Жаңалықтар

Ана тілін қадірлейтін қалада қыруар іс атқарылды

ашық дереккөзі

Ана тілін қадірлейтін қалада қыруар іс атқарылды

  Тарих қойнауына өзінің жағымды жаңалық, оң өзгерістерімен енгелі отырған тағы бір жыл аяқталуға таяу. Әсіресе, биылғы жылдың атқарылар іс-шараларына негіз болған Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде әр салада тындырымды істер жасалғанын айтуға болады.  Соның бір мысалы Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан халқының тілдер күніне орай ұйымдастырылған іс-шарасы. «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік шараға мемлекеттік мекеме басшылары, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, сонымен қатар саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, қала тұрғындары мен студент-жастар қатысты. Тілге байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған байқаулардың жеңімпаздары анықталып, қала әкімінің атынан марапаттарға ие болды. Елге белгілі өнер шеберлерінің концерті іс-шараны одан сайын көріктендіре түсті. Қала әкімдігінің қаулысымен «Қазақ­стан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Алматы қаласының 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарында»  қазақ тілінің қолданылуын дамыту, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мақсатында  қаладағы этно-мәдени бірлестіктердің қатысуымен «Тіл – татулық тірегі», «Абай оқулары», «Пушкин оқулары», сонымен қатар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар меңгерген жастар арасында «Тіл шебері», «Тіл дарын», «Тіл парасат» атпен ұйымдастырылған шаралар да  қатысушыларды бейжай қалдырмады. Сол сияқты  мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру негізінде «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Көркемсөз оқу шеберлері», «Тіл мерейі», сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты қалалық байқау өткізу дәстүрге айналды. Қалада жаңа технологиямен жабдықталған  оқу кабинеттерінде мемлекеттік қызметшілерге қазақ және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылған. Олардың барлығы дерлік іс жүргізуге қажетті құжаттардың мемлекеттік тілдегі үлгілерімен екі тілді электрондық сөздіктермен, қазақ тілі орфографиясы мен орыс тілінен қазақ тіліне аударма жасау және тілдерді оқытуда жиі қолданылатын отыздан астам электронды бағдарламалармен қамтамасыз етілген. Үстіміздегі жылдың өзінде қазақ тілі курсының 69 тобы жасақталып, 721 тыңдаушы қазақ тілі курсына тіркелген. Ал ағылшын тілі бойынша 27 топта 350 мемлекеттік қызметші курстан өтті. Қала бойынша бүгінгі күнге дейін мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін 6013 қызметкер ҚазТест жүйесі бойынша диагностикалық тестілеуге қатысса, тілдік ахуалды әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша сұралған респонденттердің 81 пайызы әртүрлі деңгейде қазақ тілін, 86 пайызы орыс тілін, 15 пайызы ағылшын тілін, ал 12 пайызы әртүрлі деңгейде үш тілді меңгергендіктері анықталды. Қаладағы этномәдени бірлестіктерде қазақ тілімен қатар неміс, поляк, әзірбайжан, шешен, осетин, кәріс, түркімен сынды өзге ұлт өкілдерінің ана тілдерін сақтау мен дамыту мақсатында жексенбілік мектептер де жүйелі түрде жұмыс істейді.  Көптеген жарнама мәтіндерінің мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқасын міндетті түрде мемлекеттік мекемемен келісу тәртібі белгіленіп, соның нәтижесінде жарты жылдың қорытындысы бойынша 2313 жарнама эскиздерінің мәтіндері тексерілді. Оның 628-іне орфографиялық, грамматикалық, стилистикалық түзетулер енгізілді. Алматы қаласында 56 795 баланы қамтитын бес жүзге жуық мемлекеттік және жеке меншік мектепке дейінгі білім беру ұйымдары болса, оның ішінде 180, яғни 37.6 пайызы қазақ тілінде, 130 (27,4 ) орыс тілінде, 168 (35) пайызы аралас тілді мемлекеттік балабақша жұмыс істейді. Көптеген банк жүйесінде, театр мен концерттік залдарда мемлекеттік тілде қызмет көрсетіледі. Мұражайлардағы экскурсиялар тегіс қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Орталықтандырылған кітапхана жүйесін 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында мемлекеттік бағдарлама бойынша 9316 жаңа кітап алынған болса, оның 7469-ы, яғни 80 пайызы қазақ тіліндегі шығармалар. Ал кітапхана қызметін пайдаланған оқырман саны – 219 274, оның  сексен пайызы қазақтілді оқырмандар екен. Елбасының мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған бастамаларына қолдау көрсету, қазақ тілінің қолданысын кеңейту мақсатындағы атқарылып жатқан шаралардың біршамасы осы тұрғылас.  Алдағы  жылдың табалдырығын осындай игі жетістіктермен аттағалы отырған қала тұрғындарының атқарылған жұмыстары мен болашаққа жоспарланған іс-шаралары да ауқымды. Елбасының «Қазақстан азаматтары елдің мемлекеттік тілін құрметтеуге және оны оқып үйренуге, білуге тиіс» деген қағидасын басшылыққа ала отырып, мемлекеттік тілді дамыту және жетілдіру біздің басты бағытымыз екені айқындалды. Тілді дамыту мәселесі күрделі әрі ұзақ жүргізілетін процесс болғандықтан, үнемі назарда ұстаған жөн.