Көкейіндегі сұрақты қоя алмайтындар

Көкейіндегі сұрақты қоя алмайтындар

Көкейіндегі сұрақты  қоя алмайтындар
ашық дереккөзі
Мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында мылқаулар мәселесі үнемі тасада қалып келеді. Басқалар сияқты сөйлесуге мүмкіндігі жоқ болғандықтан да олардың құқы сақтала бермейді. Әлемдік дереккөз бойынша, бүгінде дүниежүзіндегі адамдардың 6 пайызы саңыраулықтан зардап шегеді екен. Жалпақ тілде мылқаулар деп ат қойып, айдар тағылған осы топтың мұң-мұқтажы шаш етектен. Құқы көбіне аяққа тапталып, қоғамның назарынан тыс қалатындар да – осы топтағылар. Олар күнделікті хабар алу мүмкіндігінен де шектелген. Басты себеп – сурдоаудармашылардың аздығы.

Телевизиядағы сурдоаударма мәселесі шешіле ме?

Телеарналарда сурдоаударма болуы құлағы естімейтін адамдар үшін маңызды екені ешкімге де жаңалық емес. Қоғамның бір мүшесі саналатын саңырауларға сурдоаудармашылардың қызметі аса қажет-ақ. Бүгінде қазақстандық арналарда сурдоаударма жоқ емес. Бірақ ол тек ақпараттық бағдарламаларда ғана қолданылады. Оның өзінде де, «Хабар» мен «Қазақстан» телеарнасы ғана мұндай қызмет түрін ұсына алады. Мұны да зор көмек деп айта алмайсыз. Өйткені сурдоаудармашы көзге елеусіз орналастырылып, оның саусақтары мен ерніндегі сөздерді ажырату қиынға соғады. Ал ондай аударма керек жандар тек жаңалық көріп қана қоймай, деректі және көркем фильмдерді, ғылыми-танымдық туындыларды да тамашалағысы келеді. Бірақ отандық телевизия саласында сурдоаудармамен жүретін бағдарламалар жоқтың қасы. Құлағының мүкісі бар жандар қоғамның толыққанды мүшесі екенін ескерсек, олардың қажеттілігін қамтамасыз ету міндет. Сондықтан Ақпарат және коммуникациялар министрлігі осы мәселені қолға алып қана қоймай, сурдоаудармамен, ең болмағанда субтитрмен жүретін бағдарламалар мен хабарлардың саны көбейсе құба-құп. Бұл бұрыннан жүзеге асырылуы тиіс шаруа еді. Алайда бұл мәселеге телевизия мамандары баса назар аудара қоймайтын сияқты. Мүгедек жандар «арналарда сурдо және жүгіртпе аударма бар, бірақ жеткілікті емес» дегенді алға тартады. Олардың уәжі өте орынды. Оның үстіне, аудармасымен берілетін дүниелердің эфирден көрсетілуі көбіне жұмыс уақытымен тұспа-тұс келетіндіктен, көре алмайды. Ал Парламент қарауына ұсынылған «Қазақстанның кейбір заңдарына ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасында дәл осы жәйт қамтылыпты. «Мүгедектер құқығы туралы» халық­ара­лық конвенция талаптарына сай, оларға әлеуметтік-медициналық көмекпен қатар, ақпарат саласында да қолдау көрсетілмек. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың ақпарат алуын жеңілдету үшін сурдоаударма мен субтитрді кеңінен қолдану да осы құжат аясында шешімін таппақ. Министр мырза олардың енді барлық телеарналардың ақпараттық бағдарламаларында күніне кем дегенде бір рет қолданылатынын жеткізді. Әрине, бұл мәселенің назарға алынғаны қуантқанымен, жұмыстың нәтижесіне алаңдаушылық танытатынымыз жасырын емес. Өйткені елімізде қолға алынған шаруа мен жүзеге асырылуы тиіс бағдарламалардың соңы сиырқұйымшақтанып кетуі әдетке айналып кеткен тәрізді. Заң бойынша, құлағы естімейтін мүгедектерге сурдоаудармашылар көмектесулері керек. Құлағы мүкіс әрбір адамның жылына 30 сағат сурдоаудармашы қызметін пайдалануға құқы бар. Алайда бұл талаптың сақталуын қадағалап отырған ешкім жоқ. Ал қағазға жазып, сөйлесудің өзіндік машақаты бар. Десек те, оқу-жазуды жақсы меңгергендіктен, жүгіртпе жолмен берілетін мәтінді оқу олар үшін оңай. Мүгедектердің сурдоаудармамен қатар жүгіртпе аударманы сұрайтыны сондықтан. Бүгінде елімізде сурдоаудармашыларды даярлау жұмыстары қолға алынуда. Сондықтан, аудармашы маман табу қиын емес. Бастысы, ниет болса болғаны. Дамыған елдерде мемлекет басшысының сөздері мен үкіметтік деңгейдегі жиындар телеарналардан міндетті түрде сурдоаудармамен беріледі. Өкінішке қарай, бізде бұл мәселе әлі де түйткілді болып тұр.

