Еуропа: бір еуроға үй алатын елдер бар

Еуропа: бір еуроға үй алатын елдер бар

Еуропа: бір еуроға үй алатын елдер бар
ашық дереккөзі
Әдетте, бір теңге аш қарынды жұбатып, жүдеу көңілді тоғайтатын ақша саналмайды. Кейде жерде жатқан қара бақырды көтеруге ерінетініміз бар. «Бір теңге» деген жазу бедерленген бақырды еңкейіп алатынымыз оның ақшалай құндылығынан емес, бар болғаны тәуелсіз Қазақстанның елтаңбасына деген құрметтен екенін несіне жасырамыз? Ал экономикалық сауаттылыққа салсақ, «теңге тиыннан құралады» деген қағида бар, бірақ бір теңге экономикалық құндылыққа ие болып, оны аз дегенде бір бөлке нанға айырбастау үшін мұндай қара бақырдың бір уысы керек. Ұлттық валютаның жадағай күйін осыдан-ақ аңдай беріңіз. Ал дамыған елдерде ше? АҚШ-та бір долларға өмір сүруге бола ма? Ұлыбританияда бір фунт стерлингке не алуға болады?

АҚШ-та бір долларға  не алуға болады?

Дүкенде сауда жасағанда, қалдық ретіндегі бір теңгелік ұсақты алғымыз келмейтіні де рас. Әр валютаның өз еліндегі абырой-беделін осындай тұрмыстық мысалдардан-ақ көруге болар. Әйткенмен бір доллар, бір фунт, бір еуроның күнделікті өмірдегі шын бағасын нақты деректермен анықтап бергенді жөн көрдік. Сонымен, егер АҚШ-қа саяхат жасасаңыз, қалтаңыздағы бір долларды қалай жаратуға болады деген сұрақтан бастайық. Расында, ғаламтор кеңістігінде дәл осы сұраққа жауап беретін интернет-парақшалар өте көп. Яғни, өз тәжірибеңіз аздық етсе, көпті көргендердің ақыл-кеңесіне құлақ түріңіз. Соның бірі «Бір долларға сатып алуға болатын 40 зат» деп аталса, тағы бірі «Бір долларға сатып алуға болатын 100 зат» деп аталады. Сонымен, Нью-Йоркта сіз бір тілім пицца алып, қарын жұбата аласыз. Немесе бір сусабын әлде арзан сыра сатып алуға, керек болса, 4x6 пішіндегі сурет шығарып алуға болады. Бір тал электр шамы, бір апельсин, бір блокнот, қалам немесе бір қорап қарындаш, тіпті кейбір кітаптар да осы бағаға саудаланады. Ең абзалы, бір долларды садақаға беріп, Үндістандағы бір отбасының бір мезгіл (бәлкім, бір күндік) тамақтануына жұмсасаңыз, ең үлкен сауапқа кенелесіз. Бір долларлық садақа жайында http://www.1dollaraday.org/ немесе http://www.onedollarnation.org/ сайттарынан білуге болады. Америкаға біржола иммиграция жасауға ойыңыз кетсе, Детройт штатында бар болғаны бір долларға жылжымайтын мүлікке инвестиция жасауға мүмкіндік бар. Сенбесеңіз, өзіңіз оқып көріңіз: http://www.businessinsider.com/detroit-houses-for-1-dollar-2012-2?IR=T#a-lot-from-a-demolished-house-on-cloverdale-st-1 Бір долларға талай нәрсе алуға болатыны жайлы басқа да ақыл-кеңестер мына сілтемеде: http://www.businessinsider.com/40-things-you-can-buy-for-a-dollar-2012-7?IR=T#a-new-razor-every-month-with-the-dollar-shave-club-1

