Ең  қиын  тосқауыл – қатаң виза 

Ең  қиын  тосқауыл – қатаң виза 

Ең  қиын  тосқауыл –  қатаң виза 
ашық дереккөзі
Туған жерден қарыс қадам аттап шықсаң болды, жер шары кішірейіп сала береді.  Он бір мың шақырым биіктікте ұшақтың алақандай терезесінен жерге көз салғанда, он жеті миллион халқы бар Қазақстан бір ғана қауызға сыйып кетеді. Осыдан жүз жыл бұрын батысынан күншығысына аттылы адам алты күн жүріп баратын жерге енді алпыс минутта жетіп баруға болады. Мұны көзді-ашып жұмғанша деуге болмас, бірақ өткен ғасырдың адамы үшін алпыс минутыңыз ғарыштық жылдамдыққа тең болар-ақ. Адамзат ұрпағы жер бетіндегі шектеулі ғұмырында, яғни бар-жоғы екі жарым миллион жылда уақытты тізгіндеп, қашықтықты еңсеруге қажыр-қайратын жұмсаумен келеді. Жер мен жеті қат көктің арасындағы көзге көрінбес шекараны бұзып, ғарышты зерттеп, өзге ғаламшарларды іздеумен әуре. Алайда жұмыр жердің бетіндегі мың-сан шекараны жоюға қауқарсыз. Керісінше, ұлттар мен ұлыстар бір-бірінен қорғаныстың құжаттық, бюрократиялық, техникалық, әскери түрлерінің қай-қайсысынан болса да бас тартпақ емес. Зеңгір көкті тілгілеген көзіңізді қара жерге аударып, өзге құрлықтар мен үлкен сулардың арғы жағындағы әлемге назар салсаңыз, талай қызыққа кенде боласыз. Бірақ әуелі, әлбетте, бағзының ертегілеріндегідей қырық түрлі кедергіден өтуге тура келеді. Бірінші тосқауыл – виза. Сонымен шабаданыңызды сайлап, алыс елдерге саяхаттауға сақадай сай отырсыз ба? Асықпаңыз. Әуелі қай елге баратыныңызды ойлаған жөн, Қазақстанның елтаңбасы басылған көк түсті төлқұжатыңызға сол елге кіруге рұқсат беретін дәйектеме – визасыз Астананың әуежайынан да аса алмайсыз. Бұл ретте АҚШ, Ұлыбритания, Жапония сияқты, яғни G7 деп аталатын алпауыт елдердің азаматы болмағаныңызға іштей бір қынжылып қоясыз. Себебі аталған елдердің төлқұжатына ие болған адам әлемнің көптеген еліне, ең бастысы, біз баруға ынтық Америка мен Еуропа елдеріне ешқандай виза-мизасыз емін-еркін кіріп шығады. Жапонның жастары Альбион аралына алты айлық оқуға келіп, британдық дипломды алып кеткенге дейін ешқандай құжат толтырмайды. Ал сіз мейлі аты дардай «Болашақ» стипендиясына ие болған қазақ студенті болсаңыз да, яғни сіздің артыңызда Қазақстан деген ЕҚЫҰ-2010 саммитінің қожайыны, ЭКСПО-2017 көрмесінің ұйымдастырушысы, тағысын тағы... азуын Айға білеген алып ел тұрса да және оның үкіметі сіздің оқуыңыз, өмір сүру, жол шығыны сияқты барлық қажеттіліктеріңізді қамтамасыз етуге кепіл болса да, визасыз әлгі Great аталған елдердің біріне де тұмсық сұға алмайсыз. Еуропа елдеріне табан тіреу үшін Шенген визасы  керек болса, АҚШ пен Ұлыбританияның виза беру тәртібі өзінше бөлек. Канада мен Жапонияның өз ережелері бар. Әрқайсысының талаптарын біліп, шарттарын зерттеп, сұраған құжаттарын дер кезінде дайындап бермесеңіз, онда шабаданыңызды сөреге қайта салып қойсаңыз да болады. Екінші тосқауыл – медициналық тексеріс. Сонымен, бірінші тосқауыл виза рәсімдеудің әуресі дедік. Яғни, 3х4 сурет, төлқұжат пен тіркеу қағаздары ғана қажет деп ойласаңыз, қателесесіз. Ұлыбритания