Күн қақтаған Үндістан ыстықтан өлген 800 марқұммен қоштасуда

Күн қақтаған Үндістан ыстықтан өлген 800 марқұммен қоштасуда

Күн қақтаған Үндістан ыстықтан өлген 800 марқұммен қоштасуда
ашық дереккөзі

Үндістанда өткен аптаның соңынан бері күннің қатты ысуы салдарынан 800-ге жуық адам қайтыс болды. Жергілікті БАҚ деректеріне сүйенсек, әсіресе ауа температурасы 47 градусқа дейін жеткен Андхра-Прадеш және Теланган оңтүстік штаттарында жағдай ушығып тұр. Аталмыш аймақтарда 750 адам өлімі тіркелсе, Батыс Бенгалия, Одише, Раджстханда 50 үндістандық аптап ыстықтың құрбаны болды.

Ең қиыны, метеорологтар таяу күндері ыстықтың беті қайтпайтынын ескертті. Дәрігерлер аймақтағы ауруханалар адамдарға лық толы деп дабыл қақса, жергілікті әкімшілік тұрғындарға далаға шықпай, мүмкін болса көлеңкені саялауға кеңес беруде. Ауызсу тапшылығынан кенезесі кепкен үндістандықтардың әлі қаншасы ажал құшатыны белгісіз. Өйткені жексенбіден бері қайтыс болғандардың саны күннен-күнге еселеніп келеді. Алғашында Мачилипатнам мен Туни қалаларында қара жұмыс істейтін 165 адамның қаза тапқаны хабарланған болатын. Дүйсенбі күні құрбандардың саны 500-ге жетті.

Сәуір мен мамыр айларында күннің ерекше ысуы Үндістанның оңтүстік аумағына тән құбылыс. Үш айға жуық созылатын құрғақшылық кезеңі маусымда жаңбырлы күндерге ауысуы тиіс-тін. Алайда табиғат биыл үнділерге тосын мінез көрсетті. Синоптиктердің айтуынша, Телаган штатында дәл мұндай ыстық соңғы рет 1947 жылы болған екен. Сол жылы термометрдегі көрсеткіш Цельсий бағаны бойынша 47,2 градусты көрсеткен.

Жер бетінің ауа температурасы көтеріліп келе жатқанын айтып, ғалымдар дабыл қаққалы да талай жылдың жүзі болды. Климаттың өзгеру қаупі туралы ең алғаш рет 1975 жылы сөз қозғалды. Сол жылдың 8 тамызында “Scіence” атты журналда америкалық климатолог Уоллес Брокер ауа райының күрт өзгере бастағанын алға тартып, алғаш рет “жаһандық жылыну” терминін өмірге әкелген еді. Ауа райының өзгеру құбылысын екі мың жылға тарта тарихы бар климатология ғылымы зерттеп келеді. Алайда өткен ғасырдың соңына дейін бұл ғылымның ізденістеріне адамзат қауымдастығы тарапынан аса бір қызығушылық бола қойған жоқ. Тіпті өткен ғасырдың 60-шы жылдарында, ең алғаш боп жердің жоғары қабатының қызуы артқанын байқаған белгілі кеңестік климатолог А. Будьконың болжамдарын басқа тұрмақ, өз әріптестері де жүре тыңдады. Міне, енді төрткүл дүниенің төрт бұрышында да жердің жоғарғы қабатының қызуы жоғарылап кеткендігі талас тудырмайтын шындыққа айналды.

