Алтышарды Еуропаға алғаш ашқан

Алтышарды Еуропаға алғаш ашқан

Алтышарды Еуропаға  алғаш ашқан
ашық дереккөзі
Ғалым, ойшыл, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың есімі Орта Азия мен Қазақстанды зерттеген құнды еңбектері арқылы көпке танылды. Шоқан Уәлиханов ақиқат білімнің ғана күдіктен құтылуға жәрдем ететінін айта отырып, қазақ бұқарасының білімді, сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу болуы үшін дүниежүзілік ілімдерді енгізуді қалады. Сол жолда еңбек етті, барын салды, жанын аямады. Шоқан Уәлихановтың балалық шағы Құсмұрын мен Сырымбетте өтті. Өзінің бал балалығын өткізген мекендерді Шоқанның салған суреттерінен көруге болады. Оның бала кезінен сурет өнеріне құмар болғаны көзіқарақты жандарға белгілі. Шоқан сурет салуды Құсмұрындағы Уәлихановтардың үйінде тұрған орыс суретші-топографтары мен геодезистерінің көмегі арқылы меңгерді. Кейін бұл өнер Шоқан үшін халық өмірін бейнелеудің ерекше құралына айналды. Ал ауылға қонаққа келген орыс ғалымдары мен офицерлер бала Шоқанның өнер мен әдебиетке деген құлшынысын арттыра түсетін. Жастайынан зерек болған ол қазақ халық эпостарын Құсмұрында жүрген кезінде-ақ жазып алып жүрген. Бала күнінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Еркөкше» сынды халық поэмаларының түрлі үлгілерін жазып алды. Кейінірек осы туындыларды ұстазы Н.Ф. Костылецкийге табыстаған. Оның алғырлығы, сөз қадірін ұғынғаны соншалық, үнемі ел арасында жүріп, адамдармен тілдесіп, үлкендердің ойлы, тарихи әңгімесіне құлақ түруді бала күнінен әдетке айналдырды. Шоқанның өнер-білімге қызығушылық танытуына бірден бір себепкер болған жан – әжесі Айғаным. Айғаным әжей үнемі немересіне аңыз-хикаялар мен әңгімелерді айтып, тарихи оқиғаларды баяндаудан ешқашан жалыққан емес. Соның арқасында Шоқан қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихымен жақсы танысып, білім-ғылымға деген қызығушылығы артты. Зерек Шоқанның білімге деген құштарлығы уақыт өткен сайын арта түсіп, үлкен қалада білімін толықтыруды қалады. Ұлының мұндай тілегін әкесі Шыңғыс та қолдады. Сөйтіп, Шоқан 1847 жылдың күзінде Омбыдағы Сібір кадет корпусына оқуға қабылданды. Ол кезде Шоқан орыс тілін жетік білмейтін. Бірақ оқуға қабылданғаннан кейін Шыңғыстың ұлы бұл мәселені тез-ақ шешіп, жұрттың назарын өзіне аударды. Екінші курсқа өткенде Шоқан достарымен ғана емес, ұстаздарымен де жақын қарым-қатынас орнатты. Шоқан Уәлиханов жайлы жазбаларда оның дамуына Қазан университетінің шығыс факультетін аяқтаған, кадет корпусында орыс әдебиетінен сабақ берген әдебиетші, шығыстанушы Н.Ф. Костылецкий, өркениеттер тарихынан дәріс берген, жер аударылған ғалым П.В. Гонсевский, Н.Г. Чернышевскийдің идеяларын жақтаушы әдебиетші П.В. Лободовский оң әсер еткендігі айтылады. Оның ішінде Н.