«Алаш» аманатына адалдық
«Алаш» аманатына адалдық
ХХ ғасыр қазақ халқы үшін қиын кезең болды. Осы уақытта халқымыздың басына түскен бодандық қамытынан құтылу мақсатында зиялы қауым өкілдері қолдан келгеннің бәрін істеді. Қазақтың ұлт, халық ретінде аман қалуы үшін міндетті түрде рух биіктігі керек екенін түйсінген зиялылар осының бәрін ұйыстыратын белгілі бір құрылымның қажет екенін жақсы білді. Осындай өмір қажеттілігіне орай, қоғамдық, тарихи қажеттіліктер негізінде Алаш қозғалысы, «Алаш» партиясы, сәл кейінірек «Алашорда» үкіметі дүниеге келді. Содан бері бір ғасыр уақыт өтті. Биыл қазақ жұрты Алаштың 100 жылдығын тойлап отыр.
Алаш қозғалысы ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының елді еркіндікке жеткізу, қазақ халқына бостандық әперу жолындағы ерен еңбек, ауыр күрес нәтижесінде дүниеге келген, ұлт болып тұтасу идеясын көтерген әлеуметтік-саяси ірі қозғалыс болды. Алаш қайраткерлері қаншалық тырысса да, тарихи жағдайдың ақыры Кеңес Одағының қолтығына кіруге мәжбүрлегені белгілі. Коммунистердің күшеюі мен қарулы күштерінің көптігі – «Алаш» автономиясы басшыларын олармен ымыраласуға итермеледі. Ақырында Автономиялы республика ретінде одаққа кіруге келісті. Бұндай қадамға халықты соғыс пен ашаршылыққа ұшыратпау үшін де барған еді. Кеңес билігі әбден нығайып алғаннан кейін, Алаш қайраткерлерінің нысаналы мақсаттарынан тіксінді. Олардан құтылудың қамына кірісті. Сонымен 1930 жылдан бастап қуғынға ұшыратып, түрмеге тоғытты, атты. Алайда Алаш ізбасарлары бәрібір, ашық және жасырын түрде күресті жалғастырып отырды. Ақыры Алаш ұрпақтары аталарының армандаған бостандығының қуанышын да көрді.
Әке жолын жалғаған Дина Мұхамедхан
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен азаматтарды құрметтеуіміз керек. «Алаш» қайраткерлері қазақтың аңсап күткен бостандықты патшаның тақтан құлауы әкеледі деп күткен еді. Бірақ олай болмады. Ұлттық идея үшін адамдар өмірін қиды. Бірақ олар тәуелсіздікке деген ұмтылысымызды одан әрмен күшейте түсті. Бұл бақытты күнге жету – бүгінгі ұрпақ еншісіне бұйырды. «Алаш» аманаты, ол – өзіміздің тарихи-мәдени бірлігімізді сақтау. «Алаш» аманаты – келісімді сақтау және нығайту болып саналады», – деген болатын. Тарихтың тереңінен орын алған «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 100 жылдығы еліміздің түкпір-түкпірінде аталып жатқанын бұған дейін де жаздық. Бұл ретте Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен оңтүстік астанада өткен шаралардың орны ерекше екендігін атап өту қажет. Тарихи маңызы зор оқиғаға орай Алматы қаласында сан түрлі саяси әрі мәдени шаралар болып өтті. Алматы қаласында «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған шаралардың біразына мұрындық болған, Алаштың соңғы тұяғы саналатын Қайым Мұхамедханов атындағы Білім мен мәдениет орталығы қоғамдық қоры. Аталмыш қоғамдық қордың жетекшісі, Қайым Мұхамедхановтың қызы Дина Мұхамедхан биылғы жылы Алаштың 100 жылдығына орай бірқатар маңызды шаралардың ұйытқысы болды. Мәселен, Қайым Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет орталығы қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласының оқушылары Алаш зиялыларының сирек қолжазбаларымен, суреттерімен танысты. Қор директоры, профессор Дина Мұхамедханның айтуынша, Алаш қайраткерлерінің тарихын білу өскелең ұрпақты рухани жаңғыру жолында тәрбиелеудің бір тетігі. Бұл танымдық шараның жалғасын табуына Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасы атсалысты. Шараның басты ұйымдастырушысы Дина Мұхамедхан Алаш зиялыларының