Жаңалықтар

Еңбекпен тапқан нан тәтті десек те...

ашық дереккөзі

Еңбекпен тапқан нан тәтті десек те...

Жуырда Қырғызстанның мемлекеттік органдарымен бірлесіп зерттеу жүргізген Халықаралық еңбек ұйымы дабыл қақты. Өйткені зерттеу нәтижесінде Қырғызстанда 5-17 жас аралығындағы әрбір үшінші бала заңсыз еңбекке жегілгені белгілі болған. 6-13 жастағы әрбір төртінші бала қауіпті жұмыс істейді. Зерттеу мәліметіне қарағанда, жұмыстағы бала мен жұмыс істемейтін баланың бойы мен салмағында орташа есеппен 13 см және 12 келі айырмашылық болады. Еңбекке жегілген оқушы оқу үлгерімі жөнінен де қатарластарынан қалыс болатыны түсінікті. Халықаралық еңбек ұйымы сарапшыларының айтуынша, бала еңбегін заңсыз пайдалану Қырғызстанда ғана емес, Орта Азия елдерінің көпшілігінде ушығып тұр. Баланы жұмысқа жегуге заң жүзінде тыйым салған Қазақстандағы жағдай қалай? «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңның 16-бабында: «Баланы оның денсаулығына қауіп төндіруі немесе білім алуына кедергі келтіруі не оның денсаулығына және дене бітімі, ақыл-ойы, рухани, моральдық және әлеуметтік жағынан дамуына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген жұмысты орындауға қабылдауға немесе тартуға тыйым салынады» делінген. Ал еліміздегі еңбек қатынастарын реттейтін бірден-бір құжат – ҚР Еңбек кодексінің 181-бабында кәмелетке толмаған азаматтар үшін жұмыс уақытының ұзақтығы көрсетілген. 14 жастан 16 жасқа дейінгі балалар ата-ана келісімімен аптасына 24 сағат қана жұмыс істеуі тиіс. 16 жастан 18 жасқа дейінгі қызметкерлердің жұмыс уақыты аптасына 36 сағаттан аспауы керек. Алайда бұл талаптар көп жағдайда орындала бермейді. Еңбек инспекциясы, прокуратура, білім басқармалары сынды мемлекеттік органдармен бірлесіп, кәмелетке толмаған жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғаумен айналысатын Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің дерегінше, тексерістер барысында 2015 жылы – 600, 2016 жылы 75 заңбұзушылық анықталған. Тарқатып айтар болсақ, былтыр Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл облыстарында және Алматы қаласында кәмелетке толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалану бойынша 1 деректен, Солтүстік Қазақстанда – 5, Батыс Қазақстанда – 22, Алматыда – 34, Маңғыстауда – 3, Атырауда – 2 және Астана қаласында 4 дерек назарға іліккен. Талдау қорытындысы көрсеткендей, 12-ден 18 жасқа дейін балалар жазғы мезгілде көбіне сауда орындарында (балмұздақ, сусын, ойыншық сату, көлік жуу, базарда жүк тасу және тағы басқа) жұмыс істейді. Оқудан тыс уақытта аз-маз табыс тауып, ата-анаға, үй ішіне көмектескеннің еш сөкеттегі жоқ. Алайда жұмыс берушілердің кәмелетке толмағандармен еңбек шартын жасамауы, жұмыс тәртібіне пысқырып қарамауы сияқты заңбұзушылықтардың дендеп бара жатқаны алаңдатады. Сондықтан құқық қорғаушылар ересектер тарапынан балаларды кемсітушілікке, мәжбүрлі еңбекке, өзге де сорақылықтарға жол бермеу үшін күрес шараларын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Елімізде, жыл сайын Халықаралық еңбек ұйымының қолдауымен әр өңірде 1-12 шілде аралығы балалар еңбегін пайдалануға қарсы Ұлттық ақпараттық науқан өткізу дәстүрге айналған. Деректерге қарағанда, өткен жылы семинар-тренинг, пікірсайыс, тақырыптық көрме, сурет салу сайыстары, флеш-моб секілді шараларға барлығы 1,2 миллион жуық кәмелетке толмаған бала мен 200 мыңнан аса ересек адам қатысқан. Балалар еңбегін заңсыз пайдалануға тосқауыл қою үшін жасалған тағы бір маңызды қадам – 2015 жылы білім және ғылым, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, ішкі істер министрліктерінің басшылары бекіткен уағдаластық. Онда кірісі төмен, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу аясында, 14 жасқа толған жасөспірімдерді жұмыспен қамту орталықтары арқылы ата-аналарының бірінің, қорғаншысының, қамқоршысының немесе асырап алушысының жазбаша келісімімен демалыс кезеңінде еңбекпен қамту көзделген.

