«Қазақстанның халық әртісі» атағы қайта енгізілуі мүмкін

«Қазақстанның халық әртісі» атағы қайта енгізілуі мүмкін

«Қазақстанның халық әртісі» атағы қайта енгізілуі мүмкін
ашық дереккөзі

Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайтару мәселесі сөз болды. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өнер саласына еңбегі сіңгендерге лайықты құрмет көрсету үшін бұрынғы құндылықтарды қайта тірілту керек деп есептейді. 

Үкімет сағатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков «Халық әртісі» және «Еңбек сіңірген әртіс» атақтарының жойылып, «Еңбек сіңірген қайраткер» атағы ғана қалуы салдарынан «қайраткерлердің» көбейіп кеткені туралы мәселе көтерді.

«Еңбек сіңірген қайраткер атағын әртістер де, дәрігерлер де, агрономдар да ала береді - бәрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері. «Қазақстанның халық әртісі» және «Еңбек сіңірген әртіс» атақтарын қайтару қажет. Қазіргі уақытта елімізде КСРО үш халық әртісі қалды - Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов және Әлібек Дінішев. Жақын арада сахнада мэтр мен жас талант қатар тұратын және екеуінде де бірдей «Еңбек сіңірген қайраткер» атағы болатын уақыт келеді. Яғни, ара салмақ жоғалып бара жатыр», - деп жауап берді Арыстанбек Мұхамедиұлы депутаттың көтерген мәселесіне орай.

Оның айтуынша, «Халық әртісі» және «Еңбек сіңірген әртіс» атақтары жоқ деп, АҚШ-ты үлгі ететіндер жетерлік.

«Бірақ, оларда «Грэмми» лауреаты, «Оскар» лауреаты, Пулитцер жүлдесі сынды өзге санаттар бар және осы марапаттар арқылы қоғамдағы елеулі тұлғаларға айналу мүмкіндігі бар. Бізде «Оскар» сынды беделді жүлде жоқ және енгізудің де қажеті жоқ. Біздегі санат басқа. Әрине, мәселе өзекті. Болашақта сіздердің қолдауларыңызбен бұрын болған құндылықтарды қайтара аламыз деген ойдамын», - деді министр депутаттарға.

Айта кетейік, Қазақстанның халық әртісі -  музыка мен хореография, театр мен кино, эстрада және цирк өнерін дамытуға айрықша үлес қосқан өнер иелеріне берілетін Қазақстанның құрметті атағы. 1920 жылдары белгіленген «Қазақ АКСР халық әртісі» атағы алғаш 1923 - 1924 жылы А.В. Затаевич пен Н.П. Анненқова-Бернарға, ал 1931 жылы Е.Өмірзақов пен Ж.Шанинге берілді. 1991 жылдан «Қазақстанның халық әртісі» деп аталды. 1999 жылдың шілде айынан бастап бұл атақты беру тоқтатылды.