әрқайсысының тарихын, өмір жолын білу ұрпақ санасын рухани жаңғырта түсетінін, олар жайлы әрбір қазақ азаматы білуге тиісті екендігін атап өтті. Айта кетейік, Алаш қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхамедханов бала күнінде алты Алашқа аты мәлім тұлғаларды көріп өскен. Әкесі ғалым болғандықтан оның үйіне ұлтжанды азаматтар жиі келетін. Оның әкесі «Сарыарқа» мен «Абай» газеттеріне демеушілік көрсеткен меценат Мұхамедхан Сейітқұлов. Ол әдеби мұраларды сақтап қалуға көп үлес қосқан екен. Бұл туралы Дина Қайымқызы: «Менің әкем, ғалым Қайым Мұхамедханов Алаш зиялыларының белгісіз суреттерін жинап, олардың аттарын жазып, еңбектерін төте жазудан аударып, еңбектеріне комментарий жазып отырған. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының бүгінгі ұрпақтарын тауып, өмірбаянын жазып қалдыру оның басты мақсаты болған. Сирек деректер ел ғалымдарына осы бір тарихи ақтаңдақты анықтауда өлшеусіз ықпал етті», – дейді. Дина Мұхамедханның әкесі Қайым Мұхамедханов дәстүр сақтаушы, Абай, Алаш қайраткерлерінен тәрбие, дәріс алып, кеңес заманының түрме-лагерлерінен өтсе де, мойымай, отаршыл билікке бас имей, еліміздің тәуелсіздігіне дейін жеткен қазақ зердеуи дәстүрінің нақ өзі. Расында да, Алаш дәуірі кеңес дәуірінен бөлек, ол қазақ еркіндігінің соңғы дәуірі, кеңес дәуірі қазіргі нарық заманынан мүлде бөлек, ол идеология дәуірі, қазіргі тәуелсіздігіміз аяққа жаңа тұрып келе жатқан мемлекеттің жемісі, міне, Қайым Мұхамедханов осы кезеңдердің бәріне қазақтың ұлттық құндылықтары биігінен қараған. Ал оның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов – Алаш қозғалысы қайраткерлерінің бірі, білімді және жас Мұхтар Әуезовке және көптеген өзге зиялыларға қамқорлық жасаған мәдениет меценаты 1937 жылдың 2 желтоқсанында атылып кеткен. Ата мен әке алдындағы перзенттік борышын өтеуге тырысқан Дина Мұхамедхан «Әке мен бала – Мұхамедхан Сейітқұлов пен Қайым Мұхамедханов – Отан патриоттары» атты кітапты жарыққа шығарды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың бағыттарына толықтай жауап беретін адамгершілік құндылықтардың дәріптейтін еңбектің тағылымдық маңызы зор. Жаңа туындыны оқырмандарға таныстыру үшін сөз алған «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қорының директоры, профессор Дина Мұхамедхан кітаптың мақсатын, алаштың екі азаматы – әке мен баланың ел игілігі үшін жасап кеткен ұлан-ғайыр іс-әрекеттері туралы, кітапқа енгізілген суреттер мен мұрағат материалдары туралы ойларымен бөлісті. Сонымен бірге, «Алашордашылар және олардың халыққа қызметі» деген атаумен жоғары оқу орны студенттерімен кездесу өткізілді. Бұл шараға 700-ге жуық студент жастар қатысты. Кездесу кезінде студенттер алаштықтардың өмірі, қызмет жолы, саяси көзқарасы мен азаматтық ұстанымы жайлы көп мәліметпен қанықты.«Алашордашылар және олардың халыққа қызметі»
«Алашордашылар және олардың халыққа қызметі» деген атаумен бастау алған шараның жалғасы қазан айында Алматы қаласында өтті. Қайым Мұхамедханов атындағы Білім мен мәдениет қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен кезекті шара – ғылыми-тәжірибелік конференция. Конференцияны қоғамдық қор Алматы қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткізді. Конференцияға қатысушылар Алаш қозғалысының көсемдері мен қайраткерлері – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Ғаббасов, Отыншы Әлжанов, Мұхамедхан Сейітқұлов және т.