Дуданың дүдамалдау жеңісі поляктарды да таңғалдырғаны сөзсіз

Дуданың дүдамалдау жеңісі поляктарды да таңғалдырғаны сөзсіз

Дуданың дүдамалдау жеңісі поляктарды да таңғалдырғаны сөзсіз
ашық дереккөзі

Екі кезеңге созылған Польшадағы президент сайлауы жексенбі күні өз мәресіне жетті. IPSOS зерттеу орталығынан алынған exit poll қорытындысы бойынша Анджей Дуда сайлаушылардың 53 пайыз дауысын жинап, өзінің жалғыз қарсыласы, елді соңғы сегіз жылда басқарған Бронислав Коморовскийден басым түсті. Экс-президентке сайлауға қатысқандардың 47 пайызы ғана сенім білдірген.

43 жастағы Дуданың жеңісі Польша католиктік шіркеуіне жақын оппозициялық «Құқық және әділеттік партиясының» соңғы он жылдағы ең ірі саяси табысы деп бағаланды. Бронислав Коморовский Анджей Дудадан жеңілгенін мойындады. Көрсеткіштің бәрі қарсыласының оза шапқанын көрсетіп тұрса, мойындамай қайтсін? Сайлаудың бірінші кезеңінде жолы болмағанымен, екінші кезеңде сөзсіз жеңімпаз атанармын деп сенген Коморовскийдің үміті ақталмады. Дегенмен сыр алдырған жоқ, мәртебелі лауазымымен күліп қоштасты. 62 жастағы Коморовский халық қалауын сыйлайтынын айтып, көптің алдында жас әріптесіне президенттік қызметте табыс тіледі.

Өз кезегінде Дуда мықты бәсеке көрсеткені және құттықтау жолдағаны үшін Коморовс­кийге алғысын айтты. Өзінің сайлау штабында халықпен кездескен жаңа президент польшалықтарға адал қызмет етуге, көпті тыңдауға және барынша ашық болуға уәде берді. Тіпті, Президент сарайының есігі әрқашан ашық болатынына сендірді. Сөз соңында Анджей Дуда сайлау науқаны кезінде қолдау көрсеткені үшін жұбайы Агата мен қызы Кингаға көптің көзінше рақметін жеткізді. Жиылған жұрт президенттің сөзін іліп әкетіп: «Бірінші ханым! Бірінші ханым!», – деп шуласып қоя берді. Дуданың да күткені сол болса керек, әйелін мінбеге шақырды. «Мен бірінші ханым деген атты абыроймен алып жүруге тырысамын», – деді Агата Дуда.

«Құқық және әділдік» партиясының атынан сайлауға түскен Анджей Дуда сайлаудың 20 мамырда өткен алғашқы кезеңінде-ақ өзгелерден басым түскен еді: сайлаушылардың 34,8 па­йызы Анджей Дудаға, 32,2 пайызы Бронислав Коморовскийге дауыс берді. Тәуелсіз кандидат Павел Кукиз 20,3 пайыз дауыс жинаса, Януш Крвин-Микке 4,4 пайыз, Магдалена Огурек небәрі 2,4 пайыздық көрсеткішті місе тұтты. Үміткерлердің бірде-бірі 50 пайыздан жоғары дауыс алмағандықтан сайлаудың екінші кезеңі 24 мамырға белгіленген болатын. Бронислав Коморовскийдің қайта сайланатынына көптің күмәні болған жоқ. Сайлау алдында жүргізілген сауалнама да оңшыл «Азаматтық платформа» партиясының өз қызметін жал­ғастыра беретінін нық сеніммен айтты. Коморовскийдің бірінші кезеңдегі сәтсіздігі сайлауға қатысқан дауыс берушілердің аздығымен (48,96%) байланыстырылды. Алайда оның жақтастары екінші сәтсіздікті жуып-шаюға сылтау таба алмады.

 Дуданың жақтастары кімдер?

