Жаңалықтар

Қазанда – бензин, қарашада – дизель

ашық дереккөзі

Қазанда – бензин, қарашада – дизель

«Қараша айынан бастап елімізде бензин бағасы тұрақталады». Бұл Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың қазандағы жанармай дағдарысы кезінде жұртқа берген уәдесі болатын. Ведомство басшысы сөзінде тұрды ма? Жанар-жағармай нарығының бүгінгі жағдайы қалай? Қазандағы қарбалас елді біраз әбігерге салды. Жанармай құю бекеттері ұзын-сонар кезектен көз ашпай, бензин бағасы еліміздің барлық аймағында шарықтап шыға келген еді. Елде бензин тапшылығы ушығып, нарық жүгенсіз кеткен соң, Үкімет басшысы Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовты қызметінен босатуға мәжбүр болды. Ал ведомство басшысына сөгіс жарияланды. Осыдан кейін жағдайды реттеуге кіріскен Бозымбаев бензин бағасын импортталатын ресейлік бензин үлесін азайту арқылы төмендетеміз деді. «Осы айда (қазан – авт.) 100 мыңнан астам тонна АИ-92 бензинді Ресей Федерациясынан импорттаймыз. Осыған байланысты бағалар өсуі, 165, 155, 157 теңге болуы мүмкін. Бірақ ол бір айға ғана созылуы ықтимал. Өйткені осы айдың соңына дейін Павлодар мұнай өңдеу зауыты көп жыл созылған жаңғырту жұмыстарын аяқтап, тиісті қондырғылар іске қосылады. Осыдан кейін қараша айында отандық нарықтағы Ресей бензинінің үлесі 40-тан 20 пайызға ал желтоқсанда 15 пайызға төмендейді. Жалпы өзіміздің зауыттарда шығарылатын бензиннің бағасына ықпал етуге мүмкіндік бар. Сондықтан қараша, желтоқсаннан бастап баға тұрақты болуы керек. Ал «ҚазМұнайГаз» Атырау мен Павлодар зауыттарын жаңғыртуды дұрыстап бітірсе, онда қаңтар айынан бастап бензиннің 100 пайызын еліміздегі үш зауыт қамтамасыз етеді», ‒ деген болатын министр. Қазан айының соңында Павлодар мұнай зауытындағы жырға айналған жаңғырту жұмыстары бітті. Зауыт ұзақ үзілістен кейін бензин өндіре бастады. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бұл жаңалықты өзі сүйіншіледі. Алғашқы 1200 тонна АИ-92 бензині жақын Ақмола, Солтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарына жөнелтілді. «Жуырда каталитикалық крекинг деген құрылғы іске қосылса, 4 мың тоннадан астам бензин шығарылады. Сонда зауыт жанармайы Алматы, Талдықорған, Қарағандыға жіберілетін болады. Ал Атырау зауыты 16 желтоқсанда, Шымкент зауыты 2018 жылдың екінші жартысында жөндеуді аяқтайды. Бір жылда Қазақстан өзін 100 пайыз бензинмен қамтамасыз етеді», ‒ деп қуантты министр. Алайда іске қосылғанына бірер апта өтер-өтпестен Павлодар мұнай зауытының жұмысы ақсай бастады. Оған дизель отынын шығаруға қажет сутегі өндіру қондырғысы істен шығуы себеп. Үмітін ақтамаған кәсіпорын басшысы Шухрат Данбайды Бозымбаев дереу Министрлер үйіне шақыртты. «Біз бұл учаскіні өз күшімізбен жөндеуге қатысты қателігімізді мойындаймыз. Сутегі құрылғысынсыз жұмыс істеу мүмкін емес. Шетелден сутегі құрылғысына тапсырыс бердік. Жеткізуші 9-10 желтоқсанға дейін аталған құрылғыны жеткізуге уәде беріп отыр», ‒ деп ақталды зауыт басшысы. Қанат Бозымбаев Данбайдың бұл жауабына қанағаттанған жоқ. «Мен сізге 1 қараша күні тапсырма бердім, сіз 8 қарашада зауыттың бірқатар құрылғысы іске қосылатынын айттыңыз. Бүгін 7 қараша. Бүгін құрылғының 10 қарашада орнатылатынын айтып отырсыз. Бұл дегеніңіз нарыққа жолдағалы отырған бензиннің мөлшері азаяды деген сөз. Сіз бұл мәселені созған сайын ел үшін қиынға түсе береді. Меніңше, мәселені шешпесеңіз, бұл тұрғыда сізбен әңгімені жалғастырудың да мәні қалмайды. Екінші мәселе – жөндеу жұмыстарын сапасыз жүргізгендіктен, сіздің зауытыңызда айына 150 мың тонна емес, 25 мың тонна дизельдік отын өндірілетін болады. Бұл сұмдық жағдай. Павлодардағы зауыт елімізді мұнай өнімдерінің үштен бірімен қамтып отыр. Сондықтан, жұмысы тоқтаса, бірден байқалады. Менің ойымша, сіз жүктелген міндетті атқара алмадыңыз. Сондықтан, сіздің