Ғажайып тұнған жер

Ғажайып тұнған жер

Ғажайып тұнған жер
ашық дереккөзі

Оқшы ата аңызы

 Шиелінің Жөлегінде тұратын Мұхаметхан ағаны ертіп Оқшы атаның басына бардық. Бір кездері Оқшы ата жайлы аңыз, әңгімелердің майын тамызып айтатын қариялар көп секілді еді, бұл жолы біздің еншімізге тигені тоқсан үш жастағы қария болды. Соңғы жиырма-жиырма бес жыл ішінде осынау киелі жердің көрік, келбеті мүлдем өзгерген. Басына қонақүй, жаңадан бірнеше кесене тұрғызылып, көне мазарлар қайта жаңғыртылған соң, қасиетті орын келім-кетім кісіден бір арылмайды. Соңғы кездері Оқшы атаның насихаты жақсы. Бәлкім Батыс пен Шығыстың арасын қосып жатқан темір жол мен күретамыр автомобиль трассасының бойында тұрғандықтан болар деп ойлайтындар да табылар. Бірақ... сол темір жолдың тарихы бір ғасырдан енді асса, жолы түскірдің салынғанына елу бес жыл болса, Оқшы ата мен Асан ата кесенелерінің осы арада бой көтеріп тұрғанына бес жүз жылдан асқанын тарих айтады. Ал мен үшін көл жағасындағы осы бір құпия алаңқайдағы жәдігерлер мәңгіліктен бері келе жатқан секілді көрінеді. Жалпы бала-шаға мен кәрі-құртаң болмаса, бұл жаққа ересек адамдар ат ізін сала бермейтін заман да болған. Қасиетті орынды қоршатуға ниет қылған бір бастық ағамыз партбилетін беріп, қызметтен босаған соң ат үстінде жүрген азаматтар айнала қашпағанда қайтсін.... Бала күнімізде ағаларға еріп Оқшы атаның жанындағы Бәйгеқұм көліне балық аулай келгенде, қалың шеңгел ішінде бейберекет шашылып жатқан кірпіштер мен ортасы ойылып кеткен шұқанақ, шұңқырларға үрке, үрейлене қараушы едім. Мұны естіген байғұс анам: «әруақтан қорықпа, құлыным... Сенің тірі жүргенің сол әруақтың арқасы...» деп жұбатқаны есімде. Қалай дегенде де мен үшін Оқшы атаның жөні бөлек. Соғыстың қызып тұрған кезінде майданнан жараланып келген әкеме күйеуге шыққан анамыз соғыс бітетін жылы Жауғашарды туады. Одан ары біздің шаңырақта бала тұрмаған. Көпжасар... Мыңжасар... Біржасар... Жеті бірдей сәбиін жер қойнына берген анамды әкеміз есекке отырғызып, осы Оқшы атаның басына әкелген ғой. Кешке қарай қалың шеңгел мен сексеуіл арасындағы аңғал-саңғал кесененің ішіне жалғыз тастап кете барған... Содан жас балаша шарылдап жылаған шиебөрінің дауысына құлақ қойып жатып, көзі ілініп кетіпті. Түсіне ақ сақалды қария кіріпті. Таң қылаң бере түнімен зәре-құты қалмай дірілдеп шыққан анамыз темір жолдың биігіне шығып, алды-артына қарамай безіп ала жөнелген... Ата-анамның Аллаға бір, әруаққа бір жалынып сұрап алған пендесі мен екенмін... Осыдан отыз жыл бұрын Қосылған бауыр екеуміз осы жерде қона-түстене жатып Сыр бойының өсімдіктері жайлы «Терең тамырлар» деп аталатын кино түсіргенбіз. Дария бойының сексеуіл, жыңғылын отқа жағып тауысуға айналған заманда бізді қызықтырған адам аяғы сирек тиетін көне қорымдағы өсімдіктер әлемі болатын. Оның үстіне «терең тамырлар» деген ұғым тек өсімдіктер әлеміне ғана қатысты еместігін ішіңіз сезіп отырған болар... Оқшы ата... Зымырап өткен отыз жыл... Осыдан отыз жыл бұрынғы сексеуілдің жас жігері тамырын тереңге жіберген алып дараққа айналатын уақыт. Айналамызда қаптап жатқан бейіттерге көлеңкесін түсіріп, асқақтап өскен алып сексеуіл ағашының (иә, ағашының) арасын ұзақ, ұ-за-ақ кездім. Бұл араның әр бұтасы, әр түп шөбі мен үшін ыстық. Отыз жыл бұрын көргенде кірпіші қаңсып, мұнарасы мүжіле бастаған Оқшы атаның бейіті қайта жаңартылғанына қуандық. Кесененің алдындағы ағаш орындықта отырып Мұхаметхан аға әңгімесін тыңдадық. ...