Қазақстандағы 18 миллион адамның бəрі тіркеу кодына ие болуы тиіс
Қазақстандағы 18 миллион адамның бəрі тіркеу кодына ие болуы тиіс
Қазақстандағы 18 миллион адамның бəрі тіркеу кодына ие болуы тиіс. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Галина Сәрсенова айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Тіркеу кодына өту бізге «электрондық үй кітапшасын» құруға мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды мәселелердің бірі. 2011 жылы қағаз бастылықты төмендету, соның ішінде тіркеу кітапшасын алып тастауға байланысты әртүрлі мемлекеттік органдардың жүйесін интеграциялауға дайындық басталып кеткен болатын. Соның арқасында бұл бағытта алғашқы қадамды жасауға мүмкіндік алып отырмыз», - деді Галина Сәрсенова Астана қаласының Алматы аудандық № 5 ХҚКО-ның бөлімшесінде тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, мекенжай туралы барлық мәліметтер техникалық құжат пен келісімдер қатардағы құжаттардың негізінде толтырылады.
«Демек, бұрын Ленин аталған көшенің аты кейін өзгеріп кетсе немесе әлгі азаматтың үйі сүріліп кетсе, бәрібір де сол бұрынғы мәліметтер негізінде құжат толтырылған болатын. Ал бүгінгі тіркеу коды нысанның шынайы мекенжайын анықтап бере алады. Электрондық кітапшадағы мәліметтердің толық болуы оның толтырылуына байланысты. Сондықтан әрқайсымыз, жеке тұлғалардың мәліметтер базасында тіркелген 18 миллион адамның бәрі де тіркеу кодына көшуі керек. Мекенжай кодқа сәйкес толтырылуы тиіс», - дейді Комитет төрағасының орынбасары.
Галина Сәрсенова өз сөзінде код оқылып, мемлекеттік мәліметтер базасына берілетінін айтады.
«Жеке тұлғалардың мемлекеттік мәліметтер базасында әкімші Әділет министрлігі екенін білемін. Ол мәліметтер 38 мемлекеттік органға беріледі», - дейді ол.
Галина Сәрсенованың пайымдауынша, мүлікті тіркеуші мен мекенжайлық тіркеушінің интеграциясы жүйенің мәліметтерін автоматты түрде өзгертуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін мәлім болғанындай, мемлекеттік қызметтерді жеделдету үшін ҚР Ішкі істер министрігі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының электрондық үкімет порталы арқылы оларды (мемлекеттік қызметтерді) автоматтандыруды белсенді жүргізуде. Мәселен, Қазақстанда ақпараттық жүйелерді интеграциялау негізінде Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Әділет және Ішкі істер министрлігі «электрондық үй кітапшасын» құруды қолға алған. Бұл қадам халықтың көшіп-қонуын бақылап, мүліктің иесі үшін біршама мәліметтерге оңай қолжеткізуге мүмкіндік бермек.