Көктегі  күн көрінбейтін ел

Көктегі  күн көрінбейтін ел

Көктегі  күн көрінбейтін ел
ашық дереккөзі
Алматы мен Дели арасының жақындай түскеніне 13 жыл. «Эйр Астана» әуе компаниясы күніне бір рет Алматы – Дели – Алматы  бағытында жолаушы тасымалдайды. 2004 жылдың қыркүйек айы мен 2017 жылдың қазан айы аралығында осы бағытта 500 мың жолаушы қатынап, 555 тонна жүк тасымалданған. Ал ағымдағы жылдың соңғы он айында 68 мың 623 жолаушы қатынаған. Олардың басым көпшілігі Санкт-Петербург, Мәскеу, Бейжің, Стамбұл, Киев, Үрімші, Тбилиси және Қазақстанға жол тартқандар. Биыл Астана қаласынан да Дели бағытына рейс ашылып отыр. Әуе компаниясының  қызметін пайдаланатын жолаушы ағыны өте көп. Бұл көрсеткіш жылдан жылға ұлғайып келеді. Үндістанға сапарымызда осыған тағы бір рет көз жеткіздік.  Біз Делиге түс әлетінде қондық. Шаң ба, түтін бе белгісіз, көкте күн көрінбеді, бұлт та жоқ. Делидің өте лас қала екенін бұрын да естігенмін, бірақ қарсы алдыңдағы ғимараттың өзі мұнартып қана көрінеді деп ойламаппын. Бәрібір шығыс үлгісіндегі қала көшелері өте әдемі. Шынар ағаштары, пальмалары мен тропиктік өсімдіктер, сан түсті сарилер көздің жауын алады. Көшедегі қарбалас түнгі екіге дейін тыйылмайды. Көше бойын толтырған жайма базарлардың санында шек жоқ. Үндістанда 1 миллиард 400 миллион халық бар. Оның ішінде 30 миллионға жуық адам астанада ғұмыр кешеді. Халық көп болған сайын, ер адамның саны артатыны белгілі. Мұнда 1000 еркекке 918 әйелден келеді. Мемлекет халықты тегіс жұмыспен қамти алмайды, сондықтан қолынан келгенше кәсіп қылып, күнін көруге мәжбүр. Бұрыш-бұрышта аяқ киім тазалап, велосипед жөндеп, жел үрлеп, тамақ сатып, шырын сатып, көше сыпырып жүргендер, бос әшейін  жүрген адам көрмейсің. Барлығы еңбектеніп отыр. Сіңірі шыққан кедейлер өте көп. Байлар да аз емес. Forbes  тізімінде Үндістан миллиардерлер саны бойынша алғашқы бестікке енеді. Зәулім үйлер мен салтанатты сарайлар көп емес, есесіне ескі лашықтар, жауын мен желден ғана қорғайтын, қисық-қыңыр жаппалар жетерлік. Қоқыс, қалдық, шаң-тозаңнан көз ашпайсың. Тіпті көктегі күнді көру қиын. Дәл осы уақытта қараша мен желтоқсан айы – қыс мезгілі саналады екен. Бұл кезде екінші жиын-терін аяқталып, алқаптар тамырымен өртеледі. Ауада  лүп еткен жел жоқ. Қаладағы көліктер санының артуы ауадағы қара түтінді еселей түседі. Міне, осы аталғандардың барлығы Делиді қыс мезгілінде қап-қара шаңға бөктіреді. Бізге көше кезіп, қаңғып жүрсе де, жергілікті халық өміріне риза сияқты көрінді. Күліп қарайды, қағып кетсең, ренжімейді. Касталық жіктеу де ескірмеген сияқты. Жоғарғы каста өкілдері мен төменгі каста өкілдерін бұрынғыдай алалау жоқ, барлық қызметке орналасып, қоғамдық өмірге еркінше араласа алады. Бірақ қыз алысып, қыз беріскенде осы бір елеусіз де болса, ескірген салт міндетті түрде ескеріледі екен. Өйткені балаға  атасының, әкесінің аты емес, сонау арғы бабасының тегі беріледі. Сөйтіп қандай фамилия қай кастаға жататынын айтқызбай-ақ білдіреді. Қанша бөлінбейді десе де, жоғарғы кастаның өкілдері саясаткерлер, ірі бизнесмендер, ел басқару ісіндегі беделді адамдар қатарында. Бізге жол сілтеген гидтің айтуынша, үнді жерінің өзге жерден келген жаулаушылардың қоластында ұзақ отыруына осы бытыраңқы дәстүрі мен сансыз көп