Польшада атқарушы биліктің басым бөлігі Үкіметтің қолында болғанымен, президенттің ішкі саясат пен қорғаныс саласындағы өкілеттілігі басым. Ол қарулы күштерге қолбасшылық етеді, сыртқы байланыс мәселелерін реттеп, заңдарға вето қоя алады және елдің Орталық банкіне бақылау жасайды. Бұл сайлаудың нәтижесі күзде өтетін парламент сайлауына, Польшадағы жаңа үкіметтің жасақталуына әсер ететінін білген Еуроодақ елдері жексенбіден жағымды жаңалық күткен еді. Халықаралық саясатта аты да, заты да беймәлім консерватордың жеңісі олардың көңілін су сепкендей басты.

Дуданың саяси өмірбаянын оқыған адам оның Польшадағы консерваторлар көшбасшысы – Ярослав Качиньскийдің нұсқауынсыз әрекет ете алатынына күмәндана бастайды. Сайлауға өз кандидатурасын ұсынғанға дейін ол саяси аренада жарқырап көріне қойған жоқ. Қызметтік жолын 1997 жылы Ягеллонский университетінде ұстаздық етуден бастаған Дуда өз болашағын ғылыммен байланыстыратын. Алайда 2005 жылы «Құқық және әділдік» партиясының парламенттік клубына заң жөніндегі сарапшы болып тағайындалғаннан бастап оның мансап жолы мүлдем басқа арнаға түсті. 2008-2010 жылдары президент Лех Качиньскийдің әкімшілігінде қызмет етті.

Польша президенті Смоленск түбіндегі ұшақ апатынан қаза тапқан соң, Анджей Дуда 2010 жылы Сеймнің, ал 2014 жылы Еуропарламенттің депутаты болып сайланды. Сайлау науқаны таяғанда «Құқық және әділдік» партиясы билікте отырған кандидат Коморовскийге лайықты бәсекелес бола алатын үміткер іздеді. Ярослав Качиньский бұл додада бақ сынай алмайтынын білді, сондықтан консерваторлар атынан жас әрі жалынды саясаткер Анджей Дуданың қатысқанын құп көрді. Дуданың жеңісі арқылы 5 жыл бұрынғы сайлау науқанында Коморовскийде кеткен есесін қайтарғысы келді-ау, шамасы.

Өзінің сайлауалды бағдарламасында консерватор әлеуметтік саясатқа баса көңіл бөлді. Ең алдымен, 2012 жылы қабылданған зейнетақы реформасын алып тастауды ұсынды. Әйелдер үшін зейнет жасын 65-тен 60 жасқа төмендетуге, ал ер адамдарды зейнетке қазіргідей 67 жаста емес, 65 жастан бастап шығаруға сөз берді. Сондай-ақ, екінші баласы дүниеге келген отбасыларға қазынадан 500 злотых түріндегі жәрдемақы тағайындалып, аз қамтылған отбасылардың басына баспана, балаларына тегін балабақша ұсынылатынына сендірді.

Әлеуметтік бағдарламасының кең ауқым­дылығынан бөлек, Дуда елді реиндустриализациялауды, фермерлерге қолдауды арттырып, ұлттық валютаны сақтап қалудың да жөн-жобасын көрсетті. Ал ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс саласын нығайту үшін Польша аумағында АҚШ-тың әскери базаларын орналастыру керектігін айтты. Айтпақшы, Анджей мырза консерваторлардың дәстүрлі ұстанымдарына сүйене отырып, жасанды түсік жасатқандармен қатар, жасанды ұрықтандыруға жүгінгендерді де жазалайтынын ескерткен болатын.

Өзінің сайлауалды үгіт-насихаты кезінде Анджей Дуда Польшаның Еуроодаққа кір­геннен кейінгі әлеуметтік-экономикалық түйткілдеріне баса назар аударды. Еуроинтеграция польшалықтарға жаңа дем бергені рас, 1992 жылдан бері елде экономикалық өсім сатылы түрде артып келеді. Еуроодақпен тізе қосып жұмыс істеу нәтижесінде Польша 2007-2013 жылдары 67 миллиард еуро көлемінде көмек алды. Поляктар үшін Еуроаймақтың еңбек нарығы айқара ашылды.

