Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасының 25 жылдығы атап өтілді
Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасының 25 жылдығы атап өтілді
Анкара қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 26 жылдығы және Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сондай-ақ, жиын барысында Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі түрік тіліне аударылған 4 кітаптың тұсауын кесті.
Анкарадағы алқалы басқосуға Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркияның 11-ші президенті Абдулла Гүл, Президент Режеп Тайып Ердоғанның бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Ұлы Бірлік партиясының төрағасы Мұстафа Дестиджи, Түркия мәжілісіндегі Қазақстан-Түркия Достық тобының төрағасы, депутат Халык Ипек, Түркия мәжілісінің бұрынғы төрағасы Хикмет Четин, бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, Түрік кеңесінің бұрынғы бас хатшысы Халил Акынджы қатысты.
«Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш мойындаған Түркия Республикасы. Сонымен қатар, дипломатиялық қатынас орнатылған ең алғашқы мемлекеттің бірі де осы бауырлас түрік елі болатын. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың орнығуына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі орасан зор. Елбасы Қазақстан Тәуелсіздігінің ширек ғасырында Түркиямен қарым-қатынасты дамытуға ұдайы мән беріп отырды. Бүгінгі таңда екі елдің саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық саладағы байланысы ынтымақтастықтан ыпалдастыққа жетті», - деді Қазақстан Елшісі.
Жиынның арнайы қонағы Түркия Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Хакан Чавушоғлы қазақ елін Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
"Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған кезде біз қазақ елімен бірге қуандық. Өйткені, біздің тарихи және мәдени тамырымыз ортақ. Қазақстан Түркияға қолдау көрсетіп келеді. Әсіресе, Түркияда былтыр орын алған төңкеріс әрекетінен кейін ең бірінші Түркияға келіп, елге көңіл айтқан және қолдау білдірген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Қазақстанмен бірге лаңкестік ұйымдарға қарсы күресіміз жалғасып отыр. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғаннан бастап, барлық үкімет мүшелері және түрік халқы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты түркі әлемінің ақсақалы санайды. Осы уақытқа дейін Түркия тарапынан қазақстандық 4 938 студентке оқу гранты бөлінген. Қазіргі таңда осы бағдарлама арқылы 407 студент Түркияда білім алып жатыр. Білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастығымызды ары қарай жалғастырып, дамытатынымызға сенім білдіремін», - деді Түркия Премьер-Министрінің орынбасары Хакан Чавушоғлы.
Қабылдауда ТИКА (Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі) төрағасы Сердар Чамға және Түркиядағы Қазақстанның құрметті консулдары Қазақстан дипломатиялық қатынастарының 25 жылдығына арналған естелік медальмен марапатталды.
Жоғары деңгейде өткен қабылдауға Түркияның Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, дипломатиялық миссия өкілдері, зиялы қауым мен Түркиядағы қазақ диаспорасы мен Қазақстан азаматтары қонақ болды. Салтанатты жиында қонақтардың құрметіне арнайы әзірленген 1,5 метрлік ту іспеттес көк түсті торт келушілерге ұсынылды.
Динара Мыңжасарқызы,
Анкара қаласы,
Түркия