Жаңалықтар

Тарихи орындар қайта жаңғырмақ

ашық дереккөзі

Тарихи орындар қайта жаңғырмақ

  Оңтүстік Қазақстан облысы – республикадағы орта ғасырлық қалалардың орналасуы, көлемі жағынан алдыңғы орында. Жақында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдегі аудан, қалалар бір концепция арқылы даму керек екенін жеткізді. Алдағы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының тарихы қайта жаңғырмақ. Руxани жаңғыру бағытына сәйкес, туризмді дамыту және тариxты таныту мақсатында өңірде, өткен ғасырларды сипаттайтын орындарды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Мемлекет басшысының рухани жаңғыру мақаласынан кейін, тарихымызға құрметпен қарайтын уақыттың жеткенін айтқан аймақ басшысы: «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша және архитектуралық шешім мен жалпы туризмдерді көбейту, тарту концепциясы бойынша Оңтүстіктің өзінің бет-бейнесі болуы қажет. Ол қалай болу керек? Әр жерде әр түрлі болмауы керек. Яғни, Оңтүстік өңіріне келгенде сол орта ғасырлық қазақ даласының, қазақ архитектурасының, қазақ үйлерінің және тұрмысы мен өмірінің иісі шығып тұруы тиіс. Бұл жағынан бізде ескерткіштер жеткілікті. Енді, бәріміз бірлесе сол дүниелердің тарихи қалпын бұзбай ретке келтіру жұмыстарына жұмыла кірісуіміз керек», – деді облыс әкімі Ж.Түймебаев. Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының мүшелері мен қоғамдық пікір кеңесшілері және белгілі сәулетшілердің басы қосылған кеңес мүшелерінің жиынында «Ескі қалашық» мәдени орталығындағы «Арбат» жобасы, «Ордабасы» мемориалдық тарихи-мәдени кешенін абаттандыру мен Үш бидің ескерткіші, «Флагшток» жобасы, «Қазығұрт – Кеме қалған» тарихи-мәдени кешенінің жобасы сынды 8 архитектуралық жоба қаралды. Мәжілісте кеңес мүшелері сәулетшілер ұсынған Ордабасы тауында орнатылатын Үш бидің ескерткішінің макетін және Шымкенттегі ескі қала орнының аумағында археологиялық парк-музейі, ашық аспан астындағы музей құру жобасын, сонымен бірге Қазығұрт тауын тарихи-мәдени орталыққа айналдыру бағытындағы жобаларды қызу талқылап, өз ұсыныстарын білдірді. Сонымен қоса, сәулетшілер Шымкент қаласы – 2020 жылы тәуелсіз мемлекеттер достастығының мәдени орталығы деген атаққа ие болатынын, сол жылы қаланың 2000 жылдық тарихы аталып өтілетінін де қаперге салды. Тағы бір жағымды жаңалық, Шымкент «Жібек жолы» номинациясы бойынша әлемдік мәдени мұра тізіміне кірмекші, Бүгінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Қасиетті Қазақстан» республикалық орталығына облыстан 104 нысан ұсынылды. Қазіргі таңда республика бойынша 100 нысан іріктелініп алынса, оның ішіне Оңтүстік Қазақстан облысынан 23 нысан енген. Қалған 81 тарихи-мәдени ескерткіш жергілікті маңызы бар киелі жерлердің тізімінде.