Бұқаралық кәсіпкерліктің қарқынды дамуы
Бұқаралық кәсіпкерліктің қарқынды дамуы
Елдің әлеуетін көрсететін, бәсекеге қабілеттілігін танытатын негізгі көрсеткіштердің бірі – сол мемлекеттегі жұмыспен қамтылған халықтың үлесі. Сондықтан елімізде жұмыссыз жүрген азаматтардың екі қолға бір күрек табуына, өзін-өзі жұмыспен қамтимын деушілерге кәсіп бастауға мол мүмкіндік жасалуда. Әсіресе, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында көрсетіліп жатқан жәрдем көп.
Қабылданғанына көп уақыт болмаса да халық игілігін көріп үлгерген бағдарламаның мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Бағдарлама аясында еңбек нарығының қажеттілігін есепке ала отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді кәсіптік оқу, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, ауылда және қалада микрокредит беруді кеңейту, жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу, жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң құру секілді міндеттерді шешу көзделген.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы» жүзеге асырылған алғашқы тоғыз айдағы нәтиже көңіл қуантарлық. Мәселен, Қызылорда облысында 2017 жылы 9875 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланса, биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 10997 жаңа жұмыс орыны құрылды, соның ішінде 9587-сі – тұрақты орындар. Жыл басынан жұмыс іздеуші ретінде жұмыспен қамту органдарына 22543 адам хабарласты, соның ішінен 10767 адам жұмыспен қамтылды.
Облыста 91 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп, 944 жұмыс беруші 4069 бос жұмыс орындарын ұсынды. Жәрмеңкеге 6392-ден астам жұмыс іздеушілер қатысып, оның 5734-іне жұмыспен қамтудың белсенді түрлеріне жолдама берілді.
Бағдарламаның бірінші бағыты – «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бойынша қысқа мерзімдік оқу курстарына 2 мыңнан астам жұмыссыздар мен өз бетінше жұмыспен қамтылғандар жолданды. Аймақта республикада бірінші болып тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін кеңейту және бизнеспен өзара қарым-қатынасты нығайту мақсатында жұмыс берушілердің оқу орталықтарында азаматтарды оқыту оларға әрі қарай жұмысқа орналасуға кепілдік беру мәселесіне қатысты Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігінің ұсынысын қолдап, жаңаша оқыту басталды.
Екінші бағыт – «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша бағдарламаға қатысушыларды «Бастау Бизнес» жобасы» бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 937 адам белгіленді. Ауылдық жерде шағын несие 401 адамға 1659,6 млн теңге «Ауылшаруашылық қаржылай қолдау қоры» АҚ және Агрокредиттік корпорация АҚ арқылы берілді. Қосымша 222 жаңа жұмыс орындары құрылды.
Үшінші бағыт – «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы еңбек нарығын дамыту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» халықты жұмыспен қамту шараларымен 16246 адам қамтылды, соның ішінде 8827 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Әлеуметтік жұмыс орындарына 726 адам, жастар тәжірибесіне 1214 адам, қоғамдық жұмыстармен 5479 жұмыссыздар қамтылды. Солтүстік өңірлерге 357 отбасы қоныс аударуға ниет білдірді, нақты қоныс аударғаны 32 отбасы (132 адам).
Жалпы, жыл басынан бері өңір халқын жұмыспен қамтуға ықпал жасау жөніндегі кешенді жоспар аясында 27 мың адам жұмыспен қамтылды.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына да игілігі мол. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін облысқа 3 млрд 539,8 млн теңге қаражат бөлінген. Ағымдағы жылдың 1 қарашасына қаржыландыру жоспары бойынша бөлінген 3233,7 млн теңгенің 3196,8 млн теңгесі игерілді.
Бағдарламаның бірінші бағыты – «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бойынша техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау бойынша 800 адамды оқыту жоспарланып, қазіргі таңда 800 адам оқытуға жолданды. Сонымен қатар, жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша 3132 адамды қысқа мерзімді курстарға жолдау жоспарланды. Есепті кезеңге еңбек нарығындағы сұранысқа ие әртүрлі мамандықтар бойынша 2912 адам қысқа мерзімді курстарға жолданды.
