Серік БАЙХОНОВ, жазушы, А.Байтұрсынов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты

Серік БАЙХОНОВ, жазушы, А.Байтұрсынов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты

Серік БАЙХОНОВ, жазушы, А.Байтұрсынов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты
ашық дереккөзі
 

Күдік пен күмән

 1

Жолға таңалакеуімде үшеу болып аттандық. Жанымда – Сыр бойына мәлім су маманы, өзім кеше ғана аудан басшыларынан ат-түйедей қалап алған Жүзен Қоңқаев бар. Бүгінгі сапарда Жүзен «көне арналардың жоқшысы» болса, Бауыржан інішек Жүзеннің «оққағары» іспеттес. Жол қысқарсын деген оймен манадан бері тымырайып отырған қарияны қыжыртамын ғой баяғы. – Жүзен... Жүзен?.. Неге жүзген емес? – деймін жолдың екі бетінде тұтасып тұрған сексеуіл мен жүзгенге қарағыштап қойып. – Менен үлкен ағайдың аты Берген емес, Берден екенін білесің... Ат қойғыш қазақ ұйқастырып қоя салған шығар... Менікі – әзіл әшейін. Осыдан отыз үш жыл бұрын Сырдарияны бойлап салмен жүзген кезімде Жүзен мен сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Әшім Сапарбаевты көргем. Көргенде күрішке су жеткізе алмай, шаңы шыққан көне арнаның бойында шапқылап жүргендерін көргем. Бір қызығы, биыл ғайыптан тайып, жоғарыдан мол су келіп, дария бойындағы елді мекендерді су басу қаупі төнгенде де басшылар Жүзенді тауыпты. «Күміскеткен су қоймасының хабары шығысымен шұғыл шақыртып алдым» деген аудан басшысы: «Ақсақал, жағдайды көріп, біліп отырсыз, дариядағы судың біразын Қызылқұмның ішіне тастамасақ, ана төмендегі елдің қарап болатын түрі бар», – дедім де, қажетті техникасын беріп, арғы бетке апарып тастадым...» Иә, солай... «Елдің қарап болатын түрі бар» деген. Кіші Аралға қажетті судың құрдымға кетіп жатқаны, сол сумен бірге аралдықтар нәпақасын айырып отырған балықтың біразы Ұлы Аралдың тұзды суында қырылып қалғаны жайлы тіс жармаған. Жалпы «қарап болу» деген сөздің мағынасын түсіну үшін Сыр бойында туу керек. Өз басым ес білгелі біздің ауыл ала шапқын. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары көктем шыға «келіп қалды», «алып кетті» деп, төбе-төбенің басын сағалайтын ел мен жұрт сексенінші жылдары қаңсып қалған дария бойындағы күріштен шыққан қашыртқылардың қалдық суын жағалап кеткен. Енді бүгін теледидар мен интернет арқылы білімін жетілдірген біздің ағайын «жер полюсі өзгерді, әлемді топан су басады» деген қауіптің жетегіне еріп, кеше ғана суын жоқтап зар жылаған дариясынан қанша су өтіп жатқанын білмей, түнгі ұйқыға жатпайтын болған. Иә, солай... Айналып келгенде, әңгіме су жайлы, су болғанда мәселе бірде көп, бірде аз суға тіреліп жатқаны анық. Кеше де суға қатысты жоба мен жоспар көп еді, бүгін де солай. Ал мәселенің басы-қасында жүрген Жүзен ағамыз болса аузына тас толтырып алғандай, түк көріп, түк білмеген адамның сыңайын танытады. «Байқамай сөйлеген – ауырмай өледіні» ойласа да, жоғарыдан берілген тапсырма солай болса да өзі білсін. Қуалап отырып әңгімеге тарттым-ау ақыры. – Жүке, Күміскеткен менің ата мекенім екенін білесіз ғой, ауылынан су қоймасы салынып жатқанын кім жек көреді... – Сенің туыстарың тұратын Жөлекте қорғаныс іс-шараларын жасадық. Керделі ауылдық округында тасқын суға қарсы іс-шаралар ұйымдастырдық... – дейді күмілжіп. – Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі вертолетпен ұшып келді... Әйтпегенде, қарап болып кетеді екенбіз... Мынандай жауап Төтенше жағдайлар қызметкерінің аузынан естілуі керек еді... Менің Жүзен ағам?.. – Жүке, әңгіме сол облыс басшысының өзі қолдап отырған су қоймасы жайлы емес пе? – Иә... Су қоймасы жасалатын жердегі Қарғалыда үш шақырым қорғаныс тоғанын тұрғызып, елді тасқыннан қорғадық... Манадан бері үнсіз отырған Бауыржан бауыр тамағын кенеді. – Біздің ауылда ыза су көтеріліп, бау-бақша түгілі, жаңадан еккен тал-терек қурап қалды... Су қоймасы салынса, көшетін шығармыз... Иә, солай деді. Ал «Қарғалы» дарияның арғы бетіндегі ең үлкен елді мекен... Әркімнің өз жұмағы өзіне, әрине... Осымен әңгіме аяғы тұйықталсын. Ал менің онсыз да күпті көңілімде күдік көп еді...

