Бағдарлама баянды ма?

Бағдарлама баянды ма?

Бағдарлама баянды ма?
ашық дереккөзі
Еуропалық одақ  2002 жылы Орталық Азиядағы шекараларды басқаруға қолдау көрсетуге бағытталған арнайы бағдарлама қарастырған. 2003 жылдан бастап осы бағдарлама жүзеге аса бастады. Содан бергі уақытта атқарылған жұмыстардың нәтижесі көңіл көншіте ме? Соны тағы бір сараптап, бағдарламаға байланысты болашаққа арналған іс-шараларды талқылау мақсатында күні кеше Астанада Аймақтық үйлестіру тобының үшінші отырысы болды.  Қазір аталған бағдарламаның тоғызыншы кезеңі. Бұл  2015 -2018 жылдар аралығын қамтиды. Оған Еуропалық одақтың қарастырған қаражаты – бес миллион еуроға жуық. Аталған бағдарлама аясында 2015 жылдан бері Орталық Азияның бес елінен 1900 лауазым иесі 198 түрлі шараға қатысқан. Еуропалық Одақтың осыншама қаржы бөліп, Орта  Азия мемлекеттері шекаларындағы жұмыстарға  қолдау жасауға соншалықты ынтық болуының себебі неде? Бақсақ,  Еуропалық  одақ Орталық Азияны стратегиялық ең маңызды аймақтардың қатарында қарастыратын көрінеді. Өйткені, шекараларға тән ортақ проблемалар бар. Мәселен, контрабандалық есірткі, ұйымдасқан қылмыс пен терроризм және басқа да халықаралық деңгейдегі көкейкесті мәселелер әлемнің көп мемлекетін қатты алаңдатып отырғаны анық. Оған қарсы күресті  күшейтетін құрылымның бірі  – шекара қызметі. Осы сала мамандарының білімі мен біліктілігі халықаралық талап деңгейіне сайма-сай болғаны ләзім. Бағдарламаның басты мақсаттарының бірі осы. Оның үстіне мемлекеттік шекаралардың қауіпсіздігі мен мінсіз жұмысы да бағдарламаның шеңберінде қарастырылып отыр. Еуропалық Одақтың Орта Азия мемлекеттерін  стратегиялық әріптес ретінде санайтынына тағы бір дәлел -.  Еуропалық кеңес 2007 жылы маусым айында бекіткен арнайы құжат.  Бұл құжаттың негізгі мақсаты - заң үстемдігі, адам құқы, экономикалық және сауда қарым-қатынасы, қоршаған орта, су ресурстары, сыбайлас жемқорлық пен терроризм және басқа мәселелер бойынша мемлекеттер арасындағы байланысты одан әрі жақсарту. Ал бұл кешенді жұмыстардың бәрі ең алдымен, шекарадан басталатыны анық. Еуропалық одақтың шекараларды басқаруға қолдау көрсету үшін ынта-ықылас білдіруінің мәнісі осы. Бағдарлама басталған алғашқы жылдары шекараларда кедергілер көп болғанымен, қазіргі уақытта қалыпты жүйеге түскен. Бұл ретте шекараларды кешенді басқарудың принциптері қарастырылған тұжырымдаманың көп көмегі болған. Осы тұжырымдамаға және шекаралық басқаруды жақсартуға байланысты Орта Азия мемлекеттері тиісті мекемелерінің ұсыныс-тілектері мен тәжірибелері осыған дейін өткізілген семинарлар барысында жан-жақты талқыланып, соған орай лайықты жұмыстар орындалған. Әсіресе, бағдарламаның тоғызыншы кезеңі бойынша атқарылған және атқарылуға тиісті жұмыстар жайлы жан-жақты сөз қозғалды. Оның ішінде бағдарламаға қатысы бар  тиісті мекемелердің мамандарын оқытуға айрықша мән беріліп отыр. Өйткені, білікті маман – негізгі тұлға. Қазірге дейін жүздеген  қызметкер «Шекаралық басқарудың тұжырымдамасы», «Құжаттардың  қауіпсіздігі», «Шекаралық бақылау рәсімдері», «Стратегиялық товарлардың халықаралық тасымалы», «Кедендік бағалау», «Терроризм және ұйымдасқан қылмыспен күрес» және басқа да тақырыптар бойынша арнайы оқытылып, тренингтерге қатысқан. Тіпті шекара қызметі ғана емес, кеден, көші-қон, ауыл шаруашылығы, денсаулық, есірткіні бақылау және басқа да салалардың мамандары бағдарлама аясындағы оқу-тренингтерге тартылған. Қазір бағдарламаның тоғызыншы кезеңіне белгіленген іс-шараларға сәйкес институтционалдық дамытуға айрықша маңыз берілген. Өйткені, Еуропалық одақ  Орта Азия мемлекеттеріндегі шекаралық қызмет мамандарын даярлауға атсалысуды жөн көріп отыр. Мұның мәнісі – шекара, кеден саласына қатысы бар мамандар жұмыс орнын  жиі ауыстырады екен. Олар бір семинар-тренингке қатысқанымен, келесі жолы орнына басқалар келеді. Оларды басынан бастап қайта оқытуға мәжбүр. Бірақ, оның пайдасы шамалы. Өйткені, кезекті оқу-семинарға тағы да жаңа қызметкерлер жіберіліп, жұмысты қайтадан бастауға тура келеді. Осы жылдың күз айында Алматы қаласында өткен басқосуда осы жөнінде  ұсыныс-пікірлер айтылған екен,  Аймақтық үйлестіру тобының үшінші отырысында  тағы да қозғалды. Миграциялық лекті реттеу де шекарашыларға оңай болып отыр. Бұл ретте не істеу керек, қандай мәселелерге мән берген жөн? Отырысқа қатысушылар осы туралы да ой-пікірлерін ортаға салды. уропалық одақ сауда-саттыққа ықпал жасау бағыты бойынша да көп жұмыс жүргізіп отырған көрінеді. Басқосуда осы жайлы да жан-жақты айтылды.

                                                                                              Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ,

Астана