«Саусақпен сөйлейтін»  балаларды қалай оқытады?

Ұлыбритания, Швейцарияда мылқауларға арналған арнайы балабақша, университеттер ашылған. Ал еліміздегі арнайы сыныпты бітірген балалардың арасында жеке сурдоаудармашы жалдауға демеушi тапқандары ғана болмаса, көпшiлiгiн жоғары оқу орнына қабылдай қоймайды. Өйткенi елiмiзде мұндай балаларды оқытатын арнайы жоғары оқу орны жоқ. Оқу орны түгiл, арнайы факультет те жоқтың қасы. Мылқаулар мектебінде саусақпен жест жөнінде заң бойынша бекітілген сабақ жүргізіледі. Кейінгі буын мұғалімдері арасында осы саланы терең меңгергендері некен-саяқ. Өте қиын саланы меңгеру кімге оңайға соқсын?.. Сол себепті де «үнсіздік әлемінің» иелерімен түсінісу қиынға соғып жатады. Олардың «тілін» түсінбеген мұғалім балаға қалай сабақ үйретпек? Соның салдарынан да олардың алған білімдері толыққанды емес. Ең басты мәселе – есту және сөйлеу қабілетінен айырылғандар үшін кәсіп меңгеретін оқу орнының жоқтығы. Көңілге демеу боларлығы облыс орталықтарындағы мектеп жасындағы балаларға білім беретін мектеп-интернаттар бар. Мектептен кейін мылқауларға қоғамның есігі тарс жабық десе де болғандай. Кәсіп игермеген соң нәсіптің де болмайтыны белгілі. «Саусақпен сөйлесетін» балаларға арналған оқу бағдарламасына сәйкес, олар мектепте 13 жыл оқуы керек. Бірақ олардың басым бөлігі мектепті толық бітірмей, орта жолдан тастап кететін көрінеді. Осы мәселелерді есепке алсақ, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оқу бағдарламасын қайта қарау қажеттігі анық аңғарылады. Бүгінде мұндай балаларды оқыту сурдопедагогтар мен сурдопсихологтардың еншісінде. Педагогика және психология салаларының бір тармағы ретінде оқытылатын сурдопедагогика мен сурдопсихологияны меңгеріп шығу оңай емес. Өйткені ондай балалардың табиғаты да, ой-өрісі де қалыпты балалардан бөлек, өзгеше. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, соңғы 25-30 жылда пайда болған мыңдаған сөздiң қол-қимыл нұсқасы еш жерде бекiтiлмеген. Сол себепті де әр мұғалiм өз бетiнше әртүрлі қимылдар қосып, оларға балама тауып жатыр. Бүгінде әр аймақтың диалектiсіне байланысты қимыл-ишараның көбейiп кеткенi соншалық, республиканың әр аймағындағы саңырау жандар бiр-бiрiн түсiнбейтiндей дәрежеге жеткен. Мамандар осы мәселені бір жүйеге келтіретін уақыт жеткендігін айтады. Алайда оған мықты мамандар, ең бастысы, қомақты қаражат қажет.