2

Осы дарияны бойлап, салмен жүзіп өткеніме отыз үш жыл уақыт өтіпті. Отыз үш жыл аз ба, көп пе? Уақыт кеңістігі тұрғысынан қарағанда, қас-қағым сәт, әрине. Ал мен үшін... «Сал үстіндегі маусым» мен «Аралға – араша» саяхат-сапарларын бастаған сәтте мен қылшылдаған жігіт едім, бүгінде пайғамбар жасынан асқан жайым бар. Оның үстіне... Осынау отыз бес жылдық қас-қағым сәтте қазақ елі социалдық, социалдық болғанда «жан-жақты жарасымды дамыған» социалдық қоғамнан жабайы нарыққа негізделген капиталдық қоғамға қадам басқан жайы бар. Жастарды қайдам, «жарасымды дамыған қоғамда» қалыптасқан біз қатарластарға оңай емес, әрине... Басқаларды қайдам, жер бетінде ай мен күннің аманында жалғыз теңізінен көз жазып қалып, «Жетісу – жерімайлап» ауа көшкен біздің ағайын... Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері үйме-үй бір-бір жынды байлаған, жынды емесі асылып, атылып өле берген соң «құтырған» атанған біздің көше... Таңертең үйінен өз аяғымен аман-сау шығып, кешке қарай төсекке жантая бере жантәсілім етіп жатқан менің бауырларым... Иә, ағаларым да, көкелерім де емес, бауырларым... Басқа-басқа, Сыр мен Аралды, одан қалды адамзат тарихының түп бастауында тұрған Қосөзен тарихын бір адамдай білетін секілді едім. Туған жерге қызметке келгенде: «Қалған өмірімді ағайынға, жерлестеріме арнағым келеді» дегенді айтқан Қырымбек Көшербаевтың аузынан Күміскеткен су қоймасы жайлы сөз шыққанда, сол бір шайлығып қалған жүректің бүлк ете түскені бекер деймісіз. Бәлкім, үміт, бәлкім, күдік... Солай болатын да жөні бар еді... Машинаның алдыңғы орындығында бүрісіп отырған Жүген ағамның күжірейген желкесін көрем. Жетпіс бестен асқанда да су жағалап жүрген ағаға ішкі күдігімді айтып, сыр бөліссем деймін ғой баяғы... ...Сырдарияның сол жағалауына салынатын Күміскеткен су қоймасының су сыйымдылығы алты жүз миллион текшеметр деседі. Ал жер полюстерінің орналасу заңы бойынша біздің дария мыңдаған жылдардан бері солтүстікке қарай аунай ағып келеді. Шиелінің солтүстігінде мұндай мол су жинайтын жер, жер болғанда шұңқыр жер жоқ екенін білемін. Шиелі – Сыр бойындағы біршама жақсы игерілген, экономикалық жағынан дұрыс дамып келе жатқан өңір. Адами тұрғыдан қарасақ, «жер қымбат па, су қымбат па?» дегенде, несібе, нәпақасын кеңес дәуірінде инженерлік жүйеге келтірілген күріштік жерден тауып үйренген ел үшін жер қымбат екені анық. Шиелі – еліміздегі уран кенін өндіретін базалық нысандардың бірі. Әлемдік тұрғыдан, ұлттық тұрғыдан қарағанда, осындай маңызды нысанның жерін суға бастыру... кешіріңіз... авантюристік қадам емес пе деген ой кімнің де болса көкейіне келетіні анық қой... Әңгіме уранға келіп тірелгенде Бауыржанға тіл бітті. – Ауылдағы құдық суының бет жағы кілкілдейді де тұрады... Өңсіз, түссіз пленка тәрізді... Атының өзінен адам жаны түршігетін уран жайлы әңгімеге құлқым жоқ екенін білдіріп, әңгімені Арал тағдырына қарай бұрамын. Өз басым әлем назарында тұрған Арал тағдырын өз тағдыры секілді сезінетіндердің бірімін. Жер бетінде