Балалар темекі  алқаптарынан алыстады

Осы уақытқа дейін жүргізілген күрес шараларының нәтижесі ретінде мамандар бүгінде темекі өсіру шаруашылығында балалар еңбегін пайдалану түбегейлі жойылғанын алға тартады. Еліміздің бұл жетістігі АҚШ еңбек мемлекеттік департаментінің баяндамасында да көрініс тапқан болатын. Осы орайда, темекі өндіруші алпауыт кәсіп­орын – «Филип Моррис Қазақстан» ЖШС Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Майлыбай ауылындағы мектептің арнайы бөлмелерін күрделі жөндеуден өткізіп, заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырғанын айта кеткен жөн. Қазіргі күні бұл орталық балалардың бос уақытында білім беру, ойын-сауық іс-шараларын өткізетін орынға айналған. Орталықта компьютерлік сауаттылықты дамыту, ағылшын, қазақ тілдерін және қолөнер дағдыларын үйрету, спорт ойындары (шағын футбол, шахмат, тоғызқұмалақ, т.б.), өнер (сурет салу, музыка, т.б.) бағдарламалары оқытылуда. Орталыққа 800-ге жуық бала келіп тұрады екен. Әрине, балалардың бәрі бірдей бос уақытын мұндай орталықтарда өткізе бермейді. Тұрмыс қажеттілігі мәжбүр еткен соң сабақтан кейін нәпақа табуға асығатын жасөспірімдер де бар. Ата-анаға болысу үшін оқуды екінші орынға ысырғандар да жоқ емес. Солардың бірі – Алматыдағы аядай дүңгіршектердің бірінде жеміс-жидек сататын Асқар есімді жеткіншек. 14 жасар бала күн сайын әкесімен бірге «Алтын Орда» базарынан көтерме бағамен тауар сатып алып, өздері жалдап отырған кішкентай дүкенде сауда жасайды. Алғашында әкесіне сабақтан кейінгі уақытта ғана көмектесіп жүрген Асқар соңғы уақытта сабақтан жиі қалатын болған. Өйткені әкесі 5 баланы асырау үшін екінші жұмысына – мектеп күзетіне кетеді. Ал анасы 5 айлық баламен үйде отыр. Сондықтан Асқардан басқа дүкенге бас-көз болатын ешкім жоқ. Бастапқыда жеміс-жидек сатуға сыныптастарынан ұялып жүрген жеткіншек қазір кәсібіне үйренгенін айтады. – Басында әкеме ренжитінмін. Кейін жалғыз өзіне оңай емес екенін түсіндім. Пәтерақы бар, біздің тамағымыз, киіміміз бар – дүкеннен тапқаны бәріне жетпейтін болған соң, қосымша күзетші болып жұмыс істеп жүр. Кейде ұйықтамайды. Кезегін ертерек өткізіп, «Алтын Ордаға» асығады. Мен сабақтан қалмасын деп, қанша шаршап тұрса да, сауданы өзі жасайды. Бір қиыны, қыста жеміс-жидек саудасынан көп табыс таба алмайсың. Азаннан-кешке дейін тұрып, бір-екі келі картоптан басқа ештеңе өтпейтін кездер болады. Сонда да дүкеннің жұмысын тоқтатуға болмайды. Ертең сауда қызатын шақта жалға алатын орын табу қиын, – дейді сауданың қыр-сырына қанығып қалған оқушы.

