ТҮРКИЯДА ӘСЕТ НАЙМАНБАЙҰЛЫ КҮНДЕРІ ӨТТІ

ТҮРКИЯДА ӘСЕТ НАЙМАНБАЙҰЛЫ КҮНДЕРІ ӨТТІ

ТҮРКИЯДА ӘСЕТ НАЙМАНБАЙҰЛЫ КҮНДЕРІ ӨТТІ
ашық дереккөзі
Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасындағы тапсырмаларды орындау мақсатында қазақтың белгілі ақыны Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойы Түркияның ең үлкен қаласы Ыстамбұл мен астанасы Анкара қаласында аталып өтті. Атақты ақын, әрі сазгер, әрі әнші Әсетке арналған бұл шараларды Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ұйымдастырды.  width= Анкарада жүзеге асқан шараға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай және Етимесгут ауданы мэрінің орынбасары Аладдин Сонат қатысып, Әсет шығармашылығының екі ел достығы үшін маңызы туралы әңгімелеп берді. Елші Абзал Сапарбекұлы өз сөзінде: – Әсет Найманбайұлы –  негізінен айтыс ақыны. Ол Ырысжанмен, Әріп, Бақтыбай, Кәрібай, Қали, Сәмет ақындарымен және Мәлике қызбен айтысқан. Әсеттің «Салиха-Сәмен», «Ағаш ат», «Перизат», «Үш жетім қыз», «Нұрғыман-Нағым», «Мәлік-Дарай», «Жұмсап», «Кешубай» атты қисса дастандары бар. Ол А.С.Пушкинның «Евгений Онегин» романын аударып, оны өзі қисса етіп жырлаған. Әсет мұраларының ішінде халыққа кеңірек тарағаны оның әндері. Ол Біржан сал, Ақан серіден дәуірлеген Арқа әнінің дәстүрін жалғастырып, дамыта түсті. «Кіші Ардақ», «Үлкен Ардақ», «Қаракөз», «Мақпал», «Інжу-Маржан», «Ырғақты», «Аққарагер», «Қаракөз», «Майда қоңыр», «Жалған-ай», «Сырмақ үйкер» сияқты әндердің авторы. Ол Сарыарқаның ұлы перзенттері Біржан сал Қожағұлұлы мен Ақан сері Қорамсаұлының ақындық өнер дәстүрін жалғастырып, әрі қарай дамытты. Сонымен бірге өз өлкесі әндерінің Жетісуда, Тарбағатайда және Алтайда кеңінен таралуына мұрындық болды, – деп атап өтті. Сонымен бірге, Тұңғыш Президент күні қарсаңындағы шараның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында жүзеге асып отырғанына баса назар аударды. Әсет Найманбайұлының шығармашылығы туралы конференцияда қазақ елінен арнайы шақырылған қонақтар – ақынның немере інісі Бақытбек Сыздықов «Әсет Найманбайұлының өнер мектебі», филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов «Әсет –  түркі дүниесіне ортақ тұлға», ақын Серік Ақсұнқар «Алашқа  Ақсораңнан  жол  шығарған…», филололгия ғылымдарының кандидаты, доцент Бибіғайша Темірбаева «Әсет шығармашылығының өміршеңдік мұраты» атты баяндамалар жасады. Концерттік бағдарламада Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Амантай Жұмашев, Астана филормониясының әншісі Нұрай Танабаев, күйші Ержан Арқабай, айтыс ақыны Бекарыс Нұриман секілді өнерпаздар  әнші-композитордың туындыларын орындап, қазақ диаспорасының ыстық ықыласына бөленді. Ыстамбұл қаласындағы кеште Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас Консулы Еркебұлан Сапиев, ТҮРКСОЙ-дағы Қазақстан өкілі Асқар Тұрғанбаев, Ыстамбұлдағы Қазақ білім беру және зерттеу қоғамының президенті Серкан Дінчтүрк, профессор Әбдуақап Қара, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай сөз сөйледі. Соңынан қатысушыларға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының сертификаттары мен кәдесыйлары таратылып, Әсет Найманбайұлы  қоры шығарған мерекелік медаль тапсырылды.