Ф. Костылецкий Шоқанның мықты ұстазына айналды. Екеуі бірге біраз жылдар бойы қазақтың халық эпосын зерттеумен айналысты. Жоғарыда атап өткен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасының көне нұсқасын орыс тіліне аударды. Уақыт өте келе Шоқан буржуазиялық қоғамды шынайы бейнелейтін философиялық трактаттар мен әлеуметтік романдарды зерттеуге ден қойды. Ал өзінің философиялық танымын В.Г. Белинский, А.И. Герцен, Н.Г. Чернышевский, Н.А. Добролюбов сынды ойшылдардың шығармалары арқылы кеңейтіп отырды. Дәл осы уақыттарда, яғни кадет корпусында білім алып жүргенде Шоқанның тағы бір салаға қызығушылығы оянды. Ол – қазақ жері мен Шығыс елдерін зерттеу. Сөйтіп, Шоқан Уәлиханов Азия даласына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Осында жүріп Шоқан өзінің ағартушылық идеяларын, демократиялық көзқарастарын қалыптастырып, 1853 жылы кадет корпусын тәмамдады. Оқуды бітіргеннен кейін Шоқан Уәлихановтың қоғамдық және әдеби ортадағы қызметі бірден басталып кетті. Осы кезеңде Ұлы жүз қазақтары мен Ыстықкөл қырғыздары Ресейге қосылуға ант берген болатын. Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздардың буғу, сарыбағыш, солту руларының патшалық Ресейге қосылуы жайындағы мәселені шешуге де Шоқан белсенді түрде атсалысты. Бұл кезде патша әкімшілігіне халықтың ішінен шыққан, Азия халықтарының тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен жақсы таныс, сауатты адам қажет болды. Ал Шоқан Уәлиханов бұл талаптарға толықтай сай келетін еді. Сондықтан патша әкімшілігі Шоқанды осы бір маңызды міндетті орындауға шақырды. Мұнда қызмет етіп жүріп, Шоқан ғылыми ісін де қалдырмады. 1855 жылы генерал Г.Х. Гасфорттың сапарына қатысты. Осы сапар барысында Орталық Қазақстан, Жетісу, Тарбағатай жерлеріне саяхаттап, Омбыдан Семейге, Аягөз, Қапал және Іле Алатауы арқылы өтті. Аталған сапар Шоқанның қазақ халқының тұрмысы мен тарихын терең зерттеуіне жол ашты. Сапарда жинаған материалдарының негізінде қазақтардың жерді пайдалану, рулық және отбасылық қарым-қатынастары мен ертедегі ұстанымы жайлы есеп дайындады. Шоқан Уәлихановтың ғылыми жұмысына ерекше әсер еткен сапарлардың бірі – полковник М.М. Хоментовскийдің басшылығымен ұйымдастырылған ірі әскери-ғылыми экспедиция. Аталмыш экспедиция туралы Шоқан Уәлиханов былай деп жазады: «Бұл экспедицияға қатысуымыз үлкен абырой болды және қара қырғыздардың арасында екі ай жүріп, көбінесе олардың аңыздары мен тілін зерттеп, әрқилы пайдалы мәліметтер жинап алдық». Осы экспедицияға қатыса отырып, Шоқан 1856 жылдың мамыр айында өзінің саяхатын бастады. Алакөлден басталған сапар Орталық Тянь-Шаньға, Ыстықкөлге бағытталды. Өзінің саяхаттарын ол екі кезеңге бөліп қарастырады. Бұл туралы Шоқан Уәлиханов: «Менің саяхатымды жүрген жерлерімнің сипатына қарай екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең Жоңғарияға, яғни Жетісу мен Іле өлкесіне және Ыстықкөлге дейінгі сапарымды қамтиды... Мен Жоңғарияда бірінші рет 1856 жылы болдым, онда полковник Хоментовскийдің Ыстықкөлге жасаған бірінші экспедициясына қатыстым. Содан соң Құлжада үш ай