алты айдан көп уақытқа келетін әрбір азаматтың медициналық тексеруден өтуін талап етеді. Әлбетте, бұл талап барлық елдерге бірдей емес. Әдетте денсаулығында кінәраты жоқ екенін дәлелдеуге тиісті «эпидемиологиялық ахуалы онша емес» саналатын елдердің тізімі бар. Өкінішке қарай, Қазақстан осы тізімнен ойып тұрып орын алған. Біздің ел құрт ауруының эпидемиологиялық ошағының бірі саналады. Расында, статистикалық деректерге жүгінсек, Қазақстанда жыл басында туберкулез ауруына шалдыққан адамның саны 17 мыңға жеткен. Ал британдықтар статистикалық деректерге еш күмәнсіз иланады, дәл сіздің деніңіз сау, көңіліңіз сергек, өкпеңіз таза екенін ешбір сөздермен айтып түсіндіре алмайсыз. Одан да уақыт созбай Алматыдағы арнайы медициналық орталыққа барып, компьютерлік томографиядан өте салу – ең абзалы. Айтпақшы, британдықтар кез келген медициналық мекеменің құжаттарын қабылдамайды, сондықтан алыс Атырауда тұратын болсаңыз да, виза үшін сандалып, Алматыға сапар шегуге тура келеді. Онда да кемі екі апта бұрын телефон соғып, алдын ала жазылып қойғаныңыз жөн. Бұл орталық кемі сексен долларлық тексеру жасайтыны аздай, оның өзінде кейде бір ай бұрын «орын жоқ» деп қабылдамай қоюы ықтимал. Сондықтан ұзақ мерзімді виза алу үшін күні бұрын емес, айлар бұрын қамданған жөн. Үшінші тосқауыл – ақша. Егер Ұлы­британияға білім алуға, тәжірибе жинақтауға емес, тек қыдырып барып-қайту үшін жиналған болсаңыз, оның дауасы жеңілдеу. Мұндай жағдайда студенттер алатын Tier4 емес, туристік (Visitor) немесе Бизнес виза рәсімдеуге болады. Есесіне, Британияға шын мәнінде қыдырып не іскерлік мақсатта бара жатқаныңызды дәлелдеу үшін банк қорыңызда қомақты қаражат бар екенін көрсетуге тиіссіз. Шындығында, мұндай талап барлық виза рәсімдеушілерге қатысты. Жобалай алғанда, егер сіз Британияда бір ай не он ай тұрамын десеңіз де, әр ай үшін Лондонда 1265 фунт стерлинг, ал Лондоннан тыс аймақтарда 1015 фунт стерлингке тең болатын валюталық қор жинауыңыз қажет. Сонда алты ай осы елде тұрамын деген адамның банк есепшотында шамамен 2,7 – 3,5 миллион теңге болуы шарт. Бұл, әлбетте, визаны рәсімдеудің шығыны мен жол ақысына төленетін қаржыдан бөлек. Басқаша айтқанда, Ұлыбританияға барып алып, бірер айдан соң «Ақшам таусылды, маған көмек беріңдер» деп жергілікті үкіметке масыл болмауыңыз қажет. Осылайша, британ үкіметі өзін жатыпішер келімсектерден қорғайды. Төртінші тосқауыл – қағаз толтыру. Сонымен, баратын елдің елшілігі сұратқан құжаттардың тізімін қарап, қажеттісін түгендеп болдыңыз ба? Енді визаға өтініш беретін қағазды толтыруға кірісіңіз. Бұл ұзыннан-ұзақ анкета. Сіздің жасыңыз, жынысыңыз, туған жеріңіз, туған жылыңыз бен білім деңгейіңіз, бұрынғы және қазіргі жұмыс орныңыз.... әдеттегі үйреншікті сұрақтар. Одан соң әке-шешеңіздің аты-жөні, олардың азаматтығы, мамандығы, байланыс телефондары мен мекен-жайлары, одан әрі бұған дейін сіздің қай елдерге саяхат жасағаныңыз, қашан және не үшін... «Осыдан төрт жыл бұрын менің Вьетнамға сапар шеккенім Британ елшілігіне не үшін