Отандық туризмнің табысы елдегі ІЖӨ-нің 1 пайызына да жетпейді

Қазақстандағы ішкі туризмнің табысы елдегі жалпы ішкі өнімнің 1 пайыздық көрсеткішіне де жетпейді. Бұл туралы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Парламент Мәжілісінің депутаты «Нұр Отан» партиясы жанындағы Әлеуметтік кеңес пен ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бірлескен отырысында ішкі туризмнің өткір мәселелерін атады.

«Біз бүгін экономиканы дамытуға әлеуетті драйвер ретінде туризмнің мүмкіндіктерін елімізде пайдаланылмайтынын атап өтуіміз қажет. Бұл туризмнің барлық түрлері, соның ішінде ішкі туризмге де қатысты… Тек бірнеше санға тоқталып өтейін. Осы саланың Қазақстандағы ЖІӨ-дегі үлесі 1,6 пайызды, ал ішкі туризмнің көрсеткіші 1 пайызға да жетер-жетпес. Ал әлемдік ЖІӨ-де туризм 9 пайызды құрап, әлем бойынша осы салада әрбір 11-ші адам жұмыс атқарады», – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты. Оның айтуынша, туристік саланы дамытуға маңыз беру жайлы Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында айтылған. Сонымен бірге, «100 нақты қадамдағы» 57-ші, 86-шы және 87-ші қадамдары да туризмді дамытуға арналған.

«Туризмді дамытуға арналған біршама жұмыстың атқарылғанын да атап өткіміз келеді. Жақында ғана «Қазақ туризм» секілді ұлттық компания құрылды. Уәкілетті органдармен саланы дамытуға арналған тұжырымдама қабылданды. Көптеген институционалды жұмыстар жүргізіліп келеді. Қаржылық ресурстар бар. Олар ұлттық туристік  өнімнің құрылуына өрлеуіне жәрдем беруі керек», – дейді депутат. Шавхат Өтемісов ішкі туризмнің дамуына «ЭКСПО» көрмесі айқын серпін бергенімен, әлі де біраз мәселелер қордаланып тұрғанын жасырмады.

«Мәселе, шын мәнінде, аз емес. Мәселелердің ішінде мыналар ғана бетінде жатыр. Олар: туризмді дамыту үшін тиісті инфрақұрылымның жоқтығы, туризм өнімдерді құру бойынша стандарттардың жоқтығы, туриндустриядағы білікті кадрлардың аздығы, туристік қызметтердің негізсіз қымбаттығы мен туристік қызметтің заңнамалық қамтамасыз етудегі проблемалық сұрақтары», – дейді депутат. Шавхат Өтемісов бүгінгі талқылау Қазақстандағы туристік әлеуеттің дамуын ұстап тұрған барлық проблемалардың тізгіні анықтауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

«Бұл өз кезегінде Қазақстандағы ішкі туризмнің тиімді жүйесін құруға бағытталған мемлекеттік органдармен қатар, туристік қауымдастықтардың ары қарайғы әрекеттерінің негізгі векторларын анықтауға өз үлесін қосады деген үміттемін», – дейді депутат.

Айта кетсек, Парламент Мәжілісіндегі «Ішкі туризмнің жай-күйі: проблемалары мен келешегі туралы» отырысына Мәжіліс депутаттары мен Мәдениет және спорт, Инвестициялар және даму, Ақпарат және коммуникациялар министрліктерінің өкілдері қатысуда. Бірлескен отырысты Қазақстандағы ішкі туризмді дамытудың жай-күйін зерделеу және мәселелерді талқылау мақсатында өткізіліп отыр.

 

Back to top button