Өскен елді көргің келсе...
Өскен елді көргің келсе...
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстан үшін жол мен көлік саласын дамыту маңызды. Сондықтан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге жыл сайынғы Жолдауларында ерекше назар аударып отырады. Көлік инфрақұрылымын дамыту тақырыбы Елбасының биылғы жылы Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында да атап көрсетілді. Осыған орай, елімізде көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағытында айтарлықтай жұмыстар жасалуда.
Қазақстанның көліктік әлеуетін арттыру туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында да айтқан болатын. «Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұланғайыр аумақтың иeci. Сондықтан, аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек Жолын жағалай қоныс тепкен. Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар темір жолмен, тас жолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету – бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ», – деген болатын. Бұл ретте Президент көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағытын айқындай келе, ең алдымен негізгі автожолдар жобасын тиянақты жүзеге асыруды ұсынды. Ал бұндай автожолдарға «Батыс Еуропа-Батыс Қытай», «Астана-Алматы», «Астана-Өскемен», «Астана-Ақтөбе-Атырау», «Алматы-Өскемен», «Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда», «Атырау-Астрахан» жатады. Сонымен қатар, шығыста және елдің батысындағы теңіз инфрақұрылымында көліктік логистикалық хаб құрған орынды.
Ал биылғы Жолдауда Елбасы еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту – маңызды басымдықтардың бірі екенін айта келе, бұл салаға қомақты инвестиция тартылғанын тілге тиек етті. Сөйтіп, Үкіметке 2020 жылға дейін транзиттік тасымалдың жылдық көлемін арттыру туралы тапсырма берілді. Яғни, жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдауды 4 есе, транзиттік тасымалдаудан түсетін табысты 5,5 есе – жылына 4 миллиард долларға дейін көбейту қажет.
Биыл республикалық маңызы бар 4400 шақырым автожол құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін соның кем дегенде 600 шақырымы пайдалануға беріліп, кезең-кезеңімен ақылы жүйе енгізілмек. «Еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет. Жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаңғырту ісін қамтамасыз ету керек. Көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін арттыруға және әкімшілік кедергілерді жоюға ерекше көңіл аудару қажет. Транскаспий дәлізі бойынша тасымалдау көлемінің ұлғаюына байланысты Құрық портын салудың екінші кезеңі – автомобиль өткелі құрылысын іске асыруға кірісу қажет», – делінген Мемлекет басшысының Жолдауында.
Жаңа магистральдар еліміздің экономикасы мен қоғамымызды жаңартады. Олар еліміздің барлық түкпірлерін орталықпен берік байланыстырады. Жүк тасымалы жеделдейді және ұлғаяды. Ел арқылы транзит көлемі артады. Қазақстандықтар заманауи және сапалы автомагистральдармен жүріп, кез келген өңірге қауіпсіз және тез жететін болады. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады, жаңа және заманауи мектептер мен ауруханалар жоғары сапалы қызмет көрсетеді. Нәтижесінде, ол әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты мен өмір сапасында көрініс табады. Осындай инфрақұрылым желілері республиканың транзиттік ахуалын арттырады. Әрине, инфрақұрылымсыз дамудың болмайтыны да ақиқат. Бүгінде әлем экономикасындағы өсімнің баяулаған тұсында Мемлекет басшысының бастамасымен ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы аймақтардың экономикалық қуатын арттыруға қолайлы жағдайлар туғызып келеді. Қазақстан Шығыс пен Батысты байланыстыратын тиімді көпірге айналу үшін әрекет етіп жатқаны белгілі. Осы мақсатты жүзеге асыру жолында «Жаңа Жібек жолы» бағдарламасы қолға алынған.
Қазақстан – көлік-логистика саласында қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттің бірі. Өткен жылы еліміз Дүниежүзілік банк рейтингінің LPI логистика тиімділігі индексінде 11 позицияға жақсарып, 77-орынға табан тіреген болатын. Ал 2020 жылға қарай рейтингтегі позицияны бұдан әрі жақсартып, 40-орыннан табылу көзделіп отыр. Әлбетте, бұған елімізде көлік-логистикасы инфрақұрылымын дамытуға салынып жатқан инвестициялар ықпал етіп отыр. Соңғы алты жыл ішінде бұл салаға 23 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы құйылған, алдағы 3-4 жылда тағы да 12 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция бөлу жоспарда бар.