Дей тұрғанмен, Варшаваның шеше алмай отырған мәселелері әлі де шаш етектен. Кеңестік лагерь құлағаннан кейін елдегі өндіріс орындарының басым бөлігі өз жұмысын тоқтатты. Еңбек миграциясының қарқындылығына қарамастан жұмыссыздық Польшадағы ең өзекті түйткіл болып қалды. Орталық статистикалық басқарманың мәліметінше, өткен жылы 2,2 млн. поляк жұмыс іздеп шетке кеткен: 650 мың адам Ұлыбританияға, 560 мың адам Германияға аттанса, Ирландия мен Нидерландының әрқайсысында 100 мыңға жуық Польша азаматы нанын тауып жүр. Ал 2015 жылдың басынан бері 1,9 млн. поляк шекара асып үлгерген. Жақсы жұмыс пен жоғары жалақы үшін елін тастап кетіп жатқандардың арасында жастардың қарасы қалың. Польшадағы шағын қалалардың дамуы да көңіл көншітпейді. Елдегі осы және өзге де түйткілді жайттар дауыс берген сайлаушылардың таңдауына әсер еткені сөзсіз. Дуданы қолдағандардың басым бөлігі – шағын қалалар мен елді мекендердің тұрғындары. Жаңа президентке зейнеткерлер, өндіріс қызметкерлері мен жұмыссыздардың көбірек сенім артуы да кездейсоқтық емес. «Элиталық Польшадан» гөрі «әлеуметтік Польшаның» жақтастары басым екенін сайлаудың алғашқы кезеңі-ақ көрсетті емес пе?

Коморовскийдің үміті неге ақталмады?

Бронислав Коморовский сайлау науқанында өзінің талай жылдан бері жинаған саяси тәжірибесі мен әлемдік сахнадағы беделіне иек артты. Бәсекеге түскен екі кандидаттың өмірбаянын салыстырар болсақ, «Солидарность» кәсіподағына мүшелігі, 1970-жылдары бірнеше рет түрмеге қамалуы, депутаттықтан президенттікке дейінгі қысқа жолы ғана түртілген Анджей Дуданың өмірбаяны кеңсе қызметкерінің түйіндемесіне келіңкірейді. Ал Коморовскийдің аты да, заты да кесек. Оның президенттік қызметтегі табысы ретінде экономикалық дипломатиядағы жетістіктері мен Веймар үштігіне (Франция, Германия, Польша) кіретін елдермен, Скандинавия мен Балтық елдері және АҚШ-пен жүргізген нәтижелі әріптестігі жиі мадақталады. Ішкі саясаттағы жеңісі деп елдегі өлім көрсеткішінен туу көрсеткішін арттырғанын, көп балалы отбасылар картасын енгізгенін айтуға болалы. Бұл жолғы сайлауалды бағдарламасында экс-президент жас отбасылар үшін балабақша мен тұрғын үйдің қолжетімділігін арттырып, бала күтіміне байланысты берілетін еңбек демалысының мерзімін 1 жылға ұзартуға уәде еткен еді. Оның бағдарламасында негізгі назар әскерді модернизациялау мен қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны арттыру мәселелеріне аударылған. Өз жобасында Коморовский консерваторлардың жасанды ұрықтандыру жасатқандарды түрмеге қамау туралы бастамасын айыптап, оған қарсы өз тұжырымын ұсынған болатын.

[caption id="attachment_4432" align="alignnone" width="700"]Бронислав Коморовский Бронислав Коморовский[/caption]

Бірінші кезеңдегі сәтсіздіктен кейін ол жедел әрекет етіп, парламентке зейнетақы реформасын өзгерту бойынша өз жобасын енгізді. Коморовс­кий еңбек өтілі 35-40 жылдан асатын азаматтарды ғана зейнет жасына ерте шығаруға болатынын ескертті. Дуданың зейнетақыға байланысты ұсынысын сынға алған экс-президент бұрынғы зейнет жасы қайта енгізілсе, зейнетақы жарнасының көлемі 500 злотыхқа дейін шарықтап кететінін түсіндіріп бақты.

Сайлауда Коморовскийдің кандидатурасын елдің бұрынғы президенттері – Лех Валенса (1990-1995 жылдар) мен Александр Квасьневский (1995-2005 жылдар) және Польшаның бұрынғы премьер-министрі (2007-2014 жылдар), қазіргі Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Туск та қолдады. «Rzeczpospolita»-ға берген сұхбатында Лех Валенса: «Б.Коморвский пікірталастарда нақты фактілер, шынайы мүмкіндіктер туралы айтты. Ал А.Дуда популизммен айналысып жүр, оның бергені – бос уәде. Польшаға өзгеретін кез келді, бірақ ол үшін көреген реформалар қажет», – деді.