теңізді екіге бөліп тұрған Көкарал секілді бөгет жоқ, Кіші Арал жобасы секілді ұлы жобаны жүзеге асырған ел жоқ екенін білемін. Сол Кіші Аралдың еншісіне тиесілі суды жолшыбай жырып алып жатқандарды жаным сүймесе қайтейін... Осы ойларымды сезгендей Жүзен ағаға тіл бітті. – Шардараны былай қойғанда жоғарыда Көксарай мен Өгізсай бар... Төмен жақтағы Қараөзекте мың жарым текшеметрлік су қоймасы салынбақшы. Сонда біз кімнен кембіз деймін-ау... «Кімнен кембіз» дейді... Әркімнің өз жұмағы өзіне... Әркімнің бас-басында бір-бір жасанды су қоймасы болғанына не жетсін! Көрпесіне қарай көсілмейтін кеңқолтық халықпыз ғой, күні ертең бармақ тістеп қалмасақ болғаны да... Үлкен суға жақындап қалғанымызды жолдың екі бетіндегі қара шабырлардың оты қалыңдай түскенінен сеземін. Көп ұзамай көк жиде мен қызыл жыңғыл арасынан жарқ ете түскен дария арнасының биігінде иіріліп тұрдық. Иіріліп тұрған жалғыз біз емес, қалқыма көпірдің аузында машиналар легі мол. Биылғы шілде айында шіреп аққан дария суының күн санап төмендеп бара жатқанын қалқыма көпірдің деңгейі байқатып тұр. Қазір қазан айының жуан ортасы. Көпір баспалдағының құламасына қарағанда су мөлшері ең кемі төрт метрге төмендеген. Сол құлама баспалдақпен қалт-құлт етіп төменге түстім. Аяғын сылти басқан Жүзен аға соңымнан ерді. Бұл уақыты түскірді қойсаңшы. Мен паромға мінбегелі, қалқыма көпірмен өтпегелі қанша жыл? Мына көпір бір кездері өзім өтетін қалт-құлт еткен понтон көпір емес. Күзге қарай суы төмендеді дегенмен, мына дария сонау сексенінші жылдары арнаның табанымен жылап аққан бір құлақ суға мүлдем ұқсамайды. Биылғы маусым мен шілде айларында қарақошқыл түске боянып, лайытып аққан ен-тегін суға да ұқсамайды, мөп-мөлдір болып шымырлай ағады. Дембіл-дембіл су бетіне шеңбер сызық салып, балықтар секіріп ойнайды. Қарсы жағалауда қармақтарын сүйретіп жүрген бірнеше балаға қарап, қармақтардың көз алдау екенін сеземін. Өйткені бір кездері дәл осы жердегі дариялықтың көне арнасының бір қуысына екі құлаш торды жайып тастап... ондық жилкаға байланған оншақты қармақты дарияға лақтырып тастап отырғандардың бірі өзім. Оның үстіне кеше ғана Шиелінің базарында сатылып жатқан мол балықтың Аралдан да, Балқаштан да емес, дарияның арғы бетінен, өзіміздің Қарғалыдан келіп жатқанын естігенмін. «Елде болса – ерінге тиер» деген сол. Мына береке, байлық Күміскеткенге барған мол судың алғашқы нәтижесі екенін ойласам, ішім жылиды. Заң тұрғысынан алғанда менікі дұрыс емес, әрине. Бүгінде ат төбеліндей атқамінерлер болмаса, қаймана қазаққа балық ұстап, аң аулауға тыйым салынғанын білем, әрине. Өзімнің азды-көпті абыройымның «табиғат қорғаушысы» ретінде келгенін де білем. Бірақ... Иә, бірақ, бұрын өзіміздің Шыңғыстай болыстығының құрамында болған, бүгінде үш елге ортақ (саяси жағынан, әрине) Өр Алтайдың ну жыныс орманында отырып отынды сатып алып жағатын ағайынды, Ақ Жайықтың көктем шыға балық сасып кететін құйылысында отырып балықты сатып жейтін туысқанды көріп те, біліп те отырсам қайтейін...

