Жаңалықтар

Халықаралық дипломатияның терең тарихы

ашық дереккөзі

Халықаралық дипломатияның терең тарихы

Күнделікті мемлекеттік қызметтің ерекше бір түрі ретінде дипломатия XIV-XVII ғасырдың тоғысында кең етек алғаны белгілі. Сол кезден бастап мемлекет билеушілерінің сарайларында тұрақты дипломатиялық өкілдіктер пайда болып, мемлекеттік мекеме жүйесінде - мемлекеттер арасындағы хат алмасумен айналысатын, шетелдік өкілдер мен елшілерді қабылдайтын, келіссөздер жүргізетін, мемлекетаралық істерді орындайтын арнайы қызмет қалыптасты. Дипломатия – жалпы қабылданған анықтама бойынша: мемлекеттің сыртқы саясатын жүзеге асыратын құрал ретінде  бейбіт шаралардың жиынтығын, нақтылы бір мәселелерді шешуге арналған қабылдаулар мен әдістерді білдіреді; сонымен бірге мемлекеттің шетелдегі мекемелері мен азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған қызметі. “Дипломатия” ұғымын халықаралық қақтығыстардың алдын алу немесе реттеу, өзара тиімді шешімдер мен мәмілеге келу, сондай-ақ, халық­аралық ынтымақтастықты кеңейте және тереңдете түсу мақсатында келіссөздер жүргізу өнерімен де байланыстырады. Ал дипломатия саласында қызмет атқаратын тұлғаларды – дипломаттар деп атады. Дипломат мамандығы – ең ежелгі мамандықтардың бірі. Жалпы, дипломатия саласы қазақ халқына да таңсық емес. Қазақ дипломатиясының тарихы тым әріде жатыр. Берісі Абылай хан, арысы Қазақ Ордасын құрған хандар дәуірінде де қазақтың өз дипломатиясы болды. Қазақ халқы қазақ атымен мемлекет болғалы көрші елдермен қарым-қатынас орнатты, соның бәрі –дипломатия арқылы қол жеткен жетістіктер. Бүгінгі күні дипломат – бұл өз елінде (Сыртқы істер министрлігінің орталық негізгі және қосымша мекемелерінде) немесе шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерде (елшіліктерде, миссияларда, консулдықтарда) шет мемлекеттердің өкілдерімен саяси байланысты жүзеге асырушы ресми лауазымды тұлға, Сыртқы істер министрлігінің қызметкері. Бұл мамандықтың өкілдері қандай кәсіби және жеке қасиетке ие болуы тиіс деген мәселе ежелден толғандырып келеді. Өйткені дипломатиялық табыс дипломаттың жеке басының қасиетіне тікелей тәуелді еді. Сондықтан да дипломат өте сезімтал, жан-жақты білімді және елге жағымды, басқаны өзіне тарта алатын тұлға болуы қажет. Ол шетелдік мемлекеттің көздеген мақсатын олардың сөзі мен ісінен ғана емес, сондай-ақ, бет-жүзінен, ым-ишаратынан, іс-қимылынан-ақ сезінуге тиіс. Бұл шынайылықты әлемнің барлық ғалымдары мойындайды. Америкалық Честер Боулз бұл жөнінде: «Дипломатияға деген талаптың өзгеруі елшілерден талап етілетін сапаның да өзгеруіне әкелді. Дегенмен жеке басының жарқындығы, жұбайының тартымдылығы, саяси болашағы мен саралау қабілеттілігі әлі де өте қажет, олар бүгін тіпті жетіспеуде. Бүгінгі күннің күрделі әлемінде елші кең көлемдегі іс-әрекеттерге жетекшілік етуге қабілетті әкімші, бастамашыл қасиетке ие, құзырындағы қызметкерлерді ынталандыра алатын, беделді және істің жөн-жапсарын түсіне алатын ойлы жетекші, табандылық пен ұстамдылықты үйлестіре алатын, зерделілік пен зиялылық дарыған нағыз дипломат болуға тиіс»,– деп жазады. Қазіргі кезеңдегі дипломат жақсы жалпы гуманитарлық білімге ие, тарих саласында, оның ішінде халық­аралық қатынастар мен дипломатияны, философияны, экономикалық теорияны, жағрапияны, елтанушылықты, құқықтануды (халықаралық құқық, дипломатиялық және консулдық құқықты) терең