Жаңалықтар

Тілдік мұраны сақтау – ұлы мақсат

ашық дереккөзі

Тілдік мұраны сақтау – ұлы мақсат

  «Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры» деген  ұранды ұстанған қазақ халқы ғасырлар бойы елі мен жерін, діні мен тілін  сақтап қалу жолында талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді.  Өйткені ана тілі мәселесі – сол тілде жасаған, жасап келе жатқан халықтың  өткені мен бүгінгісін таразылай отырып, болашағын танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәселесі. Елдіктің негізгі шарттары, түптеп келгенде мемлекет тілінің, ұлт рухының көтерілген биігімен өлшенеді. Ата-бабамыз мұраға қалдырған ана тіліміздің мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілу жолын сөз еткенде, тарихты айналып өтуге болмайды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді», – деген ескерту айтқан болатын. Дегенмен, «Үш тұғырлы тілдің» мәнін, маңызын, халық пен болашақ ұрпаққа беретін үлкен пайдасын кейбіреулер ұғына алмауда. Әйтсе де, Елбасы 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететініне кепілдік беріп отыр. «Үштұғырлы тіл» идеясының үшінші құрамдас бөлігі – ағылшын тілін үйрену. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру дегеніміз – ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу деген сөз. Ең бастысы, ағылшын тілін білу – бұл іскерлік қарым-қатынас жəне əлемнің кез  келген нүктесінде бизнеспен айналысу үшін міндетті талап. Қазақстандықтардың ағылшын жəне басқа да шет тілдерін оқып-үйренуіне жəрдемдесу үшін колледждер мен жоғары оқу орындарында шет тілінің болашақ оқытушыларын оқыту жүйесі мен процесіне қойылатын талаптарды күшейту керек. Сонымен қатар, жаратылыстану мен математиканы ағылшын тілінде оқытатын оқытушыларды дайындау, шетелдермен тəжірибе алмасу, шет тілдерде сөйлейтін мамандарды тарту саласындағы ынтымақтастықты жандандыру, арнайы орта жəне жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларын шетелдерде тіл үйрену мен тəжірибе жинауға жіберу сияқты бірқатар іс-шараларды жүзеге асырған жөн. Біздің елімізде «Үш тұғырлы тіл» саясатынан бөлек, еліміздегі әрбір ұлыс өз тілдерін еркін меңгеріп, өз тілдерінде сөйлей алады. Бірақ үш тұғырдың қатарына төртінші, я болмаса бесінші болып орналаса алмайды. Әрбір ұлттың ана тілдерінде еркін сөйлеуі Қазақстандық демократияның айқын көрінісі. Біз осындай демократияның арқасында ғана әлемге танылып, жер жүзінде бейбітшілік үстемдігін жасай  аламыз. Билік үш тілді үйрену, қолдану аясын бір сызықтың бойына емес, үш сызыққа, әрқайсысының өз орнын көрсететін саясат жүргізіп, мемлекеттік тілдің бірінші болып дамуын қадағалайды. Үш тұғырлы тіл арқылы ғана Қазақстан тілдік саясаттың оң нәтижесін көре алады. Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте жұмыс бабында қолданылатын тілге, басшының сөйлеу тіліне айналуы үшін билік аянбай еңбек етіп келеді. Жалпы алғанда, тілдерді меңгерудің тиімділігін сөз еткенде біз бұл жұмыстың жүйелі түрде жетілдірілуіне батыл қадам жасағанымыз жөн. Əсіресе инновациялық əдістерді іздеуіміз қажет. Мысалға, əрбір облыста үш тілге бірдей оқытатын мамандандырылған орталықтар ашып, оларды алдыңғы қатарлы технологиялармен қамтамасыз ету қажет сияқты. Түптеп келгенде, Қазақ­стандағы үштұғырлы тіл саясаты – бұл елімізді, оның əлеуетін одан əрі нығайтуға бағытталған тұтас тұжырымдама. Іс жүзінде тілдердің үштұғырлылығы идеясы бəсекеге қабілетті Қазақстанның ұлттық идеологиясының бір бөлшегі. Яғни, мемлекет əрбір қазақстандық үшін үш тілді білу –  əркімнің жеке дамуының міндетті шарты екендігін əрдайым есте ұстауды қалап отыр. Елбасы Қазақстан халқы Ассам­блеясының кезекті сессиясында сөйлеген сөзінде: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан əрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет», – деп тіл дамыту мəселесінің маңызын аша отырып, Үкіметке арнайы бағдарлама жасау жөнінде тапсырма берген еді. Бүгінгі міндет – сол Тіл туралы Заң мен Тілдерді қолдану жəне дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету. Ол үшін кəсіби қарым-қатынаста қазақ тілінде сауатты сөйлей білу – əрбір маманның алдына қойылар басты талап болуы шарт. Қазіргі таңда елімізде халыққа заңгерлік көмек көрсете алатын, қазақ тілінде еркін сөйлей білетін заңгерлерге, қорғаушыларға, тергеушілерге т.