтаған қаражат заңсыз сыртқа шекара асырылған. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров бұрынғы шенеуніктердің елден 8 миллиард доллардан аса ақша алып кеткенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Соңғы 10 жылда Қазақстаннан тыс жердегі 205 жемқордың 152-сі елге қайтарылды. Алайда елден 8 миллиард доллардан аса ақша алып кеткен бұрынғы министрлер мен әкімдер шетелде әлі де жасырынып жүр. Бірінші кезекте олар - Әблязовтің ұйымдасқан қылмыстық тобы мен Храпуновтар", - деді Қайрат Қожамжаров. Қожамжаровтың айтуынша, олардың барлығы жазаланады.
"Біз саясаттандыруға қарамастан олардың барлығының жауапкершілікке тартылатынына сенімдіміз. Шетелдік әріптестерімізбен серіктестігіміздің арқасында елден қашып кеткен әрбір жемқор судья тағайындаған жазаға тартылады", - деді Қайрат Қожамжаров.
Оның айтуынша, мұнда мемлекеттің ақшасын қылмыстық жолмен жұмсаған және елден ақша алып кеткендердің әрекетін ертерек анықтау маңызды.
"Қашып жүрген қылмыскерлер мен ұрланған активтерді басқа құзыреттен қайтарып алу - әрбір мемлекет үшін өзекті мәселе. Қазіргі уақытта әлемдік қауымдастықта деоффшоризациға және шетелдік банктегі есепшот иелеріне қатысты мәліметтерді анықтау мақсатында жедел шаралар жүргізіліп жатыр. Қазақстан мұндай шараларды қолдайды және өзара әрекеттесуге дайын", - деді ведомство басшысы. Сондай-ақ, Қайрат Қожамжаров 40-тан аса мемлекетпен активтерді беру және қайтару туралы шарттардың жасалғанын еске салды.