княздықтардың өзара алауыздығы ықпал еткен. Соған қарамастан 1947 жылы британ отарлаушыларынан тәуелсіздігін алған мемлекет жылдан жылға дамып келеді. Аграрлық индустрия мен зергерлік бұйымдар, машина және инженерлік өнімдер экспортымен танымал. Ал әлемдегі шәй экспортының 21 пайызы осы елдің үлесінде. Сол сияқты дүние жүзіндегі бағалы тастардың 90 пайызы Үндістанда өңделеді. Бір көргенде Үндістанның қазіргі тыныс-тіршілігінен алған әсер осындай болды. Осы сапарымызда көрген сан ғасырлық тарихы бар ескерткіштер мен қасиетті жерлері өте әсерлі. Бір қызығы, Үндістанның мақтанышына айналған тарихи ескерткіштер Моғол империясы тұсында, мұсылман мәдениетінің ықпалымен бой көтерген. Дели мен Агра қаласындағы Хумаюн кесенесі, Құтыб-минар мешіті, Тәж Махал кесенесі сөзіміздің дәлелі. Дели қаласындағы ең танымал орындардың бірі – Құтыб-минар. Бұл Делидегі, жалпы үнді жеріндегі ең алғашқы мешіт. 1101 жылы ауған шапқыншылары солтүстік Үндістанды жаулап алған соң, Делидегі жайнизм, буддизм, индуизм ғибадатханаларын қиратып, соның құрылыс материалдарынан алғашқы мешітті салады. XXI ғасырға дейін бұл Делидегі ең үлкен мешіт болған. Ауған билеушісі Құтыбтың атымен аталған мұнара күні бүгінге дейін әлемдегі ең биік мұнара. Мұнара бой көтергеннен кейін арада жүз жылдан соң басқа билеуші Алауддин сұлтан жанынан екінші мұнараның құрылысын бастайды, өкінішке қарай, сұлтанның өлімінен кейін іргетасы ғана қаланған құрылыс  сол күйі аяқталған жоқ. Бір ғажабы, тоғыз ғасырлық тарихы бар ескерткішке келушілер өте көп. Осы сапарымызда әйгілі қолбасшы, ұлы моғол империясының негізін қалаушы Бабырдың ұлы Хумаюн кесенесін көрудің сәті түсті. Темірдің ұрпағы Бабыр Дешті Қыпшақ жеріндегі толассыз қақтығыстан кейін, Солтүстік Үндістанға жорыққа аттанады. Ганг өзеніне дейінгі аймақты  жаулап алып, өз империясын құрады. Кейіннен Бабырдың ұрпақтары осы империяны гүлдендеріп, жер аумағын кеңейте түсті. Хумаюн тұсында әлсіреген империя біртіндеп күшіне еніп, Үндістанның оңтүстік аймақтарына қауіп төндіре бастады. Моғол билеушілерінің қай-қайсысы да ғылым мен өнерге айрықша мән берген. Хумаюн император да өз кітапханасында болғанда, азанды естіп, асыға жүгіргенде шалынып жығылып, 47 жасында мерт болады. Баласы Акбар жас болғандықтан,  кесене тұрғызу тоғыз жылдан кейін қолға алынған. Сөйтіп, 1562 жылы Жамна өзенінің жағасынан қазіргі Дели қаласында қызыл кірпіштен алғашқы кесене салынды. 70 жылдан кейін салынған Тәж Махал кесенесі осы ғимараттың жетілдірілген үлгісі. Мұнда жүзден астам моғол сұлтандары мен ұрпақтары жерленген. Парсы шеберлерінің қолынан шыққан кесене бес ғасыр бойы өте жақсы сақталған. Моғол  империясы мәдениетінің бастамасы – осы кесене. Төрт ғасырға созылған империя тарихында үнді жерінде жүздеген мешіттер мен кесенелер бой көтерді. Делиден кейін императордың қалауымен, әлсін-әлсін астана болған Агра, Жайпур қалаларына бет түзедік. Дели, Агра және Жайпур қалалары алтын үштаған деп аталады. Үндістанға табан тіреген туристердің негізгі баратын жерлері осы. Әсіресе, Агра қаласында туристер толастаған емес. Әлемнің жеті кереметінің бірі – Тәж Махал осы қалада. Бабырдың шөбересі, шах Жаһанның Мұмтаз патшайымға арнап салдырған кесенесі шынымен көз қызықтырады. Ақ мәрмәр мен