Жаңалықтар

Елбасы Мұзафар Әлімбаевтың отбасына көңіл айтты

ашық дереккөзі

Елбасы Мұзафар Әлімбаевтың отбасына көңіл айтты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мұзафар Әлімбаевтың қайтыс болуына орай оның туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. 

Мемлекет басшысы көрнекті ақын, Ұлы Отан соғысының ардагері Мұзафар Әлімбаевтың дүниеден өткені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

Жеделхатта Мұзафар Әлімбаевтың қазақ әдебиетін дамытуға және Қазақстанның өскелең ұрпағын тәрбиелеуге баға жетпес үлес қосқаны атап өтілген.

«Кеңестік кезеңде ол қазақ әдебиетінің алыптарымен қанаттаса жүріп, Отан игілігі жолында жемісті еңбек етті. Көптеген жыр жинақтары мен ән мәтіндерінің авторы атанды. Отыз жылға жуық балалардың сүйікті «Балдырған» журналының редакторы болып, ана тіліміздің дамуына және бүлдіршіндеріміздің дұрыс тәлім-тәрбие алуына лайықты үлес қосты. Қалың жұртшылық үшін оның халқымыздың мақал-мәтелдерін жинақтап, зерттеудегі еңбегінің маңызы зор. Ол жұрт әрдайым айтып жүретін көптеген қанатты сөздер мен сөз тіркестерін өмірге әкелді.

Мұзафар Әлімбаевтың есімі мен еңбегін халқымыз әрдайым жадында сақтайды деп сенемін», - делінген жеделхатта.