ТМД елдері арасында Қазақстан – 25 жыл ішінде 2500 шақырым жаңа теміржол желісін салған жалғыз мемлекет. Жаңа теміржол халықаралық көлік дәлізін Шығыс-Батыс, Солтүстік-Оңтүстік және Транскаспий бағдарында оңтайландыруға зор мүмкіндік берді. Мәселен, 2014 жылы салынған бір ғана Жезқазған – Бейнеу теміржол желісі Қытайдан Каспийге, әрмен қарай Түркияға, оңтүстік Еуропа мен Парсы шығанағы елдеріне бағытталған жүк пойыздарының жол үстіндегі қашықтығын 1000 шақырымға қысқартты.
Биыл Каспий теңізі арқылы Стамбұлға 100-ге жуық пойызды ұйымдастыру жоспарланса, 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті 300 мың контейнерге дейін жеткізу көзделген. Ақтау портын жаңғырту нәтижесінде, оның өткізу қабілеті Иран, Парсы шығанағы және Кавказ аймағы бағытына негізделген құрғақ, контейнерлік және астық жүктері үшін 3 миллион тоннаға дейін ұлғайған. Қазір Құрық портында паромдық кешен құрылысы жүзеге асырылып жатыр. Осы жобалардың барлығы Қазақстан порттарының қайта өңдеу қуатын 24 миллион тоннаға дейін арттырмақ. Сонымен қатар қазақ елі өзінің флотын дамытуға басымдық беріп отыр, бүгінде ел флотының 4 жаңа заманауи кемесі бар. Ал 2020 жылға қарай Қазақстанның құрғақ жүк және паромдық флотындағы кеме санын 20-ға жеткізу жоспарда тұр, бұл Транскаспий бағытында тұрақты тасымалды қамтамасыз етпек.
Қазақстанда 6 халықаралық көлік дәлізі қалыптасып, жұмыс жасауда. Халықаралық көлік дәліздерін дамыту экономикалық өсудің, өңірлер арасындағы сауда операциялары мен байланысты оңайлатудың маңызды құрамдас бөлігі болып саналады. Бұл үшін Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жақсарту жөнінде жұмыстар атқарылуда. Автожол жобалары Астанадан барлық бағыттарға «сәуле» сияқты тарайтын Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс, Орталық-Батыс жаңа автокөлік жолдарының құрылысына және қайта жаңғыртуға бағытталған. Жұмыстар 2020 жылға дейін толық аяқталады. Транзиттік жүктерді тартуға бағытталған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі аса маңызды жоба. Аталған дәліз Қытайдан Еуропаға жүк тасымалын 10-12 күнде жеткізетін ең қысқа автокөлік жолы. Аталған бағыт Суэц каналы арқылы қатынайтын теңіз жолынан 3,5 есе қысқа. Кеңестік дәуірде негізгі транзиттік көлік бағыттары Қазақстан арқылы солтүстіктен оңтүстікке бағытталды. Қазір республиканың көлік инфрақұрлымы шығыстан-батысқа бағытталуда. 8445 шақырымдық бұл жолдың 3 000 шақырымға жуығы Қазақстан арқылы өтеді.
Еліміз күн санап көркейіп, өркендеп келеді. Елбасы әр жылғы жолдауында елімізде алдағы уақытта атқарылуға тиісті жұмыстарды нақтылап беріп отырады. Ал биылғы жылы мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлттық жоспары ел болашағын айқындап бергендей болды. Тұрақты дамудың 100 қадамын жүзеге асыру арқылы – еліміздің дамыған елдер қатарынан орын алуына ықпал етпек. Дәл осы ұлттық жоспардағы қадамдардың бірінде жол-көлік инфрақұрылымын қалыптастыру туралы айтылған. Ендеше, еліміздің көлік инфрақұрылымының дамуына жаңа бір серпін әкелері күмәнсіз.