тұрдым. Жоңғарияда бас-аяғы бес ай болып, бұл өлкенің Алакөлден Тянь-Шаньға дейінгі аймағын түгел көріп шықтым, ал Тянь-Шаньға сол жылы Жырғалаң өзенімен көтерілдім», – деп жазады. Өз сапарында Шоқан Уәлиханов қырғыз ауылдарында болып, буғу, сарыбағыш, солту руларының тұрмыс-тіршілігімен танысып, тарихы мен этнографиясын, халық поэзиясын зерттеді. Осы ретте зерттеуші ретінде Шоқан Уәлиханов қырғыз халқының «Манас» жыры туралы ғылыми жазба әзірледі. Яғни, «Манас» жырына алғаш рет тарихи және әдеби тұрғыдан сараптама жасап, Манас образына, қырғыз фольклорының өзге де кейіпкерлеріне талдау жасады. «Қырғыздардың Ноғайлы дәуіріне жататын «Манас» атты жалғыз жыры бар. «Манас» – қара қырғыздардың барлық мифтер, ертегі, аңыз-әңгімелерінің бір кезеңге және бір адамның – Манас батырдың төңірегіне топтастырылған энциклопедиялық жинағы. Бұл – дала Иллиадасы тәрізді нәрсе. Қырғыздардың тұрмысы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, географиясы, діни ұғымдары мен медициналық түсініктері және олардың халықаралық қатынастары осы орасан зор жырда айқын суреттеледі. «Манас» – жекелеген көп оқиғалардан құралған тұтас еңбек», – деп жазады Шоқан Уәлиханов. Шоқан «Манас» жырының «Көкетай ханның өлімі мен оның асы» атты үзіндісін орыс тіліне аударған. Бұл үзіндіде ертедегі қырғыздардың Оңтүстік Сібірден Тянь-Шаньға көшуі суреттеледі. Жоғарыда аталып өткен кезеңдердегі Шоқан сапарлары ғалымның «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының Батыс провинциясы және Құлжа қаласы», «Қырғыздар жайлы жазбалар» атты очерктерінде баяндалды. Небәрі 20 жасында жазған бұл еңбектерінен Шоқанның өзі сапар шеккен мекендердің, ондағы халықтың тарихымен, тұрмысымен жете таныс екенін, танымы терең, ойы ұтқыр екенін аңғартты. Әсіресе, Құлжа туралы жазған күнделігі оқырман үшін өте қызықты әрі әсерлі туынды болды. Күнделікте ғалымның Құлжаға барған сапары әдемі өрнектелген. Шоқан Уәлихановты саяхатшы ретінде танытқан басты сапарлардың бірі – Қашғар сапары. Қашғарға саяхаты кезінде Шоқан күллі Еуропаға белгісіз болған мекеннің географиялық жағдайымен, тарихымен, саяси ахуалымен, мәдениетімен танысты. Осы зерттеуі арқылы ғалым Шығыс Түркістанды зерттеуге орасан зор үлес қосты. Шоқан Уәлихановтың Қашғарға сапар шегуіне бірден-бір себепкер болған – П.П. Семенов Тянь-Шаньский. Ол генерал Гасфортқа жас Шоқанды сауда керуенімен Қашғарға жіберу туралы ұсыныс айтады, Гасфорт та бұл ойға қолдау білдіреді. Сөйтіп, 1858 жылдың маусымында Шоқан сауда керуенімен бірге Қашғарға аттанады. Орыс археологы Н.И. Веселовский өзінің Шоқан туралы естелік жазбаларында генерал Г.Х. Гасфорттың жас ғалымға көп көмектескенін, қолдау көрсеткенін айтады. «Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорт Уәлихановтың айрықша қабілетті екенін байқап, оның ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасады және ғылым әлеміне тамаша нәтиже әкелген Қашғар сапарына баруына жәрдемдесті. Уәлиханов Қашғардан оралған кезде Гасфорт сапардың есебін реттеуге өзі қатысып, кейіннен Уәлихановтың Петерборға барып келуіне жағдай жасады», – деп жазады Н.