Бағдарламаның екінші бағыты – «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» аясында 374 адамға несие беру (соның ішінде ауылдық жерде 300 адам, қалалық жерде 74 адам) жоспарлануда. Ағымдағы жылдың 1 қазанына 286 адам 1489,5 млн теңге көлемінде несие алды. Бұған қоса, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 937 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып, қазіргі таңда жоба бойынша жасақталған оқыту кестесіне сәйкес, 5 ауданда (Ақжайық, Жаңақала, Зеленов, Казталов, Теректі) пилоттық режимде оқытудың 6 этапы басталып, 895 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданды.
Ал бағдарламаның үшінші бағыты – «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» аясында 982 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. 1488 жас маман тәжірибеден өтуге бағытталды. Сондай-ақ, 6265 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру арқылы жыл соңына қарай жалпы жұмыссыздық деңгейін 5 пайыз, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін 4 пайыз, әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейін 5,4 пайызға дейін төмендету көзделген.
Халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуді мақсат еткен бағдарлама Алматы қаласында да қарқынды жүзеге асуда. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы бері қалада 14 жоба мақұлданды.
Алғашқы мақұлданған жобалардың бірегейі – жеке кәсіпкер Майсалимова Ақмамық Бозымбайқызының өтініші. 11 жыл бойы сауда-саттықпен айналысып, жалдамалы дүкеннің тірлігін дөңгелентіп келе жатқан кәсіпкер бағдарламаның арқасында несиеге қол жеткізді.
«Damu Digital» жаңа құралы жайлы ұялы телофоныма хабарлама келді. Онда «Даму» Қорының Алматы филиалында жаңа бағдарлама бойынша таныстырылым болатыны хабарланған. Оны көре сала, сол жиынға қатысамын деп шештім. Жиында бағдарлама жайлы жан-жақты мәлімет берілді. Тірлік етемін деген адамға игілігі мол екенін түсіндім. Қалайда несие аламын деген ойға бекіп, «Даму» қорының Алматы қаласы бойынша Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына бардым. Кеңесшілер өте жақсы кеңес берді. Бағдарлама Алматы қаласында жаңадан қолға алынып жатқандықтан алғашында қиындықтар болды. Бірақ «Даму» қоры кеңесшілерінің көмегімен алғашқы жолдамаға ие болдым. Ары қарай олар жәрдем беруді тоқтатпай, «Нұрбанк» АҚ-на бірге барып, құжаттар тапсырдық. Қолдаудың арқасында 6 пайыздық үстемемен 18 млн теңгеге ие болдым. Бөлінген қаражатқа жалдап отырған дүкенімді сатып алдым, енді жеке меншік дүкенім бар. Бұл бағдарлама маған жаңа күш берді, алдымда жаңа мақсаттар пайда болды. Мұндай жетістікке жету көптен бергі арманым еді», – дейді Ақмамық Бозымбайқызы.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы» арқылы тірлігі оңалып, кәсібінің көкжиегі кеңейгендер Алматы облысында да аз емес. Солардың бірі – жеке кәсіпкер Бейсембетов Данияр. Ол өз кәсібін Талдықорған қаласының орталығында кафе ашудан бастаған. «Мимино» кафесі көпшіліктің көңілінен шығып, табысты қызмет етеді. Себебі ерекше дизайны, дәмді тағамдары, жазғы алаңы бұл тамақтану орнын қаланың өзге кафелерінен даралап тұрады.
«Өз кафемді ашу өте қиын болды. Ылғи несиенің арқасында жол тауып отырдым. «Мимино» өте сәтті жоба болғандықтан, ойын-сауық кешенін де ашу жайын ойлай бастадым. Жиған-тергенімнің бәрін «Баунти Спа» демалыс аймағын салуға жұмсадым. Мұндай кешендер үнемі салымды қажет ететіні белгілі. Біраз уақыт өткеннен кейін «Даму» қорының жаңа бағдарламалары туралы білдім. Көпшілік арасында бұқаралық кәсіпкерлік деп аталып кеткен осы бағдарлама аясында өте тиімді несие алдым. Ал бұған дейін мен айналысатын бизнес түрі мемлекеттік қолдау көрсетілетін салаға жатпайтын еді», – дейді Данияр Бейсембетов.