Атамекен

 1

Жас кездегі дүние адамның жадында жақсы сақталатыны рас болды. Қарғалыдан шыға тораңғыл тоғайларының арасымен мың бұратылған қостабан қара жолдың сорабын қуалай жүріп Қарақуыс көліне жеткенше жас күнгі естеліктердің талайын тамсағанмын. Бәрі, бәрі-і-і қаз қалпында. Тек төбе-төбенің басында шошайып тұрған тораңғыл ағашының жапырағы қалың, қызыл жыңғыл мен қарабарқын тұтасып өскен қарашабырлардың бояуы қанық көрінген. Дариядан су кеткен жетпісінші, сексенінші жылдармен салыстырғанда, әрине. Өкінішке қарай, алпысыншы жылдарға дейінгі Үлкен судың болып та, толып тұрған шағындағы дария бойының әсем табиғаты жайлы ертегі іспеттес әңгімелерді тек үлкендерден естідік. Қайта айналып су келіп еді, Қызылқұмның көрер көздің «қызығына» айналып сала бергенін көрмеймісің... «Шаштылар бейіті» деп аталар қалыңға жетіп тоқтадық. Бұрындары бірнеше рет келген жерім. Бір кездері қара жолдың екі беті қалың бейіт секілді еді, анда-мында ну шеңгелдің арасынан шошайған бірен-саран төртқұлақтар болмаса, мына араның қорым екенін айырып болар емес. Кенет жолдың оң жақ бетіндегі ашық алаңқайға жете кідірдік. Темір қоршау. Қара мрамордан тұрғызылған кісі бойы құлпытас. Қоршауы да, құлпытасы да су жаңа. Шиелі өңірінен шыққан біртуар ақын Бұдабай жырауға тұрғызылған жәдігер. Иә, жәдігер. Ал сүйегі ана қалың шеңгелдің арасындағы көп төмпешіктің бірінде болуы керек. Қалың ел дарияның келесі бетіне ауа көшкен алмағайып заманда көзден кетсе де көңілден кетпеген ақынға ұрпақтары қойған ескерткіш осы. Дария бойында туған Мұхтар Шаханов ағам айтқандай: «Бұл даланың әр төбесі, әр белесі ертегі... Бір белесін басып қалсаң, бір ертегі шертеді...» Осы маңды атам заманнан өзіміз бала күнде «Ана тілі» оқулығынан оқып, санаға сіңірген Қыпшақ Сейітқұлдың ұрпақтары мекендеген. Мыңғыртып мал өсірген қазақтар сән-салтанатпен жаз жайлауы Арқаға қарай көшкенде, аталарымыз көне арналар мен көлшік, көлдердің бойындағы бидай, тарысы мен қауын, қарбызына қарайлап отырып, отырып емес-ау «жатып» қалады екен. Кеңес дәуірі кезінде кедей тап өкілдері ретінде кеңінен насихатталған жатақтар. Кәдімгі отырықшылар. Таптық қатынастарын білмедім, ал өзіміз «қызығы мен шыжығын» көре бастаған жер қатынастарының сол кездері-ақ дәуірлеп тұрғаны анық. Көнекөз қариялардың сөзіне құлақ салсаң, дария бойындағы жер атауларының сол кезеңдегі жер қатынастарынан хабар беріп тұрғанын сезесің. Жер атауларының мен үшін ерекше ыстық екенін де мойындауым қажет. Өйткені... «Жер астынан құлақ етіп қияқты... менің ата-бабаларым тыңдап жатқан сияқты...» Ақ қайыңдардың арасындағы қалың шеңгел арасына жасырынған көне бейіттен ұзай бердік. Ата бейіттің биылғыдай ен-тегін мол судан аман қалғанын да жақсылыққа жоримын. Сексен алтыншы жылдың су тасқыны кезінде ғасырлардан бері дін аман келе жатқан қорымдардың су астында қалғанына түсіне алмағам. Ал су қоймасы салына қалса ше? Шардара мен Қапшағай су қоймасы салынған кезде сүйекті алып кететін ұрпақтары табылмаған көне бейіттердің бетін бір-бір машина бетонмен жаба салғанын білем. Осы ойымды айтқанымда Жүзен ағам артына қарай мойын сүйегін сындыра бұрылған. – Су қоймасы негізінен көлтабандарды толтырады. Карта бойынша бұл ара су қоймасынан әлдеқайда биікте тұр, – деп жұбатты. Бұдан ары... иә, бұдан ары өзім алыстан арнайы іздеп келген Күміскеткен болашақ су қоймасының орны емес, атамекеніме... тіптен бар-ау, туған жер, кіндік кескен мекеніме айналып сала берсін... Енді сонау жетпісінші жылдары жергілікті газетте қызмет жасап жүрген кезде өзім бірнеше рет келген атамекеннің әр төбесі мен әр бұтасына өзімсіне қараймын ғой баяғы... Кеңес дәуірінде ұмыт қалған ата-баба бейітіне белгі орнатып, ас бермек түгілі, мешіт салып, жаназа шығарған Кісенбай көкемнің соңына шырақ алып түскенін ойласам... Тұрмағамбет ақынмен бірге Көкілташ медресесінде оқыған