Сонау ерте заманда Сыр бойындағы ел мен жұртты зар илеткен Тоқбура қалмақтың заманында жетім кемпір, жетім шал өмір сүріпті. Жалғыз перзентке зар болған сол екі бейбақ жетім бала Көгентүпті асырап алса керек. Басқалардан ерекшелеу болып ер жеткен бала Қаратау жақ беттен арпа, бидай егіпті. Егінін жинап алуға аттанып бара жатып әке-шешесіне: «Орақтан қалмайын, қинала қалсаңыздар, атымды үш рет айтып шақырсаңыздар естимін ғой» десе керек. Күндердің күні болғанда мейманасы тасқан Тоқбура момын елге қыз салығын салыпты. Мына зорлыққа шыдамаған қалың ел зар илеп, қарғыс айтыпты. Бір Алланың жазуымен сол қарғыстың әсерінен Тоқбураның жүрегі жарылып өліпті. «Кім өлтірді?» дегенде қарғысы қағыс кетпейтін әулие мен әнбиелер көбейген. Қарғыс иесін табу үшін мәслихат құрған топ ішінде Көгентүп те отырған. «Ашу үстінде бір уыс арпаның қауызын үрлеп жіберіп едім. Мұның ажалы – бір Алланың мылтығы, бір арпаның қылтығы» десе керек. Одан әрі ел мен жұрт оңтайын тауып Тоқбураның мәйітін ашып қараса... жарылып кеткен жүректе арпаның бір қылтығы қадалып тұр деседі. Сол күннен бастап кемпір-шалдың жалғызы Көгентүп бала «Оқшы. Оқшы ата әулие» атанып кетсе керек... Әдемі аңыз, әрине. Дегенмен осыдан он ғасыр бұрын бүгінгі Қазақстанның аумағын алып жатқан Дешті Қыпшақтың астанасы Сығанақ қаласының тиіп тұрғанын ойласам, жаугершілік заманда Бәйгеқұм көлінің жағасына ұстахана орнатып, қару-жарақ соққан ұсталар жайлы әңгіме ұнайды. Оқшы атаны былай қойғанда, өз руластарымның ішінен шыққан қолы ұсынықты ұсталар жетіп артылады. Солардың ішіндегі өзімнің алтыншы атам Табылды ұстаның төс, балғасы ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, бүгінгі күнге жеткені бір ғажайып әңгіменің желісі. Оқшының басы – пантеон. Мұнда желмаясы желкілдеп, ақ сақалы желпілдеп жер­­ұйығын іздеген Асан ата, Асанқайғы бабаның мүрдесі жатыр. Сол бабамыздың Түркістанның батысындағы ескі қорған Сауран жайлы: «Әттеген-ай, тақырдың бетіне, шөлстанның өтіне салған екен. Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ – түбі тұрақты қала бола алмас» деген сөздері шындыққа айналды емес пе? Сырдария бойындағы Ақмешітке келгенде: «Ей, Ақмешіт, жерің шаң екен, суың жар екен. Елің жұтамас, малыңның көзіне сақ болсаң» дегенді айтыпты. Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған Сыр бойына келгенде, Асан ата: «Желдің өті екен, әр бұтасының түбі бір асым ет екен, айналасы айдын-шалқар көл екен, елі аштан өлмейтін жер екен» депті. Түптің түбінде Сыр бойының өзіне мәңгі мекен боларын сезді ме екен, жарықтық... Осындағы иір-иір сары сексеуіл мен көк жиденің арасында Қыш атаның күнсіп кеткен кірпіші жатыр шашылып. Ел менен жұрт жаз шуағы киіз үйді мекендеп, қысқа қарай қам кірпіштен тұрғызған шошалаға тығылған сол бір заманда қам кірпішті күйдіріп, қыш жасаған бабаға сол қыш кірпіштен кесене тұрғыза алмай жүргеніміз әділдік емес, әрине... Маған бәрінен де Ғайып ата жайлы аңыз, әңгіме ұнайды. Қасиетіңнен айналайын соңғы пайғамбардың ұрпағы, Сыр бойына дін таратқан сахаба дүниеден өткен соң, ақ жуып, арулап жерлеуге Бәйгеқұмға әкепті. Жуындырып болған соң, бір қараса, жаңа ғана ақ кебінге ораған мәйіт ұшты-күйлі ғайып болған деседі. Дүние халқы білетін Иса пайғамбар жайлы хикаяттан несі кем деп ойлаймын ғой баяғы... Пантеон десе пантеон... Әруақты Ес Абыз бен Досбол датқа шешеннің, Балаби бабаның басына тоқтап құран бағыштадық. Биыл көктемде келіп көргенде, қабырға кірпіші шытынай бастаған Досбол бабамның басы қайта жаңғыртылыпты. Бұрынғыдай ақ мата жабылған сағана жоқ. Досекеңнің мүрдесі қайда екенін білмеймін, қазақтың біраз жақсысы мен жайсаңы жатыр осында. Осында сүйегі жетпей қалған бабаларына бағыштап (иә, бағыштап) әлеміш кесектен кесене тұрғызып, көктас пен қызылтастан құлпытас орнатып жатқандарды білемін. Келім-кетім кісілер тәу етіп жатқан кейбір сағаналардың астында аталардың адал, асыл сүйегі жоқ екенін де білемін. Дегенмен ата-баба әруағын қастерлеген бүгінгі ұрпақты түсінетін секілдімін. Өйткені бар қазақтың жері ортақ. Оқшы атаның басында болмаса да, сонадай жердегі «Үш молданың» бейітінде: «Жер астынан құлақ етіп қияқты, менің ата-бабаларым тыңдап жатқан сияқты»... ...Сонадайда менің алтыншы атам Табылды ұстаға орнатқан ескерткіш тұр асқақтап. «Жуғынды» деп аталатын тәу ету орны атамыздың бейітінің басы емес, сүйегін жуындырып, ақ кебінге ораған жер. Дария тасып, жер-дүниені су алғанда, кимелеп келген ағын судың кимелеп келіп тоқтаған жері. Ескерткіш басынан ертелі-кеш кісі аяғы арылмайды. Жанында келген-кеткен қона жастанып жататын жатаған үй мен қасиетті құдық бар. Жылдар бойы осынау қасиетті орынның шырақшысы болған жаның жәннәтта болғыр Жаңғали ағам осы жерде талай-талай бедеу әйел, белі бос еркекті емдеп, сауабын алып еді-ау... Берейін десе, Жаратқанның шапағатында шек жоқ шығар деп ойлаймын... Батыстан Шығысқа қарай жол тарта қалсаңыз, үлкен жолдың бойында асқақтап тұрған кесенелерге ат басын бұра кетуді ұмытпаңыз, жолың болғыр жолаушы...

Ақтас мешіті

 ...Түс қыңа көз ұшынан бұлдырап тағы бір төбенің сұлбасы көрінді. Сағым ойнаған сары даланың төсіндегі табаны қаңсып қалған бос арнаның биігінде жападан-жалғыз жетімсіреп тұрған жәдігер тамның дөңгелек күмбезіне қарап дәу де болса бір мықтының кесенесі болар деп ойлағанмын. Жапырлай машинадан түстік. – Кімнің кесенесі болды екен? – Кесене емес, Ақтас мешіті ғой... – деді Зәкең қария. – Бір кездері осында бір мезгілде мыңға тарта адам жиналып, намазға жығылыпты... Қазір қорымға кісі әкелгенде болмаса, бұл жаққа ат ізін салушы сирек... Зәкеңді мешіттің ішінде қалдырып, Әбен қария екеуміз айналма текпішектерді қуалай отырып жоғарыға көтерілдік. Алдыға түсіп алып, емпеңдей жөнелген сексендегі қарияның соңынан әрең ілесіп келем. Биіктің басынан айнала алақандағыдай айқын көрінген. Анадай жерде үңірейіп табанын су қазып кеткен көне арнаның сұлбасы жатыр. Мешіттің айналасы – қалың қорым. Атам заманда қам кірпіштен тұрғызылған, уақыт өте күн жеп, жел мүжіген төртқұлақтар бір жағына қисайып, енді болмаса құлап түсетін секілді. Көне қорыммен салыстырғанда Ақтас мешітінің кірпіші жаңа екені байқалады. Ақтас мешітінің батыс жақ бетіндегі Айқожа ишан бабаның кесенесі тұр. Су жаңа... Кәдімгі өзіміз де, көзіміз де үйренген төрт құлақ кесене... Сыр бойына келген мүсілімдер әулетінің соңғы ұрпағының бірі – Айқожа ишанның мүрдесі осы жерде жатыр. Күні кеше болған оқиға. Аумалы-төкпелі заманда осы бейіттің ішінен көптеген діни кітаптар табылған. Бұдан