«Сурдо-онлайн» жобасы  жалғасса игі

Қазақ саңыраулар қоғамы 1997 жылдан бастап Бүкіл дүниежүзілік саңыраулар федерациясының толық дәрежелі мүшелігіне өтті. Осы жылдан бастап қазақстандық құлағы естімейтіндер халықаралық мәдени-ағарту және спорт, денешынықтыру шараларына қатыса бастады. 1999 жылы мүмкіндігі шектеулі жандар Бүкіл дүниежүзілік саңыраулар федерациясының қолдауымен өткізілген халықаралық семинарға қатысу мүмкіндігіне ие болды. ХVI ғасырда итальяндық дәрiгер Жеромин Кардан мылқауларды арнайы тәсiлмен оқытуға болатындығын дәлелдеген болатын. Кейінірек бір ғасыр өткен соң, яғни ХVII ғасырда француз ғалымы Шарль де Лепи мылқауларға арналған алфавит ойлап тапты. Арнайы белгiлерден тұратын бұл алфавит әлi күнге дейiн қолданылып келеді. Ыммен түсіндіру тілін меңгерген мамандардың негізгі міндеті – құлағы естімейтін адамдарға қоғам өміріне толық араласуға көмектесу. Сурдоаудармашы керең-мылқау адамдарға барлық жерде – емханада, соттарда, банктерде, нотариусқа барғанда, салық комитетінде, әлеуметтік қорғау органдарында және басқа да қоғамдық орындарда керек. Аудармашылар жұмысының адамды жалықтыратынын, одан тез шаршайтындығын айта кеткен жөн. Өйткені қол үнемі қимыл үстінде болады және оны 2-3 рет қайталауға тура келеді. Көбіне аудармашылар есту қабілеттері бұзылған отбасылардан болады. Олар туғаннан бастап-ақ ыммен түсіндіріп сөйлесе алады, тұрмыстық және негізгі лексиканы жақсы біледі. Оларға біліктіліктерін жетілдіру үшін курстан өтсе жетіп жатыр. Сурдоаудармашыларды даярлау мәселесіне мемлекеттік деңгейде жеткілікті көңіл бөлінбегендіктен, түйткілдің түйінін тарқату оңайға соқпай тұр. Әрине, ешқандай жұмыс жасалмайды деп ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Естімейтін және сөйлей алмайтын азаматтарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынған «Сурдо-онлайн» жобасының маңыздылығын атап өткеніміз дұрыс болар. «Сурдо-онлайн» жобасы арқылы кез келген жерден мүмкіндігі шектеулі жандар бейнеқоңырау арқылы сурдоаудармашының көмегіне жүгіне алады. Ең алғаш бұл жоба Павлодар облысында таныстырылды. Павлодар облысында 28 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Бұл өңірдің жалпы тұрғындарының 3,7 проценті. Бүгінде облыста осындай қамкөңіл жандар үшін кедергісіз келешек құрып, құқықтарын тең қылу үшін барынша күш салынуда. Достық үйінде өткен семинарда осы орайдағы көптеген өзекті мәселелер көтерілді. Мәселен, мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту, инклюзивті білім беруді дамыту, арнайы әлеуметтік қызмет түрлерін көрсету, шағын мобильді топтарға кедергісіз болашақ құру жайлары талқыға салынды. Павлодар облысы мүмкіндігі шектеулі жандарға жайлы өмір құруда еліміз бойынша көш басында тұрғанын да айта кеткен абзал. Сонымен қатар, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацияда сөйлеу және есту қабілеті бұзылған азаматтарға мемлекеттік қызметтерді көрсетуде ымдау тілінің кәсіби маманы арнайы қосалқы монитордан шынайы уақыт режимінде сурдоаударма ұсынатын болады. Бұл пилоттық жоба «Азаматтарға арналған үкіметтің» бастамасымен «Ауған соғысының қазақстандық республикалық мүгедектер бірлестігі» қоғамдық бірлестігімен біріге отырып жүзеге асырылды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ басқармасының төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтарында сурдоаударма тілін меңгерген 862 маман жұмыс істейді екен. «Дегенмен, біз осымен тоқтап қалмай, одан әрі дамытуды жөн көрдік. Енді ХҚКО-ның жеңілдік терезесіне жүгінген сөйлеу және есту қабілеттері бұзылған тұлғалар ым-ишарат тілінде қажетті құжатты қалай алу керектігін шынайы уақыт режимінде айтып беретін, онлайн сурдоаударма арқылы қызмет ала алады», – дейді Абылайхан Оспанов. Адам ақпаратты көз, құлақ арқылы алады. Біз айтып отырған адамдар сырттан келетін ақпараттардан көбіне хабарсыз болады. Құлағы естімейтін, көзі көрмейтін адам өзіне қажетті ақпаратты қайдан алсын? Сөйлей алмайтын адам көкейіндегі сұрақты кімге қоя алады? Осы жағдайлардан олардың қоғамнан көп жағдайда шеттеліп қалатынын ескерсек, онда бұл аталған кемшіліктерден пәк жандардың көмегіне мұқтаж екендіктерін көрсетеді. Сондықтан да, құлағы нашар еститін, сөйлеу қабілетінен айырылған жандарға барынша ақпарат алуға көмектесу – әрбіріміздің азаматтық борышымыз.