керек?» деп аз-маз дағдарудың кезегі туады. Немесе жыл сайын Түркияға барып, отбасымен бір ай демалатын болсаңыз, оның бәрін тізіп жаза беру керек пе? Жә, Түркияға он күнге дейін визасыз кіруге болады, ал Таиландқа не Мысырға баратындар ше? Қысқасы, соңғы он жылда қайда барып, не істегеніңізді егжей-тегжейлі еске түсіруге мәжбүрсіз. Егер осы уақытқа дейін Қазақстаннан аттап басып ешқайда шықпаған болсаңыз, онда дәл осы жолы қуанатын ретіңіз бар, себебі бұл топтағы сұрақтардың қысымынан тез құтыласыз. Ең соңында сізге Қазақстанның ішінде не оның сыртында қандай да бір террористік ұйымға мүше болған-болмағаныңызды ашық мойындауға тура келеді. Террористік қылмыс жасамақ түгілі, Қазақстанның қылмыстық кодексін бұзған болсаңыз да, бұл жөнінде Британ үкіметіне есеп беруге дайын болыңыз. Осылайша, сіздің түп-тұқияныңыз бен өткен шағыңызды түгендеген сұрақтарға жауап беру британдық MI-6 қауіпсіздік ұйымының тексеруінен өтуден кем болмайды. Егер тастүйін дайындығыңыз болса және өмірбаяныңыз «измдерден» таза болса, онда айналасы 3-4 сағатта анкета толтыру жұмысын аяқтап қалуыңыз ғажап емес. Бесінші тосқауыл – шақырту қағазы. Альбион аралына баруға ұмтылғандардың тауы шағылатын тұсы осы болар, бәлкім. Себебі оқуға баратындар үшін ең басты құжат бұл. Білдей британ университетінің дәл сізді оқуға қабылдайтынын хабарлап, оқу мерзімі мен ақысын анықтап жазған ресми хаттың түпнұқсасы поштамен келгенін күту керек. Британдық пошта қатаң тәртіппен жұмыс істейтін болса да, Қазпоштаның жұмысын мінсіз дей алмаймыз. Кейде университеттің мөрі басылған хат орта жолда адасып кетіп, оқу орнынан екінші рет хат жіберуін сұратып жататындар бар. Ал конференцияға не тәжірибе жинақтауға баратындар дәл сол конференциядан немесе мекемеден ресми шақырту қағазын күтуі тиіс. Тіпті, Ұлыбританияда оқитын досыңызға қонаққа бір айға барып қайтқыңыз келсе, сол досыңыздан шақырту қағаз сұрауға мәжбүрсіз. Қысқасы, британдық бюрократия қағазсыз аттап бастырмайды. Кімсіз, не мақсатпен келе жатырсыз, қанша уақытқа, мұнда не істейсіз, қайда тұрасыз, қанша ақшаңыз бар – мұның бәрін Британ елшілігі мен сыртқы істер министрлігі біліп отыруы тиіс. Айтпақшы, Қазақстанның азаматтары Альбион аралына табаны тиісімен жеті күннің ішінде полицияға тіркелуі тиіс екенінен хабардар боларсыз. Егер жеті күннің ішінде жергілікті полиция бөлімшесіне барып, төлқұжатыңыз бен басқа құжаттарыңызды көрсетіп, кім екеніңізді, не үшін келгеніңізді... бәрін басынан бастап айтып-түсіндіріп, қажетті қағаздарға қол қоймасаңыз, онда не қомақты айыппұл төлейсіз немесе сізді шекара асырып, туған еліңізге қайтарады. Заң талабын орындамайтындарға кешіріммен қарау деген түсінік мұнда атымен жоқ. Алтыншы тосқауыл – тіл. Иә, шетелге сапар шегудегі мақсатыңыз ең әуелі тіл сындыру болар. Бірақ ағылшынша екі ауыз сөздің басын құрап сөйлей алмайтын адам үшін АҚШ пен Ұлыбритания әуежайындағы шекаралық бақылаудан өту бір мұң. Себебі мұндағы шекара қызметкерінің амандық-саулықтан соң сізден сұрайтыны сол баяғы «Біздің елге қандай мақсатпен