Тау тұлғалары биіктей түскен
Тау тұлғалары биіктей түскен
Биылғы жыл тарихына тағзым ете білетін қазақ жұрты үшін айтулы жыл болды. Өйткені 2017 жылы қазақ халқының азаттығы жолында күрескен «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің құрылғанына 100 жыл толды. Мұндай мерейлі датаны атаусыз қалдыру қазақтың жері, тілі, діні үшін жанын құрбан қылған Алаш арыстарының ұрпағына сын болар еді. Сондықтан, бүкіл республикада «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 100 жылдығы аталып өтілуде.
Тарих толқынында тасқа қашалып жазылған Алаш қозғалысы ХХ ғасырдың басында орын алған әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени-рухани өзгерістер нәтижесінде дүниеге келді. Қазақ зиялылары тарапынан жалпыұлттық саяси партия құру әрекеті 1905-1913 жылдары бой көрсетті. Ұлт қайраткері, азаттық қозғалысының жетекшісі Ә.Бөкейханов пен оның маңайына топтасқан қазақ зиялылары ұлтқа бостандық алып беруге, тұрмыс жағдайын жақсартуға, елін өркениетке көтеруге арнаған қайраткерлік істері ұрпақ жадынан ешқашан өшпейді. Уақыт алға жылжыған сайын олардың жарқын да тау тұлғалары биіктей береді. Сондықтан, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 100 жылдық мерейтойы республика шеңберінде аталып өтуде. Әсіресе, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі саналатын Алматы қаласында айырықша тойланып жатқанын атап өткеніміз жөн. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен түрлі ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер мен алаштанушы ғалымдардың бас қосулары кейінгі ұрпақ үшін өнегелі шара болды. Алматы қаласында «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған шаралардың бірі әл-Фараби ғылыми кітапханасында өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының ұйымдастыруымен өткен ғылыми-тәжірибелік конференция «Алаш» қозғалысының және «Сарыарқа» газетінің 100 жылдығына арналды. «Алаш көсемсөзі – Рухани жаңғыру парадигмасы» деген атаумен өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияға ғалымдар, университет оқытушылары мен студенттер, ғылым жолына қадам басып келе жатқан жас ғалымдар қатысты.
Белгілі бір тарихи оқиғаларды зерттеуде, баға берерде сол кезде жарық көрген баспасөзге, онда жарияланған көсемсөзге жүгінбеу мүмкін емес. Өйткені ол сол кезеңнің шындығын, уақыттың үнін, тынысын айна-қатесіз жеткізеді. Сондықтан, Алматыда өткен «Алаш көсемсөзі – Рухани жаңғыру парадигмасы» атты конференцияда осы тақырыпқа баса назар аударылды. Аталмыш конференция жұмысы «Алаш көсемсөзіндегі «Мәңгілік ел» идеясы», «Алаш баспасөзіндегі экономикалық, әлеуметтік жаңғыру мәселелері», «Алаш баспасөзіндегі рухани-мәдени жаңғыру мәселелері», «Алаш қозғалысының мәлім және беймәлім қайраткерлерінің әдеби һәм көсемсөздік мұрасы», «Сарыарқа» газеті – Алаштың үні мен шежіресі» атты секциялар бойынша жүргізілді. Конференция барысында ұлттық баспасөз және тәуелсіздік, «Алаш» партиясы бағдарламасындағы саяси-әлеуметтік идеялар, Алаш баспасөзі һәм тіл мәселесі, Алаш публицистерінің батыстық көзқарасы, Алаш ардақтыларының прагматикалық көзқарастары, Ахмет Байтұрсынов публицистикасындағы ұлттық мәселелер, Алаш идеясының шетелдегі қазақтарға таралуы, Алашорда өкілдерін жас ұрпаққа насихаттау мәселелері қарастырылды.
Конференцияда сөз алған филология ғылымдарының докторы Кәкен Қамзин: «Алаш» қозғалысын айтқа кезде мына бір нәрсеге назар аударған жөн. Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың «Сәкен аялаған арулар» деген кітабы бар. Сонда мынадай концепциялық ой айтады: «Біз біреулерді сызып тастап, екіншісін соның орнына қоя алмаймыз. Бұл – тарих. Тарихта әркімнің өз орны бар». Расында да, солай. Біз Алашорда қайраткерлері туралы айтқан кезде осыны есте сақтауымыз керек. Мемлекет басшысы айтқандай, рухани жаңғыру тарихымыздағы ұлы тұлғаларды ардақтаудан басталады. Біз соны бүгінгі конференциямызда жүзеге асырып отырмыз», – деп атап өтті.
Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып «Ұлттық баспасөз және тәуелсіздік» тақырыбында баяндама жасады: Бауыржан Жақып өз сөзінде: «Алаштың бізге берген рухани қазынасы туралы айта берсек, шексіз ой-қозғау болмақ. Кезінде Алаш көсемдерінің атын атауға да болмайтын еді. Ал қазір Алаш әдебиеті болсын, көсемсөзі болсын, біздің рухани дамуымыздағы алтын кезең болып есептеледі. Мәселен, академик Рымғали Нұрғалиев осы Алаш әдебиеті қазақ әдебиетіндегі ең жарқын кезең екендігін дәлелдеп кетті. Оған Жұмат Шаниннің драматургиясы, кешегі Қошмұхамед Кемеңгеровтің «Алтын сақина» атты драматургиялық шығармасы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы дәлел. Мұның бәрі бір-бірімен сабақтасып жатқан дүние. ХХ ғасырдың бас кезіндегі көсемсөз туралы не айтуға болады? Алаш қайраткерлерінің осыдан бір ғасыр бұрын ойлаған ойлары, мақсаттары қандай болды? Ең басты мақсат – тәуелсіз қазақ елін құру болатын. Тәуелсіз қазақ мемлекетін құрып, әлемге таныту. Сол жолда барлығы күресті. Алаш қозғалысы туралы айтқан кезде осыдан 100 жыл бұрынғы 16 мың 500 адам қол қойған Қарқаралы петициясынан бастап жүрміз. «Алаш» партиясы өмірге келгеннен-ақ, ел болу үшін оның әскері, ұлттық баспасөзі, әдебиеті, территориясы болуы қажет екендігі туралы мәселелер айқын аңғарыла бастады. 1917 жылы құрылған «Алашорда» үкіметінің кез келген тәуелсіз мемлекетке сай барлық құқықтары болды. Бірақ уақытша өмір сүрді. 1917 жылдан бастап жер-жерде Кеңес өкіметі орнап, алаштықтардың идеясын тұншықтыра бастады. Алайда Ленинмен бірге Әлімхан Ермеков алғаш рет қазақ халқының территориясын жасады. Сондықтан, Алаш қозғалысының өкілдері тек қана газет шығарумен, мақала жазумен ғана айналысқан жоқ, олар бүгінгі қазақ елінің территориясын сызуға тікелей қатысты деуге толық негіз бар», – деген ой білдірді.
Одан әрі сөз тізгіні филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айгүл Рамазановаға бұйырды. Ғылыми-тәжірибелік конференцияны ұйымдастырушылардың бірі Айгүл Рамазанова 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін іле-шала Семей қаласында жарық көрген «Сарыарқа» газетіне кеңінен тоқталды. «Жалпы, Алаштың мерейтойын тойлау, Алаш қайраткерлерін зерттеп-зерделеу, Алаш автономиясының қарекеттерін бағалау – бүгінгі біздің басты міндетіміз, парызымыз. Осы Алаштың 100 жылдығымен қатар, «Сарыарқа» газетінің де 100 жылдығын атап өтіп отырмыз. Бұл газетке маусым айында 100 жыл толған. «Сарыарқа» газеті 1917 жылдың маусым айында жарыққа шыққан. Жалпы, «Сарыарқа» Ақпан төңкерісінен кейін шықты. Бостандықты, теңдікті ту еткен басылым. Газеттің ең алғашқы міндетті – уақытша үкіметті халыққа түсіндіру. Сол төңкеріспен келген саяси жағдайларды түсіндіріп, Семей облысындағы облыстық комитетінің мақсатын ұғындыру бағытында жұмыс істеген. Облыстық комитетте бізге белгілі Алаш қайраткерлерінің бәрі жұмыс істеген. 1917 жылы қараша айында Семейде «Алаш» партиясының бөлімі ашылады. Содан кейін газет Алаш тақырыбына қарай ойыса бастайды. Желтоқсан айында Орынборда Жалпықазақ съезі болады. Сол съезде Алаш автономиясы ресми болмаса да, «Алашорда» үкіметі құрылады. Ал соның уақытша мекені болып Семей қаласы аталады. Осыдан кейін «Сарыарқа» газетінің бүкіл тақырыбы Алашқа арналады. Алаштың барлық қаулы-қарарлары, «Алашорда» үкіметінің қарекеті, съездер, алдағы уақытта атқарылатын шаралардың бәрі «Сарыарқа» газетінде жарияланып отырды. Бір нәрсені ашық айту керек, «Сарыарқа» газеті – біздің тұңғыш саяси басылым. Онда бірлі-жарым ғана өлеңдер жарияланған. Сол өлеңдердің өзінің саяси реңкі басым. Мәселен, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Сарыарқаның жаңбыры», Ілияс Жансүгіровтің «Тілек», Сәбит Дөнентаевтың өлеңдері саяси реңкпен жазылған. «Сарыарқада» көп тақырыптар қозғалды: милиция құру, қару-жарақ, тағы басқа», – деді Айгүл Рамазанова.