ғұлама, аты-жөні Орта жүзге түгел таныс Кісенбай көкемнің... Өзімнің бүгінгі сапарымның басты мақсаты киелі орындарға тәу ету емес, сол қасиетті мекенде жасалатын су қоймасы екенін ойлайын, көкіректі тұмшалап алған ауыр ойлардан әрең дегенде арылайын. Қарақуыстың жиегіндегі төбе басына жетіп кідірдік. Көл беті – қаптаған құс. Машина даусынан үркіп қиқулай көтерілгенде байқағаным – көк жүзінде көлбеңдеген қос қанаттылардың қарасынан ағы молдау көрінген. – Аққу емес пе?.. – Ақ қаздар... – деді Аманжол. – Ал қарасы – өзіміздің қасқалдақ... «Ақ қаз» дей ме? Сарыала қазды білем. Ал ақ қаз жағынан беймағлұм екенмін. – Атпадың ба?.. Ең болмаса, түрін түстеп алатын едім... – Жылан балыққа тойып алған... Еті сасық, – деді аңшы бауырым. Өз басым қашаннан құс атаулының ішінен қаз атаулыға іштартамын. Мұқағали ақын: «Ақ қаздардың ішінен аққуымды ажырата алмаған сормаңдаймын» дегенді неге айтты деуші едім... Көлдің кенересіне қарап судың төмендеп кеткенін байқаймын. Осыдан төрт-бес ай бұрын ғана ен-тегін мол су құйған көлдің табанында шалшық су ғана қалған. Ендеше, құм арасы құрдым болғаны. Ал қыс түсіп, мұз қатқан соң, таяз судағы балық қырылып қалуы кәдік. Тағы да күдік. Тағы да күмән. Осы ойымды Жүзен ағаға айтқанымда: – Жиырма бір жыл су құймай қаңсып жатқан көл ғой... Екі-үш жылда табаны қатып, кенересі қатайып шыға келеді... – деп жұбатты. Адам әдетте өзі сенгісі келетін нәрсеге сенетінін білем. Су қоймасы жасалған соң Қызылдың ішіндегі қаптаған қарақуыстар мен сарықуыстардың табаны бекитініне сенгім келеді. Көлдің бір шетінен ақ тамның төбесі шошайды. Қызылдың ішінде не көп – «Ақ там» атанған жер атауы көп. Кәдімгі сырты ақ балшықпен сыланған шатырсыз үйлер, кәдімгі малшылар қыстауы. – «Үсен қыстауы»... – деді Жүзен ағам аузын толтырып. – Су қоймасының хабары шыққалы ел-жұрт көшіп келіп жатыр... Ал мал дегенің миллион... Қанша адамның көшіп келгенін кім білсін, ал мына ақ там атам заманнан атақты балуан Амангелді Ешпановтың қыстауы екенін білем. «Балық аулаймыз, құс атамыз» деп талай рет шақырып еді. Қол тиді ме? «Миллион» дейді. Қазақ халқы болып-толған атам заманда болмаса, Жаңадария мен Қуаңдарияның бойында жаңа аудан ашуды армандаған кеңес дәуірінде де Қызылқұмдағы мал саны миллионға жетпегенін білем. Ал енді құм ішінде су қоймалары жасалып, жаңа ауылдар мен аудандар ашылып жатса деймін ғой... Күні кеше дүркіреп өткен «ЭКСПО-ның желігі болса да өзі білсін, көз алдыма ғажайып, тіптен таңғажайып суреттер келеді. Күн сәулесімен, жел екпінімен жұмыс істейтін генераторлар орнатылған қос шатырлы үйлерде вахталық әдіспен жұмыс істейтін бауырларымыз тұрады. Құм арасының оты мол, құмы қатпайды. Тебінге берік жылқыны былай қойғанда, ірі қара мен ұсақ мал өз аяғымен жайылады. Қос өркеші көк тіреген буралар мен азуы ақсиған айғырлардың денесіне жер серігі арқылы байланысатын чип орнатып таста-а-ап... Міне, солай... Қалай дегенде де ертеңіне үмітпен қарап отырған елміз ғой... – Біздің үйдегі екі өгізшені әкеліп тастасам, қарап берер ме едің? – деді Жүзен ағам қарап отырмай. – Ол жағы оңай... Өз аяғымен жайылатын мал ғой... Тек кешке қарай қолдан жем беріп үйретпесе, түнемелікке қалған жас малға қауіп... – деді Бауыржан салмақты Жүзекеңнің өзіне аударып. – Егін егетін бірер гектар жер болса, жем жағын реттейміз ғой... – деп Жүзекең де берісер болмады. Алдымызды тағы да жылқы үйірі кесіп өтті. Кілең кесек жылқы екенін байқап келем. Ішінен бірде-бір құлын немесе жабағы, тай көрінсе-ші. Қызылдың қалыңында қасқыр көп екенін білем, әрине. Ел ішінде жаңадан пайда болған байшікештер арасында қонаққа еті жұмсақ жабағы мен тай соятын дәстүр пайда болғанынан да хабардармын. Қайтесің, ата дәстүр... Жаратқан Ие жар болса, енді бір бес-алты жылда туристік сапармен Күміскеткенге келіп, жаңа туған құлынның балдай тәтті етінен ауыз тиетін шығармыз...