тарапыңыздан атқарылған жұмысқа қанағаттанатындай дәрежеде емес деп баға беремін», ‒ деді ведомство басшысы. Министр сынынан соң өз ісін тиянақты атқара алмаған директор «ҚазМұнайГаз» АҚ қайта өңдеу және маркетинг директорлар кеңесінің шешімімен қызметінен босатылды. Қазір зауыт тізгіні оның орынбасары болған Оспанбек Әлсеитовте. Данбай мырза «ұсақ-түйек» деп көзге іле қоймаған маңызды шаруаларды аяқтау енді соған жүктеліп отыр. Оның мойнындағы ең басты міндет – дизель отынын өндіретін қондырғыны жеделдетіп іске қосу. Әйтпесе, еліміздің барлық аймағында солярка тапшылығы ушығатын түрі бар. Қондырғының істен шығуына байланысты зауытта отынның бұл түрін өндіру 5 есе кемігендіктен, өңірлерде қазірдің өзінде солярка жетіспеушілігі байқала бастады. Әсіресе, Шығыс пен Батыс Қазақстан облыстарында дизель отынын іздеп сенделгендер көп. Тіпті, айдың басында Астанадағы жанармай бекеттерінің біразынан қысқы дизель табу мұң болды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Павлодар мұнай өңдеу зауыты дизель отынын шығару бойынша жоспарлы қуаттылығына 15-20 желтоқсан аралығында көшеді. Зауытқа Ресейден тапсырыс берілген жаңа сутегі қондырғысы уақытында жеткізілсе, әрине. Әйтпесе, елдегі дизель тапшылығы да, «ҚазМұнайГаздың» шығыны да арта түсетін секілді. Ұлттық компания жанармай нарығындағы бұл жағдайды техниканың емес, адамның «ақауы» деп түсіндіріп отыр. «ҚазМұнайГаз» ҰК-ның өңдеу, маркетинг және тасымалдау бойынша атқарушы вице-президентінің міндетін атқарушы Данияр Тиесовтің айтуынша, 20 қазанда Павлодар мұнай-химия зауытында сутек өндірісі құрылысында мұнай-химия зауытын жаңғырту бойынша жоспарға енгізілмеген дәнекерлеу жұмыстары жүргізілген. Сол кезде қателік жіберілген көрінеді. – Дәнекерлеу арнайы болаттан жасалған бірегей бөлшектерде жасалды. Мұнда дәнекерлеушілердің жоғары біліктілігі мен арнайы жабдық, дайындық қажет. Дегенмен жұмысты жергілікті компания дәнекерлеушісі жүргізген. Бірегей бөлшекте сызаттар пайда болды. Өндіріс құрылғысындағы үдеріс жоғары температура мен қысымда болатынын ескеретін болсақ, бұған дейін бұзылған бітеулік керек, ‒ дейді Данияр Тиесов. Уақытша атқарушы вице-президенттің айтуынша, Павлодар мұнай-химия зауытындағы бұл жағдай туралы «ҚазМұнайГаз» 10 күн өткеннен кейін, яғни елде дизель отынының тапшылығы сезілгенде ғана хабардар болған. ‒ Әрі қарай не болды? Қорыққаннан тіс жармаған. Өз күштерімен жөндеуге тырысқан, жергілікті шеберханада қамыт дайындаған да оны үстінен кигізуге тырысқан, алайда жағдай ушығып кеткен. Зауыт басшылығы «ҚазМұнайГазға» 30 қазан күні ғана келіп, жағдайды баяндаған. Біз 10 күн жоғалтып алдық. Нәтижесінде тәулігіне 4-4,5 мың тонна дизель шығарудың орнына бүгінгі күні 600 тонна шығарылады, ‒ дейді Данияр Тиесов. «ҚазМұнайГаз» басшылығы Қазақстанда дизель отынының тапшылығы екі аптадан соң аяқталады деп сендіруде. Ұлттық компания өнімнің жетіспейтін көлемін ресейлік зауыттардың есебінен қалыпқа келтірмек. 5 қараша күні Ресейде дизельдің алғашқы партиясы сатып алынған болатын. Дизель құйылған цистерналар өңірлерге жөнелтілді. «ҚазМұнайГаздың» болжамы бойынша, аймақтарды отынмен қамтудың бұл тәсілі компанияға үш миллиард теңгеден астам шығын әкеледі. Бұған қоса, зақымданған бөлшектің орнына сутек өндірісі құрылғысы үшін құны 425 мың еуро тұратын жаңа бірегей бөлшекке тапсырыс берілген. Бұрынғы құрылғыны жөндеу үшін зауыт Малайзиядан мамандар шақырған, дегенмен олар жағдайды түзете алмаған. Павлодар мұнай-химия зауытында дизель отынын гидротазалау құрылғысын іске қосу мерзімі желтоқсан айының соңына жоспарланып отыр. Оған дейін импортқа иек арта тұруға тура келеді. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Павлодар мұнай-химия зауытында жанармайдың жоспар бойынша өндіріп жатқанына шүкірлік етуде.