«Еңбекке ерте араласу бала психикасын бұзады»

Төрт баланың әкесі Әли Алшынбаев қатарластарымен бірге білім алуы тиіс баланы жұмысқа салып қойған Асқардың әкесінің ісіне наразы. Оның айтуынша, бірде-бір ата-ананың өз перзентін балалық шағынан айыруға қақысы жоқ. – Бұған тыйым салу керек, себебі ерте бастан жұмыс істеу баланың психикасына кері әсер етеді. Сабақтан жиі қалатын, сыныптастарымен бірге емін-еркін ойнап-күлмейтін, бос уақытында өзгелер секілді үйірмелерге барып, ой-өрісін дамытпаған бала өзін қатарластарынан кем санай бастайды. Бұл болашақта жеткіншектің тұлға ретінде дамуына теріс ықпалын тигізеді, – дейді Әли Алшынбаев. Психолог Гүлмира Бөпетаева да бұл пікірді қолдайды. Оның айтуынша, әркімнің балалық шағы қызықты өтуі керек, баланы ерте бастан еңбекке жегуге болмайды. – Мектеп жасындағы баланың ең басты міндеті – білім алу. Ата-аналар баланы еңбекке ерте араластыру арқылы оның болашағына оң ықпал етеміз деп ойлайды. Ал шындығында, ерте бастан жұмыс істеген жеткіншек ақшаға құнығады да, барлық шаруаны тек ақша үшін істейтін болады. Жақсы істері үшін баланы ақша беріп ынталандыруға мүлде болмайды, мұның салдары ауыр болады, – дейді Гүлмира Бөпетаева. Мамандардың бұл пікірімен жеті бала өсіріп, олардан немере, шөбере сүйіп отырған Ырысбике Қайдарова келіспейді. Ауылда шағын дүкенін дөңгелетіп отырған отбасында балалардың бәрі кішкентай кезінен бастап үй шаруашылығына епті болудан бөлек, саудаға көмектесіп, еңбекқор болып өсіп келеді. «Теледидардан неше түрліні естиміз ғой, адам саудасы, заңсыз жұмыс құрбандары дейді ме... Дегенмен планшет пен «сотканың» бетіне телміртпей, баланы кішкентайынан шынықтыратын тәрбие дұрыс болса, ертең-ақ өздері алғысын жаудыратыны анық. Балапандарымызға еңбекпен тапқан нанның тәтті екенін неге түсіндірмеске?! Заңды қайтеміз, әркім білгенін істесін деген сөз емес, белгілі бір бақылау болған жөн. Әйтпесе аңқау жеткіншекті арзан жұмыс күші көретін пысықайлар табылады», – деп түйіндеді көпті көрген апамыз. Әрине, мәселенің қос қырын айыра білу керек. Жасөспірімді шамасы келмейтін жұмысқа жегу мен тәрбиелік мақсатта еңбекке баулу дегеніміз – екі бөлек дүние. Екеуінің салдары да әр түрлі. Еркінен тыс еңбекке тартылған бала жасқаншақ, ызақор, кекшіл болып өссе, жастайынан әке-шешеге қолғанат болып, адал еңбектің нәсібін татқан бала еңбекқор, көпшіл әрі жақынға жанашыр боп ержетеді. Тағы бір елемеуге болмайтын нәрсе – бүгінде жасөспірімдердің көпшілігі ата-анаға салмақ салмай, бос уақытты тиімді пайдалануға, еңбекке ерте араласуға ұмтылады. Өздері армандаған мансап жолына жас күнінен қадам басуға талпынатындар көп. Алайда жұмыс істеймін деген баласына: «Саған не жетпей жүр? Күніңді көре алмай жүрсің бе? Әлде сұрағаныңды әпермей қойдым ба? Сабағыңды оқып, тыныш жүр!» деп наразылық танытатын ата-аналар бар. Жуырда «Sange зерттеу орталығы» қоғамдық қоры Қазақстандағы балалардың құқықтарын қорғау жағдайына жүргізген тәуелсіз сараптама нәтижелерін жариялаған болатын. Республика бойынша жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға 2577 бала қатысқан және олардың 7 пайызы соңғы бір жылда өз құқықтары бұзылу жағдайы болды деп есептейді. Атап айтқанда, олар сапалы медициналық қызмет көрсету, қоршаған ортаның тазалығы, еңбек, өзіндік пікір, зорлық-зомбылықтан қорғау, бос уақыт пен демалумен байланысты құқықтарының сақталмайтынын жеткізген. «Балалардың көпшілігі 14 жастан кейін жұмыс істеуге рұқсат берілмейтінін жеткізген. Әсіресе, бұл туралы ауыл балалары мен тұрмысы төмен отбасыдан шыққан балалар жиі айтады», – деді «Sange зерттеу орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы Айнагүл Шәріпбаева. Баласын қорғаймын деп бәйек болғандар перзентінің құқығын шектеп, асқақ армандарын аласартпаса игі.