Денсаулық саласына триллион теңге инвестиция қажет
Денсаулық саласына триллион теңге инвестиция қажет
Қазақстандағы денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымына триллион теңге инвестиция қажет. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Соңғы жылдары мемлекеттің елеулі инвестицияларына қарамастан, денсаулық сақтау саласының көптеген нысандары сапалық және физикалық жағынан ескіріп бітті. Әйтсе де, даму деңгейі бізбен шамалас елдермен салыстырғанда, еліміздегі аурухана төсегі жеткілікті. Демек, біз қымбат стационарлық мүлікті тиімді қолдана алмаймыз. Медициналық техникаға келер болсақ, айтарлықтай инвестиция салдық, барлық халықаралық технологиялар бізге қолжетімді. Бірақ, техника сапалық тұрғыда тез ескіріп қалады", - деді министр Астанада өтіп жатқан "ҚР денсаулық сақтау саласына инвестициялар" атты халықаралық форумда.
Біртанов өткен жылдары барлық өңірге бір уақытта медициналық техника сатып алынғанын және қазір барлық техниканың бір уақытта ескіргенін, оны ауыстыруға көлемді қаражат керектігін баса айтты.
Ведомство басшысының айтуынша, қазіргі инфрақұрылымның жұмысын ең төменгі стандарттар бойынша ұстап тұру үшін денсаулық сақтау саласына шамамен триллион теңге инвестиция қажет.
Одан бөлек, министрдің мәлімдеуінше, аурухана секторын да көпбейінділікке ауыстыру қажет.
Оның пікірінше, аталған мәселелерді шешу үшін денсаулық сақтау нысандарын сатумен айналысып қана қоймай, денсаулық сақтау жүйесіндегі жеке сектор үлесін өзге де жолдармен көтеру керек.