б. ұлтына қызмет ету үлгісін негізге ала отырып бүгінгі қоғамның рухани жаңғыру мәселесін қарастырды. Конференцияға қатысушылар Шығыс Қазақстан облысы және Семей қаласының тарихи-өлкетану мұрағаттарынан, ҚР Орталық музейінен және Қайым Мұхамедхановтың жеке архивінен алынған алашордашылардың өмірі мен қызметінен сыр шертетін құжаттар мен фотоматериалдар көрмесімен танысты. Басқосуда Ахмет Байтұрсынов, Асылбек Сейітов, Қошке Кемеңгеров, Отыншы Әлжанов, Төребек Османовтың асылдың сынығындай, тұлпардың тұяғындай бүгінгі ұрпақтары Айман Байсалова, Клара Сейітова, Гүлнар Кемеңгерова, Гүлфариза Отыншиева, Дариға Османова жиналған қауым ортасында өз естеліктерімен бөлісті. Ал алашордалықтардың халыққа сіңірген еңбектері жайлы баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова: «Алаш қайраткерлерінің ізбасары болған Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сынды ұлы тұлғалар Кеңес Үкіметі тұсында өз ұстаздары туралы шындықты ашық айта алмады. Бірақ Мұхтар Омарханұлы өзінің соңынан ерген жас шәкірті Қайым Мұхамедханұлын Абайтануға баулып, Абай арқылы Алаш идеясын көтерген Әлихан, Ахмет бабаларымыздың мұрасын келешек ұрпаққа жеткізуді аманаттады», – деді. Конференция барысында Дина Мұхамедхан қазіргі қоғамның рухани жаңғыруына қатысты мәселелер қозғалғанда Алаш қайраткерлерінің мұрасына да тереңірек үңілу керектігіне тоқталды. «Халқымыздың рухани жаңғыруы – тарих бетіндегі көмескі тартқан шындықтардың бүгінгі ұрпақ санасына қайта тоқылуы. Осы тұста Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Ғаббасов, Отыншы Әлжанов, Мұхамедхан Сейітқұлов, Әлімхан Ермеков сынды Алаш қозғалысының көшбасшылары мен қайраткерлерінің халқына сіңірген еңбегін қастер тұтып, оларды жадыдан шығармауымыздың өзі – рухани жаңғыру жолындағы басты міндетіміз. Кеңестік билік арыстарымыздың аты-жөнін де, олардан қалған барлық естелік-мұраларды да жойып, мүлдем ұмыттырып жіберуге қанша тырысқанымен, олардың Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханов сияқты ізбасарларының арқасында халқымыз Алаш рухымен қайта қауышты», – деген болатын Дина Қайымқызы конференция жұмысында. Жиын барысында Алаш қозғалысы қайраткерлері мен көшбасшыларының халқымыздың тарихы мен мәдениеті, саяси өмірі мен шаруашылығы, ел тәуелсіздігі туралы өткен ғасырдың 20-шы жылдары баспасөз беттерінде, әдеби-публицистикалық шығармаларында жазып қалдырған, бүгінгі өмірімізде де өз мәні мен мағынасын жоймаған тұжырымды ой-пікірлері, таңдамалы дәйексөздері топтастырылған «Алаш ұлағаты» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Жалпы көпшілікке, тәрбиешілер мен оқытушыларға арналған бұл шағын әрі құнды кітапты «Қайым Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет орталығының» бастамасымен тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Амантай Исин құрастырған. Кітап Алаш қайраткерлерінің баспасөз беттерінде, әдеби-публицистикалық шығармаларында ел мен жер, мәдениет пен тарихқа қатысты жазып қалдырған ой-пікірлерін қамтиды. Баспа өнімі Алаш қайраткерлерінің өмірі мен еңбектерін насихаттауға да ықпал етпек. Туынды 2 мың данамен жарық көрді. Бұл кітапқа қатысты Дина Мұхамедхан: «Рухани жаңғырудың бір бағыты – тарихтың шынайы беттерін парақтай отырып, өткен күндерді зерделеу. Туған елдің патриоты болған азаматтардың есімін дәріптеу. Еңбектерін ұрпақтан-ұрпаққа мирас ету. Кітаптың жарық көруіне қолдау көрсетуді Алаш қозғалысының 100 жылдығы аясында өзіміздің парызымыз деп санадық», – деген пікір білдіріп отыр. Мұндай шаралар елдің дәстүрін дәріптеп, рухани жаңғыруды негізге алды. Ұлт тарихын, демократияшыл мемлекеттің негізін қалаушылардың бірі ретінде Алаш зиялылары ұлт жадында мәңгі сақталатыны сөзсіз.