Дөрекі дәрігердің ісін прокуратура қарады

Дәрігерлердің қызметіне шағым айтушылар қарасы азаяр емес. Жуырда ОҚО, Төле би ауданының прокуратурасына мүмкіндігі шектеулі жан арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, Ленгер емханасының дәрігері дөрекілік танытыпты. Шағым бойынша жүргізілген зерттеу фактінің дұрыстығын растады.
Гүлнәр Бекмұратова жыл сайын тексеруден өтуі үшін емханадан жолдама алады екен. Алайда, бұл жолғы жолдамасын алу қиынға соғыпты. Ленгер емханасының дәрігері дөрекілік көрсетіп, жолдама беруден бас тартқан. Араша сұрап, бас дәрігерге кірсе де көмек болмапты. Ашуға булыққан жан бірден денсаулық сақтау министрлігінің блогында шағымданады. Жаза тартамыз ба деп үрейі ұшқан дәрігерлер жолдаманы науқастың үйіне дейін жеткізіп берген. Араға уақыт салып, Гүлнар Бекмұратова қайтадан әлгі дәрігердің алдына барады. Өкінішке қарай, баяғы наразылық тағы да қайталанған.
Денсаулығы сыр беріп жүрген жан ауыр сөздерді көтере алмай, бірден прокуратураға шағымданады. Қадағалаушы орган қызметкерлері түскен шағым бойынша шұғыл тексеру жүргізген. Нәтижесінде науқастың арыз-шағымы дәлелденді. Ленгер қалалық емханасының бас дәрігері мен оның орынбасарына ескерту, ал хирургке сөгіс жарияланды.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button