Жаңалықтар

Англияға экспортталған алаш арпасы

ашық дереккөзі

Англияға экспортталған алаш арпасы

  Биыл отандық экспорт көлемі 22 пайызға артып, 11 миллиард доллардан асты. Осының нәтижесінде Қазақстанның ірі экспорттаушы елдер қатарындағы позициясы жақсарып, 52-орынға тұрақтады. Еліміз әлемнің 113 мемлекетіне 800-ден астам тауар түрін сатады. Түркіменстан, Тәжікстан мен Әзірбайжанға электровоз және тепловоз жөнелтілсе, Қытай мен Өзбекстанға темір тұлпарларымыз саудаланып отыр. Ал Таяу Шығыс, Кавказ бен Беларусь Республикасы еліміздің аккумуляторын сатып алуға мүдделі. Жолаушылар вагондары, рельстер мен қазақстандық әскери-өнеркәсіп кешенінің өнімдерін экспортқа шығару бойынша жұмыс жүргізуде. Отандық өндірістің трансформаторларын жеткізу көлемі 60 пайызға өсті. Экспорт көлемі 21 миллион АҚШ долларын құрады. Жақында іске қосылған Орал трансформатор зауыты өз өнімдерінің 96 пайызын шетелге экспорттайды. Сондай-ақ, аккумуляторлардың 1,2 миллион данасы экспортқа шығып, шамамен 35 миллион АҚШ долларын құрады. Фармацевтикалық нарықта жағымды үрдіс байқалады, ішкі тасымалдау көлемі 34 пайызға артты. Негізгі сауда нарықтарынан басқа, фармацевтикалық және медициналық өнімдер Моңғолия мен Вьетнамға экспортталды. Металлургия және химия өнімдері АҚШ пен Еуропаға шығуда. Соңғы 5 жылда экспорттың сапалық құрылымы едәуір жақсарды. Шетелдерге жеткізілетін өнімнің үштен бір бөлігі экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі. Ал ауыл шаруашылығы саласында бәсекеге қабілетті кәсіпорындар аз емес. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің сыртқы нарықтағы даму келешегі зор. Қазақстанның аграрлық саласын тұрақты дамып жатқан әрі әлеуеті зор, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған, сонымен бірге азық-түлік тауарларының және шикізаттың негізгі түрлерімен ішкі нарықтың қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етіп отырған сала ретінде сипаттауға болады. Биылдың өзінде экспортқа жөнелтілген азық-түлік құны 1 жарым миллиард доллардан асты. Оның 10 пайызы – өңделген өнім. Ауғанстан, Араб әмірліктері мен Иранға ет өнімдері, ал Қытайға өсімдік майы мен бал сатыла бастады. Қазақстандық азық-түлік тағамдарына сұраныс жоғары, экспорт көлемінің артуына себеп болып отырған да осы. Статистикалық деректерге жүгінсек, кәсіпкерлер 2 миллиард доллардың азық-түлік өнімін сыртқа шығарған. Негізгі сатып алушылар Ресей мен Орталық Азия елдері. Деректер бойынша, Орталық Азияға тауар экспорттау 1,5 миллиард долларды құраған. Қытаймен де арадағы сауда арта түскен. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, картоп экспорты 19 есеге, Ресейге томат пен қиярдың экспорты 3,5 есеге өсті, Қытай мен Ресейге жаңғақ экспорты 3 есеге өсті. Сондай-ақ, Ұлыбританияға алғашқы рет арпа экспортталды. Ал ТМД, Еуропа, Таяу Шығыс және Қытай елдеріне күріш, қарақұмық, жарма, майлы дақылдар, жемістер, бақша дақылдары, қарбыз, кептірілген бұршақ пен көкөністер экспортының көлемі 2 есеге артты. Оңтүстік Қазақстан облысында өсірілген пияз, қызанақ, қияр, алма Ресейдің Новосібір қаласына экспортталады. Жуырда сауда-экономикалық қатынастарды дамыту мақсатында екі ел арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Келісімнің мақсаты – өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің экспорттық әлеуетін арттыру. Қазіргі таңда Ресей Федерациясына өнімдерді жіберу бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар тауар өндірушілерге қолдау көрсету мен кешенді қызметтерді ұсынумен айналысып жатыр. Жалпы, Оңтүстік Қазақстанда 21 кәсіпорын өз өнімдерін шет ел асырып, экспорттайды. Аймақтың кәсіпкерлері Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан және Тәжікстан Республикаларына