И. Веселовский. Сапарға Шоқан шашын алдырып, қазақ киімін киіп, Қапал саудагері Мұсабайдың туысы Әлімбай болып шығады. Бұл туралы орыс ағартушысы Г.Н. Потаниннің Шоқан туралы жазбаларында да атап көрсетілген. Тек Потанин жазбаларында Шоқанның Әлімбай емес, Әлім есімді 17 жастағы баланың кейпіне енгені айтылады. «Уәлихановқа Қытай қаласы Қашғарға жасырынып кіріп, Пекин үкіметінен Қашғарда орыс консулдығын ашу туралы өтініш жасауға тұра ма деген мәселені шешу үшін, ондағы сауда айналымы туралы мәлімет жинап келу тапсырылды. Бұл іске ондаған жылдар Семейде тұрған Бұқаш атты қашғарлық сарт көмектесті. Бұқаш он бес жыл бұрын Қашғардан әйелімен және кішкентай Әлім атты ұлымен Семейге бір сарт көшкенін еске түсіреді, кейіннен ол Саратовқа кетіп, хабарсыз кеткен, оның қайтадан Қашғарға оралмағанын Бұқаш анық білген. Әлім қазір шамамен 17 жаста болу керек, Шоқан да тура сол жаста еді. Осылайша Бұқаш керуенмен Қашғарға баратын болды да, Шоқанды Әлім деп таныстыруды ойлап тапты. Уәлиханов шашын тақырлап алғызып, тақия киді, офицер киімін тастап, бешпет киіп, Омбыдан Семейге аттанды. Уәлихановтың Қашғарға сапары сәтті аяқталды», – делінген Г.Н. Потаниннің еңбегінде. 1859 жылғы ақпан айының соңына таман Шоқан Қашғардағы сапарын аяқтауға әзірленді. Өйткені бұл уақытта Уәлихан төренің қашып кетуіне байланысты қаланың тынышы қашып, қауіпті жағдай жарияланған болатын. Одан бөлек «Қашғарда орыс агенті жүр» деген күдік те қаланы жайлап кетті. «Қаңтардың аяғында Қашғарияға бізден кейін Семейден шыққан қашқарлық және ташкенттік бірнеше көпестер келді. Олар арқылы керуенде орыс агенті бар деген лақап тарады. Қоқанда саудагерлер арасында да осындай қауесет шығып, оған орыс агенті қалада емес, түйелерімізді ұстап тұрған ауылда деген сөз қосылды. Қоқан мұхтары Қашғарға жіберген өз шенеунігіне ауыл мен біздің жұмысшыларды тексеруге тапсырма берді», – деп жазды Шоқан Уәлиханов Қашғардағы сапарының аяқталғандығы жөнінде. Шоқан Қашғар сапарынан статистикалық және тарихи деректер жинап қайтты. Тарихи мәліметтерді жазба деректерден, ресми құжаттар мен кітаптардан алды. Сонымен бірге, жинақтаған ресми деректерін шенеуніктер мен көпестердің қосымша әңгімелерін тыңдау арқылы толықтырып отырды. Жинақталған мәліметтердің барлығы кейінірек Шоқан Уәлихановтың мақалаларында жарияланды. Бірақ бұл сапардың басты нәтижесі «Алтышардың немесе Қытайдың Нан-Лу (Кіші Бұхара) провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы туралы» атты еңбегінде көрінді. Бұл еңбекте Шоқан жалпы Шығыс Түркістанға географиялық шолу жасайды. Одан бөлек аймақтың ішкі қатынас жолдары, ауа райы, табиғи байлықтары, өсімдіктері мен жануарлар әлемі, қалалар мен ауылдардың топографиясына жеке-жеке тоқталып, тарихына ерекше мән