2

Жүзен ағамның не ойлағанын қайдам, Күміскеткенге емес, Таштопқа бастап әкелді. Екі араны «арғы бет, бергі бет» деп дария бөліп тұр демесең, бұл арадан біздің ауыл тиіп тұр. Жастау күнімізде талай рет үлкен суды қалтылдақ темір қайықпен жүзіп өтіп, қона-жастана балық аулаған жеріміз. Бүгінде иен далаға айналған Таштоптың аты жер жарып тұрған кездер де болған. «Таш» дегені кәдімгі «Ташкент» те, «топ» дегені «топливо базасы» дегені. Соғыс кезінде Ташкент пен Еуропаның екі арасын қосып тұрған күретамыр темір жолмен ауыр составтарды сүйреткен тепловоздарға арнап сексеуіл дайындаған стратегиялық нысан. Иә, сексеуіл. Кәдімгі қызуы мол сары сексеуіл. Сол жылдары Ташкент пен Қызылорданың екі арасында бумен жүретін су қатынас кемелері де болғанын естіп өстік. Ал бала күнімізде сексеуіл тасыған тар табан темір жолдардың орнында құмға көміліп жатқан темір жол рельстерін көзбен де көргенбіз. Таптық қарым-қатынастарыңды білмедім, ал экономикалық қатынастардың алдында елдің де, жердің де дәрменсіз екендігінің тағы бір дәлелі. Зымырап өтіп жатқан уақыт шіркінді қойсаңшы. Бүгінде бәрі де өзгерген. Қараймын келіп, қараймын. Сол баяғы орнында, бәз-баяғы орнында тұрған атам заманғы ақ там ғана. Сосын... Қалың бұта арасындағы ағараңдап жатқан төмпешік көзіме оттай басылғаны. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын келгенімде төрт қабырғасы қалқайып тұрушы еді... Алпысыншы жылдардың басында ғайыптан тайып Алматысын тастап, елге оралған Қалмақан Әбдіқадіров ағамның асарлатып мектеп салатын, кітапхана жинайтын жері осы. Мектеп жабылған соң кітапхана жаңағы ақ тамға көшірілгені, арлы-берлі өткен жолаушылардың кәдесіне жарап тұрғаны да есімде. Жә, хош дейік. Дәл бүгін бізге керегі Таштоптың өткен кеткені емес, бүгіні, бүгінгі тағдыры емес пе?.. Жүзен ағам бізді естеліктер еліне емес, биыл көктемдегі тасқын кезінде өзі арнайы келіп, дария суын бұратын жаңа арнаның сағасына алып келгенін сезіп тұрмын. Құмшық төбелердің арасындағы бір жүлгенің бойында тұтасып тұрған қалың шеңгел мен бояуы қанық көк жидеге қарап, Жүзен ағаның «екі жарым шақырымдық жаңа канал» деп дабырайтқан жаңа арнасы бұрынғы көне арнаның ізімен қазылғанын болжаймын. Тек орталықтан әкелінген техника күшімен арна табанынан топырақ алып, жағалауды бекіткен. «Жаңа арнаның» табанында отырмыз. Дария арнасы үш-төрт метр төменде жатыр. Көктемгі су тасқыны кезінде көтерілген көл-көсір су табаны тазартылған жаңа арнамен ағып, Бұлақтыкөлге құйған. – Секундына отыз текшеметр су ақты... Тіптен бар-ау, суға шомылған балаларды ағызып алып кете жаздады... – деді Жүзекең. «Отыз