асыл тастардан соғылған кесене XVI ғасырдағы сәулет өнерінің жетістігі. Сүйікті әйелі қайтыс болған соң, қайғыдан қан жұтқан шах ақ мәрмәрдан кесене салдырады. Кесене құрылысы 22 жылға созылған. Тәж Махалға қарсы беттен өзіне арнап, қара мәрмәрдан кесене тұрғызбақшы болады. Арнайы жер де бөліп, іргетасын да құйған. Бірақ үлгермей қалады. Өйткені мемлекеттің бар қазынасын жалғыз кесенеге жұмсаған императорды балалары есінен танды деп айыптап, тақтан тайдырады. Сөйтіп өмірінің соңына дейін өз қамалында қамауда отырады. Сегіз жыл бойы сарайында Тәж Махалға қарап сарғайған шах соңғы мәрте ақ мәрмәрлі кесенеге қарап, көз жұмады. Қазіргі таңда Үндістанның аса көрнекті жерлерінің бірі – Тәж Махал жергілікті туризмнің мақтанышына  айналған. Мемлекет қазынасына айтарлықтай пайда түсіріп отыр. Санғасырлық құрылыс кешеніне газбен, жанармаймен жүретін көліктерді жақындатпайды. Арнайы электрмобильдер бірнеше шақырым жерден туристерді тасып отырады. Өйткені ыс пен түтін кесенені сарғайтып, мәрмәрді кірлетіп жіберуі  мүмкін. Сондай-ақ, Агра қаласындағы тарихи ескерткіштердің бірі – Қызыл қамалдың сәні ерекше. Қызыл кірпіштен соғылған қамалды Акбар патша өзі салдыртқан. Сансыз сарайлары мен мұнаралары, бақтары мен бұрқақтары бар қамалда Акбардың баласы Жаһангир, оның баласы шах Жаһан өмір сүрген. Императорлардың гаремінде үш-төрт мыңдай кәнизак болған деседі. Қамал Болливудтың талай тарихи картиналарында көрініс тапқан. Келесі аялдама – Раджастан штатында болды. Раджастан – патшалар мекені дегенді білдіреді. Мұнда княздықтардың сәнді сарайлары әлі күнге дейін сақталған. Кейбірі сарайларын мұражайға айналдырса, кейбірі қонақүй жасап, табыс көзіне айналыпты. Жайпур қаласының қақ ортасындағы Махараджа сарайын көрудің сәті түсті. Махараджа сарайының ішкі ауласы, қару-жарақ пен киім-кешек, манускрипт мұражайлары, Гиннестің рекордтар кітабына енген су құятын алып құмыралары да осында. Кезінде  Эдуард VIII патшаның таққа отыру салтанатына қатысу  үшін Англияға жол тартқан махараджа ол жақтың суы мен тазалығына сенбей, мың тонналық екі құтыға Ганг өзенінің суын құйдыртып ала кеткен. Міне, сол құтылар сарай төріне жайғасыпты. Жайпур қаласы күлгін түсімен танымал. Кезінде Раджастан махараджаларының бірі қаланы бірдей түске бояуға бұйрық береді. Содан кейін қаладағы барлық құрылыс нысандары бір түске боялады. Бұл дәстүр он жылда бір рет қайталанып отырады. Өткен ғасырдың басында Үндістанға келген британ журналисі Жайпурды – күлгін түсті қала деп жазған екен. Осыдан кейін “pinkcity” деп аталып кеткен. Негізі, таза күлгін түс емес. Кірпіштің қызғылт сары түсіне жақынырақ. Тау етегінде орналасқан қаланың көрікті нысандары өте көп. Мысалы, су бетіндегі Джал Махал сарайының көркі Тәж Махалдан бір кем емес. Кезінде соны тұрғызу үшін көлді де қолдан жасаған екен. Төрт күн ішінде үнді үштағанын көріп үлгердік. Қала арасында қатынайтын шағын авиация дамымаған. Небәрі екі жүз шақырымдық жол бес-алты сағатқа созылады. Ал қалалардағы сансыз рикша, туктук пен велосипедшілер ығы-жығы қозғалады. Бағдаршам анда санда бір кездеседі. Жол жүру ережелері мүлде сақталмайды. Осының барлығына қарамастан Үндістан сапары әдемі естеліктерімен есте қалды. «Бояулар елінің» әсері әлі ұзақ уақыт тарқамас.