б. жəне халықпен тығыз қарым-қатынас жасайтын маман иелеріне де сұраныс көбейіп келеді. Сондықтан да, бүгінгі күні өзекті мəселелердің бірі кəсіби қазақ тілінде дұрыс сөйлей білумен қатар іс қағаздарын сапалы толтыра білетін мамандарды даярлау, олардың сөздік қорларын заң терминдерімен толықтыра түсу басты мəселелердің бірі. Тіл саясаты үш негізге сүйенеді. Ең бастысы – оның құқықтық негізін жасау, екіншісі – қоғамда тіл саясатын кеңінен насихаттау. Ал үшіншісі – үкімет тарапынан қаржылық қолдау. Еліміздің тіл саясатында осы үшеуі де ескерілген. «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» жобасында оның авторлары: «Бағдарламаны даярлау барысында 30-дан астам шет елдердің мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға байланысты мәселелерді құқықтық реттеудің тәжірибесі зерттелді», – дейді. Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының «Қазақ тілін оқытудың үздіксіз моделі» атты бағытында балабақша, мектеп, орта арнаулы оқу орны, жоғары оқу орны, жоғары оқу орнынан кейінгі дайындық деп ұласатын тізбесінде тіл үйретудің жалпымемлекеттік жүйесі қарастырылған. Қазіргі жағдайда мектептің бастауыш сыныптарында, орта, жоғары оқу орындарының бірінші курсында және ересек адамдарға арналған тілдік курстарда бастапқы деңгейінде тілді еркін меңгерудің алғышарты ретінде лексикалық және грамматикалық минимумы қалыптастырылу қажет. Қазақстанда шет тілдерінің ішінде ағылшын тілі ең танымал тіл болып отыр, зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың одан кейін түрік, қытай, неміс және француз тілдерін меңгеруге ден қоя бастағанын анықтаған. Сонымен қатар испан, итальян, чех, араб, корей және жапон тілдерін үйренуге ден қоя бастағанын зерделеген. Сондай-ақ, елімізде ресми түрде қолданылатын орыс тілін меңгеру деңгейін сақтау да ұмыт қалған емес. Өйткені, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас пен интеграциялық қызметтердің діңгегі. Біріккен Ұлттар ұйымының алты ресми тілінің қатарына кіретін орыс тілін меңгеруге бәсекеге қабілетті ұлттың кез келген өкілі ұмтылуы тиіс. Қазақ тілін оқытудың барлығы дерлік оқулықтар мен оқу құралдары тақырыптық, деңгейлік қағидатқа негізделген. Бірақ біз сол тақырыптар аясындағы, деңгейлер ауқымындағы қажетті сөздерді белгілі бір әдістемелік, ғылыми қағидаттар негізінде іріктеп алып жүрміз бе, әлде тиянақты таңдаусыз қамтып жүрміз бе деген сауалға жауап іздесек, онда оқулықтарымыз бен оқу құралдарымызда сөз таңдаудың қағидаттары ескерілмейтініне көз жеткізер едік. Егер тілдің жеке сөздерден тұратынын аксиома деп түсінсек, онда тіл үйретудің ең басты өлшемі де, қағидаты да, ережесі де қажетті сөзді таңдау болмақ. Осы тұрғыдан келгенде бұл оқу құралының басты мақсаты – ең алдымен, сала ғалымдарына, әдіскерлеріне, оқытушыларға ой салу. Бұл жобаны жетілдіру, дамыту, әдістемедегі осы қағидатты жалпының ұстанымына айналдыру – қазіргі қазақ тілін оқыту әдістемесіндегі негізгі міндеттердің бірі. Сондықтан өзіміз байырғы да бай, бейнелі деп жиі айтатын тілімізді ана тілін білмейтін қандастарымызға, мемлекеттік тілді білмейтін отандастарымызға дұрыс, тиімді жолдармен үйрете алсақ, онда еңбегіміздің ақталғаны. Тілді өркендету – баршаның ісі. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Қоғамда үштұғырлы тіл саясатын нығайту еліміздің негізгі басымдығы болып қала береді. Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Ұлтаралық келісім өзара жарасымын тапқан, тату елміз. Елбасымыз 2005 жылғы халыққа Жолдауында: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» – деп атап көрсеткен болатын. Демек, мемлекетіміздің Ата заңын сыйлайтын әрбір азамат ұлтына, тегіне қарамай, қазақша үйренуге міндетті. Осы ұстаным біздің темірқазығымыз болуы тиіс. Тіл – халықтың жан-дүниесі, рухани негізі мен ел еркіндігін, ұлттың ұлылығын танытатын басты күш, ұлт болмысын ұғындырып, жалпы жұртты төңірегіне топтастырушы, біріктіруші. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі деген жөн болар. Тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өзінің азаматтық міндетін атқарғанда ғана ол нәтижелі болатынына күн сайын көз жеткізіліп келеді. Қоғамда, әсіресе, мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейіп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар мен ұйымдар қоғамның жан-жақты салаларында оңтайлы әлеуметтік лингвистикалық кеңістікке қол жеткізу үшін жаңа қадамдар жасалуда. Басты мақсат – тілдік мұраны сақтау және қоғамдық өмірдің барлық саласында қазақ тілінің қолданылуын қамтамасыз етіп, оның барынша дамуына қол жеткізу.  

Назерке ОҢТАЛАП