текшеметр су»... Биыл көктемдегі дабыра «жоғарыдан екі мың текшеметр су келеді» деген дақпырттан шықты емес пе? Екі мыңның жанында отыз текшеметр дегенің немене тәйірі... Шиеліліктердің ішкі ойы Жалағаштағы күретамыр тас жолды су басқан кезде шыққан дабыра, дақпыртты пайдаланып, Қызылдың ішінде қаңсып қалған көлдерін суға толтырып алу болса да өзі білсін... Әркімнің өз жұмағы өзіне, әрине. Мені Таштопқа әкеліп, өз міндетінен құтылған Жүзен ағам қағаздан дастарқан жайды. Сірнесі сыртына шыққан шұжық ортаға қойылып, көкмойынның мойны қылтиды. Өзім де атамекенде отырып, таза ауада тамақтануға қарсы емеспін. Бірақ... – Күміскеткеннің сағасына барып дем алсақ қайтеді, аға?.. – деймін орнымнан тұрып жатып. – Күміс-кет-кен... Сол су қоймасының жобасын бізге көрсетті ме? – деді Жүзекең күмілжіп. – Нақты жобаны көрмеген соң, не айта аларсыз... Жүзекең көрмеген жобаны көргенмін. Асығыс жасалған жобаның шикі тұстары көптеу секілденген. Уақыт ағымына қарай алдымен әлдеқайда асығып, аптығып, артынан бармақ тістеп қалатын заман туды ғой. Шиеліліктерді сабылтып қойған мәселенің түп төркіні жоғары жақта жатқанын сеземін. Су ресурстары Комитеті тарапынан берілген тапсырмада су қоймасының жобасы конкурстық талаппен екі вариантта жасалуы керек деп көрсетілген. Дәл қазір Жүзен ағаның айтып тұрғаны сол екі жобаның бірі. Сол дайын жобаны жүзеге асыру аудан түгілі, облыстың да құқында емес. Су сыйымдылығы он мың текшеметрден асатын су қоймасын жасау тек республикалық тапсырыспен ғана жүзеге асырылады. Осы ойымды айтқанымда, Жүзекеңнің қабағы түсіп кетсін. – Екі жобаны біріктіруге болады ғой... Әрине, біріктіруге болады. Бірақ ол үшін жер қазу жұмыстарын былай қойғанда, дариядан су алатын екі тоспа, сол суды дарияға қайта тастайтын екі су реттегіш жасалуы керек. Ол үшін қосымша қаржы керек. Бұл дегенің түптің түбінде таптық та, экономикалық та емес, кәдімгі капиталистік қоғамның бас ауруы – ақша қатынастарына барып тіреліп жатса қайтерсің... Күміскеткеннің жобасы дайын. Құрылыс жұмыстары енді бірер айдан оң басталып та кетуі керек. Әзірге су қоймасын салуға бір миллиард алты жүз миллион теңге ақша бөлініп отыр. Оншалық көп ақша емес. Халықтың қалтасына қолды бір салғанда бірнеше миллиардты суырып алатын ортақол шенеуніктердің көзімен қарағанда, әрине... Таштоптан ұзай бердік. Атамекенді қайта тірілткісі келген Жүзен ағама да, Жүзен ағаны дария бойында сабылтып қойған Қайратжан бауырға да ырзамын. Өйткені әркімнің өз жұмағы өзіне емес пе?..

Серік БАЙХОНОВ,

жазушы, А.Байтұрсынов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты