Жаңалықтар

Астанада екі жаңа базар бой көтереді

ашық дереккөзі

Астанада екі жаңа базар бой көтереді

Елорданың сол жағалауында заманауи үлгідегі сауда алаңы, яғни үлкен базарлар салынады. Бұл жоба туралы "Елорда тынысы" радиохабарында "Astana" ӘКК ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Канкин мәлімдеді, деп хабарлайды Елорда инфо. Радиохабардың кезекті қонағы болған "Astana" ӘКК ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Канкин мен "Kazakh Invest" ҰК" АҚ өңірлік директоры, Астана қаласы әкімінің инвестиция жөніндегі кеңесшісі Мәдина Көкбаева инвестициялық климат тақырыбын қаузап, елордадағы жүзеге асып жатқан және болашақтың еншісіндегі бірқатар жоба жайлы әңгімеледі. "Astana" ӘКК ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Канкиннің айтуынша, Астананың сол жағалауында екі базар салынады. Бұл жобаға арналған жер де дайын көрінеді. — Жалпы, Астанадағы базарлар оң жағалаудағы бір маңда орналасқан. Олардың барлығы бұрынғы, яғни Кеңес заманының стилінде салынған. Әрі онда арнайы бару үшін көп уақыт керек. Сонымен қатар сол маңайда көлік кептелісі де жиі болады. Осындай жайсыздықтарды болдырмас үшін елорданың сол жағалауының екі бөлігін қамту жоспарлануда. Мысалы, екі базардың бірі Қорғалжын тас жолының бойында, Қараөткел (Ильинка) маңында салынуы мүмкін, — деген Б.Канкин жыл соңына дейін 5 жобаны аяқтау жоспарда тұрғанын атап өтті. Ал Мәдина Көкбаева алдағы уақытта елордада халықаралық деңгейдегі аурухана мен балабақша, мектеп салынатынын жеткізді. — Шетелдік инвесторларды тартудағы басты мәселе – осы, яғни аурухана, балабақша, мектеп. Инвесторлар да біздің елге келмес бұрын ең әуелі осы мәселені сұрайды. Өйткені олардың отбасына барлық жайлылық қажет. Шетелдіктер бұл жағына баса мән береді. Сондықтан заман талабына сай, халықаралық деңгейде қызмет көрсететін медициналық мекеме, білім беру орталықтары бой көтереді деп жоспарлап отырмыз, — дейді М.Көкбаева.