Жаңалықтар

Талайлар үміт артқан блокчейн

ашық дереккөзі

Талайлар үміт артқан блокчейн

  Бүгінде инновацияны дамытпайынша ел экономикасын өрге бастыру мүмкін емес. Яғни, жаңартылған өндіріс құралы және оның жоғарғы ғылыми-техникалық деңгейі, алдыңғы қатарлы технологиялар, өндірістің шикізат өндіруге емес, жоғары деңгейлі технология мен ғылыми молыққан инновациялық жүйеге құрылуы – осы саланың нақты көрінісі. Бұған дейін Алматы қаласында Инвест форум өтіп, инвестиция тарту мәселесін сөз етсе, жақында Алматыда өткен ХХІІ инновациялық конгресте кәсіпкерліктің негізгі тіректері туралы кеңінен айтылды. Әрине, экспорт көлемін арттыру үшін отандық бизнес бәсекеге қабілетті болуы шарт. Ол үшін салаға жаңа технологияларды енгізу қажет. Алматыдағы салық түсімдерінің 40 пайызы шағын және орта бизнестің үлесінде. Биыл Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік грант бөлуді қайта жаңғыртты. Осы жылы технология трансферіне 2,8 млрд теңге жұмсалды. Сондай-ақ, грант талаптары өзгеруі салдарынан бұдан былай өндіріске қажетті жаңа технологияның құнын кәсіпкер мен агенттік теңдей бөліп төлейді. Бұрын кәсіпорын тек 20 пайызын өз қалтасынан шығаратын. Талаптардың күшейтілгеніне қарамастан, инновациялық грант алуға 200-ден астам өтініш түскен. «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасы Марат Омаров: «Егер кәсіпкер жобаға өзінің қомақты қаржысын салса, оның жауапкершілігі артады. Жоба құнының 80 пайызын грант есебінен алса, немқұрайлы қарайтыны анық. Сондықтан тәуекелді тең бөлісейік деп шештік. Өйткені грант – бюджеттің ақшасы ғой», – дейді. Ал Cambridge Innovation Consulting директоры Дишант Махендру: «Шағын және орта бизнеске назар аудару керек. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мен химия өнеркәсібінің болашағы зор. Егер осы екі салаға инвестиция салынатын болса, үлкен жетістікке жетіп, экспорт көлемін ұлғайтуға болады», – дейді. 500-ден астам сарапшы-инвестор, кеңесші, кәсіпкер қатысқан халықаралық шара аясында әлемдегі инновациялық және технологиялық дамудың маңызды тақырыптары талқыланды. Инновациялық жобаның өміршеңдігі – оның сәтті жүзеге асуында. Бір топ ғалым Қазақстанда тұңғыш рет ұлттық блокчейн жүйесін құруды көздейді. Блокчейн дегеніміз – қауіпсіздік жүйесі. Яғни, сандық ақпаратты қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл электронды биткойн әмиянды хакерлік шабуылдан қорғайды. Отандық компания майнинг құрылғыны көпшілікке таныстырды. «Мысалы, сіз ақшаны басқа адамға аудару үшін банктегі шотты қолданасыз. Бұл жерде банк делдал болып тұр. Ал криптовалюта әлемінде банк деген түсінік жоқ. Ол кезде банктің қызметін нода, майнер секілді құрылғылар атқарады. Транзакцияны жүзеге асыратын да осы құрылғы. Біз оны ары қарай дамытуды көздейміз. Өйткені көп жағдайда майнингтік құрылғы шамадан тыс жылу бөледі. Осыны салқындату үшін ерекше әдіс ойлап таптық», – деді майнингтік құрылғы шығаратын компанияның кеңесшісі Павел Дацюк. Конгреске қатысқан шетелдік сарапшылар Қазақстанға мұнай секторы, химия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық жобаларға көбірек қаржы құюға кеңес берді. «Көптеген елдер инновациялық жобаларды іске асыруға қаржы таппай жатады. Бірақ Қазақстанның оны жасауға толық мүмкіндігі бар. Енді тек кәдеге жарайтын ғана жобаларға қолдау жасау керек. Сонда ғана ол жақсы жемісін береді деп айта аламын», – дейді «Cambridge Innovation Consulting» компаниясының кеңесшісі Дишант Махендру. Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің гранттық бағдарламасы 2011 мен 2016 жылдар аралығында 328 жобаны жүзеге асыруға жол ашқан. Оның қатарында фармацевтика, биотехнология және тағы басқа да сала бар. Жалпы жұмсалған қаржы 12 млрд теңгеден асып жығылады. Былтыр 66 жоба іске асып, 2 млрд теңгеге жуық ақша бөлінді. Осыған орай, 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Тек биыл ұлттық агенттік инновациялық грант алу ережесін қатайта түсті. Басқарма төрағасының айтуынша, жобаны қаржыландыру енді 80 де 20 пайыз емес, 50 де 50 пайыз ретінде жүргізіледі. Соған қарамастан, тамыз бен қазан айлары аралығында кәсіпкерлерден 200-дей сұраным түскен. Жоба өзін 3 жыл ішінде ақтауы тиіс. «Енгізілген өзгертулер сапасыз жобаларды жою үшін жасалды. Өйткені өзін-өзі ақтамайтындары көп. Біз сұраным тастаушылар өз қаржыларын қатерге тіксе, жоба нәтижелі болады деп ойлаймыз. Жобаның тең жартысын төлеген кәсіпкерлердің жұмысында жақсы динамика байқалады. Сапасы көтеріліп келеді. Жоба құрастырушысы 80 пайыз грант алса, жеке басы үшін қатер сезілмейді. Осыдан жауапкершілік төмендейді. Бюджеттің қаржысын үнемді  жұмсау керек», – деді «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма басшысы Марат Омаров. Бүгінде экономиканы әртараптандыру және оны шикізаттық емес, жоғары технологиялық жолға қайта бағдарлау жөнінде жаңа міндеттер алға қойылып, үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қарқын алып келеді. Сол себепті осы бағытта атқарылып жатқан міндеттер мен еңбектердің барлығы ел мүддесін көздейді. Яғни, еліміздегі жүріп жатқан инновациялық-технологиялық даму бағдарламасының басты мақсаты – өнеркәсіпті тұтастай, сондай-ақ, жекелеген өндірістер тұрғысынан да қайта құрылымдау. Бұл өнеркәсіп өндірісінің құрылымында оңды өзгерістерге қол жеткізуге, бүгінгі заманға сәйкес корпоративті құрылымдарды дүниеге әкелуге және ұзақ мерзімді ыңғайда сервисті-технологиялық экономикаға көшу үшін негіз әзірлеуге тиіспіз деген сөз.