Британияда бір фунт – байлық

Британиядағы соңғы үш жылда байқағанымыз, фунт стерлинг өз елінде құнын да, қадірін де жоғалтпаған. Ашығын айтқанда, қалтасында бір ғана фунты бар адам мұнда аштан өлмейді. Себебі бір фунтқа таза бидайдан жасалған бір бөлке нан алуға немесе екі пинта сүт алуға, тіпті кейбір тәттілер немесе жеміс-жидек сатып алуға әбден болады. Ғаламтордағы «бір фунтқа сатып алуға болатын жүз зат» деген тақырыптағы жазбалардан көз сүрінеді. Соның бірінен мысал келтірсек, оған сіз өз таңдауыңызға орай бір бургер немесе газет, көкөністер мен жемістер, кітаптар, арзан әшекей бұйымдар, «Megabus» қалааралық автобустарына билет (күні бұрын алу керек), кеңсе заттары және тұрмыстық химия, тағы басқа толып жатқан ұсақ-түйек аласыз. Мына сілтемені тексеріп көріңіз: https://hubpages.com/money/100-Useful-Things-you-can-buy-withfor-a-Pound Бір фунттың мұнда байлық екеніне әлі сенбейсіз бе? Онда «Amazon» сайтына кіріп, бір фунттық түскі не кешкі асқа тапсырыс беріңіз: https://www.amazon.co.uk/One-Pound-Meals-Delicious-Food/dp/147224561X Мұны аз десеңіз, Ұлыбританияның барлық қалаларында «Poundland» атты дүкендер желісі бар. Аты айтып тұрғандай, мұндай супермаркетте азық-түліктен бастап, түрлі тәттілер, сусындар, тұрмыстық заттар, кейбір киім-кешек түрлері, үйге, бау-бақшаға қажетті құрал-саймандар, опа-далап, тұрмыстық химия заттары, кеңсе тауарлары – іздегеніңіздің бәрін бір фунтқа сатып аласыз. «Poundland» дүкені тұңғыш рет 1990 жылы ашылған екен, содан бері өзектілігін жоймаған. Сіз ойлағандай бұл кедейлердің дүкені емес немесе қолданылған заттар сататын орын емес, әдетте, жергілікті азаматтар да, шетелдіктер де жиі бас сұғатын ірі супермаркеттер желісі. Дәл осындай дүкендер желісі АҚШ-та да бар. Мұнда олар «Dollar Store» немесе «Dollar Tree» деп аталады. Яғни, сусын-тамақтан бастап тұрмыстық заттардың әрқайсысы бір долларға, кейде тіпті одан аз бағаға саудаланады. Сондықтан қалтаңызда соңғы бір доллар қалса, оны қажетіңізге жұмсауыңызға болады немесе көшеде тұрған қайыршыға берсеңіз де болады. Ол түгілі есік алдындағы швейцардың өзі бір доллар алуды арсынбайды, ал Британияда жол бойында отырған тіленші үйсіздер бір фунт түгілі, оны құрайтын қара бақыр тиындар – пенстерді қуана құп көреді әрі рахметін айтады. Айтпақшы, Еуропада «EuroStore» атты дүкендер бар, әйтсе де, мұндай дүкендер қазір онлайн жүйеге ауыса бастады, яғни бір ғана еуроға саудаланатын заттарға ғаламтор арқылы тапсырыс беруге жағдай жасалған.