Үндістандағы бүгінгі жағдайды көріп, адамзат баласының зардабы зор апатпен бетпе-бет келгенін мойындауға мәжбүрміз. Жер шары расында да қызып барады. Өткен ғасырда ауаның температурасы бүкіл дүние жүзінде Цельсия бойынша 0,7 градусқа жылынған. Ал соңғы 15 жыл ішінде температураның жоғарылау жылдамдығы 0,3-0,4 градусқа артқан. Соның салдарынан Килиманджаро шыңдарын ғасырлар бойы құрсаған қарлар еріп, теңіз түбіндегі маржанды жартастар ізсіз жоғалуда. Бүкіләлемдік климаттық конференцияда сөйлеген сөзінде БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун “Арктикадағы жылыну үрдісі Жер шарының басқа өңірлеріне қарағанда тым жылдам белең алып барады. Осылай бара беретін болса, 2030 жылға таман ондағы мұз қалқанының мүлде жойылып кету қаупі бар. Арктикадағы бүгінгі болып жатқан өзгерістер климаттың жаһандық жылынуын жылдамдата түспек”, – деп атап көрсетті.

Өткен жылдың соңында Жапония­ның Иокагама қаласында БҰҰ-ның Климат өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының баяндамасы жарияланған болатын. 39 елден 259 сарапшы қатысқан кеңес қорытындысына сүйенсек, жаһандық жылыну үрдісі жалғаса берсе, Жер бетінде климат өзгеруінен зардап шекпеген бір де бір адам қалмайтын көрінеді.

Климат өзгеруі жөніндегі үкімет­аралық сарапшылар тобының (КӨҮСТ) жетекшісі Раджендра Пачауридің айтуынша, жаһандық жылынудың залалы барлық саланы шарпиды. «Егер адамзат баласы булы газдардың ауаға таралуын азайту жолында қазіргі күні жедел шаралар қолданбаса, жаһандық жылыну планетамызды табиғи және экономикалық апаттарға алып келеді. ХХІ ғасырдағы климат өзгеруінің қандай көлемде жүретіндігі біздің бүгінгі табиғатты сақтауға қатысты қабылдаған шешімдерімізге тікелей тәуелді болмақ. Өйткені, климат өзгеруінің әсер етпейтін саласы жоқ. Ол су ресурстары мен өнім өндіру, азық-түлікпен қамтамасыз ету сынды адам үшін қажеттіліктің бәрін қамтиды», – дейді ол. КӨҮСТ жетекшісінің бұл мәлімдемесі БАҚ атаулыны жалт қаратты. Адамзат баласының қазіргі бейқамдығынан 2100 жылы жүздеген миллион адамның басына қара бұлт үйірілуі мүмкін екенін ойлаудың өзі қорқынышты.

1432485338_india-heat-00017

Жердің апшысын қуырған аптап ыстық құрғақшылықты, құрғақ­шылықтың кеулеуі азық-түлік жетіс­пеушілігін тудыратыны әмбеге аян. Ал азық-түліктің азаюы әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдардың көбеюіне, байдың жұтап, кедейдің қаталауына әкеп соғатыны да белгілі. Мысал ретінде өткен ғасырдың 80-жылдары Зимбабведе орын алған құрғақшылықты тілге тиек етуге болады. Оның зардабынан өмірге аласа бойлы балалар көптеп келіп, олар өздерінен бұрынғылар мен кейінгі буындармен салыстырғанда табысы мардымсыз, жұмыс берушілерді қызықтырмайтын топқа айналды.

Апат салдарын сейілтудің жолы қайсы? КӨҮСТ-нің қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Хода Барака: «Мұндай зардаптан арылудың жолы біреу ғана, ол – қазіргі күні барланып қойылған барлық көмірсутек қорларын – көмір, мұнай, газды сол жатқан жерінен қозғамау. Ендігі уақытта энергиямен қамтамасыз етуші компаниялардың бұрынғы қалыппен жұмыстарын жалғастыра берулеріне төзуге болмайды», – дейді.