келдіңіз?». Бұдан басқа да қысқаша сұрақ-жауап қонақтың тіл білімін тексеруге жеткілікті. Әлбетте, топпен не отбасымен бірге келгендердің жөні бөлек. Ағылшынша сөйлейтін көшбасшысы болса, басқаларын бұл кедергіден аман-есен алып шығады. Бірақ шекаралық бекеттен бөлек, бұл елде оқу мен жұмыс істеуді былай қойғанда, өмір сүру үшін, мәдениетімен танысу үшін, көкжиекті кеңейту үшін аз-маз ағылшынша түсінісе алатын тіл білімі қажет-ақ. Рас, Америкада тек орыстар тұратын тұтас аудандар бар, Англияда тек қытайлар немесе арабтар, болмаса тек үнділер тұратын аймақтар бар, мұндай ортаның өкілдері өзара өз тілінде сөйлесіп, өзінше бұйығы тірлік кешеді. Лондонда да тек қазақтар тұратын көше бар деп естиміз, бірақ ондағы қазақтардың қазақша сөйлесетініне күмәндіміз... Қысқасы, Альбион аралына Оңтүстік Қазақстанның тең жартысы көшіп бармайынша, бұл елде ағылшынша төселіп сөйлеуге көндіккеніңіз жөн. Оның үстіне, дүние жүзі бойынша саны 16 миллионға жетер-жетпес қазақтың ұлттық тілін былай қойғанда, сіз еркін түсінісетін, түрлі елдердегі 270 миллион адам білетін орыс тілі мен жер бетінде жалпы саны 1,1–1,5 миллиард адам сөйлейтін ағылшын тілінің ауқымын салыстыру қисынсыз-ақ. Орысшаны ұмытып, ағылшынша ойлау жүйесіне көшкен сәттен бастап, таным көкжиегіңіз екі есе кеңейіп, ақпарат алу мүмкіндігіңіз жүз есе артып, жалпақ әлемге деген көзқарасыңыз 180 градусқа өзгеріп шыға келеді. «Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам» деген хадистің мәнін сонда түсінесіз. Сонда жетпіс тіл білген әл-Фараби бабамыз қандай адам болды екен десеңізші? Жетінші тосқауыл – кедендік бюрократия, шекаралық бақылау. Сонымен, елдің ішінде жүріп, алдын ала қойылған барлық кедергілерден абыроймен өтіп, ішкі және сыртқы тосқауылдардың бәрін бұзып, ақыры Астанадан не Алматыдан Лондонға қарай тікелей рейспен ұшып, Хитроу атты әлемдегі ең ірі әуежайлардың біріне келіп түстіңіз делік. Британияға келдім деп қуанбай қоя тұрыңыз. Сіз әлі аралық зонадасыз. Әуежайдың ішіндегі жыландай ирелеңдеген ұзын-сонар дәліздерден адаспай, әйтеуір төбесінде көк жолағы бар «UK Border» деген залға келдіңіз бе? Құттықтаймыз, сіз ең соңғы тосқауылға келдіңіз, енді Британ шекарасынан аман-есен өтіп, арғы бетке шығу ғана қалды. Сіздің алдыңызда тұрған екі жүз адаммен бірге кезек күтіп, қырық минуттық кідірістен соң қара нәсілді шекара қызметкерінің алдынан бір-ақ шықтыңыз. Бұл – төлқұжат пен визаның дұрыстығы тексерілетін, саусақ таңбасы алынып, бет-жүзді жасырған никабтардың шешілетін жері. Барлық сұрақтарға дұрыс жауап беріп, қосымша құжаттарды бірден тауып беріп, дактилоскопиядан мүдірмей өткендер көкірегін кере тыныс алып, арғы бетке қарай қадам басады. Кім білсін, бәлкім базбіреулер үшін бұл жаңа өмірдің басы болар... Мысалы, ересектеу екі баласын жетектеп, кіші баласын қолына алған, басынан аяғына дейін оранған әйелін ерткен анау бір араб үшін жаңа қоныс шығар. Арқасына рюкзаг асынып, жалғыз саяхаттап жүрген, жасын анықтап болмайтын қысқа шашты әйел үшін уақытша тұрақ шығар... Ал сіз үшін ше?..