Сайын даланың мақтаны болған Сарайшық

Сайын даланың мақтаны болған Сарайшық

Сайын даланың мақтаны болған Сарайшық
ашық дереккөзі
Қазақстан тарихында ортағасырлық Сарайшық қаласының алатын орны ерекше. Еліміздің оңтүстігі мен Жетісу өңіріндегі қалалық мәдениеттің көрінісін ортағасырлық үлкенді-кішілі қалалар, қамалдар, бекіністер, елді мекендерден көре алсақ, ал батыс өңірінен бұл кереметтің бәріне Сарайшық қаласы арқылы тәнті боласыз. Қаланың Сарайшық деп аталуы тегіннен-тегін емес. Мысалы, XIV ғасырдың алғашқы жартысында, Қыпшақ даласы арқылы Хорезмге сапар шеккен араб саяхатшысы Ибн-Баттута: «Сарайдан шыққан соң он күннен кейін Сарайжук қаласына келдік, ол – Ұлы су (Жайық) жағасына орналасқан. «Жук» деген сөз бұл жерде «кіші» деген мағынада, сонымен бұл қала – «Кіші Сарай» дейді жазбасында. Демек, қаланың Сарайшық аталуы – Кіші Сарай атынан туындаған. Ал белгілі археолог Г.И. Пацевич Сарайшық қаласында 1373-1374 жылдары Алтын Орда тағының мұрагерлері Ильбан хан мен Ала Қожалардың қоныстанғанын растайды. Бұл дәлелдерден Сарайшық қаласының Жошы ұлысының бір аудан орталығы болуы мүмкін деген қорытынды жасауымызға әбден болады. Сарайшық қаласының өмір сүрген дәуірін «Археологическая карта Казахстана» деген жинақта былай деп үшке бөледі: «Бірінші дәуір – ХІ-ХІІ ғасырлар, яғни моңғол үстемдігіне дейінгі мезгіл, екінші дәуір – ХІІІ-ХІV ғасырлар, яғни Алтын Орданың немесе Ақ Орданың кезі, ал үшінші дәуір – XV-XVI ғасырлар, бұл дәуірді ноғайлық дәуір» деп атаған.

Сарайшыққазақтың киелі мекені

Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ұлттық құндылықтар мен ұлттық мұраны түгендеуге айтарлықтай атсалысты. Елбасы өз мақаласында: «Идеяның түп төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды» деп жаңаша ізденістер мен нақты атқарылар жұмыстарды көрсетіп берді. Қоғамға үлкен серпіліс әкелген жаңа бағдарлама Атырау облысы жұртшылығының ерекше қолдауына ие болды. Зиялы қауымның ұзақ жылдар бойы Сарайшық іргесін бекіту туралы ұсынысы толыққанды жүзеге асып отыр. Сонымен, 1333-1334 жылдары «Бүкіл әлемді шарлап шықтым, Сарайшық Бағдадтан кейінгі ең үлкен қала екен. Ол жерде ханның мөлшерлемелері, төрт жалтыраған мешіт және көптеген қонақ үйлер орналасқан. Мені таң қалдырған бұл емес, су жіберу жүйесі. Сарайшықта су әрбір үйге өзі кіреді. Осыны көргеннен кейін мен шын мәнінде таң қалдым» деген араб саяхатшысы Ибн Баттутаның жазбасы біз толық танып болмаған Сарайшық қаласының сан қатпарлы тарихына бас игізеді. Алдымен, Сарайшық қаласының пайда болған уақытының өзі нақты дәлелдене қойған жоқ. Мәселен, Әбілғазы «Түрік шежіресі» еңбегінде қаланың салынуын Батый ханнан бастайды (Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы: Ана тілі, 1992. 115 б.). Бұл пікірді белгілі ғалым, академик К.Байпақов: «Жазба ескерткіштерге назар аударсақ, қала Алтын Орданың негізін қалаған, оны 1227-1254 жылдары басқарған Батый хан бұйрығымен салынған» деп қуаттай түседі. Бұл пікірлер қаланың ХІІІ ғасырда Алтын Орданың Сарай Бату (1254-1480), Сарай Берке (1260-1395) қалаларымен қатарлас өмір сүргенін айғақтайды. Сонымен бірге қала ХІ ғасырда, тіпті одан да бұрын мәдени, сауда орталығы болғанын жазып қалдырған да деректер кездеседі. ХХ ғасырдың бас кезеңінде Сарайшық қирандылары туралы жазған мақаласында ғалым И.Кастанье «Хиуа хандығы мен Сарайшық қорғаны аралығындағы керуен жолы моңғол үстемдігі мен Еділ өзеніндегі Сарай қаласының дамыған, тіпті оған дейінгі Еділ және Хазар үстемдігі кезеңінде басты қарым-қатынас жолы болды» деп тұжырымдады. (Кастанье И.А. Древности Киргизской степи и оренбургского края. – Алматы: «Дайк-Пресс», 2007. С.160). Бұл пікірді ноғайтанушы Ә.Сарай: «шетел зерттеушісі Д.Девиз Сарайшықты исламға дейінгі Дешті Қыпшақтың мәдени орталығы, қыпшақтанушы Б.Көмеков Дештінің оң қанатының орталығы, археолог С.П. Толстов та далалық зерттеулер нәтижесінде Сарайшықтың төменгі қабаттары моңғолдардан бұрынғы кезеңге меңзейтінін айтқан» деген тоқтамға келеді.

