Елдің ертеңгі күнге сенімі

Елдің ертеңгі күнге сенімі

Елдің ертеңгі күнге сенімі
ашық дереккөзі
  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай  «Жаңа жаһандық болмыстағы Қазақстанның жаңғыру моделі» атты халықаралық парламенттік конференция өтті. Конференцияны Парламент Мәжілісі мен Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырды. Конференция жұмысына Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура, шет мемлекеттердің өкілдері, сонымен қатар, еліміздің министрлері, Қазақстан Парламентінің депутаттары, 15 шетелдік парламенттің депутаты, дипломаттық корпус өкілдері қатысты. Биылғы конференцияның басты мақсаты – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан экономикасының дамуы мен халықтың әл-ауқатының нығаюын көздеген жаңғыру моделін қазақстандық және шетелдік сарапшылармен, саясаткерлермен, мамандармен бірлесіп талқылау. Жиынды жүргізген Мәжілістің халық­аралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Тұңғыш Президент күні қарсаңында мұндай форум өткізу дәстүрге айналғанын атап өтті. Ал Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин еліміз жеткен табыстар мен болашақ жоспарлардың тек қана Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты екеніне тоқталды.  «Елбасының дана саясатының арқасында кең-байтақ қазақ жері татулықтың үлгісіне айналып, дамудың «қазақстандық жолы» қалыптасты. Осы жолда Парламент әрқашанда Елбасының сенімді тірегі болып келеді. Енді тәуелсіз еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Ол – Қазақстанның үшінші жаңғыруы. Бұл – біздің мемлекетіміз үшін заман талабына сай өсудің басты бағыты, сонымен бірге алға қойған ұлы мақсаттарға жетудің кепілі», – деді Н.Нығматулин. Конференцияда сөз алған Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов көршілес елдер мен әлемнің басқа түкпірлерінде де Қазақстанның даму үлгісіне қызығушылық танытатынын тілге тиек етті. Министрдің сөзінше, бүгінде тәуелсіз Қазақстан әлемге өзінің баянды саяси тұрақтылығымен, кешенді экономикалық дамуымен, бай мәдениетімен кеңінен танымал. Ал форумға арнайы келген Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Мемлекеттік Думасы Төрағасының орынбасары Сергей Неверов биыл Қазақстан мен Ресейдің дипломатиялық қатынасына 25 жыл толғанын, бүгінде екі ел сенімді дос, стратегиялық әріптеске айналғанын атап өтті. Бұл қос ел президенттерінің бір-бірімен үндес сындарлы көзқарасының нәтижесі екендігіне назар аударды. Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысы Төрағасының орынбасары Ахмет Айдын Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстар терең мәдени әрі бауырластық қарым-қатынасқа негізделгеніне тоқталды. Сондай-ақ, жиынға қатысқан Мажарстан Мемлекеттік Жиналысы Төрағасының орынбасары Тамаш Шнейдер: «Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім емес. Мен өңірлерде де болдым. Маған xалықтың көңіл-күйі мен ертеңге деген сенімі ұнайды. Бұл, әрине, Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі. Кеңес Одағы ыдыраған тұста xалықты біріктіріп, осы жылдар ішінде елді ғана емес, xалықтың санасын жаңғыртудағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін бүгінде әлемдік қоғамдастық танып, біліп, қолдап та отыр», –  деді. Конференция барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Түркия, Мажарстан, Болгария, Әзірбайжаннан келген әріптестерімен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың өзекті мәселелерін қарастырды.