Жаңалықтар

Ақтөбелік жүргізушілер газ таппай сенделуде

ашық дереккөзі

Ақтөбелік жүргізушілер газ таппай сенделуде

Ақтөбеде сұйытылған газ тапшы. Соңғы екі-үш күннен бері қаладағы газ құю бекеттеріндегі ұзын-сонар кезектің ұшы-қиыры көрінбейді. Кезек күтіп, әбден жүйкесі жұқарған халықтың шыдамы да таусылып барады.Бұл туралы 31 арна хабарлады. Нұрлан Рахметов соңғы жеті жылдан бері автокөлігін арзан әрі үнемді деп газға ауыстырған. Алайда қалада жиі болатын газ тапшылығы шаршатты, сұйытылған газ өзіміздің жерімізден шықса да жарытпай қойды деп ашулы. Билік басындағылар кезінде бәрімізді жаппай газ тұтынуға шақырды да, енді келіп халықты сабылтып қойды дейді. “Үкімет басындағылар, облыс басшылары не қарап отырғанын мен түсінбеймін. Мына қарапайым халықтың жағдайын ойламаса несіне отыр? Мен оларға таң қаламын. Еще миллиондаған ақша алады. Бензинді көтерді, газды көтереді, сонда қарапайым халыққа жағдай жоқ ешқандай”, – дейді Нұрлан Рахметов. Ал биліктегілер болса осы қараша айына энергетика министрлігінен облысқа 8200 тонна газ бөлінгенін айтады. Алайда қор жетпей жатқан көрінеді. Оған автокөліктеріне газ қондыратындардың саны күннен күнге өсіп отырғандығы себеп дейді. “Қазан айының 20 – сы күні біз қараша айына сұйытылған газ көлеміне тапсырыс бердік. Ол кезде бізде газ қондырған автокөліктің саны 36 148 болды. Ал қараша айында бұл көрсеткіш тез өсіп кетті. Яғни тек бір айда 721 автокөлік газға көшкен. Осыған орай сұйытылған газды тұтынатындардың да саны артты”, – дейді Ақтөбе облысы кәсіпкерлік басқармасы сауда бөлімінің басшысы Майя Бименова. Желтоқсан айының бірінен бастап облыстағы сұйытылған газ тапшылығы тұрақталады деп отыр.  Өйткені күні ертең «СНПС-Актобемунайгаз» 12 вагон, басқа зауыттардан 200 тоннаға жуық сұйытылған газ келеді деген болжам бар. Биліктегілер бұл тапшылық бағаға еш әсер етпейді  және алдағы айда тапшылық болмайды деп сендіреді. Айтуларынша  облысқа желтоқсан айына он мың тоннаға жуық газ қоры бөлінген.