Ауыл әкімі қандай болуы керек?

Ауыл әкімі қандай болуы керек?

Ауыл әкімі  қандай болуы керек?
ашық дереккөзі
  Қазақ ауылда өсіп, ұрпағын сол топырақта өрбіткен халық. Сондықтан, елді мекендердің жағдайын оңалту, ауыл халқының жақсы өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан түрлі шаралар жүзеге асырылып келеді. Елді мекендердің еңсесін түзеу үшін қолға алынған бастамалардың бірі – ауылдардың дербес бюджетін енгізу. Дамыған елдерде әр қала, тіпті әр елді мекен жергілікті өзін-өзі басқару тетігіне сүйеніп, біртұтас корпорациядай жұмыс істейді, инвестор тартуда, өркендеуде өзара бәсекеге түседі. Озық елдердің бұл үлгісі енді біздің елде де жүзеге асырылмақ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамы селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуді міндеттейді. Осылайша Қазақстан ауыл-аймақтың рөлін, билігін және бюджетін арттыруға бағыталған үлкен реформаны өрістетіп келеді. Елбасының берген тапсырмасын ел Үкіметі 2018 жылдан бастап орындамақ. Яғни, елімізде келер жылдан бастап халық саны екі мыңнан асатын ауылдық округтер бюджетке түсетін қаржыны өздері жинап, өздері жұмсайды. Яғни, жергілікті бюджет ауыл әкімдерінің басқаруына беріледі. Сөйтіп, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрғындар саны екі мыңнан асатын ауыл әкімдері бюджетті өз қолына алса, 2020 жылдан бастап қазына қаражатын жинау мен жұмсау мүмкіндігі барлық ауыл басшыларына берілмек. Бүгінде еліміздің бюджет жүйесі 3 деңгейден тұрады. Бұған дейін аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ деңгейінде дербес бюджет болған емес. Бұл дегеніміз, шамамен 2,5 мың әкімшілік. Сол себепті 2018 жылдан бастап тұрғындарының саны 2000 адамнан асатын әкімшілік аумақта, ал 2020 жылдан бастап, барлық жерде мемлекеттік бюджеттің 4-деңгейі енгізіледі. Жергілікті бюджетке басшылық еткен ауыл әкімдері салықтан түскен қаражаттың негізінде балабақша, мектеп пен аурухана ғимаратын салу және жөндеу, су мен жол тарту сынды мәселелерді шешуді де өз қолына алуы тиіс. Жергілікті бюджетте жиналған қаржы сол ауылдарды көркейтуге жұмсалатын болады. Мұндай жағдайда маңызды мәселелердің өз шешімін табуына тұрғындар да белсенді түрде атсалысады, билік олардың пікірлеріне құлақ асуы қажет. Сонда ғана сенім пайда болады. Бірақ қаражатты дұрыс және тиімді жұмсау әкімдердің білігі мен білімінің жоғары деңгейде болуын талап етеді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан еліміздегі халық саны 2000 адамнан асатын 1066, ал 2020 жылдан бастап республиканың барлық 2444 ауылдық округтерінің өзінің дербес бюджеті болады. Осы мыңдаған елді мекендерге Үкімет 110 миллиард теңгені теңдей бөліп бермек. Сонда әр ауылға 44 миллион теңгеден келеді екен. Мұндай қыруар қаражатты әкімдер су мен жарық тартуға, жол салып, мектеп, аурухана мен балабақшаны жөндеуге жұмсауы тиіс. Оның үстіне коммуналдық мекемелер де ауылдың құзыретіне қайта беріледі. 2017 жылы 11 шілдеде «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту туралы» заң қабылданған. Аталған заң аясында ауылдық округ әкімдерінің бюджетінің қалай жұмсалуын сол елді мекеннің тұрғындары да тікелей бақылап, өз ұсыныстарын айтуға мүмкіндік беріледі. Ауылдық округ әкімдіктерінің аппараты бюджет жоспарын ең әуелі жергілікті қауымдастықпен келісіп, мұқият пысықтағаннан кейін ғана аудандық мәслихаттың бекітуіне ұсынады. Бір сөзбен айтқанда, ауыл әкімдері бұрынғыдай аудан әкімдеріне жалтақтамай, елді мекен тұрғындарымен ақылдаса отырып, сансыз түйткілдерді өздері шешуге мүмкіндік алады. Ауылдық округ әкімдерінде бұдан былай жеке бюджет болатындықтан, елді мекеннің әрбір тұрғынынан түсетін салықтың да маңызы арта түспек. Өйткені салық көп болса, бюджеттің көлемі де соған сай болмақ. Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кірістері үш бөлімнен тұрады: салықтық түсімдерден, салықтық емес түсімдер және аудандық бюджеттен берілетін трансферттер. Оны ауыл әкімдері мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, ауылдарды абаттандыру, ауызсу мәселесін шешу сияқты 19 бағытта жұмсай алады. Кейбір заңнамалық актілерге жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң бойынша, дербес бюджетті қандай мәселелерге жұмсау мәселесі жергілікті қоғамдастық жиналыстарында шешіледі. Ол жиналыстарға кәмелетке толмаған адамдардың, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың қатысуға құқығы жоқ. Осы жиналыстарда әкім есеп береді. Бұл жиналыс бюджеттің қалай жұмсалғанын тексеру үшін маман шақыруға да құқылы. Ал оның шешімдерін әкімдер қарауға міндеттеледі. Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу жұмыстарын түсіндіру мақсатында еліміздегі облыс орталықтарында арнайы форум ұйымдастырылып, ауыл әкімдері бұл мәселенің қыр-сырына қанығуда. Мәселен, қазан айының соңына қарай «Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу» атты республикалық форум Оңтүстік Қазақстан облысында өтті. Жиынға Алматы, Жамбыл және Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарынан 400-ден астам ауыл әкімі қатысты. Форумда белгілі болғандай, оңтүстіктегі 181 ауылдың 175-і осы тізімге енеді. Қалған 6 ауыл 2020 жылдан бастап жобаға қосылады. Облыс басшысы Жансейіт Түймебаев мұндай маңызды шараны іске асыру арқылы жергілікті маңызы бар ауылдардағы түйткілді мәселелерді шешуге мүмкіндік артатындығын айтып отыр. Ал Ақмола облысындағы ауыл әкімдерінің республикалық форумында келесі жылы 69 елді мекенде дербес бюджет енгізілетіні белгілі болды. Форум жұмысына Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов, Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов, «Аймақ» қорының президенті Айгүл Соловьева және Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстары әкімдерінің орынбасарлары, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері қатысты. 2020 жылдан бастап 177 әкімшілік бірлікті жаңа жүйеге көшіру жоспарланып отыр. Форумда аймақ басшысы Мәлік Мырзалин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауында жергілікті жерлердегі мәселелерді шешуде тұрғындарды тарту мақсатында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бағытында қойылған міндеттердің өңірде жүзеге асырылу барысына тоқталды. Ақмола облысында Ұлттық экономика министрлігінің «Зерде» оқыту орталығының базасында 2 мыңнан аса ауыл әкімдері арнаулы курстан өткен, 160-қа жуық аудандық экономика және қаржы бөлімдерінің қызметкерлері оқытылды. Жалпы, биылғы жылдың сәуір-тамыз айларында жергілікті атқарушы органдардың мұрындық болуымен 961 ауылдық округ әкімі мен 2861 аппарат қызметкерлері мемлекеттік басқару академиясының тәлімгерлерінен дәріс алды. Оқыту курстары арқылы ауыл әкімдері қаржылық есеп-қисаптың қыр-сырын үйренді. Жыл басында депутаттар аталмыш жобаны жүзеге асыру кезінде ауылдарда интернеттің жоқтығы кедергі келтіретіндігін тілге тиек еткен еді. Бірақ Ұлттық экономика министрлігі ауылдық округ әкімдіктерін компьютермен жабдықтау мәселесінің де шешімін табатындығын айтып отыр. Қазірдің өзінде министрлік «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, 125 ауылдық округте интернеттің жылдамдығы төмен екенін анықтап, оның 105-інде интернет жайын икемге келтірді. Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу жөніндегі маңызды мәселе Өскеменде өткен ауыл әкімдерінің бірінші республикалық форумында да кеңінен талқыланды. Форум Кереку мен Шығыс өңірінің 500-ден астам ауыл әкімдерінің басын қосты. Жиын барысында өңір басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстанда 2018 жылы 100 елді мекен, 2020 жылы 147 ауылдық округ жаңа басқару жүйесіне көшетіндігін, бұл жауапты іске облыстың әзір екендігін атап өтті. Шығыс Қазақстанда елімізде енгізілгелі отырған жаңа жүйені қанатқақты режимде жүзеге асырып, тиімділігіне көз жеткізген ауылдық округтер де бар екен. Олардың қатарында Шемонайха ауданының Выдриха ауылдық округі, Көкпекті ауданының Үлкен Бөкен ауылдық округі бар. Тіпті, бұл елді мекендер алдағы жылдарға арналған бюджетті жоспарлап та үлгеріпті. Ауыл әкімдерінің республикалық форумы Ақтөбе облысында да өтті. Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарынан жиналған 300-ден астам ауыл әкімі жаңа жылдан бастап өздері ие болатын дербес бюджеттерін қалай басқаратындарын қызу талқылады. Форум жұмысына арнайы келген Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов: «Бұл біріншіден, жеделдік. Ауыл әкімі бұрынғыдай ауданнан қаржы күтіп отырмайды. Екіншіден, ашықтық. Ауыл әкімі жергілікті тұрғындардан құралған Кеңестің келісімінсіз бір тиын да жұмсай алмайды. Үшіншіден, тиімділік. Ауыл тұрғындары шешімін таппай жатқан көкейкесті мәселелерін өзгелерден жақсы біледі. Демек, ауыл зиялысының үні естілетін болады», – деп атап өтті. Ал Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстағы елді мекендердің өзгерістерге дайын екенін айтты. Әкімнің сөзінше, жаңа жылдан бастап Ақтөбе облысында дербес бюджет халық саны 6 аудандық маңызы бар қалаларда және 43 ауылдық округтерде енгізіледі. Ақтөбе облысында осы жылдың 9 айында жергілікті өзін-өзі басқару қазынасына 632 миллион теңге жиналған. Соның арқасында ауыл тұрғындары балалар алаңшасын жасап, көшелерді жарықтандырып алыпты. Ауыл-аймақтың қалыпты дамуы мен өркендеуі бюджет кірісінің оңтайлы қалыптасуына тығыз байналысты. Енді алдағы уақытта ауыл әкімі мен қоғамдастық кеңес мүшелері ортақ пікірге келіп, ауыл үшін маңызды мәселелердің түйінін тарқатуда тындырымды тірліктер атқарады деп сенеміз. Бұл ретте ауызбіршілік пен ынтымақтың алар орны ерекше. Ұлттың ұйытқысы саналатын ауылды көркейту – тұтас елді көркейту екенін естен шығармайық! P.S. Талай жылдан бері талқыға түсіп келген мәселе ақыры шешімін тапты. Келер жылдан бастап ауыл әкімдері жергілікті бюджетті өздері басқаратын болады. Ал осы ретте алдымыздан ауыл әкімі қандай болуы керек деген сауалдың шығары түсінікті. Шын мәнінде, жергілікті бюджетті басқаратын ауыл әкімі қандай болуы қажет? Біріншіден, ол мемлекетшіл болуға міндетті. Екіншіден, ауыл басшысы рушылдық, жүзшілдіктен алыс болуы шарт. Ең бастысы, халықтың қамын ойлап, адалдықтың ақ жібінен аттамағаны ләзім.