жүз жылдан аса уақыт бұрын тікелей су жағасына салынған Ақтас мешіті де аумалы-төкпелі дария мінезінің құрбандығының бірі. Дария аунап кеткеннен соң, ай дала, жапан түзде ұмытылып қалған сәулет ескерткішіне өткен ғасырдың соңында ғана назар аударылып, қалпына келтіру жұмыстары қолға алыныпты. Осылайша, адамдар өздерінің тағы бір қателігін түзетуге бел буыпты. Ақтастың тарихы жүз отыз жылдан асады. Жүз отыз жыл... Неге бес жүз жыл емес?.. Сыр бойы арғы-бергі тарихы бес жүз, тіптен мың жылдан асып жығылатын тарихи ескерткіштерге кенде емес. Тарих ғылымы Қосөзен атырабының ежелгі өркениет екенін мойындағалы қашан. Ал енді он тоғызыншы ғасырды Сыр бойын мекендеген халық тарихындағы қаралы кезеңге балайтынымыз да рас. Сонда осыдан жүз отыз жыл бұрынғы аумалы-төкпелі заманда адамдарды мынандай алып құрылыс салуға итермелеген қандай күш?.. Иә, аумалы-төкпелі заманда құрылыс жұмыстарын жүргізу оңай болмаған. Құрылыс жүмыстары ондаған жылдарға созылған. Оның құрылысына қажетті мал мен қаржыны жинауға тек Сыр бойының тұрғындары ғана емес, Арқа, Ұлытау қазақтары да атсалысқан деседі. Әбен қария шығыс жаққа телміріп ұзақ қарады. – Көріне ме, қалқам? – деді сосын қолын күнқағарына апарып. – Нені айтасыз? – Жарықтық Әзірет Сұлтанды айтам... Мешіттің төбесіне шыққан кезде Әзірет Сұлтанның ортаңғы күмбезі көрініп тұрады деуші еді... Ақтас пен Түркістанның екі арасы ең кемі жетпіс шақырым. Қаншама зәулім болғанмен, жетпіс шақырым жердегі күмбездің көрінуі мүмкін бе? Осы ойымды айтып едім: – Ол кезде ауа таза болған... – деді қария. Артынша: – Ол кезде адамдардың көзі өткір болған шығар, – деп қосып қойды. Ал мен болсам: «Ол кездің адамының көңілі таза, ниеті түзу болған, көке...» деп айтқым келген. Шын мәнінде мешітті салған шеберлер оның биігінен Түркістандағы Яссауи кесенесін көруді мақсат тұтқан деседі. Мешіттің биіктігі жиырма бес метрге жетіп, таңғы тұнық ауада ортаңғы күмбездің төбесі көрінген кезде ғана құрылыс жұмысын тоқтатыпты. «Егер көрінбесе қайтер еді?» деп ойлаймын қазір мен. «Онда сонау зеңгір көкке жеткенше тоқтамауы мүмкін-ау...»

ҰЛЫ кесененің тарихы

 1

Дала. Бұлыңдап сағым ұшқан, бұраңдап құйын қашқан сары дала. Сары даланың ежелгі тұрғыны иір мойын сары атан құмшық төбенің биігінен айналаға аңтарыла қарайды. Айналаға аңтарыла қарайтын жалғыз ол емес, дала төсін жырып аққан дарияның жарқабағынан жүз жылдық тарихы бар Ақтас мешіті шығыс жаққа мойнын созады. Бала күнімізде осы мешіттің ұшар басына көтеріліп, шығыс жаққа ұзақ-ұзақ қараушы едік. Үлкендердің айтуына сенсек, бір кездері биіктігі жиырма бес метрлік ғимараттың ұшар басына шығып, шығыс жаққа көз жіберген адам көгілдір аспан астынан көкпеңбек күмбезді көреді екен. Екі арасы қырық шақырым. Ол кездері ауа таза болды ма, әлде бабаларымыз көреген бе екен, сол кездері қырық шақырым жердегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің көрініп тұрғаны анық. Жалғыз Ақтас мешіті емес, бұл ғимараттың төбесін Арыстанбаб пен Оқшы атаның мазарынан да көруге болады деседі. Одан қалды құбылаға бет қойып, қағбаға ниет еткен игі мұсылман қауымы шын тілесе Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көре алады екен. Бес жүз жылдан бері жер бетіндегі мұсылман қауымы көз тіккен бұл ғимараттың өз тағдыры, өз тарихы бар. Ғасырлар бойы көшпенділер мәдениетінің алтын бесігі болған, сол мәдениеттің ең соңғы белгілерін кешеден бүгінге жеткізген Ұлы далада не көп – тарихи ескерткіштер мен жәдігер тамдар көп. Олардың қайсысы кесене, қайсысы асар екенін қаймана қазақтың көпшілігі ажырата бермейді. Оны айтасыз-ау, дала төсіндегі мұнара-маяктар мен қарауыл төбелерді кесенеге балап, тәу етіп жүрген замандастарымызды көзіміз көрді. Сәулет стилі, айшық өрнегі, салыну тәсілі жағынан Орта Азияда теңдессіз ғимарат (М.