береді. Шоқан Уәлиханов өзінің Қашғарға саяхатының есебінде жергілікті халықтың қытайлықтарға деген жеккөрініші шексіз екендігін айтқан. «Жергілікті халықтың қытайлықтарға деген жеккөрініші шексіз, өйткені қытайлық шенеуніктер тонайды, халықты қорлайды, тауарды құнын төлемей тартып алады, әрбір қытайлық өзімен кездескенде аттан түспеген қашғарлықты ұруға құқым бар деп санайды. Жалпы, Шығыс Түркістанның жағдайы өте аянышты, оның үстіне, осындай қатыгез езушіні құлату үшін халықты біріктірмей отырған екі тариқаттың өзара жаушылығының арасында тығырыққа тірелген. Қытайлықтардың бар көңілі орыстардың, әсіресе ағылшындардың Қашғарға енулеріне жол бермеуге бағытталған. Бұл жерде ағылшындар Қашғарға өз агенттерін жіберіп, қожаларды көтеруге, оларға өз көмектерін ұсынуға жіберілген деген сенім орныққан», – деп көрсетілген Поручик Шоқан Уәлихановтың Қашғарға саяхаты туралы есебінде. Қысқасы, Шоқанның Қашғар саяхатының нәтижелері өте құнды болды. Бұл мәліметтер ғалымдардың қызығушылығын туғызды. Саяхатшының маңызды еңбегі үшін оған штабс-ротмистр атағы беріліп, кеудесіне орден тағылды. Осы ретте Шоқан өзімен бірге Қашғарға сапар шеккен серіктерін естен шығармай, оларды да марапаттау жөнінде ұсыныс білдірді. Сөйтіп, Қашғар саяхатына атсалысқан 23 адам, керуенбасы Мұсабай мен Семей көпесі Бұқаш, полковник К.К. Гутковский де марапатталды. Осы сапарынан кейін Шоқан Уәлиханов Петерборда болды. Петерборда өткен уақыт – Шоқанның өмір жолындағы маңызды кезеңдердің бірі. Осы кезеңде Шоқан орыстың зиялы қауым өкілдерімен, ғалымдарымен, әдебиетшілерімен, ағартушыларымен жақын танысып, етене араласты. Публицист, жазушы Н.М. Ядринцев те өзінің Шоқан Уәлихановпен оның Петерборда болған кезінде танысқанын айтады. «Шоқан Уәлихановпен Қашғар сапарынан кейін даңқы жайылған офицер ретінде Петерборда кездестім. Шығыстанушылар онымен таныстықта болып, мен оның әртүрлі шығыстық қолжазбалармен, карталармен айналысып жүргенін көріп жүрдім. Дегенмен кейінірек мен оның тапжылмай отырып еңбек ететін ғалым емес екенін, оған түркі әдебиеті саласы оңайға түсетінін байқадым, себебі ол қазақ тілін еркін меңгерген еді. Ол қытай тілін білмеді, бірақ қытай авторларының аудармаларын қызығып оқыды. Ол өзінің біліміне күле отырып, карта ойнағанда жолы болу үшін қытайдың бір белгісін қоятыны туралы айтатын. Ол өз ісін іскер адам ретінде көрсетуді жақсы көретін, бірақ онысы шынайы емес», – деп баға беріпті Н.М. Ядринцев. Шоқан Уәлиханов Петерборда орыс ғалымдарымен, жазушыларымен араласа жүріп, олардың Орта Азия мен Қазақстанға деген қызығушылығын оятты. Тіпті, кейбір ғалымдар Шоқанның Орта Азия мен Қазақстан туралы мәліметтерін еңбектерінде пайдаланды. Шоқанның Петербордағы өмірі бір жарым жылға созылды. 