Табиғатты қорғау – баршамызға ортақ іс!
Табиғатты қорғау – баршамызға ортақ іс!
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК ұжымының ұйымдастыруымен «Киікті ұрпаққа сақтайық!» тақырыбында еліміздің оңтүстік өңірінде мектеп және жастар арасында үгіт-насихат жұмыстарын өткізілді.
Аталмыш бұл іс-шара аясында кәсіпорынның ғылыми қызметкері Бахтияр Ташенов бастаған үгіт-насихат тобы Оңтүстік Қазақстан облысының жеті ауданында болып қайтты. Атап айтар болсақ, Созақ, Кентау, Түркістан, Арыс, Отырар, Сарыағаш және Шардара аудандарындағы тұрғындармен жүздесіп, жойылып кету қаупі бар жануарларды сақтап қалу туралы дәріс оқыды. Сондай-ақ, мамандар Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Өндіріс ауылында да үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Айта кету қажет, қазақтың жазира даласын мекен ететін аң-құстардың бірі – киіктер. Бұл жануарды қазақ жезкиік немесе ақбөкен деп те атайды. Бұл киелі аңның басына қаншама зобалаң заман туса да, тұқымын сақтап қала алды. Кездесу барысында дәріскерлер Қазақстанның «Қызыл кітапқа» енгізілген сирек және құрып кету қаупі бар жабайы жануарларды қорғау мәселесіне де баса назар аударды.
Дәріскерлер мектеп оқушылары мен жастарды еліміздің табиғат байлықтарын қорғау мәселесіне баса назар аударуға, оларға қамқор болуға, сонымен қатар, жануар мен өсімдіктер дүниесін зерттеу және зерделеу туралы тағылым болатындай ақпараттармен таныстырып, табиғаттың тылсым тұстарын пайымдап, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге шақырды.
Осының нәтижесінде оқушылардың таным көкжиегі кеңейіп, табиғаттың қызықты әрі тылсым тұстарын көруге, осы бағыт бойынша ғылыми жұмыс жазуға ниет білдірді.
Аталған аудандардағы 28 орта мектепті, Түркістан қаласындағы Тарихи-мәдени-этнографиялық орталықты және Шардара қаласындағы №16 балық шаруашылығы мамандарын дайындайтын колледжді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізген мамандар өз жұмыстарын сәтті аяқтады. Ал дәріскерлердің жұмысына, дәрісіне разы болған мектептер, Тарихи-мәдени-этнографиялық орталығы мен №16 колледж ұжымы үгіт-насихат тобына ризашылықтарын білдіріп, арнайы алғыс хаттар табыс етті.
Нұрбек Бекманов