Е. Массон, Н.Н. Веселовский) саналатын Құл Қожа Ахмет Яссауидің жәдігер тамы жөнінде де осындай жаңылыс пікірлер болған. Біреулер оны кесене десе, біреулер мешітке, біреулер хан сарайына балаған. «Ахмет Яссауи ескерткіші мешіт болуы мүмкін емес, оның мавзолей екендігіне дау жоқ, егер ол мешіт болса, оның маңдайы құбылаға қарап тұрар еді, ал бұл ескерткіштің маңдайы түстіктен шығысқа қарайды, әуелгі жобасынан 30 градусқа бұрыс» деп жазды академик М.Е. Массон. («О постройке мавзолея Ходжа Ахмеда в городе Туркестане; «Известия Среднеазиатского географического общества», 1929 год. том 19). Шын мәнінде Яссауи ескерткіші архитектуралық құрылысы жағынан әлемде теңдесі жоқ кешен, оның құрамына кіретіндер – діни орталық; мешіт, ақынның кесенесі, салтанатты хан сарайы, Үлкен және кіші Ақсарай; кітапхана, астрономиялық маңызы бар қазандық, одан қалды ерекше қорым – Пантеон. Осынау көптеген қажеттілікке арналып салынған күмбезді бөлмелердің өзара үйлесімі ескерткіштің жеке-жеке мешіт, не кесене ғана емес, біртұтас мемориалды кешен екенін айғақтайды. Орта Азияда кең тараған сәулет өнері туындыларындағы ерекшеліктерді сақтап қана қоймай, қайталанбас өнер туындысы дәрежесіне көтерген ортағасырлық шеберлердің басты жетістігі де осы әр алуан мақсаттағы бірнеше ғимаратты тұтас кешен дәрежесінде тұрғызуында жатыр. Бір қызығы, осы бір күрделі шешім кешенге сырттай қарағанда мүлдем байқала қоймайтынын сәулетшілер ертеден байқаған. Сондықтан да құрылымдық жағынан әлемде теңдесі жоқ тұтас ғимарат дүниеге қалай келді деп бас қатыратын жөніміз бар.

2

 Кешеннің бүйіріндегі блоктар Қазандық бөлмесін айнала қоршап, күмбезді негізінен мызғытпай ұстап тұрған тіреу іспеттес. Қабырғалардың қалың қалануы ғимараттың берік тұруын көздегендік. Ғимаратты әр түрлі бөлмелерге, құжыраларға бөлгенде, олардың әр қайсысының салмағын тек өзіне салуға негізделген. Шатырдың төбесі кейде айқаса құрылып, кейде айқын доға ретінде салынуы да сәулет өнерінің заңдылықтарын сақтауды көздегендік. Қожа Ахмет Яссауи кешенінде тұңғыш рет қолданылған бұл әдіс кейіннен Орта Азия мен Қазақстанның сәулет ескерткіштерінде кеңінен өріс алды. Ескерткіш құрылысындағы осынау тамаша шешім жөнінде жазушы Дүкенбай Досжанов сонау алпысыншы жылдары-ақ жазған болатын, «Бас ұста Мәулен Убайдуллаға тапсырылған зәулім құрылыстың жалпы жобасы төмендегіше еді, бас күмбездің диаметрі қырық бір кезге (бір кез 80 сантиметрге тең) тең болуы керек, осыған сәйкес барша құрылыстың ішкі бөлмелері, тіреулері бас күмбезге тепе-тең түсетіндей етіп өрілуі шарт. Шағын бөлмелерді бөліп тұратын қабырға, жұмырлап өрілген тіреу, жақтаулар өздеріне орасан зор салмақ түсіреді. Орталық күмбездің салмағы әлгілерге тепе-тең бөлінген, әрбір материалдың қарама-қарсы әсер ету қасиеті, қысым күші, салмақ заңы математикалық жолмен