меңгерген, сонымен бірге діни ілімдерді, протокол мен этикетті зерделеген тұлға болуы қажет. Кәсіби шеберлігін тиімді пайдаланудың құралы ретінде бірнеше шет тілдерін меңгеруі тиіс. Заманауи дипломат өз білімдарлығын: саяси есептерді, саяси хаттарды дайындау барысында, ақпараттық, ғылыми, мәдени, консулдық және қызметкерлер жөнінде есеп беру саласында, мәселелік анықтама, шартты белгілермен жазылатын жеделхаттар жобасын дайындауда, шетелдік қайраткерге қатысты саяси мінездеме жазуда, күнделік пен дипломатиялық сұхбат жазбасын рәсімдеуде; дипломатиялық немесе басқадай хат жазысуды шет тіліне аударуда, тілмаштық қызметті жүргізуде; шетелдік баспасөзге шолу дайындауда, қажетті мәселелер бойынша кітаптар мен әртүрлі басылымдарға түйіндеме жаза білуде; күнделікті және болашақтағы мәселелер бойынша жұмыс жоспарын құрастыруда; ақпараттық және насихаттық қызметтерге қатысуда, оның ішінде радиода, телеарнада және баспасөз беттерінде, шетелдік тыңдаушылар алдында дәріс оқуда; баспасөз мәжілістерін жүргізуде және сұхбат беруде; «дөңгелек үстелдер» мен пікір-сайыстар ұйымдастыруда, қоғамдық-саяси еңбектерді тарату және баспасөз-түйіндеулерін дайындауда; келетін өкілдермен жұмыс жасауда, яғни олар үшін жадынама, сөйлеу мәтіндерінің жобаларын және басқа да құжаттар дайындауда; қабылдаушы елдің сыртқы істер мекемесімен және билік органымен байланыс орнатуда, шетелдік әріптестермен іскерлік қарым-қатынастарды қалыптастыруда, осы байланыстарды нығайту және қолдау көрсетуде, оның ішінде қабылдаушы елдің басшылығына, қоғамдық және басқа да жетекшілігіне қажетті ақпаратты жеткізе білуде; жергілікті биліктің құқықтық әрекеттерін бақылауда, екіжақты шарттар мен келісімдердің орындалуын қадағалауда, өкілдік қызметкерлерінің қабылдаушы елдің заңнамалары мен салт-дәстүрін қадірлеуін, сонымен бірге протокол мен этикет ережелерін қатаң сақтауын талап етуде көрсете білуі тиіс. Сонымен бірге кәсіби дипломат консулдық жұмыстың дағдыларын да игеруге тиіс: төлқұжаттар мен визаларды рәсімдеу, қабылдаушы елде уақытша тұратын қандастарды тізімге қою, тұрақты түрде тұратын ел азаматтарымен жұмыс жасау, азаматтық беру немесе одан шығару мәселелерімен айналысу, теңіз және әуе кемелерінің жолаушыларына және экипаж мүшелеріне қамқорлық көрсету; төтенше жағдайлардың мән-жайын анықтау, соттық және басқа да дау-дамайларды шешуге қатысу, қандастардың мүдделерін қорғау, қабылдаушы елдің полициясымен, кеден, кемежай, әуежай және басқа да билік мекемелерімен байланысқа шығу; әртүрлі нотариалды әрекеттерді, азаматтық хал актілерін тіркеу, мұрагерлік ісін жүргізу, консулдық алымдарды ұйымдастыру. Осының барлығын студенттер әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде сапалы негізде меңгеруде. Факультетте әр студенттің кәсіби білікті маман болып шығуына барлық жағдай жасалынған. Оған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ТМД университеттері арасында екінші орында тұруы мен халықаралық QS рейтингісіндегі 800 университеттің ішіндегі үздік 250 университет қатарына еніп, 236-орынды иеленуінің өзі бұлтартпас дәлел бола алады. Бүгінгі күні халықаралық қатынастар факультетінің түлектері кәсіби білікті маман ретінде еліміздің мүддесін халықаралық аренада аса зор табыстармен қорғап келеді.  

Аманкелді Әліпбаев,

Бақыт Бөжеева,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

халықаралық қатынастар

факультетінің доценттері