Жетік маман жат елге құмар

Жетік маман жат елге құмар

Жетік маман  жат елге құмар
ашық дереккөзі
Елімізде білікті кадрлардың тапшылығы жиі сөз болады. Бірақ Қазақстанда өз жұмысына жауапты, білігі мен білімі ұштасқан мамандар аз деу әбестік. Мұндағы басты мәселе – көптеген мамандардың шетелден нәпақа іздейтіндігінде. Соңғы деректер бойынша, елімізден өзге мемлекеттерге жұмыс іздеп кеткен мамандардың саны күрт артқан. Шетел асқан жоғары білімді мамандардың бүгінгі саны 10 жыл бұрынғымен салыстырғанда рекордтық көрсеткішке жетіпті. Бұған не себеп? Қазақстандық мамандар неге өзге елде қызмет етуге құмартып алды?

Өзге елде сұлтан болғанша...

Егер қызмет етіп отырған орны жайлы болса, ешкім де «жылы орнын» ауыстырмайтыны хақ. Ал жоғары білімді мамандардың шет мемлекеттерге қоныс аударуы жиілегенін ескерсек, Қазақстан олар үшін жайлы мекен бола алмады деп топшылауға әбден болатын сияқты. Егемендік алған жылдарда 300 мыңдай жоғары білімді маман шекара асқан. Ол үрдіс қазіргі уақытта да жалғасуда. Бүгінгі дерек көздеріне иек артсақ, үстіміздегі жылы елімізге жұмыс не білім іздеп 12 мың адам келсе, керісінше, сыртқа ағылғандар 2,5 есеге көбейіп, 28 мыңнан асып кетті. Биыл көптеген дәрігерлер, экономистер, педагогтар мен техникалық мамандық иелерінің бірқатары Қазақстаннан тыс жерде еңбек етуге бел буыпты. Нақтырақ айтқанда, 2017 жылы шамамен 5 мың техникалық қызмет саласының мамандары, 2,5 мың экономист және 1 мың 700 педагог басқа мемлекеттен бақыт іздеген. Олардың басым бөлігі ТМД елдеріне қоныс аударған екен. Ал еліміздің жоғары білікті кадрлардан көптеп айырылуы Қазақстан Республикасының экономикалық өсуінің тежелуіне себеп болады. Ішкі істер министрлігіне қарасты Көші-қон полициясы департаментінің жыл басында ұсынған мәліметі бойынша, соңғы бес жыл ішінде ТМД елдеріне 157,9 мың қазақстандық, алыс шет мемлекеттерге 11,3 мың тұрғын қоныс аударған. Осыдан үш жыл бұрын «Стратфор» агенттігі жалпы қазақстандықтардың 10 пайыздан астамы шетелде жұмыс істейтінін жазса, Дүниежүзілік банк Қазақстан еңбек мигранттары саны жөнінен әлем бойынша – тоғызыншы, ТМД елдері арасында Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында екенін мәлімдеген болатын. Шет мемлекетке кетіп жатқан мамандар арасында ұшқыштар да көп болып тұр. Соңғы екі жылда қазақстандық 100-ден астам тәжірибелі ұшқыш шетелге кетіп қалған. Сондықтан Азаматтық авиация комитеті елімізге посткеңестік елдердің пилоттарын тартуға мәжбүр. Негізінде, әрбір ұшқышты даярлау үшін қомақты қаражат керек. Мәселен, әуе компаниялары инструменталды рейтингті талап етеді. Оқуды тәмамдаған әр түлектің рейтингі болады. Бірақ бір жылда жұмысқа орналаспаса, ол жарамай қалады. Қайта оқып шығу үшін 1,5-2 миллион теңге керек. Белгілі бір ұшақта машықтануға да аз қаржы жұмсалмайды. Мысалы, Boeing-737-ні басқарып үйрену құны 8 мың еуро шамасында. Қазақстандық ұшқыштардың көбісі қазір Қытай, Вьетнам, Біріккен Араб Әмірліктері, Тайланд әуе компанияларына жұмыс істеуге кетіп жатқаны өкінішті. Өйткені олардың ұсынатын келісімшарттары тиімдірек. Біздің елде көпжылдық тәжірибесі бар экипаж командирлерінің жалақысы 10 мың, екінші пилоттардың жалақысы 7 мың доллар шамасында. Бірақ шетелдік әуе компаниялары бұдан үш есе жоғары еңбек­ақы төлейді. Қытайлық әуе компаниясы 25 мың доллар төлесе,  Вьетнам да өте тиімді жағдай ұсынады. Сондықтан әлі де талай ұшқыштар шетке кете ме деген қауіп бар. Олардың орнын кім басады? Академияны тәмамдаған түлектер жұмыс таба алмай жүр, өйткені итальяндық ұшақтарда жаттығады. Ал ондай ұшақтар қолданыста жоқ. Қазақстаннан негізінен техникалық білімі бар мамандардың кетіп жатқаны көңілге алаң. Елді индустрияландыру жоспары шындап қолға алынған тұста мұның әсері қатты білінері сөзсіз. Мектеп бітіруші түлектер арасында техникалық мамандықтарға жарнама жасап, оның мүмкіндіктерін де кең құлашты етіп түсіндіріп берсе де болар еді. Шыны керек, мемлекет өзіне қажетті мамандықтарға оқу грантын көп бөледі. Алайда ол мамандардың оқу бітіргеннен кейінгі жұмысқа орналасуына назар аудару әлі де болса жеткіліксіз. Сондықтан, маман тапшылығын айтпас бұрын, маманға жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалғаны жөн. Бұл жайлы талай мәрте айтылды да, жазылды да. Бірақ мәселенің түйіні әлі күнге дейін тарқатылмай келеді. Шекара асып, өзге елде қызмет етуге бекінгендердің айтар уәжі де жайлы жағдайдың жоқтығына келіп тіреледі. Жалпы, жас әрі білікті мамандардың елден кетуі ауыл жастарының қалаға қарай үдере көшуімен мәндес. Ауылдағылар елді мекендерден тұрақты жұмыс, жоғары табыстың жоқтығынан қашады. Шет мемлекетке кетіп жатқандардың да себебі сол. Әлеуметтік зерттеулер жүргізген ғалымдар да қазақ жастарын отаннан жыраққа кетуге итермелейтін жағдай кірістің төмен деңгейінен деп түсіндіреді. Негізгі себептердің қатарында жұмыссыздық пен тұрғын үй мәселесі алдыңғы қатарда екен. Ал ең өкініштісі, шетелге кеткендердің басым бөлігі 19 бен 23 аралығындағы жастар. Олар елдегі жалақыға, жасалған жағдайға қанағаттанбайды. Мұндай жағдайда кімді айыптайсың? Отанына қызмет етуден бас тартып, қалтасының қамын ойлайтын маманды ма? Әлде елдің әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін мамандарға жағдай жасай алмаған билікті ме? Шет мемлекеттерде болса, жұмыс күші саналатын мамандарды жоғары бағалайды. Мәселен, Жапония мен Қытай мемлекетінде білікті мамандардың шетелге кетуіне шектеу қойылған.  Сондай-ақ, мамандарға жоғары жалақы тағайындайды, әлеуметтік жағдайын жасайды және жеке кәсіп ашуға қайтарымсыз грант, қомақты қаржы береді.