Жеке кәсіпкер жылына 6 пайыздық үстемемен «ЦентрКредитБанкінен» несие алған. Бұл қаржыға ол меншігіндегі кешенге жөндеу жүргізіп, жаңа бассейн салыпты. Сондай-ақ, «Баунти Спа» ойын-сауық кешеніндегі жылыту жабдықтарын ауыстырған. Бүгінде жаңарған кешеннің жұмысы алға ілгерілеп, табысы арта бастады.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру Оңтүстік Қазақстан облысында да нәтижелі.
Бірінші бағыт – «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету». 2017 жылы 11 437 адамды оқытуға 2893,9 млн теңге қаралған. Оның ішінде 2,5 жыл мерзімде техникалық және кәсіптік білім алуға 4 584 адам ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жолданса, жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 6853 адам жолданды.
Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде мамандығы жоқ азаматтар және еңбек нарығының сұранысына орай мамандық иесі болу мақсатында азаматтарды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдау қарастырылған. Осыған орай, 2017 жылға республикалық бюджеттен жұмыссыз және өздігінше жұмыспен қамтылғандар қатарынан 6853 адамды 3 ай мерзімге оқытуға 1985 млн қаржы бөлінді. Бағдарлама басымдықтарына сәйкес қысқа мерзімді кәсіптік оқуды өткізу үшін білім беру ұйымдарының тізбесін, кәсіптер, дағдылар тізбесін және білім беру ұйымдары және кәсіптер дағдылар бойынша орындарды бөлуді облыстық білім басқармасы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және кәсіпкерлік палатасының ұсынысы бойынша өңірлік комиссия айқындады. 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін қысқа мерзімді оқытуға 4 252 адам жолданды.
Екінші бағыт – «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бойынша 2017 жылы 1 500 адамды кәсіпкерлік негіздерге оқытуға, 2075 адамды шағын несиелеуге қатыстыру жоспарланып, жалпы 3575 адамды қамтуға 5823,4 млн теңге қаржы қаралды. 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін 590 адам кәсіпкерлік негізінде оқуға жолданды. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдауда 5676,4 млн теңге көлемінде шағын несиемен азаматтарды қамтамасыз ету жоспарланған болатын: ауыл тұрғындарына 3 200,0 млн теңге (үйлестіруші облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы) және қала тұрғындары 2 476,4 млн теңге (үйлестіруші облыстық кәсіпкерлік, индустриалды инновациялық даму және туризм басқармасы). Нақты ауыл тұрғындары бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ (1900,0 млн теңге) және Аграрлық несие корпорация» АҚ-мен (1301,0 млн теңге) келісімшарттар жасалып, шағын несие беру шілде айынан басталды. Қала тұрғындарына келсек, облыстық кәсіпкерлік, индустриалды инновациялық даму және туризм басқармасы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен келісімшарт жасасты (1688,0 млн теңге). Қалалар мен ауылдарда микрокредиттерге кепілдік беру, микроқаржы ұйымдарының операциялық шығындарын субсидиялау жұмыстары шағын несиенің берілуіне қарай жүргізіледі.
Үшінші бағыт – «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамытуға» 2 162,3 млн теңге қаржы бөлініп, 49 302 адамды қамту көзделген болатын. 2017 жылдың 1 шілдесіне бөлінген қаржының 1 616,0 млн теңгесі немесе 99,6 пайызы игеріліп, 42 486 бағдарлама қатысушысына әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 21 419 адам жұмыспен қамтылды, 710 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен іске асырылып жатқан «Ауылдық жерлерде жұмыспен қамту» жобасының шеңберінде 710 адам 1 869,6 млн теңге шағын несие алды.
Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде биылғы жылдың соңында аймақтағы жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайыздан аспайды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар құрамындағы нәтижесіз жұмыспен қамтылған адамдардың үлесі 5,6 пайызға жетеді деп жоспарланған болатын. Елге игілігі мол бағдарлама қазіргі қарқынынан таймаса, бұл меженің ауылы алыс емес.