Жаңа технологияның жемістері

Жаңа технологияның жемістері

Жаңа технологияның жемістері
ашық дереккөзі
Елімізде ғылымды, техникалық мүмкіндіктер мен жаңа технологияны өндіріспен байланыстыру мақсатында индустриялық- инновациялық даму бағыты қолға алынған. Бұл бағытты ілгерілету үшін ел билігі «Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасын» әзірледі. 2014 жылы бекітілген бағдарлама өңдеу өнеркәсібін әртараптандыруды және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды мақсат етеді. Бүгінде аталмыш бағдарлама негізінде ел аумағында сан түрлі жобалар жүзеге асырылып, жемісін беруде. 2017 жылдың 9 айындағы мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру барысының қорытындысы бойынша, өнеркәсіп өндірісі биылғы жылдың 9 айында 6,5 триллион теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға артық. Бұл ретте фармацевтиканың 36,1 пайызға, жеңіл өнеркәсіптің 9,6 пайызға өскені байқалып отыр. Жалпы, мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылған 7 жылда 5,5 триллион теңгенің 1080 жобасы іске қосылып, 101 мың жұмыс орны құрылды. 2017 жылдың 9 айында жалпы құны 800 миллиард теңгенің 52 жобасы іске қосылып, 4,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта Сыр өңірінде Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында цемент зауытының құрылысы жүргізілуде. Қазақ-қытай біріккен кәсіпорнының қуаттылығы жылына 1 миллион тоннаны құрайды. Жаңа зауыт Шиелі ауданындағы индустриалды аймақта орналасады. Ол үшін 46 гектар жер телімі бөлінген. Тампонажды цемент әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие. Әсіресе мұнай және атом саласына аса қажет компонент саналады. Отандық өнімге қажетті шикізаттың 98 пайызы өңірден табылады. Бұл – құм, доломит, әк және қиыршық тас. Тек 1-2 пайыз қоспалар ғана сырттан әкелінеді. Құрылыс барысында қазір 400-дей адам жұмыс істейді. Ал зауыт іске қосылғанда, 260 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, Индустрияландыру бағдарламасы аясында Сыр өңірінде құны 610 миллиард теңгені құрайтын 25 жобаны жүзеге асыру қолға алынған. 2015-2017 жылдар аралығында құрама жем зауыты, үй құрылысы комбинаты секілді 4 кәсіпорын іске кірісіп, 400-дей жұмыс орны ашылды. Енді үдемелі дамудың екінші бес жылдығында облыста техникалық мамандарға деген сұраныс 5 мыңға дейін арта түспек. Мәселен, Арал ауданында салынатын кальцийлендірілген сода шығару зауытына полимер, технолог-химиктер қажет. Ал Қаратаудың қойнауындағы қорғасын-мырыш және ванадий кеніштерін игеруге инженер-металлургтер керек. Осы орайда қажетті мамандарды сырттан әкелмеу мақсатында аймақ жастары 3 жылдан бері Ресейдің озық техникалық оқу орындарында білім алып жатыр. Сыр түлектерінің алғашқы легі өңір кәсіпорындарына келесі жылдан бастап қызметке қабылдана бастайды. Солтүстік Қазақстан облысында индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы шеңберінде өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасына жалпы сомасы 67 млрд теңгенің 36 жобасы енді. Ал өңірдегі шетелдік инвестордың қаражатына тұрғызылған «Тайынша-Май» зауытының жұмысы табысты жүруде. Енді зауыт толық қуатқа көшпек. Биыл аталмыш кәсіпорын рапс және күнбағыс майының екі мың тоннасын Қытайға экспорттаған. Болашақта мақсары мен зығыр өңдеуді де жоспарлап отыр. Өндіріс ошағы былтыр пайдалануға берілді. Қазақстан мен Қытай елінің бірлескен жобасы өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасына енген. Құны – 47 млрд теңге. Биылдың өзінде кәсіпорын екі мың тоннадан астам рапс пен күнбағыс майын аспан асты еліне экспорттады. Аталмыш өндіріс ошағы жылына 300 мың тонна шикізатты өңдеуге қауқарлы. Келер жылы зауыт толық қуатқа көшпек. Елімізде мұндай зауыттың баламасы жоқ. Кәсіпорын тәулігіне 400 тоннадан астам шикізатты өңдей алады. Оның үстіне қалдықсыз кәсіпорын болып саналады. Болашақта мұнда ет өңдеу зауытын салу жоспарда бар. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған Жамбыл облысындағы құс фабрикасы қазір өнімдерін шетелге экспорттап жатыр. Жылына 4 мың тонна құс етін өңдеп шығаруға қауқарлы. Жобаның ерекшелегі мұнда құс еті қалдықсыз өңделеді. Яғни тауықтың басынан аяғына дейін дайын тауарға айналады. Биыл өңірдегі тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артып, экспорт көлемі 36 пайызға ұлғайған. Мәселен, жуырда ғана іске қосылған құс фабрикасы осы бағыттағы жұмысын жандандырып, қуатын еселеуге көшті. Кластерлік жүйемен жұмыс істеп тұрған кәсіпорын 7 айдың ішінде 2 мың тоннадан астам тауық етін өндірген. Жоба құны 2 миллиард 65 миллион теңге болған. Мұнда құс еті тереңдетіп өңделіп, 20 түрлі тауар дайындалады. Шыққан өнім Астана, Алматы, Қарағанды, Қызылорда облыстарына жөнелтіліп жатыр. Фабрика іске қосылысымен 120 тұрақты жұмыс орны ашылды. Қазір өндірісті кеңейтіп, қуаттылықты 12 тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр. Отандық тауарға сұраныс жоғары. Бүгінгі күнге дейін Ресейге 10 тоннадан астам тауық еті экспортқа жіберілген. Қазір Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерімен келіссөздер жүргізілуде. Кәсіп иелері бәсекеге төтеп беру үшін бірінші кезекте сапаға аса мән беріп отыр. Сондай-ақ, биылғы жылы Тараз қаласында индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында гипс зауыты ашылды. Тың технологиямен жұмыс істейтін өндіріс орны өз тауарын ел нарығына ғана емес, Қырғызстан мен Өзбекстан елдеріне де экспорттамақ. Зауыттың жылдық қуаты – 36 мың тонна өнім. Келешекте өнімділікті 140 мың тоннаға дейін арттырмақ. Жобаның жалпы құны 3,9 миллиард теңгені құрайды. Қазір бұл қаражаттың жартысына жуық бөлігі жұмсалып, қажетті қондырғылар орнатылды. Мұнда гипс өңделіп, құрғақ құрылыс қоспалары шығарыла бастады. Технология заманауи талапқа сай. Жұмыс істеп тұрған құрал-жабдықтар Италия мен Ресей мемлекеттерінен әкелінген. Автоматтандырылған жүйені арнайы оқу курстарынан өткен білікті мамандар басқарады. Өңірде екінші жартыжылдықта 9,1 миллиард теңгенің 8 инвестициялық жобасы іске қосылмақ. Жоспар жүзеге асса, мыңнан астам тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылады. Айта кету керек, жалпы индустриалды-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасы аясында аймақта 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Биыл 12 жоба жоспарланса, оның 5-еуі соңғы 7 айда іске қосылды. Мақсат толық орындалса, облыста 1400 жаңа жұмыс орны ашылады. Аталған өндіріс орындары Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жобалардың бірсыпырасы ғана. Алдағы екі жылға әзірленген жоспарлар да жетерлік. Сондықтан еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағыты бойынша іске қосылатын жобалар көп болмақ.