Астананың 20 жылдығы қалай тойланады?

Астананың 20 жылдығы қалай тойланады?

Астананың 20 жылдығы қалай тойланады?
ашық дереккөзі

Бүгінгі Үкімет сағатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Астананың 20 жылдығы мерейтойын атап өту жоспарын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде министрлік Астананың 20 жылдығы мерейтойына белсенді түрде дайындалып жатыр. Осы орайда «Астаналар шеруі. Астананың 20 жылдығы және әлемнің 20 астанасы» атауымен ауқымды мәдени жобаны жүзеге асыру қарастырылған. Оның аясында жыл бойы алдыңғы қатарлы өнер ұжымдарының көрмелері, концерттері, фестивальдері ұйымдастырылады», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, ресейлік «ОРТ» телеарнасымен бірлесе «Астана - менің бақытым» атты сериал көрсетіледі. Оның премьерасы Елорда күнін мерекелеу кезінде өтеді.

Мұнымен қоса, Вена опера театрының, Мариин театрының, Нью-Йорк театрының, сондай-ақ өзге де өнер ұжымдарының гастрольдік сапарлары жоспарланған. Бұдан бөлек, Третьяков галереясының, Франция музейінің, Британ музейі қоры мен басқа да әлемдік музейлер тарапынан көрмелер топтамасы қарастырылған.

Ведомство басшысының айтуынша, негізгі шаралар белсенді демеушілік қолдау есебінен ұйымдастырылады. Жалпы, Астана мерейтойы күн тәртібі елеулі мультипликативті әсер қалыптастырады деп күтілуде. Бұл ретте әлем қоғамдастығының назары Қазақстан елордасына аударылмақ. Мұнымен қоса, осы бағытта іске асырылатын шаралар шағын және орта бизнесті дамытуға, ішкі әрі сыртқы туристік сапарлардың артуына ықпал етпек.