Николай Сванидзе:   Қазақстан мұны қасақана жасап отырған жоқ

Николай Сванидзе:   Қазақстан мұны қасақана жасап отырған жоқ

Николай Сванидзе:   Қазақстан мұны қасақана жасап отырған жоқ
ашық дереккөзі
Қазақстан мемлекетінің 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне сатылап көшу саясаты кейбір көрші елдердің көзқарасына әсер етіп жатқандай. Әсіресе, қазірдің өзінде Ресей тарапынан қарсы сыни пікірлер еміс-еміс айтылып жүр. Жақында «Эхо Москвы» радиосына сұхбат берген ресейлік танымал тарихшы, қоғам қайраткері, тележурналист Николай Сванидзе Қазақстанның латын әліпбиіне көшу тұрғысындағы журналистің қитұрқы сауалына нақты әрі дәйекті жауап қайтарыпты. Біз де шағын сұхбатты тәржімалап беруді жөн санадық.  –  Қазақстан 2025 жылы кириллицадан латын қарпіне көшкелі жатыр. Жақында ғана ел президенті осыған байланысты қаулыға қол қойды. Сіз бұған қалай қарайсыз? – Қазақстанда латын қарпіне көшу туралы мәселенің көтерілгеніне біраз болды. Қазір тек соны жүзеге асыруға кірісіп кетті. Ал бұған көзқарасыңыз қалай десең, бізге бұдан келіп-кетер пайда да, зиян да жоқ. Әрине, бұл өзгеріс біздің мәдени байланысымызға кері әсер ететін шығар, сондай-ақ біздің еліміздің мәдени беделіне нұқсан келуі мүмкін. Басты айтарым, мұның астарынан саяси акцент көріп тұрғам жоқ. Бұл – саясат емес. Қазақстан мұны қасақана жасап отырған жоқ. Тіпті, олар сіз ойлағандай, біздің «бақшамызға» тас лақтырып отыр ма? Әрине, жоқ. Егер әдейі жүргізілген саясат болса, сонда ғана «Қазақстан бүйтіп жатыр, сөйтіп жатыр» деп ренжуге болады. Демек, бұл – саяси емес, прагматикалық шешім. Себебі, қазір әлем латын тілінде жазады. Егер қазақ жастары өркениетке қол жеткіземіз десе, ақпарат саласында табысқа кенелем десе, оларға кириллица емес, латын тілінде жазған, оқыған тиімді. Латын – әлемге ашылған терезе. Латын – әлемді жақын етеді. Бұрын Кеңестер Одағы тұсында Қазақстан Ресей империясының бір бөлшегі ретінде кириллицаны таңдаса, қазір Қазақстан өзін әлемнің бір бөлшегі ретінде көреді, таниды. Шын мәнінде, олар (Қазақстан тұрғындары – ред.) не үшін мәдени маргинализациялануы керек? Олардың ойынша, кириллица – мәдени маргинализация. Бүгінде әлем елдері латынша жазып, латынша оқиды. Сондықтан Қазақстан үшін бұл дұрыс шешім. Ал біз қазір өзіміз үшін есеп беруіміз керек. Егер біз экономикалық, мәдени тұрғыдан тартымды бола алмасақ, жаңа техника мен ғылым жаңалықтары туралы кітаптарды орыс тілінде жаза алмасақ, онда орыс тілінде оқудың не керегі бар? Орыс тілі – Пушкинді оқу үшін керек пе? Әрине, тіл ғалымдары, филологтар, басқа да орыс тілін сүйетіндер орысша оқи берсін. Тіпті, орысша оқуға құлқы жоқтар ағылшынша нұсқасын оқуға болады. Еш кедергі жоқ. Бірақ Пушкиннің өлеңдері ағылшын тіліне Шекспирдің шығармасы сияқты керемет аударылған жоқ. Соған қарамастан ағылшынша, немісше оқуға мүмкіндік бар. Керісінше Толстой, Достоевский, Чеховтың прозасын ағылшын тіліне аудару оңай. Бұл жерде ешқандай түйткіл көріп тұрған жоқпын. Барлық мәселе – бізде. – Бірақ мұндай шешім талай жылғы достық байланысымыздың қайтарымына жата ма? Бұл бізді сатып кеткен сияқты ғой... – Мемлекетаралық байланысты достық, махаббат, тағы басқа дүниемен шатастыруға мүлдем болмайды. Меніңше, бұл жерде ешқандай романтика жоқ. Мемлекетаралық қарым-қатынаста тек пайда мен мүдде ғана бар. Басы артық ештеңе жоқ. Әдемі көзі үшін адаммен дос болуға болатын шығар. Ал ешбір мемлекет «көзің әдемі, түрің керемет» деп дос болып, айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүрмейтін шығар. Сондықтан мемлекеттің өз ішіндегі саясатқа ешкімнің араласуына қақы жоқ.  

Тәржімалаған

Динара Мыңжасарқызы