1861 жылдың көктемінде ол Петербордан кетуге мәжбүр болды. Бұл уақытта Шоқан Уәлиханов ауыр науқасқа шалдыққан еді. Сөйтіп, дәрігерлердің кеңесіне құлақ түрген Шоқан туған даласына қайта оралды. Ауылда жүріп, Шоқан тағы да езгідегі халықтың қайғы-қасіретін, отарлаушылардың озбырлығы мен қазақ феодалдарының әділетсіздігін көзбен көрді. Көзі ашық, көкірегі ояу ағартушы-ғалым мұндай бассыздыққа көз жұмып қарай алмады. Сөйтіп, ол Атбасардың аға сұлтаны болуға ұсыныс білдіреді. Мұндағы Шоқанның ойы – сұлтан болу арқылы халыққа пайда келтіру. Шоқан Уәлиханов өзінің досы Ф.М. Достоевскийге жазған хатында: «Мен сұлтан болып өз отандастарыма пайда келтіріп, оларды шенеуніктер мен қазақ байларының озбырлығынан қорғайын деп ойладым. Сондағы бар ойлағаным – өзімнің үлгім арқылы жерлестеріме білімді сұлтан-басқарушының олар үшін пайдалы екенін көрсеткім келді», – дейді. Бірақ Шоқанның бұл үміті ақталмады. Ол өзінің туған-туыстарымен келісе алмады. Бұл жөнінде А.Н. Майковқа жазған хатында баяндайды. «Менің туыстарым... көптеген ұлттық та, таптық та ескілік шырмауында. Әсіресе, бірбеткейлік, даңққұмарлық бірден көзге шалынады. Осыдан-ақ олардың өздері туралы, өздерінің ақылдылығы туралы және басқалар туралы жоғары пікірде болатыны түсінікті. ...Көппен жалғыз алысуға шама келмесіне көзім жетті, шындық қанша нұрлы болғанымен, адасқан ақылға сәуле түсіре алмайды екен, уақыттың өзі соған себепкер болса амал бар ма?», – деп жазған Шоқан Уәлиханов. Осыдан кейін Шоқан Омбыға аттанып кетті. Сөйтіп, 1864 жылдың көктемінде Шоқан Уәлихановты Оңтүстік Қазақстанды Ресейге қосу міндеті қойылған генерал М.Г. Черняевтің әскери экспедициясына шақырды. Әлбетте, Шоқан бұл әрекеттердің бәрі бейбіт түрде жүзеге асады деп сенді. Бірақ патшалық отаршылық саясаттың жақтаушысы болған М.Г. Черняев адам төзгісіз айуандық әрекеттерге барды. Бұған шыдамаған Шоқан Уәлиханов 1864 жылдың шілдесінде Черняевтің ісіне қарсы офицерлермен бірге Верный қаласына қайтты. Верныйдан әрі Шоқан Омбыға оралуды құп көрмеді де, Тезек төренің ауылына барып жайғасты. Сол ауылда Тезек төренің қарындасына үйленіп, отбасын құрды. Мұнда да Шоқан текке жатқан жоқ. Ұлы жүз қазақтарының тарихи аңыздарын, Батыс Қытайдағы дұңған көтерілісін зерттеді. Өкініштісі, Шоқан Уәлиханов бойына жабысқан ауыр дертінен айыға алмады. 1865 жылдың сәуірінде Тезек төренің ауылында, Алтын Емел жотасына жақын орналасқан Көшен-тоған деген жерде өмірден өтті. Шоқан Уәлиханов – біртуар тұлға. Оның артында қалдырған мұрасы қазақ ұрпағына ғасырлар бойы азық болып келеді. Саналы ғұмырын өнер-білімге, ғылымға арнаған Шоқан Уәлихановты зерттеп, қыр-сырын ашуда академик Әлкей Марғұланның есімін атамай өтуге болмас. Тіпті, Шоқантанудың негізін қалаған да Әлкей Марғұлан еді. Шоқанды зерттеуші кейінгі ғалымдар Әлкей Марғұланның ғылыми деректерін негізге алды. Ал одан кейін жазушы Сейсен Мұхтарұлының «Шоқан және өнер» атты туындысы арқылы Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығына қатысты жаңаша тұжырымдамалар жасалды. Сейсен Мұхтарұлы Шоқанды суретші, өнер зерттеушісі, өнер тарихшысы ретінде шебер көрсете білді.