есептелген. Қолданылған құрылыс затының қарама-қарсы әсер ету қасиетін арттыру арқылы тіреулерді, жақтауларды жұқартқанмен олардың беріктігі азаймаған...» Басқаны былай қойғанда, Ұлы даладағы қайталанбас ескерткішті әлемнің көп кереметтерінің ішінен ерекшелендіріп тұру үшін осы ғажайып шешімнің өзі-ақ жетіп артылар еді. Дегенмен Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің кереметі бір мұнымен шектелмейді. Кесенеге күннің қай мезгілінде кірсеңіз де, оның әртүрлі мақсатқа арналып салынған отыз бес бөлмесіне жарықтың бір деңгейде түсіп тұрғанын байқар едіңіз. Күмбез бен қалпақ кенересін қуалай салынған дөңгелек тор көздер күн сәулесін өзіне тартып, қай кезде болмасын нұрлы сәуле шашып тұрады. Сол сәуле күмбез астындағы көгілдір қабырғаларға шағылысып, құбылып, құлпырып көрінеді. «Алғаш келіп кірген кісінің көзіне ескерткіш іші нұрлана балқып, аяқ басқан сәл дыбысқа жаңғырып, сан құбылған нұр сәулелер көңілге өшпестей нұр қалдырады». (Д.Досжанов). Бірегей кешен өзінің безендірілуі жөнінен де бейнелеу өнерінің қайталанбас туындысы іспеттес. Атап айтқанда, үй қабырғасының төменгі жағын бедерлі көгілдір қыштармен қаптап, аласа кенере жасалған. Одан жоғарырақ беті өсімдік өрнегімен әшекейленген ақ, көк айшықты жиек көмкерулер. Кесененің сыртқа қараған бұрыштары үш ширек мөлшерінде әшекейлі діңгектермен түйінделген. Бәрінен де Қазандық бөлменің салтанаты асып түседі, еңсесі биік, заңғар күмбезден салбырап тұрған асыл сталактит бөлме ішін ай жарығына бөленіп тұрғандай әсер қалдырады, ай жарығына шағылысқан ала көлеңке аппақ қабырғаларға түскенде төңірегің тылсым тыныштыққа тұнып, айнала сән-салтанатқа толып сала береді. Мешіттің іші де өте сәнді әшекейленген. Қабырғаларына айнала көк және жасыл көк жыланкөз жалатқан алты қырлы күйген қыштан кенере тартылған. Күлгін көк түсті құбыла жақ қабырғасына қашап әшекейленген михраб орнатылған. Мешітке ерекше көрік беріп тұрған да сол. Ол жартылай шеңбер кейпіндегі үлкен қуыс, төбесін үшкілдеп өріп, бетіне аппақ тас шыбықпен бетіне Құран сүрелерін оюлап жазған. Михрабтың әшекейлерін Ақсақ Темір заманында кейбір сәулет өнері элементтерін ерекше әсемдеу үшін жалатылған алтынның әр жерде жалт-жұлт еткен қалдығы көзге түседі. Ескерткіштің ірге бөлегі бес бұрыш жұлдызша түрінде қашалып жасалған тас қақпалармен көмкеріліп, арасы түрлі-түсті майоликамен дәнекерленген. Қабырғалардың негізгі бөлігі кілем тәрізді күйдірілген құмыра сазбен қапталып, қыш сияқты құйма шаршылармен безендірілген. Отыз бес құжырадан тұратын ғимараттың әрбір бөлмесін суреттеу үшін бір-бір кітап жазып шығу керек боларын сезіп отырған боларсыз. Сондықтан да шын асылдың дәмін тамшыдан да білуге болады деген оймен осы ғажайып суретті дүниеге әкелген шебердің аты-жөнін айта кететін уақыт жеткен секілді. Зәулім күмбездің кенересіне, әшекей қаптағыштардың астына араб әрпімен жазылған жазуларды оқысақ, ескерткішті салған зергер ұсталардың атын білеміз. Қабырғаларға әшекей жүргізген құрылысшы-сәулетші шираздық Хожа Хасан, ал төрдегі Яссауи қабірінің үстіндегі саусақтың саласындай сай-сай етіп өрілген артқы күмбезге жапсырылған алты бұрышты әшекей қыштың астында осы ғимараттың бас зергері Шәмші Әбділ Бахабтың есімі өрнектелген. Кешен құрамына кіретін Қазандық бөлмеде зергерлік өнердің, қолданбалы өнердің тағы бір