Жастар елге қайтуға  неге құлықсыз?

 Шет мемлекеттерде де кез келген маманды қабылдай бермесі анық. Олар да болашағынан үміт күттіретін, білімі арқылы сол елге пайда әкелетін жастарды өздеріне тартады. Жақсы жұмыс, жоғары жалақы уәде етеді. Сол уәдесінде тұрады, өйткені олар елдің болашағын ойлайды. Білікті жас мамандар шекара асып жатса, оған тосқауыл қоюды ойламаса, қазақ елінің болашағы ешкімді алаңдатпағаны ма? Тағы бір айта кетерлік жайт, шет елдердің қазақ жастарын өздеріне тартуға күш салып отыруы. Қазіргі таңда еліміздегі жоғары оқу орындарындағы оқу бағасы қымбат. Ал шетелдік оқу орындарының өкілдері болса, мектептегі оқу жылы бітпей жатып, біздің елге келіп, алдын ала бақылау тестін үздік тапсырған мектеп бітірушілерді өз елдеріндегі жоғарғы оқу орындарына түсуге шақыруды бастайды. Балалардан емтихан алып, сұхбаттасып, білімді балаларға оқуға қабылданғаны жайлы сертификат та береді. Тегін оқумен қоса жатақхана, шәкірт­ақы ұсынады. Талабы таудай жастарға кез келген елде қолдау көрсетілетіні айтпаса да түсінікті. Мұндай қолдау әлем елдерінде жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін де жалғасын табады. Яғни, мемлекеттік білім гранты арқылы оқыған студенттердің жұмысқа орналасуын да қамтамасыз етеді. Өкінішке қарай, біздің елде оқу бітірген жастарды жұмыспен қамту мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді. Дипломы болғанымен, жұмыссыз сенделіп жүрген жастар қаншама?! Елдегі мұндай жағдайдан хабардар шетелде білім алған жастар осыдан кейін Қазақстанға оралуға қайдан құлықты болсын?! Ал жастардан қамқорлығын аямайтын өзге мемлекеттер дарынды түлектерді өздерінде қалдыру үшін барын салады. Осылайша, білікті жас мамандар өзге елдің әлеуетін арттыруға қызмет етеді. Өзге мемлекеттің азаматтарына тегін білім грантын үлестірген елдердің олардан қайтарымын талап ететіні сөзсіз. Сондықтан, жат жұртта білімін шыңдағандардың айтарлықтай бөлігі оқу бітірген елде қалатыны шүбәсіз. ЭЫДҰ білім беру институтының мәліметтері бойынша, шетелдік студенттердің 35 пайызы диплом алғаннан кейін көп ретте өздері білім алған елде жұмыс істеуге қалады екен. Оның үстіне, көптеген ата-аналар да қазіргі уақытта балаларын шетелге оқуға жіберіп, олардың сонда қалып, жұмыс істеуі үшін барын салады. Сол себепті де, қазақстандық мықты мамандар өзге елдерден жоғары әрі сапалы білім алып, жақсы жұмыс тауып, тірлік кешіп жатыр. Бұл қазақ студенттерінің арасында қалыпты үрдіске айналған тәрізді. Яғни, елге келген соң, таныс-тамырсыз жұмысқа орналаса алмайтынын білген жастар енді батыс елдеріне қызмет етуді жөн көреді. Бұл үрдісті тоқтату қолдан келеді деп айту да қиын болып отыр бүгінде. Өйткені жұмысқа орналасудың машақаты, ал орналасқаннан кейін жалақы мен әлеуметтік қамтудың төмендігі талай жылдан бері күн тәртібінде тұр емес пе? Кейбір дерек көздеріне назар салсақ, соңғы 20 жыл ішінде шетелде тегін гранттармен білім алуға 10 мыңға жуық бала аттаныпты. Соның 6 мыңы ғана Қазақстанға қайта оралып, ел игілігі үшін қызмет етуде. Ал қалған 4 мың жас маман оқыған мемлекетте қалады екен. Мыңдаған маманның елден жырақ кетуі алаңдатпай қоймайды. Шет мемлекеттер қазақстандық жастарға білім грантын тегіннен тегін бермейтіні ақиқат. Демек, ақысыз білім беріп, жақсы оқытып, өздерінде жұмыс істеуге алып қалуды әу бастан-ақ көздейді. Жұмыс істегеннен кейін кәсіби маман өзінің сүйікті ісіне шындап беріледі. Бұл жағдай жылдан жылға ұзара береді. Сөйтіп жүргенде жастар сол елді жерсініп, елге қайтқысы келмей қалады. Әлбетте, шет мемлекеттерде білім алу, өзге елдегі озық технологияларды игеру – бүгінгі күннің басты талабы. Мұның бәрі біздің еліміз үшін керек-ақ. Бірақ шетелде білім алған жастарды елге қайтарудың тетігін ойластыру қажет. Бұл – уақыт күттірмейтін мәселе. Егер осы мәселе түбегейлі шешілсе, жастарымыз шетелде білім алып, дамыған елдердің озық тәжірибесін елімізде пайдаланса құба-құп. Басты мәселе жастардың еңбегін елге жұмсауда болып отыр.