Бұл жиынның тағы бір жаңалығы – қазақтың тұңғыш күлкі журналы «Шаншардың» араб және кирилл нұсқасындағы тұсау кесер рәсімі. 1925 жылы Ташкент қаласында жарыққа шыққан «Шаншарды» ҚазҰУ журналистика факультетінің PhD докторанты Алтын Ақынбекова бастамашы болып, араб қарпінен кирилл қарпіне түсіріп, қайта жарыққа шығарды. Белгілі ғалым Үшкілтай Сұбханбердинаның жетекшілігімен «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті», «Қазақ», «Айқап» басылымдарының кириллицаға түсірілген нұсқасы біраз ғылым салалары үшін ерекше құнды еңбек болғаны баршаға мәлім. Осы игілікті істі жалғастыру мақсатында журналистика факультетінің жасап жатқан жұмыстары да бағалауға тұрарлықтай. Айта кетейік, бұған дейін Алтын Ақынбекова 1918 жылы Семейде Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов шығарған басылым – «Абай» журналының жоғалып кеткен №12 санын тапқан болатын. Сөйтіп, журналдың соңғы №12 саны кирилл қарпіне аударылып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың қолдауымен «Қазақ университеті» баспасынан басылып, оқырмандарға ұсынылды.
«Шаншар» журналы туралы кезінде Мұхтар Әуезов мақала жазған болатын. Мұхтар Омарханұлының сол мақаласында: «Қазақтың аз да болса ілгері қарай басып келе жатқан өнер білімінің тұсында «Шаншар» мезгілімен шыққан журнал. Білімді елдің үлгісімен қазақ оқушысы аз танысқандай болып, осы күнде баспасөздің неше алуан түрлерін көріп келеді. Қазақ баспасөзі түр тауып молайған сайын оқушы да қалыптанып екшеле бермек. Бұрын біз қазақтың хат таныған баласының бәрі бірдей оқушы деп есептесек, осы күнде ондай көп оқушы бар деп санамаймыз. Бірақ оның есесіне саяси санасы артқан, сынап оқитын нағыз оқушы шыға бастады дейміз, бүгінгі шығып жатқан газеттер, журналдар мен пән кітаптарын көріп оқығаннан бері, әрбір жазылған сөздің құр ғана мағынасын ұғып қоюмен тоқтамай сынайтын да болып, ұнатқан түріне еліктеу, қостау да көбейіп келеді. Солардың санын көбейтіп боратып жазып та жүр еді. Біздің бұл күнде көпшілігіміз сондай көп жазушының етек алып жайыла бергендігін ұнатпаған да боламыз. Ол ұнатпау келе жатқан жастың өнерін, жақсылығын қызғанғандық емес. Көбінесе, қазақ әдебиеті, қазақтың жас өнері құр қарасын ұлғайтып, санын көбейте беруге тырыспасын, нені алса да талғап, таңдап алуды дағды қылсын, аз болса да нәрлі сөзді алатын болсын. Көп аламыш, дәнсіз болса, жас өнердің бойын өсірмейді дейміз», – делінген болатын. Қазақ баспасөзінің тарихында өзіндік орны бар бұл басылымның кирилл қарпіне аударылып, оқырман қауымның назарына ұсынылуы өте құнды еңбек болып отыр. Болашақ журналистер қазақ журналистикасының тарихымен танысқанда, «Шаншар» журналында жарияланған материалдарды оқып шығуға мүмкіндік алды.
Алаш арыстары көсемсөзде, ақындық өнерде, кәсіби маман ретінде де арттарында өшпестей із қалдырды. Олардың еңбектерін терең де түбегейлі зерттеу қазіргі күннің, бүгінгі жастарымыздың еншісінде. Өз заманындағы озық біліммен қаруланып, түрлі кәсіби маман иелері ретінде Алаш зиялыларының қай қырын алсақ та бүгінгі ұрпаққа үлгі, өнеге. Бұл ұлтымыздың жасампаздық рухын ояту үшін аса қажет.
Алмагүл ҚҰРМАНБАЕВА,
филология ғылымдарының
кандидаты