өсімдік майы мен ұн, балық сүбесі мен консервіленген балық, құс жұмыртқасын, макарон, кондитерлік өнімдерді, қой етін және сиыр етін саудалауда. Аграрлы аймақтың шаруалары көкөніспен қатар дәнді дақылдарды да экспорттауға ерекше басымдық беріп келеді. Мәселен, жыл басынан бері шет мемлекеттерге құны 17,6 миллион долларды құрайтын бидай мен 49,3 миллион долларға ұн өнімдері экспортталған. Жалпы ауыл шаруашылығы экспортының көлемі бүгінгі таңда 211,4 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға өскен. Ал импорт көлемі 320 миллион АҚШ долларын құрап, 4 пайызға кеміген. Биыл Оңтүстік Қазақстан облысының диқандары 376,5 миллиард теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы өнімін өндірді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 57 миллиард теңгеге көп. Яғни, диқандар биыл 400 мың тоннаға жуық астықты қамбаға құйса, 116 мың тонна жеміс-жидек пен 919 мың тонна көкөніс, 295 мың тонна картоп, 1,3 миллион тонна бақша дақылдарын жинады. Ал қостанайлық шаруалар биыл 92 мың тонна ет өндіруді жоспарлап отыр. Оның 60 пайызға жуығы облыстың ішкі қажеттілігін өтесе, қалғаны еліміздің ірі қалаларына жөнелтіледі. Бүгінде өңірдегі ірі шаруашылықтар Ресей нарығына да өнім жөнелте бастаған. Қостанай облысында 460 мың ірі қара болса, соның 43 пайызы өндірістік секторда. Бүгінде барлық мал басы мен өнімділікті арттыруға еліміздің зор мүмкіндігі бар. Ал мал шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтарының сыйымдылығына келер болсақ, ол елдің ішкі нарығында да, шекаралас мемлекеттер бойынша да жеткілікті. Осылайша, елдің агроөнеркәсіптік кешені үлкен әлеуетке ие болғандықтан, оның сыртқы нарықтағы даму келешегі зор. Өз ауылшаруашылық өнімдерін әлемдік бағамен сата отырып, өзіміздің шикізаттық өндірісімізді ынталандырамыз, өңдеу кәсіпорындарының өндірісін арттырамыз. Жолға қойылған экспорт каналдары, ақыр соңында біздің ауыл шаруашылығымызды дамытып, қайта өңдеуді жаңа белеске шығаратын факторға айналады. Бұл бағыт бойынша етті мал шаруашылығын, жем-шөп өндірісін дамыту, жем-шөп дақылдарын егетін алқаптарды ұлғайту, жайылымдық ресурстарды басқару, мемлекеттік қолдау шараларын күшейту, ветеринарияны ұйымдастыру жүйесін жетілдіру және мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жұмыстар күшейтілді. Соңғы уақытта Қостанай облысында мал тұқымын асылдандыруға баса назар аударылуда. Облыста қазір ірілі-ұсақты 40 бордақылау алаңы бар. Бұл бір мезгілде 32 700 басқа дейін жемдеуге мүмкіндік береді. Өңірдің бордақылау алаңдары жыл басынан бері өзге облыстардан 6 жарым бас ірі қара сатып алған. Тиісінше осы уақыт ішінде еліміз бойынша тоғыз мың тоннаға жуық ет өткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 162 пайызға артық. Жалпы, Қостанай облысының кәсіпкерлері соңғы алты айдың ішінде 180 тонна ет экспорттады. Қазір тұрақты түрде айына 20 тонна өнім жеткізіп отыр. Жоспар бойынша Қостанай облысы биыл 1040 тонна ет экспорттауы тиіс. Қазіргі таңда бұл көлемнің үштен бірі еңсерілді. Ал өткен жылы облыстың етке деген ішкі сұранысы 42 мың тонна болса, меже 133 пайыз артығымен орындалған. Сондай-ақ, Ақмола облысының Ақкөл ауданындағы құс фабрикасы өнімнің 40 пайызын көрші елдерге саудалауда. Алдағы уақытта Ауғанстанмен де іскерлік байланыс орнатпақ. Бұған өнім көлемінің артуы сеп болған. Айталық, былтыр ғана 58 миллион дана жұмыртқа шығарған фабрика биыл жыл басынан бері 70 миллион данадан астам өнім өндірген. Ендігі мақсат – жобалық қуаттылықты еңсеру. Қазір фабрикада 250 мыңдай құс бар. Алдағы уақытта олардың қатарын тағы да көбейту жоспарланған. Себебі өндіріс ошағы жыл соңына дейін 90 миллион дана жұмыртқа шығарып, өздерінің жобалық қуаттылығын еңсеруді көздейді.