Планетаның жылынып бара жат­қ­анын ресейлік ғалымдар да жоққа шығармайды. Ресей Бас геофизикалық обсерваториясының директоры Владимир Катцев мұхиттарға қарағанда континенттердің тез еріп жатқанын алға тартып, бу газдарының жыл өткен сайын көп мөлшерде бөлінуіне адамның шаруашылық жүргізуі кінәлі екенін айтса, Ресей Ұлттық академия­сы Мұхиттану институтының директоры Андрей Костяной мұхит сулары аумағының ұлғаюынан сескенетінін айтты. «Мұхит суы соңғы 100 жыл ішінде көтерілу үстінде. 1901 жылдан 2010 жыл аралығында дүниежүзіндегі мұ­хиттарда судың көтерілуі жыл сайын ор­таша есеппен 1,7 мм көлемінде болып келген. Алайда, 1993 жылдан 2010 жыл аралығында оның көтерілуі 3,2 мм-ді құрады. Яғни, мұхит суларының бұ­лайша екі есеге ұлғаюын үлкен қауіп деп бағалаған орынды», – дейді ол

Климатологтар Жер температу­расының Цельсий бойынша 2 градусқа жылынуы әлемдік экономиканың 2 пайызға төмендеуіне алып келетіні турасында да дабыл қаққан. Егер температура 3 градусқа көтерілсе, онда тек азық-түлік қауіпсіздігіне ғана нұқсан келіп қоймай, алапат су тасқындарының басып қалуымен қатар, орасан зор аймақтарда құрғақшылық туатынына алаңдайды. Сол себептен, әлемдік қауымдастық алдында жылыну үдерісін 2 пайызға жеткізбеу міндеті тұр.

Вашингтон университетінің ға­лым­дары Игнатиус Ригор мен Джо Валластың соңғы 25 жылдың ішінде жүргізген зерттеулері де тұшымды. Мұз көлемінің азаюы мен жұқаруының Солтүстік мұзды мұхитындағы ағыстар мен Арктикаға ғана емес, Солтүстік Атлантикаға да әсері бар екендігі айтылады. Ғалымдар арада 30-40 жыл өткенде Солтүстік мұзды мұхитының жылдың жылы мезгілдерінде толығымен мұз құрсауынан босанатындығын алға тартады. Әлемнің ең биік мұзарт шыңды Гималай тауларының да мұздақтарына еру қаупі төнген. Егер дәл бүгінгі қарқынмен ол әрі қарай жүре берсе, онда 2060 жылдары мұздақтардың үштен екісі, ал 2100 жылдары барлығы еріп кетеді. Бұл – әлемдік экожүйеге төнген аса зор қатер болмақ. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, жаһандық жылудан бүгінгі Франция әлемдегі шарап өндірісіндегі басымдығынан айырылып, керісінше ғасырлар бойына виски шығарып келген Шотландия климаты шарап жасалатын жүзім түрлері үшін өте қолайлы болуы әбден мүмкін. Атап айтқанда, 2012 жылғы Еуропаның оңтүстігін қамтыған ыстық жаз Италия, Испания, Франция­да жүзім өнімін жинауды 12 пайызға төмендеткен. Температураның 35 градус­тан жоғарылауы жүзім өсіміне кері әсерін тигізеді деген ғалымдар келешекте шарап шығарушылар мұндай салдарларға жиі ұшырап, зардап шегеді дейді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына қатысты залалдың жайы тек қуаңшылық пен су басуға ғана қатысты болмай, тропиктік зиянкес жәндіктердің мейлінше кең аймақтарға таралуына да жол ашпақ. Ғалымдардың айтуынша, қазірдің өзінде климат жылынуымен тропикалық зиянкестердің таралуы жылына 3 шақырым жылдамдықпен солтүстікке жылжи түсуде. Ал кейбір саңырауқұлақтар 6-7 шақырыммен жылжып келеді дейді зерттеушілер. Санамалай берсек, биосфераның жылынуы салдарынан туатын қатерлер шаш-етектен. Оның бәрі өзінің тіршілік әрекеттерінің нәтижесі екенін адамзат баласы ұқты, бірақ тоқтауға дәрменсіз. Өндіріс пен техниканы, транспортты дамытпаса, ауыл шаруашылығын интенсивтендірмесе қалай алға жылжымақ, қайтіп күн көрмек?