Жаңалықтар

«Сананың ашықтығы»: Халықаралық медиафорумның ерекше кеңістігі 

ашық дереккөзі

«Сананың ашықтығы»: Халықаралық медиафорумның ерекше кеңістігі 

  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Әл-Фараби» кітапханасында Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Сананың ашықтығы» атты Қазақстан халқы ассамблеясының ІІІ халықаралық медиафорумы өтті. Іс-шарада Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары, Германия, Латвия, Өзбекстан, Ресей елдерінен келген сарапшылар мен медиа саласының майталмандары бас қосты. Сондай-ақ, жиынға қатысқан ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер, республикалық және аймақтық БАҚ өкілдері, журналистика факультеттерінің студенттері екі күнге созылған іс-шарадан көп мәлімет алды. Шараның алғашқы күнінде елімізге белгілі медиа саласының мамандары шеберлік сағатын өткізіп, белсенділік танытты. Қоғамды рухани жаңғырту мен сананың ашықтығын қалыптастыруда және ұлттық бірегейлікті нығайтудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін, кәсіби этика мәселелерін, сондай-ақ, көпэтносты қоғамда масс-медиа мәдениетін дамыту проблемаларын сөз еткен отырыста шетел мамандары да ойын ортаға салып, медиа саласындағы жиған-тергенімен бөлісті. «Интерактив: адамдар сізді тыңдап, түсінуі үшін қалай сөйлеу керек» тақырыбында сөз қозғаған «Хабар» телеарнасының ақпараттық бағдарламалар дирекциясының шеф-редакторы, «Сана» бағдарламасының жүргізушісі Қымбат Хангелдина: «Журналистер жаңа технологияны, өзге тілді, түрлі мәдениетті өзгеден жақсы білуі керек. Сонда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Бүгінгі форумға қатысып отырған журналистер – өз саласының нағыз мамандары» деп атап өтсе, ал «Хабар» телеарнасы директорының орынбасары Ерлан Игісінов «Қазіргі заманғы журналист табысының сыры» тақырыбында шеберлік сынып өткізіп, пікір алмасты. Сондай-ақ, Қазақстан халқы ассамблеясының баспасөз хатшысы Қымбат Досжан журналистикадағы талай жылғы тәжірибесімен бөлісіп, баспасөз хатшысының имиджі жайлы сөз қозғады. Ал белгілі журналист әрі блогер Қанат Әуесбай дағдарыс коммуникациясы кезіндегі ақпараттық стратегияны талқыға салса, мемлекеттік БАҚ-тың ақпараттық күн тәртібі туралы Руслан Идрисов тілге тиек етті. Шеберлік сыныпқа қатысушылардың басым бөлігі журналистика факультетінің студенттері.  Журналистика саласына қадам басқан жас тілшілер медиафорум аясында талай қажетті ақпаратқа қанықты десек артық айтқандық емес. Қатысушылар да көкейде жүрген сауалдарын жолдап, болашақ әріптестерімен тілдесуге мүмкіндік алды. Ал ІІІ халықаралық медиа форумның екінші күні кезек шетелдік мамандарға берілді. Талқылауға арналған диалог алаңына шыққан баяндамашылар TedX конференциясы форматында сөз сөйледі. Яғни, спикерлер он минут ішінде ойларын жеткізіп, жиналғандармен 5-7 минут көлемінде тақырыпты талқылады. Екінші күнгі отырысты ашқан Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай: «Маман даярлауымызда және болашақ журналистерімізді дұрыс бағытқа бағдарлап, оларды обьективті мұқият қарап жазуға, сөздің құдіретін түсіну деген мәселелердің барлығы осындай алаңдарда әңгіме болады. Менің ойымша, бұның тек студенттерге ғана емес, кәсіби журналистерге де үлкен пайдасы бар», –  деді. Бұдан соң Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов сөз сөйлеп, мұндай форумның медиа саласы мамандарына берері мол екеніне тоқталды. Кәсіпқой қауымдастықтар мен олардың медиа ортадағы ұстанымы жайлы «Қазақ­стандық медиа альянс» республикалық ҚБ жетекшісі, Forbes Kazakhstan іскер басылымының шығарушысы Арманжан Байтасов сөз қозғады. Жаңа құрылған медиа альянстың жұмысы, мақсаты, жоспарларымен бөліскен оған қатысушылар тарапынан сұрақтар да көп қойылды. «Медиа альянсты құрудағы мақсат – осы саладағы бірқатар мәселелерді шешіп, оң жолға қою. Соңғы уақытта журналистер құқығын қорғау қолымыздан келмей жүр. Осыған өте қатты алаңдаймыз. Бірлесіп, ақылдасатын орта керек болғандықтан, осы бірлестік құрылды. Оның қаншалықты пайдасы боларын алдағы уақытта бірге көре жатармыз», – деді А.Байтасов. Ресейден келген бүкілресейлік мемлекеттік телерадио компаниясының саяси шолушысы Кирилл Привалов қазіргі заман журналистикасының әлемдік үрдістері жайында пікір қозғады. Ал «Қазақ мәдениетін әлемде ілгерілету барысында мемлекет пен БАҚ-тың рөлі» атты тақырыпта ойын білдірген германиялық кәсіпкер, мәдениетаралық коммуникациялар, әлеуметтік психология саласындағы халықаралық сарапшы, философия докторы Константин Шамбер әлемдік журналистиканың бізге бейтаныс үрдістерін тілге тиек етсе, Латвиядан келген журналист, Рига геттосы мен Холокост музейінің PR-директоры және басқарма мүшесі Владимир Решетов «Этностық топтардың жаһандану арнасындағы мінез-құлық парадигмалары» атты өте қызық тақырыпты талқылады. Қысқасы, Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен «Сананың ашықтығы» деп аталған форумда медиа саласындағы аса маңызды мәселелер талқыланды. Форум қоғамды рухани жаңғырту мен сананың ашықтығын қалыптастыруда және ұлттық бірегейлікті нығайтудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін арттыру аясында өз мақсатына жетті.  Форум соңында Қазақстан халқы ассамблеясының журналистер арасында жыл сайын өткізетін «Шаңырақ» байқауының жеңімпаздары марапатталды.