Қолжетімді баспана – баршаға қуаныш

Қолжетімді баспана – баршаға қуаныш

Қолжетімді баспана – баршаға қуаныш
ашық дереккөзі
Ел әлеуетінің артуы, халық әл-ауқатының жоғары деңгейге көтерілуі мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі орындалуына байланысты. Бағдарламаларға бөлінген әр тиын орынды жұмсалып, әр іс тиянақты атқарылған жағдайда ғана ел көксеген көрсеткіштерге қол жеткізе аламыз. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу мерзімі мен Ұлттық қор қаражатының мақсатты жұмсалуын үнемі бақылап отырады. Апта басында Алматы облысы, Талғар аудандық мәслихаты жанындағы партияның депутаттық фракциясының отырысында мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жайында есептер тыңдалды. Аудандық партия филиалы жанынан құрылған тұрақты комиссия төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, фракция жетекшісі Әбдіғани Бәзілхан отырыс барысында мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген Ұлттық қор қаражатының мақсатты жұмсалуына қатаң бақылау жасалатынын ескертіп, партиялық бақылау комиссиясының жұмысына оң баға берді. – «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 5 білім беру нысаны биылғы оқу жылында қолданысқа берілді. Атап айтсақ, Еңбекші, Еламан, Кіші Байсерке ауылдық округтерінде 300 орындық мектеп ашылса, Белбұлақ пен Ақтас ауылдарында 600 орындық мектептер салынды, – деді өз сөзінде Талғар аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Асқар Шамаев. Талғар аудандық тұрғын үй инспекциясының басшысы Салауат Қазиевтың айтуынша, ауданда 2017 жылы 64 баспана пайдалануға берілген. – Өткен жылы ауданда 10 жетім бала, 19 аз қамтылған отбасы, 20 мемлекеттік қызметкерге пәтер берілді, – деп толықтырды ол. Жалпы фракция мүшелері аудандағы мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуына оң бағасын беріп, өз ұсыныс-тілектерін айтты. 2018 жылы Талғар ауданы Дәулет ауылында 300 орынға арналған мектеп құрылысы, Талғар қаласында 1200 орындық мектеп, Жалғамыс ауылында 600 орынға арналған мектеп, Қайнар ауылдық округі, «Айғаным» ықшам ауылында 300 орындық мектеп құрылыстарын салу жоспарлануда. Тұрғын үй құрылысына келсек, Талғар қаласы бойынша 50,60 пәтерлік жалдамалы пәтер салудың сметасы әзірлену үстінде, несиеге берілетін 60 пәтер 2018 жылы толығымен аяқталып, қолданысқа берілмек. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары да мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруде. Мәселен, Жамбыл ауданында жыл басынан бері 41 жеке тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Владимир Волков айтты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық өміріндегі өзгерістер туралы Елбасы Жолдауын іске асыру мәселесіне арналған жұртшылықпен кездесуде сүйінші сұрарлық жаңалық айтылды. Мемлекет қорындағы тұрғын үйлер кезектегі адамдар үшін «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының және нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының қатысушылары үшін салынған. Баспаналардың жалпы ауданы – 3 377 шаршы метр, бұл 2016 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда екі еседей артық. «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында баспаналы болғандардың қатары Шығыс Қазақстан, Қызылорда облысында да артты. Жуырда «Нұр Отан» партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі Фракциясының жанындағы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға Ұлттық Қордан бөлінетін қаражаттың және бюджеттік қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылау жүргізу жөніндегі «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту» бағыты бойынша комиссия партияның аймақтық филиалдарымен бірлесіп, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан болатын. Нәтижесінде сарапшылар аймақтарда мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуы жоспарланған мерзімге сай екеніне көз жеткізді. Қазақстан Республикасының инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеттің мәліметтері бойынша 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық 103 жобаға 48 млрд теңге бөлінген. Бөлінген қаражаттың 11,56 млрд теңгесі және 47 жобасы Қызылорда (5,787 млрд теңге/36 жоба) және Шығыс Қазақстан (5,777 млрд теңге/11 жоба) облыстарында іске асырылуда. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы 99 мың тұрғын үй, сонымен қатар, мемлекеттік бағдарлама есебінен 22,4 мың пәтер салу жоспарланған. Оперативтік мәліметтер бойынша ағымдағы 10 айда тұрғын үй құрылысына 744,8 млрд теңге инвестиция, сонымен қатар, 120 млрд теңге мемлекеттік инвестиция бөлінген. Пайдалануға 76,7 мың тұрғын үй, сонымен қатар, бағдарлама бойынша мемлекеттік қаражат есебінен 12,9 мың пәтер берілген, яғни өткен жылмен салыстырғанда тұрғын үй салу деңгейі 10 пайызға өскен. 2017 жылдың 1 қарашасындағы дерек бойынша Қызылорда облысында жалпы аумағы 512,4 мың шаршы метрді құрайтын 4462 тұрғын үй, ал Шығыс Қазақстан облысында жалпы аумағы 244,3 мың шаршы метрді құрайтын 2056 тұрғын үй пайдалануға берілген.