Бағдарлама кімнің  бағын ашады?

Жастардың мұхит асуына өз ықпалын тигізген бағдарламаның бірі – «Work and travel». Аталмыш бағдарлама бойынша АҚШ-қа жыл сайын мыңдаған студент барады. Оларға «Жазғы жұмыс және саяхат» категориясымен мерзімі 4 айдан аспайтын J-1 визасы беріледі. 1957 жылдан бастау алатын бұл бағдарлама Қазақстанда 1998 жылдан бері жұмыс істейді. «Work and travel» бағдарламасы студенттерді шет елдің мәдениетімен, өмірімен таныстыруды мақсат тұтады. Бағдарламаға жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде оқитын 18-28 жас аралығындағы кез келген студент қатыса алады. АҚШ-қа барып, жұмыс істегендегі ең басты артықшылық – ағылшын тілін меңгеру және ел көру. Сонымен қатар, бағдарлама бойынша АҚШ-қа барған студент жаз бойы жұмыс істеп, қаражат табады. АҚШ-та аталған бағдарлама бойынша жұмыс істеген студенттердің орташа табысы 3-5 мың доллар аралығында екен. Пәтер жалдауға және азық-түлікке аптасына шамамен 60-100 доллар кетеді. Кей жағдайда жұмыс беруші компания студенттің тамақ, жатын орнын өз мойнына алады. «Work and travel» бағдарламасы бойынша АҚШ-қа барған шетелдік студенттер медициналық қызмет көрсету орталықтарында, желілік маркетингте және бала күтушісі, лагерьде тәрбиеші, мұғалім болып жұмыс істей алмайды. Бұл – арнайы ережемен бекітілген талаптар. Демек, ол жаққа барған студент тек қызмет көрсету саласында ғана еңбек ете алады. Кең таралған кәсіп түрлері – сатушы, даяшы, суда құтқарушы, ыдыс-аяқ жуушы, хат тасушы, аспаздың көмекшісі, парк қызметкері, кассир. Ағылшын тілін жетік меңгерген студенттер даяшылық қызметке оңай орналаса алады. Штаттардағы даяшылар қомақты жалақы алады. АҚШ-қа аталмыш бағдарлама арқылы негізінде Ресей, Украина, Қазақстан сияқты ТМД елдерінен, Шығыс Еуропа мемлекеттерінен, Бразилия, Түркиядан студенттер барады екен. Қазақ халқында «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген аталы сөз бар. Жүйелі сөзге тоқтаған қазақ ұрпағы қандай жағдай болса да, туған жер, туған топырақ үшін қызмет етуі шарт. Алайда бүгінгі уақыт талабы, нарық заманы ең алдымен, қалтаның қамын күйттеуге мәжбүрлеп отырғаны өкінішті.