Мемелекеттің бұрынғы көшбасшылары бірауыздан Коморовскийді таңдауы бекер емес. Олар «Құқық пен әділдік» партиясының 2005-2007 жылдағы басқаруынан кейін ел билігін бұл топтың қолына екінші мәрте бергісі келмеген. Лех Качиньский президент, ал Ярослав Качиньский бір жылдан астам уақыт премьер-министр лауазымын иеленген кезеңді поляк публицистері «қырғи-қабақ соғыс» деп атап кеткен. Олар прокуратура мен жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосын бақылау құзыретін өздерінің сая­си қарсыластарына қарсы пайдаланды. Поляк диссиденттерінің бірі, «Gazeta wyborcza» басылымының негізін қалаушы Адам Михник Качиньскийлер билігін саяси қитұрқылық кезеңі деп сипаттады.

Анджей Дуданың бұл жеңісі ағайынды Качиньскийлер дәстүрін қайта жаңғыртпай ма деген күдік таяу жылдарда Польшамен әріптестікті нығайтқан мемлекеттерді, әсіресе Еуроодақтағы сенімді серіктерін алаңдата бастады. Өйткені консерватордың президент тағына отыруы «Құқық пен әділдік» партиясының күзде өтетін парламенттік сайлауда жеңіп шығу мүмкіндігін еселегені анық.

 Қазақстан мен Польша – сенімді серіктес

Ұзақ жылдардан бергі стратегиялық әріптесі ретінде Қазақстан да Польшадағы тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуына мүдделі. Еуропа мен Азияның Ұлы Жібек Жолы арқылы байланысы тым ежелден бастау алғаны белгілі. Бірақ еуропалықтарға жеті ғасырдан астам уақыт бұрын қазақ даласын алғаш таныстырған поляк тақуасы Бенедикт Поляк екенін біреу білсе, біреу білмес. Оның 1245-1247 жылдардағы Ватиканның елшілік миссиясының құрамында қазіргі Қазақстан аумағы арқылы Азияға бағытталған саяхаты екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстардың негізін қалады.

Жаңа заман тарихында Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасының арасындағы елшілік қатынастар 1992 жылдың 6 сәуірінен бас­тап орнады. 1994 жылдың 20 наурызында Алматыда Польша елшілігі өз қызметін бастаса, 2000 жылдың қазанында Польша Республикасындағы ҚР Елшілігі ашылды. Орталық Азия мен Орталық-Шығыс Еуропа аймақтарының жетекші мемлекеттері болып табылатын Қазақстан мен Польшаның арасында екіжақты қатынастардың бүкіл спектрі бойынша әріптестікті дамытуға қызы­ғушылық мол. Аймақтық және ғаламдық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету, қазіргі заманның лаңкестік, есірткі трафигі, заңсыз миграция т.б. түйткілдермен күресу мәселелері бойынша екі елдің көзқарасы ортақ.

Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстан мен Польша ара­сындағы экономикалық ынтымақтастық артып келеді. Тауар айналымының құрамы бірнеше жылдан бері тұрақтылығын жоғалтқан жоқ. Қазақстанның Польша Республикасына көмірсутек шикізаттары, химия және көмір өнеркәсіп өнімдерін, қара металлургия, дәнді дақылдар мен мақта экспорттайды. Ал польшалықтар Қазақстанға химия өнеркәсіп өнімдері, машина мен жабдықтар, электрлі приборлар, жай металл және оның өнімдері, целлюлоза, қағаз, синтетикалық материалдар және резина өнімдері, транспорттық құралдар, дәрілік препараттар, медициналық техника мен жиһаздың түр-түрін жеткізіп береді. ҚР Ұлттық банкі деректері бойынша, біздің елімізге келген Польшаның инвестиция көлемі 2001 жылдың қыркүйегінен 2012 жылына дейін АҚШ-тың 247 млн. долларын құраған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі елдің тауар айналымы 1,2 млрд. АҚШ долларына жетті (экспорт – 679,6 млн. АҚШ доллары, импорт – 492,1 млн. АҚШ доллары).