Мәдениет пен әдебиет жұртты жақындатады

Мәдениет пен әдебиет жұртты жақындатады

Мәдениет пен әдебиет жұртты жақындатады
ашық дереккөзі
Қазақстан мен Түркия дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы аясында қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру мақсатында Қазақстанның Анкарадағы елшілігінде «Қазақстанның рухани жаңғыруындағы Қожа Ахмет Ясауи» атты конференция өтті. Конференцияға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы Мұса Йылдыз, Түркі мәдениетін дамыту ұйымының бас хатшы орынбасары Фырат Пурташ, Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлы, жазушы Алпер Қаған Үчер, түрік зиялы қауым өкілдері және Түркияда қоныстанған Қазақстанның азаматтары қатысты. Шара барысында жазушы Алпер Қаған Үчердің бүкіл түркі дүниесінің пірі, ұлағатты ұстазы Қожа Ахмет Яссауи туралы жазылған Sarp Yokuş (Тік өр) атты романының тұсауы кесілді. Конференцияны құттықтау сөзімен ашқан елші Абзал Сапарбекұлы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы негізгі бағыттарын атап өтіп, Қазақ елінде жасақталып отырған рухани және мәдени географиялық белдеу туралы, 26 қазанда латын әліппесіне көшу туралы Жарлыққа Елбасының қол қойғандығы және былтырғы жылы ЮНЕСКО тарапынан жария етілген « Яссауи жылы» аясында бірқатар маңызды іс-шаралардың ұйымдастырылғандығы жөнінде хабарлады. Сондай-ақ, ол «Шынар ата» атанған түрік жазушысы А.Қ.Үчердің Яссауи туралы жазған жаңа шығармасының жарық көруімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Жазушы А.Қ.Үчер Елбасы Н.Назарбаевтың қоғамдық сананы жаңғырту бойынша ұстанған салиқалы саясатын жоғары бағалап, түркіден шыққан Қожа Ахмет Яссауи сынды ұлы тұлғалардан қалған рухани мұраға ие болып отыру қажет екендігін және сол мұралардың ғана қазіргі таңда қауіп төндірген радикалды ағымдарға қарсы төтеп бере алатындығын жеткізді. Түрік жазушысы сөз соңында елшіліктің мәдени-гуманитарлық сала бойынша белсенділікпен атқарып отырған шараларын атап өтіп, екі бауырлас ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде дамып отырғандығын жеткізді. «Мәдениет пен әдебиет елді елдестіреді, жұртты жақындастырады. Қазақ елінің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктері көп. Бүгінде рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өзінің ұлттық құндылықтарын Анадолу жерінде паш етіп отыр. Еңбегім екі ел арасында көпір болса арманым орындалды деп есептеймін», – деді түрік қаламгері. Шара соңында  түрік жазушысы А.Қ.Үчерді елші А.Сапарбекұлы алғыс хатпен марапаттады. Тағы бір жаңалық, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен Еуразия Жазушылар қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен ІІ-ші Халық­аралық Қорқыт ата атындағы драматургия саласы бойынша байқау өз мәресіне жетті. Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Түркия, Түркіменстан сынды түркітілдес елдерден келіп түскен 48 драматургиялық шығармалар іріктелді. Байқау комиссиясының шешімі бойынша бірінші орынды Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Ахметжан Аширидің «Шарбақ» атты шығармасы иеленді. Екінші орынды түркиялық жазушы Лүтфи Шахсувароғлының «Тұғрыл Бейдің түс» атты шығармасы, үшінші орынды әзірбайжандық жазушы Первин Нұралиеваның «Асып өтер Арасты» атты шығармасы және төртінші орынды түркімен жазушысы Оғулмая Семизаденің «Ұлы таулардың әні» атты шығармасы жеңіп алды.