керемет туындысы бар. Ол Ленинград Эрмитажынан туған жерге қайтып оралған асыл жәдігер – алып Қазан. Қазан бүйірінде өсімдік кейпіндегі өрнектер мен араб әріптерімен оюлап құйған жазулар бар. Жоғарғы қабатында «мерейің үстем болсын» деген сөз жазылған. Қазанды 1399 жылы тебриздік ұста Абдул Әзиз ибн Шарафуддин арнайы құйған. Алып қазанның салмағы екі тонна, оған алпыс шелек су сияды. Ленинградқа әкетілгенге дейін осы қазанда қайнатылған суды қасиетті су ретінде келушілерге таратып беретін болған. Бүгінде ұлы ғимаратты көруге келген туристер мен дін жолындағы мұсылман қауымы алдымен осы Қазанның басына жиналады. Осы жерде қазанның бір кездері аспан денелерінің қозғалысын бақылап, жыл мезгілдері мен күн мезгілдерін айқындап отыратын астрономиялық көрсеткіш рөлін атқарғаны жөнінде аңызға бергісіз әңгімелер айтылады. Әуелі Қарахан дәуірінде (он екінші ғасыр) тұрғызылып, оның қираған іргесіне он төртінші ғасырдың аяқ шенінде Ақсақ Темірдің бұйрығымен дүниеге келген күмбездің өз тарихы, өз тағдыры бар. Ескерткіш алғаш рет 1872 жылы ғана жөндеуден өткізілді, онда да жергілікті дін жанашырларының көмегімен айналасы мен іші көң-қоқыстан тазартылды. 1982 жылы шатыры жөнделіп, үйдің айналасына тас төгілді, қабырғасының опырылған жерлері жамалды. Жөндеу кезінде ежелгі қыштың орнына осы заманғы кәдімгі кірпіш пайдаланылды, қаптауларын сыпырып тастап, әктелген ішкі қабырғалар бұрынғы бейнесінен айырылып, тұттай жалаңаштанып қалды. 1884 жылы ескерткішті жөндеуге патша ақшасымен 15мың сом қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстарын жүргізу ташкенттік Зәкір ұстаға тапсырылды. Зәкір ұста бедерлі қаптағыштар көнерді деген сылтаумен оларды сыпырып тастап, орнына еуропалық құрылыста қолданатын шикі балшықтан жасалған сұр қаптағыш жапсырды. Ал сыпырылып алынған, бояуы өшпес жасыл көк жыланкөз жалатқан алты қырлы кенерелердің қайда кеткенін ешкім де білмейді. Қазіргі кіре беріс қабырғадағы түсі пәс, сұрықсыз әшекейлер сол Зәкір ұстадан қалған. Осы кезде көптеген әшекей жазулар сыртқа әкетілді, біржола өшіп көрінбей қалды. Кейбір ғалымдар ғимарат қабырғасынан діни ұғымымызға қайшы келетін жазулар тауып безектеп жүрсе, ол да сол жылдардағы көкірегі соқыр жандардың қолтаңбасы ма деп ойлаймыз. Осының бәрі жергілікті халықтың наразылығын тудырды, абырой болғанда патша үкіметі тарапынан бөлінген қаржы таусылып, орталық күмбездің астындағы көз тартқан көне әшекейлер аман қалды. Иә, өзінің бес жүз жылдық тарихында Қожа Ахмет Яссауи ғимаратының көрмеген құқайы жоқ. Бәрінен де үлкен дін орталығының отызыншы жылдары дінге қарсы жүргізілген науқаннан қалай аман қалғаны түсініксіз. Ес біліп, етек жапқалы мен үшін Яссауи кесенесінің орны қашан да бөлек-тін. Маған дейін жеті баласын жер қойнына тапсырған әкеміз сонау бір жылдары мені қасиетті әулиеге алып келіпті. Қырық құрақтан тұратын кеудеше тіккізіп, кеудеме тоғыз түрлі қоңырау тағыпты. «Балаңызды жыл сайын әкеліп тұрыңыз, өмір жасы ұзақ болады» десе керек мешіт имамы. Осы дәстүрді кейінгі кезге дейін ұстанып, әулиенің басына ай сайын болмаса да, ай аралатып барып тұрдым. Сексен бесінші жылдың көктемінде кешенде болып, кино түсіру жұмыстарын жүргізгенім бар. Сол жолы кесененің қабырғаларындағы айқұш-ұйқыш бейсуат жазуларды көріп жағамызды ұстадық. Бұл «тарихта қалуды» көздеген