 Қайта жаңғырған Сарайшық

Жақында Атырауда «Ибн Баттутаның Ұлы Жібек жолымен саяхаты: мәдениеттер арасындағы диалогты алға бастыру» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.  Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай, киелі орындарды насихаттау, ғалымдардың зерттеулерін болашақ ұрпақ жадында жаңғырту, Каспий өңірі тарихи-мәдени мұраларын терең зерттеулерді қолға алу мақсатында ұйымдастырылған конференцияға алыс-жақын шет елдерден ғалымдар қатысты. Халықаралық конференцияда Сарайшық қалашығының өткен тарихы мен келешегі сөз болды. Сарайшық туралы алғашқы жазба дерек қалдырған арабтың белгілі географ-ғалымы, саяхатшысы – Ибн Баттута 1334 жылы «Біз Сарайшық қаласынан атжеккен арбамен он күн жол жүріп, Сарайжүк қаласына жеттік. Бұл «Ұлысу» деп аталатын үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүниежүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында екен» деген екен. Ал 1950 жылы қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұлан зерттеуінен кейін Сарайшықтың XII ғасырда салынғанын айтса, жарты ғасырдан соң Сарай шықта жүйелі қазба жұмыс та рын белгілі ғалым Зейнолла Самашев жүргізді. 1999 жылы Сарайшық қаласы орнында тарихи-мемориалдық кешен құрылысы салынды. Хандар пантеонында Сарайшықта жерленген жеті ханға арналып құлпытастар қойылған. Одан бөлек мешіт пен мұражай ғимараттары салынса да, ашық аспан астында, өр өзеннің иелігінде қалған Сарайшық қалашығының тарихи орны жойылуға шақ қалды. Соңғы он жылда, Сарайшық тағдыры алаңдатқан жергілікті халық пен тарихшы, археолог мамандардың жанайқайынан соң облыс әкімдігінде сең қозғалды. Биыл Сарайшық қаласының орнын сақтап қалу мақсатын да, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жергілікті қазынадан 1,5 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді. Мердігер мекеменің өкілі Асқар Төленовтің айтуынша, құрылыстың 80 пайызы біткен. Жағалауды бекітуге қаржы бөлінген соң, арнайы лицензияға ие болған облыстық тарихи-өлкетану музейі мамандары, археологтар Сарайшықтағы далалық зерттеулерді қайта қолға алды. Бұл туралы музей басшысы Рашида Харипова облыстық әкімшілік пен Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Сарайшықтың сақталған бірқатар бөліктерін музейлендіру, қазіргі заман талап тарына сай келетін туристік инфрақұрылым құру жұмыстарының жоспарда бар екенінен хабардар етті. Ол «Сарайшық қаласындағы зерттеулер және қазба жұмыстары» атты баяндамасында: «Сарайшықтың сақталған бірқатар бөлігін музейлендіру, қазіргі заман талаптарына сай келетін туристік инфра-құрылым құру болжануда. Сондықтан алдымызда, археологиялық зерделеу, ашылған бөліктерді консервациялау, қаланың қорғау аймағын анықтаудан бөлек, музейлендіру жұмыстарының ең қолайлы нұсқаларын құрау мәселесі де тұрды. Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университеті студенттерінің қатысуымен археологиялық жұмыстар жүргізілді», – деді. Сондай-ақ, музей басшысы Рашида Харипова қазбаның оңтүстік бөлігінде екі көрхана – жер асты склепі ашылғанын, олар қыш кірпіштен күмбез түрінде тұрғызылғанын мәлім етті. Қазба алаңының бір бөлігі ерте кезеңдегі көшеге немесе аулаға сәйкес келеді, бұл бөліктен пішіні бойынша жеркепеге ұқсас шұңқыр қазылды. Шұңқырдан көркем, сұр түсті қыш ыдыс сынықтары және бұрынғы типтегі Хорезм үлгілеріне ұқсас сырлы кесе шыққан. Қазба жұмыстары кезінде жалпы саны – 75, оның 21-і түрлі үлгіде соғылған тиындар табылды. Ең көп кездесетін тиындар – Өзбек хан мен Жәнібек хан соғылымдары. Қазақ хандығының астанасы – Сарайшық қалашығы қасиетті жерлер тізіміне енді. Бұл туралы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталы-ғының басшысы Берік Әбдіғалиұлы: «Қасиетті Қазақстан» республикалық экспедициясының мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілгендей, еліміздің аймақтарындағы қасиетті жерлерінің тізімін жасау. Тізімді жасақтағанда міндетті түрде жергілікті жерлердегі өлкетанушы, тарихшылар, өңір тарихын жетік білетін ақсақалдар мен жастардың ұсынысын ескеретін боламыз. Қасиетті жерлердің көпшілігі – халық бұрыннан бері анықтап қойған, бұрыннан халық өзі құрметтеп, тағзым ететін жерлер. Атырау облысынан 4 қасиетті жер тізімге енген болатын. Олар – Сарайшық қалашығы, Ақмешіт қорымы, Ұшқан ата мавзолейі, Махамбет Өтемісұлының кесенесі. Облыстық әкімшілікте болған жиында тағы екі нысан қосу туралы ұсыныс түсті. Индер ауданындағы «Тұзды көл» шипагерлік жері және «Иманқара-Қойқара» кешені. Сарайшық қаласы – жай ғана археология лық кешен емес, Қазақ хандығының Астанасы. Сарайшықтың тағдыры ерекше» деді. Демек, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жоғымызды түгендеп, барымызды бағалауға деген үлкен мүмкіндік.