1 еуроға Еуропада үй сатып алыңыз

Италияның астанасы Римнен бір жарым сағаттық қашықтықта Патрика атты елді мекен бар. Бір кезде үш мың адам тұрған елді мекенде қазір 38 үй қаңырап бос қалған. Теңіз жағалауынан бір сағаттық қашықтықта орналасқан осы ауылда бар болғаны бір еуроға үй сатып алуға болады. Жергілікті мэр елдімекенді сақтап қалу үшін осындай бағаға саудалап отыр. Бұл жердің байырғы тұрғындары, оның ішінде жастардың дені шетелге жұмыс іздеп, біржола қоныс аударғаннан кейін иесіз қалған үйлерді Италияның Сицилия, Сардиния, Тоскане, Абруццо және Пьемонте секілді басқа аймақтарынан да табуға болады. Әлбетте, бір еуроға үй сатып алу үшін оған жөндеу жұмыстарын жасауға, айналасын реттеуге қажетті қаражатыңыз бар екенін көрсетуге тиіссіз. Есесіне, мэр алдағы үш жыл бойы салықтан босатып, қажетті қағаздарды толтыруға қол ұшын беруге уәде етеді. Қаңырап қалған ескі үйлерді қалпына келтіру үшін шамамен 35 000 еуро жұмсауға тура келеді. Кепіл ретінде және құжат толтыруға жұмсайтын 11 000 еуро тағы бар. Ескі қоныстарды «елес кезген қалаларға» айналудан сақтау үшін итальяндықтар осындай таңғажайып ұсыныс жасап отыр. Расында, тұрғындары тастап кеткен бұл елді мекендердің дені жағалауға жақын, тұмса табиғаттың ортасында, кейбірі төбе басында орналасқан, яғни тарихи естелікке бай, өркениеттен алыс, тыныш мекен іздегендер үшін таптырмас орын. Бұл туралы толығырақ мәлімет мына сілтемеде: https://casea1euro.it/case-a-1-euro/ Осыған ұқсас ұсыныстарды Франция мен Бельгияда, Ұлыбританияның кей аймақтарынан табу қиын емес. Мысалы, Англияның Стаффордшир аймағында Кобридж қаласында жергілікті әкімшілік бос қалған үйлерді бір фунт стерлингке сатуға шығарған. Әлбетте, сатып алудың шарттары қатаң: сатып алушы ескі үйді сақтап қалуы және жөндеу жұмыстарына 30 мың фунт стерлинг төлеуі тиіс. Бұған қоса бес жылдың ішінде үйді қайта сатуға тыйым салынған. Ал Ливерпульдың Энфилд аймағындағы үйлер өте төмен бағаға сатылады. Ливерпуль қаласында тұратын және осы елдің тұрғыны саналатын кез келген азамат бір фунтқа жергілікті әкімшіліктен екі қабатты тарихи үйді сатып алуға хақылы. Осылайша, еуропалық билік өкілдері демографиялық және экономикалық дағдарысқа ұшыраған елді мекендерді біржола құрып кетуден сақтауға тырысып жатыр. Бастысы, еуропалықтар жылжымайтын мүлікке инвестиция салушылардың азаматтығына қарамайды, егер Италияға қоныс аударамын десеңіз, мына сайтты қарап көріңіз: http://explo-re.com/buying-a-house-in-italy-for-just-1e/ немесе https://www.propertyguides.com/italy/news/italian-house-one-euro/

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі бір доллардың құны

 Америкалық доллар әлемдік валюта болғандықтан оны кез келген елде қалауыңызша жұмсауға болатыны түсінікті. Бірақ әр елдің экономикалық жағдайына, елдегі инфляцияның деңгейіне байланысты бір доллардың құны әлемнің әр түкпірінде әр түрлі. Мысалы, Нью-Йоркта сіз бір долларға бір тілім арзан пицца ғана алатын болсаңыз, Малайзияда бұл ақшаға ұлттық тағамдардан тұратын түскі ас іше аласыз. Осы орайда, Африкада миллиондаған адам күніне екі доллардан аз қаражатқа күн көріп жүргенін тағы есіңізге саламыз. Сонымен, бір долларға сіз:
  • Нью-Йоркта – бір тілім пицца;
  • Париж – бір багеттe (нан);
  • Швейцарияда – бір алма;
  • Данияда – бір литр майсыз сүт;
  • Италияда – бір кесе капуччино кофесі;
  • Дубайда – бір жарым литр таза су;
  • Түркияда – үш литр су;
  • Филиппинде – екі стакан сыра;
  • Бразилияда – бір стакан апельсин шырыны;
  • Ресейде – бір келі алма;
  • АҚШ-та – екі банан;
  • Австралияда – бір қияр;
  • Швецияда – бір балмұздақ;
  • Перуде – бір келі манго;
  • Канадада – шағын қалтадағы сарымсақ;
  • Мароккода – екі «Сникерс» шоколады;
  • Сингапурда – бір газет;
  • Бангладеште – бір жұмысшыны бес сағатқа жалдау;
  • Малайзияда, Үндістан мен Пәкістанда бір мезгіл ыстық ас сатып аласыз.
Шамасы, тек Норвегияда бір долларлық банкнот бірдеңе сатып алуға жетпейді.  P.S. Доллар, фунт, еуро мен теңгенің айырмашылығы көп-ақ. Айтпақшы, 28 қараша күнгі KASE нарығындағы бір доллар 331,7 теңге шамасында саудаланған. Ал Ұлттық банктің мәліметі бойынша, осы күні 1 АҚШ доллары – 330,6 теңге, 1 британ фунт стерлингі – 441,2 теңге, 1 еуро – 394,5 теңге болған. Расында, әлемдік бәсекеге қабілетті әлеуетті мемлекеттердің ұлттық валютасы өз елінде құнды әрі бағалы болуы шарт.