пысықтардың қолтаңбасы еді. Алпысқа жуық қызметкері, он адамдық күзеті бар кешендегі мына жағдайға төзе алмай басшыларға бардым. Сол жолы мұражай директоры (өзі философия ғылымының қандидаты екен); «Мұнда жатқандар бай мен бағландар, яғни тап жаулары, сені мен менің бабамыздың аяғы бұл төңірекке жетпеген ғой» дегенді айтқан болатын. Қазаққа тән ұшқыр (бәлкім, ұшқары шығар) белсенділіктің, Абай айтқандай мәселенің байыбына бармай, «Үлкендердің алдында шыбындап бас шұлғудың» айқын дәлелі еді бұл. Тоқсаныншы жылдың басында Ленинград қаласына жолым түсті. Алғашқы күні-ақ Эрмитажға келіп, мұражай директорының қабылдауында болып, Түркістаннан әкелінген қазандықтың жайын сұрастырып жатырмын. Байқаймын, оншалық қызығушылық танытпаса да, қасиетті жәдігердің жай-күйін біліп-ақ тұр. Қасыма мұражай қызметкерін қосып алып, мұражайдың төменгі қабатына түсейін. Жиналыс өткізетін орынға ұқсайтын абажадай үлкен бөлме ыбырсып жатыр. Бұрышта дөңкиіп тұрған алып қазаннан басқа жәдігер көрінбейді. «Таныса беріңіз» деген мұражай қызметкері өз жөніне кеткен соң, аяғымды санап басып Қазанның жанына тақадым, Қазан жайлы аңызға бергісіз әңгімелер жадымда, жүрегім лүпілдеп барады. Аяғымның ұшынан тұрып, мойнымды созып, ішіне үңілем. Қазан. Кәдімгі қазан. Бәлкім кәдімгі емес шығар. Абажадай бөлменің ішінде жалғыз өзім. Мұндай ойдың қайдан келгенін қайдам, жалма-жан аяқ киімімді шешіп, Қазанның ішіне түсейін. Мынауым күпірлік екенін де сеземін. «Бұдан кейін көремін бе, жоқ па, өзімнің төл қазаным емес пе?» деп жұбатқан болам өзімді. Содан мұражай қызметкерінен сөгіс естігенге дейін Қазанның ішінде отыра беріппін ғой. Алматыға қайтқан соң жазушы Әбіш Кекілбайға барып (ол кезде республикалық тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамын басқаратын), Қазанның жай-күйін баяндап бердім. «Егер сұрауы келіссе, өзімізге қайтарып алу қиынға түспейтін секілді» дегенді айтуды да ұмытқам жоқ. Мына әңгіме ағаның құлағына майдай жаққанын сезіп тұрмын. Айтып-айтпай не керек, Әбіш аға бастап, түркістандық азаматтар қостап, сол қасиетті Қазан көп ұзамай туған елге оралды ғой. Міне, содан бері де арада он бес жылдай уақыт өтіпті. Он жылдай тыныш жатқан қасиетті мекенде жөндеу жұмыстары қайтадан жанданды. Осынау аса жауапты міндет тағы да шет елдік (мейлі, туысқан, мейлі мұсылман елі болсын) құрылысшыларға сеніп тапсырылды. Иә, сеніп тапсырылды. Сенім деген жақсы ғой қашанда. Осындайда «өзгеге сен, өзің де қапы қалма» деген нақыл сөзді естен шығармасақ екен... Қала. Шіліңгір шілдеде аптап ыстығы миды шағатын, қою шаңы қолқаны қабатын оңтүстік өңірдегі кәдімгі қала. Жәй қала емес, қасиетті Түркістан, қасиетті болатыны мұнда мұсылман қауымының пірі Қожа Ахмет Яссауи жерленген. Көгілдір аспандай төңкеріліп түскен алып күмбездің нақ ортасында ақшыл, жасыл түсті теңбіл ячма тасымен қапталған қарапайым құлпытас тұр. Адам бұл дүниеде қалай өмір сүрсе, ол дүниеде де солай өмір сүреді деген сенім бар. Адамның өзі қандай болса, оның бейіті де сондай болады деседі. Рас та шығар. Қожа Ахмет бабамыз қандай қарапайым, кеңқолтық болса, оның мұражайы да сондай кеңқолтық. Замана желі үскірген қиын-қыстау кездері зұлмат атаулыға төтеп беріп келе жатқаны да содан болар. Кеңқолтық қазақ даласындағы бір кесененің тарихы осындай.

Серік БАЙХОНОВ, жазушы